Өлең, жыр, ақындар

Жасыл шырша жанында

Сулейменова Багдагул Еркинбековна
Байзерек негізгі орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
 

Жасыл шырша жанында

Жүргізуші: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар,
Таңырқап құр тұрмаңыздар.
Сәнді шырша шақырады
Шырша жырын жырлаңыздар!
Келіңіздер, келіңіздер,
Би де билеп беріңіздер.
Қызығы мол Жаңа жылдың
Тамашасын көріңіздер!
Қане, достар, би билеп, ән салып, ойын ойнап, Жаңа жылды қарсы алуға дайындалайық.

Оқушыларды музыка әуенімен залға кіргізу

Ән «Орманда туды шыршатай»

Жүргізуші: Армысыздар, аяулы ұстаздар мен ата-аналар! Сәлеметсіздер ме, балалар. Сендер бүгін сәнді киініп, әдемі болып кетіпсіңдер. Мына жерде орман аңдары, сүйікті ертегілеріміздің кейіпкерлері де жүр екен. Бүгін қандай мереке, балалар?

Балалар: Жаңа жыл!

Жүргізуші: Құтты болсын Жаңа жыл, барша қауым,

Құтқа орансын кең байтақ дархан елім.

Қазақтың пейіліне тарту етсін,

Табиғат ашық аспан, таң шапағын!- деп, құттықтау сөз мектеп директоры Канапина Сауле Әділқанқызына беріледі. Жүргізуші: Балалар, ортамыздағы сәнге малынып тұрған не?

Балалар:Шырша. (шыршаның жанына жақындап келіп) Бәрекелді, балалар, шыршаның түбінде бір зат тұр. Сыйлықтар! Келіңдер, балалар, сыйлықты ашып көрейік, сыйлық алған қандай тамаша!

(Көңілді музыка ойнап тұрады, оның ішінен сайқымазақ шығады)

Сайқымазақ: Амансыңдар ма, балалар. Мені ораудан алып шыққандарың қандай жақсы болды. Ол жерде тар әрі қараңғы, мына жерде сондай тамаша екен.Мен де сендермен жаңа жылды қарсы алайыншы.

«Кішкентай жұлдыздар» биі

Жүргізуші: Балалар, біз барлығымыз осындамыз. Ал жаңа жылдық мерекені тойлау үшін бізге кім жетпей тұр?

Балалар:Аяз ата, Ақшақар.

Жүргізуші: Қане, онда бар даусымызбен Аяз ата мен Ақшақарды шақырайық. (Осы кезде мешін кіреді)

Мешін: Ойбай, түрлерін қара! Неменеге тамақтарыңды жыртып айқайлап жатырсыңдар?

Жүргізуші: Ай, мешінжан, ал сен неге амандаспайсың? Әдепті адам алдымен амандасып алады дегенді білмейсің бе? Мешін: Білсем бұйырмасын.

Жүргізуші: Олай дегенің жарамас, мешінжан. Мұны тіпті біздің бүлдіршіндеріміз біледі. Ал саған тіпті ұят. Саған ешкім үйретпеді ме?

Мешін: (кінәсін мойындап) Үйрендім ғой, бірақ сендер мені жаңа жылдық мерекеге шақырмағандарыңа ренжідім, мен бұл күнге сонша дайындалып жүрдім.

Жүргізуші: О не дегенің, сен онсыз да біздің жыл бойғы қадірлі қонағымыз емессің бе. Балалар, мешінді ортаға алып, көңілін көтеріп бір би билеп берейік.

Би: «Чунга- чанга» (Балалар билеп болған соң боранның уілдеп соққан дыбысы естіледі.)

Жүргізуші: Аяз ата мен Ақшақар келе жатыр ғой деймін. шақырайық, қол соғайық.

Аққала: Уууууу. Мына жердің бәрін қармен үйіп тастаймын. Осы жерге боранды шақырып қатырып тастаймын. Ууууу, сендер мені Аққаланы ұмытып кеттіңдер. Бәріңді қазір қатырамын.Ууууу.

Жүргізуші: Аққала, ашуланбашы.

Аққала Ашуланамын, қатырамын қазір.

Жүргізуші: Егер ашулана берсең, өзіңнің ашуыңнан еріп кетесің ғой.

Аққала: Ой, шынымен мына жер ыстық болып бара жатыр. Шыдай алмаймын, еріп кетемін оһ,оһ.

Жүргізуші: Балалар, көмектесіңдер Аққалаға. Бәріміз үрлеп, қолымызбен сермейік. (Аққаланың көңілі көтеріледі)

Аққала: Рақмет, балалар, бірақ мен сонда да ренжіп тұрмын.

Жүргізуші: Бәріміз Аққаланың көңілін көтеріп бір ән айтып берейік.

Ән «Жаңа жыл» (Аяз атаның келуіне музыка ойнайды)

Жүргізуші: Балалар, бұл Аяз атаның даусы емес пе? Қане, бәріміз қосылып, дауыстап шақырайық.

Аяз ата: Құтты болсын, балалар,
Келген Жаңа жылдарың!
Алаңдамай өсіңдер,
Еркелеп қыз, ұлдарым.
Өткен жылы келіп ем,
Бәріңді де көріп ем.
Жыл өткізіп келем деп
Уәдемді беріп ем.
Ойларың мен бойларың да
Бірдей өсіп қалдыңдар ма?
Ал мен кіммін, айтыңдаршы,
Мені тани алдыңдар ма?

Балалар: Аяз ата!

Аяз ата: Ал шыршаларың неге жанбай тұр? Бәріміз қосылып, сиқырлы сөздер айтайық. Сонда шыршамыз жанады.

Қуант бізді таңырқат,

Шамдарыңды жарқырат!

Ән «Жасыл шырша жанында»

Жүргізуші: Аяз ата біз сізді көп күттік. Әнді де, биді де дайындап отырмыз. Ескі жылымыздың да сізге айтары бар екен.

Ескі жыл Мешін: Мен дағы қонақпын
Он екі жылда оралар.
Үлкендерге ақ ниет,
Сіздерге мың рақмет!

Өткен жылға ризамын. Менің жылымда жеткен жетістіктердің санына жету мүмкін емес сияқты. Шәкірттеріміз биылғы жыл түрлі байқаулардын, халықаралық конкурстардың жеңімпаздары атанды. Ұстаздарымыз Республикалық, облыстық, аудандық газет беттерінен жарық көрді. Біздің балалардың жеткен жетістіктерін сізге мақтанышпен табыстаймын. (Мақтау қағаздарын беру)

Аяз ата: Балалар, менің Ақшақарым келмеген бе, қайда жүр екен. Кім тауып берер екен.

Сайқымазақ: Қазір келіп қалар, ата. Мен бір жұмбақ айтып жіберсем қайтеді.

Сайқымазақ: Мен бастаймын, сендер аяқтайсыңдар.

1. Қызыл мұрын, ақ мұртты

Білсең атын тез ата

Келеді бізге Аяз ата!

2. Шырша бүгін кәделі

Сендер бәрің Әдемі!

3. Ертегідей орманнан,

Көктей өтіп келеді.

Сұңғақ бойлы бір сұлу

Табыңдаршы кім еді? Ақшақар! (Музыкамен Ақшақар кіреді)

Ақшақар: Сәлеметсіңдер ме, балалар. Жаңа жылдарың құтты болсын!

Сүйсіндірер маңайды
Ақшақармын арайлы.
Жалт-жұлт еткен жүзімнен
Күміс сәуле тарайды.
Ақшақармын, аппақпын,
Қалай тыныш жатпақпын.
Менсіз қыстың сәні жоқ,
Әнмін, жырмын, тақпақпын.  

«Ақшақар» биі

Сайқымазақ:

4. Қарға мүлгіп дала тұр,

Келе жатыр (Жаңа жыл!) 3- рет

Жаңа жыл Тауық:

Ескі жылға сәлем бердім
Жаңа жыл мына мен келдім
Балаларға базарлық
Мол жақсылық әкелдім!
Мен әкелген жаңа жыл үлкен табыс, денсаулық әкелсін!

Жүргізуші: Жаңа жыл – жаңа қадам, жаңа бағыт,
Болашақ сыйлайтындай жаңа бақыт.
Жақсылықтың белгісі, жаңа уақыт,
Келіп, міне, жатырмыз, қауқылдасып...  

«Шөжелер» биі

Аяз атаға балалар өнерлерін көрсетеді. (Өлең, тақпақ, билерін орындайды).

«Үйректер биі»

«Шыршаға бардық» әні

Ойын ойнату «Жаңа жыл» биі

Аяз атаның қоштасу сөзі:

Жарайсыңдар балаларым! Meнi бүгін бip куантып, алыс жерден шаршап келгенде көңілімді көтердіңдер. Барлықтарың да ақылды, білімді де өнерлі екенсіңдер. Киген киімдерін қандай әдемі! Солай емес пе, қызым? Біздің сыйлығымызға риза болыңдар. Ал енді біз жолға шығайық. Басқа да балалардың өнерін тамашалайық. Ал, балаларым, сендер өсе беріңдер, өркендей беріңдер. Аспандарың ашьқ болсын! Қош болыңдар! (Қолдарын бұлғап шығып кетеді).

Балалар: Сау болыңыздар!

Жүргізуші: Мерекеміз Жаңа жыл,
Тойында қызық думан бар.
Жаңа жыл бұл жаңа өмір:
Сайранда туыс туғандар!
Бақытты болып жыл сайын,
Осылай басты қосайық.
Ашық болсын әрдайым,
Тыныштық тойын жасайық!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз