Өлең, жыр, ақындар

Бүгін менің туған күнім

Нұртазин Нұрлан Ғабдулғазизович

Амангелді  Иманов атындағы

№12 Жол-көлік колледжінің саз жетекшісі

Батыс Қазақстан обл. Орал қаласы.

Тақырыбы: «Бүгін менің туған күнім»  М.Мақатаев

Мақсаты:  М.Мақатаевтың өмір жолымен, шығармашылығымен таныстыру. Оқушыларды    мәнерлеп оқуға үйрету. Оқушыларды адамгершілікке,Отан сүйгіштікке тәрбиелеу.

Түрі: Поэзия сағаты.

Көрнекілігі: кітаптар, газет-журналдар.

Ән: «Бүгін менің туған күнім» (хабарланбайды)

Жүргізуші: Жо – жоқ , Мұқағали аға сіздің туған күніңізді бүкіл қазақ халқы естен шығарған емес. Қазақ жырының аспандағы аз ғана жұлдыздардың ішінен сіздің жұлдызыңыз – ең шұғылалы жұлдыз.

                                      “Қуат алып Абайдың тіл күшінен,

                                       Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.

                                     Абай болып табынсам бір кісіге,

Абай болып түңілем бір кісіден”,-деп жырлап өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев тірі болса биыл тура 81 жасқа толып , қазақ елінде дүбірлі той болып жатқан болар еді. Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздардай сәулесін шашып, ұрпақтан – ұрпаққа таралып , өз оқырмандарының ыстық ықыласына бөленуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық – бақытты халық.

1-оқушы Мұқағали аға, сезесіңбе, сезесіңбе

                  Еліңді аралап жүр елесіңде.

              Әндерің шырқалады әр ауылда,

                Сөздерің әр қазақтың өресінде.

2-оқушы Халқыңның ақыны болып жаралғансың,

              Қарасаз топырағынан нәр алғансың.

             Қазақтың қара өлеңін шекпен жауып,

            Қайтарып аңыз болып таралғансың.

Жүргізуші: …Поэзия – ғылым. Зерттеу керек – Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан – жақты зерттейтін құдірет болса, ол тек поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл! Олай болса, ендігі кезекте

 Мұқағалидың «Бесік басында» өлеңін тыңдайық. Оқитын: Исмагулов Талғат

  Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,

Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.

Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ ,

 Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге.

Ұйықта, ұлым, ұйықта, қасыңдамын,

 Керек емес, дүние, асылдарың!

  Жүргізуші: Мұқағали Мақатаевты ұрпақтары ешқашан ұмытқан емес. Мұқағали бір ғасырда бір келетін, қазақ поэзиясының алтын домбырасы дерліктей хас талант иесі. Иә, жақсы жырды, жақсы ақынды таңдай білсек, қорғай білсек, хақымыздың рухани өзегі, сана байлығы толыға түсері анық. Мұқағали Мақатаевтың әрбір өлеңін қымбат қазынымыздай сақтап, оқуымыз керек. Ол – біздің міндетіміз. Олай болса, құрметті ұстаздар, оқушылар! Мұқағали Мақатаевтың туылғанына 81 жыл толуына орай өткізіліп отырған Мұқағали Мұқатаевтың шығармашылығына арналған “Бүгін менің туған күнім” поэзия сағатына қош келдіңіздер! М.Мақатаевтың өмір жолымен кітапханашы Нұркенова Талайлы Қажымқызы таныстырып өтеді.

 (Оқушы Мұқағалидың портретіне қарап тұрып өзінің ой – толғауын айтады.) орындайтын: Төлегенова Бақыт

   Өткен күнде тоқтау жоқ. Мінеки,81 жылдық тойыңыз да кеп қалды. Егер тірі болсаңыз, сақал шашыңыз ағараған көсегелі қарияны көрер ме едік. Менің ойымдағы бейнеңіз баяғы қалыпта. Алты алаш сізге бекер тәнті болған жоқ. Өлең иесі сіз болғанмен, ондағы ой мен сезім біздікі. Сондықтан, біздің Мұқағалиымысыз.

Мынау қазақ даласы,

Алтай, Арқа арасы,

Алатау мен Атырау

Тойлап жатыр қарашы,

Естідің бе, ағасы ,

Бүкіл қазақ баласы.

Ән: «Сәби болғым келеді»

3-оқушы Жарқыра, жарқырайсың шын асылдай,

                Тереңде жатыр қанша сыр ашылмай.

               Маржан жыр өткірлеген намысымды,

              Халықтың қасиетті мұрасындай.

4-оқушы Жылатқан, толғандырған күлімдеткен,

                 Жан аға, құдіретті үнің неткен.

                Мәңгілік, сағыныштың толқындары,

                Сезімнің айна көлін дірілдеткен.

Жүргізуші: Мұқғали – ғажайып, өршіл ақын. Оның жыр шумақтары мектеп табалдырығын аттаған әрбір оқушыға таныс. Олай дейтініміз – Мұқағали балалар шығамашылығына да біраз қалам тартып, кішкентай оқырмандарына да мол мұра қалдырған ақын. Қасиетті әліппе оқулығына арнап шығарған, оқуға, білімге шақырған өлең жолдары әрбір әріп таныған оқушының “Әліппе” оқулығынан орын алып, оқушы жүрегінде сақталған. Олай болса, Мұқағалидың “Әліппе “өлеңін бәріміз жатқа білеміз қанекей бірге айтайқ ендеше.

 Жүргізуші: Өлең дейді шіркін-ау өлең дейді,

                     Кейде өлең байқаусызда елеңдейді.

                    Жаныңа дауа болып жадыратар,

                     Өлеңсіз өмір гүлге бөленбейді. - дей отырып келесі кезекті Мұқағали жырларына берейік.

Жүргізуші: Мұқағали күнделігінде: “Маған нағыз баға беретін келешек ұрпақ! Нағыз бағалаушылар алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді. Мен өзім жайында мынаны айтам: мен XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын”,- деп елінің егемен алып келешек ұрпақтың білімді де, ақылды балалары менің жырларымды оқып сусындар, бағасын берер деп келер ұрпаққа сенім артып, елінің болашағынан үлкен үміт күткен еді. Ол кезде ақын 43 жаста болатын. Қазір ақынның айтқаны келіп, Мұқағали жырлары әрбір оқырманға жақын да таныс. Оның барлығы ел бірлігінің, тыныштықтың жетістігі..Келесі кезекте ақынның “Елім барда” өлеңі оқылады.

Ән: «Есіңе мені алғайсың»

Жүргізуші: Мұқағали әр күні, әр сағатта халықпен бірге жүрді. Халықтан үйренді, халқын сүйді. Оның әрбір сөзін алтынға балады. Сол сөздерді орын- орнына қоя білді. Халқына арнаған “Үш бақытым” өлеңін оқуға кезек берейік.

Жүргізуші: Құрметті оқушылар! Мұқағалидың біраз өлеңдерімен және өмір деректерін тыңдап,таныстық . Мұқағали туралы әлде де тереңірек танысу үшін “Мұқағали шыңы” тақырыбы бойынша мына сұрақтарға жауап берейік.

1-сұрақ .

Мұқағали қай жылы дүниеге келді?

1931ж.

 Туған жері?

Қарасаз  ауылы.

- Туған күні?

9 - ақпан.

- Шыққан тегі?

- Шаруа.

- Білімі?

- Орташа.

2-сұрақ.

Мұқағалидың туған жеріне арнап жазған өлеңі қалай аталады? Өлеңді жатқа айтып бер (“Қарасаз” өлеңі).

 3-сұрақ .

Мұқағали қай ақындардың үлгісімен жазды? (Абай,Махамбет)

“Махамбет, Абайлар – ай “ өлеңіне кезек берейік.

 4-сұрақ .

Мұқағалиға арнап , арнау жазған ақын кім?

Ақын – Асқар Оразақын..

5-сұрақ .

Мұқағалидың тау тұлғалы ақын екендігін өзінің қай өлеңінен көрінеді?

“Мен таулықпын” өлеңін жатқа оқып бер.

Тау дейтін алып жүрек Ана туған

Мен таулықпын!

Таудан мен жаратылғам.

Киіктің сүтін еміп ержеткенмін

Қуат алып қыранның қанатынан.

Мен таулықпын

Таудан мен жаратылғам.

Бұлт бүркеніп, жай отын ала туғам

Күн алғашқы сәулесін маған шашып

Маған келіп түнейді қара тұман.

Тау ұлымын

Тау – менің дәу бесігім

Мен оның әуресімін, сәулесімін.

Асқар шыңдар желпиді бесігімді

Бір орамын ағытып сәлдесінің.

Мен – таулықпын!

Таудан мен жаратылғам.

Тау деген Ана туған дара тұлғам

Тауға барып

Көкке кетсем бе екен

Ұстап алып қыранның қанатынан.

Ән: «Күрең күз»

Жүргізуші: Мұқағалидың жары Лашын : “Әрбір газеттен , әрбір журналдан , әрбір ақынның өлеңінен ,радио даусынан , теледидар көрінісінен , ақын –жазушылардың пікірінен Мұқағалиды іздейтін болдым” ,- десе , өршіл ақын Мұқағалидың өзі : “Мен туралы жазылар талай әлі естеліктер” деп айтып кеткен еді. Айтқандай- ақ ақиық ақын туралы қаншама әдебиетшілер өз лебіздерін білдіреді.  Оқушылар! Бүгінгі  поэзия сағатынан қаншалықты Мұқағали туралы мағұлматтар алғандығын “Мұқағали” сөзжұмбағын шеше отырып білейік.

“М” дегеніміз-Мұқағалидың азан шақырып қойған есімі-Мұхамедқали

“Ұ” дегеніміз- ұрпаққа ұлағатты ұлан-ғайыр жырларын Мұқағали

атамыз зор сеніммен аманат етті.

“Қ” дегеніміз-Қарасаз ,яғни Мұқағалидың туған жері Қарасаз ауылы , Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты ауыл.

“А” дегеніміз- “Аманат”, “Аққудың қанатына жазылған жыр” кітаптарының авторы Мұқағали Мақатаев .

“Ғ” дегеніміз-Ғасыр. Яғни Мұқағали Мақатаев “Ғасыр ақыны”.Ғасырдан ғасырға өз оқырманын тауып , жырларын мәңгілікке қалдырған.

“А” дегеніміз-Асқар Оразақын. Асқар-ақын , зерттеуші. Мұқағалидың бар шығармаларын зерттеп ,4 томдық шығармалар жинағын құрастырушы.

“Л” дегеніміз-Лашын,Мұқағалидың өмірлік жары . Шын аты Ләсима Әзімжанова .

“И” дегеніміз-имандылық .Адамзатқа ең бірінші имандылық керектігін Мұқағали “Дүние жүзі мұсылмандарына хат” деген өлеңінде жырлайды.

  Ән: «Есіңе мені алғайсың» және «Бақыт деген»        

   Жүргізуші : Көп адам дүниеге бой алдырған ,

Бой алдырып , аяғын көп шалдырған .

Өлді деуге сыя ма , ойлаңдаршы ,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?- Абай атамыз жырлағандай, 45 жыл ғана қысқа ғұмыр ішінде халқына өшпес із қалдырған ғасыр ақыны Мұқағали жырларынан біраз сусындағандай болдық . Әрине , ақынның мол , таусылмас мұрасын бір күнде , бір сағатта оқып білу мүмкін емес . Ақын шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа тарап , жалғасын таба береді . Олай болса хантәңірі атанған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне  орай ұйымдастырылған “Бүгін менің туған күнім” атты поэзия сағатын аяқтаймыз.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз