Өлең, жыр, ақындар

Тіл бірлігі - ел бірлігі

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы
С. Жаңғабылов атындағы орта мектептің
Бастауыш сынып мұғалімі
Жугинбаева Қалдыбике Адилчаевна

Тіл бірлігі - ел бірлігі  (Қазақстан халықтарының тілдері мерекесіне  арналған тәрбие сағаты)
Мақсаты: Оқушыларды ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру; ана тілін қастерлеуге, құрметтеуге баулу; өз Отанының болашақ патриоты, жанашыры болып өсуге насихаттау; Қазақстан халықтарының тілдеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Тіл, Отан туралы нақыл, ұлағат сөздер жазылған плакаттар.
Барысы: Бүгін 22 қыркүйек – Қазақстан Республикасының халықтарының тілдері  мерекесі күніне орай өздеріңізбен қауышып отырмыз. Олай болса, мерекемізді бастайық!
1-жүргізуші: 1995 жылы 30 тамызда қабылданған жаңа Конституцияда қазақ тілі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі болып бекітілді. Ал 1997 жылы 11 шілдеде «Тіл туралы» Заң қабылданып, оның 4-бабында “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі” екені жазылды.
2-жүргізуші: Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Көп ұлтты мемлекет үшін мемлекеттік тіл өте қажет. Мемлекеттік тіл – көп ұлтты елдің барлық халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың басты құралы. Олай болса, қазақ тілін жете білу арқылы біздер өнер мен білімнің, мәдениет пен ғылымның биігіне жетіп, өз халқымыздың өткен-кеткенін зерделеп, оны әлемге таныта аламыз. Өз тілімізді құрметтеу арқылы басқа тілді де үйреніп, мәдениетін қадірлей аламыз.
1-жүргізуші:

Тіл деген – алып мұхит түбі терең,
Піспегі толқын шашқан күбі ерен.
Қадірін тілдің сұра сақаулардан,
Көзіне жас алып бір күбірлеген.
Тіл деген – жарық жұлдыз аспандағы,
Арманның қиял жетпес баспалдағы.
Қадірін тілдің сұра мылқаулардан,
Көлінен ұшпай қалған қасқалдағы.
2-жүргізуші:
Тіл деген – адастырмас темірқазық,
Өрісі магнитінің өмірге азық.
Қадірін тілдің сұра кереңдерден,
Сөйлеуді арман еткен көңіл жазып.
Олай болса тізгінді көсемсөз шеберлеріне берейік! (4-ші сынып оқушылары тіл туралы өлеңдерін оқиды)
1-жүргізуші:
Қонақ келсе қазаққа той келеді
Әуелетіп әрі беріден соң ән кетеді
Қолына береді де домбырасын
Қонақтан ән, әңгіме дәметеді.
Екі немересін ерткен ата келеді
1-жүргізуші: Ассалаумағалейкум, ата!
Ата: Уағалейкумассалам, балам!
2-жүргізуші: Күйлі-қуаттымысыз?
Ата: Өркенің өссін балам, шүкір жүріп жатырмыз. Осы мектепте мереке болып жатыр екен. Өз білген түйгенімді ортаға салсам деген ойым бар. Тіл балаға ананың ақ сүтімен туылған сәтінен - ақ беріледі. Тіл адамды жақсы да, жағымсыз да көрсетеді. Тіл адамды өсіреді де, өшіреді де. Өйткені жанға жайлы жақсы сөздерді жиі айтсаң, адамдар арасында сыйлы боласың. Өз тіліңді жетік біліп, оны дамыта алсаң, сондай – ақ басқа елге барғанда туған тіліңде сөйлесең олар сондай халық бар екенін біледі. Демек халқыңды басқа ұлттарға танытасың, халқыңды өсіресің. Егер сенің ана тілің де ешкім сөйлемесе халқың өшеді - осы.
1-жүргізуші: Ата, жоғары шығыңыз. Отырып дем алып, астан дәм татыңыз.
Ата: Менің немерелерім де жай келген жоқ, қазақтың тыйым сөздерін айтуға келді.
1-ші сынып оқушылары тыйым сөздер оқиды.
Осы кезде ішке ұлт өкілдері: орыс, өзбек, әзірбайжан келеді.
2-жүргізуші: Қош келдіңіздер, құрметті қонақтар!
Қонақтар: Біз сіздерге бос келген жоқпыз. Қиын қыстау кезеңде дархан ел, жайсаң халық бізді өз бауырындай құшағына тартты.
Орыстың дәмді наны каравайды қабыл алыңыз!
Мынау өзбек ұлтының тандыр наны, қабыл алыңыз!
Мынау әзірбайжан ұлтының лаваш наны, қабыл алыңыз!
Сыйымыз осымен біткен жоқ, өз ұлтымыздың биін билеп береміз. (орыс, өзбек, әзірбайжан билері орындалады)
Қонақтар: Қазақстан біздің де Отанымыз.Қазақ халқының тілін, ділін, салт- дәстүрін құрметтейміз. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болған соң, тілді үйрену міндетіміз. Қазақ тілінде ән орындағымыз келеді.
Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» орындалады
1-жүргізуші: Рахмет достар! Талаптарыңа нұр жаусын!
2-жүргізуші: Төрлетіп қонағымыз болыңыз.
1-жүргізуші: Қай ұлтты, халықты алсақ та, бәрінің де өзіне лайық тілі бар. Халық өзінің тілін ең ардақты нәрсе деп санайды, сүйеді. Ана тілін сүймеген адам, қырғыз ақыны Сарноғаев айтқандай, халқын сүйіп те жарытпайды. Ана тілін қадірлемеген халықтың болашағы жоқ.
2-жүргізуші: Қазақ тілі - дамыған, жетілген, бай, икемді тілдің бірі. Бұл пікіріміздің растығын кезінде кемеңгер Абай дәлелдеген болатын. Тәлім-тәрбие тілден басталады. Олай болса, тіл - бөбектің үні, тіл - ананың әлдиі, тіл - бесік жыры. Қазақ тілінің байлығы – қазақ халқының, қазақ ұлтының байлығы. Осы байлықты бағалай білуіміз керек. Сонда ғана біздің Қазақстан кез келген жұртпен иық теңестіре алатын іргелі ел бола алады. Ана тілі дегеніміз – ананың ақ сүтімен бойға дарыған өз анамыздың тілі.
Сыныптардың дайындаған өлеңдері оқылады.
2-жүргізуші: Бүгін көңілдеріңіз біраз серпілтіп, тың мағлұматтар алдыңыз деген үміттеміз.
1-жүргізуші: Уақыт бөліп, көңіл қойып тыңдағандарыңыз үшін көп рақмет!
Кеш Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен салтанатты түрде жабылады.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз