Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
Маңғыстау энергетикалық колледжі
Қазақ тілі және әдебиет пәні оқытушысы
Айтжанова Марал Умбеткалиевна
«ҰЙҚАС ЖӘНЕ ӨЛЕҢ» атты студенттердің поэтикалық қабілеттерін ашуға және өлең құрылымын түсінуге бағытталған танымдық-тапсырмалық ашық сабақ
Сабақ мақсаты:
- Студенттерге өлең туралы мағлұмат беріп, өлең құрылысы, шумақ, тармақ, бунақ, буын саны жайлы түсінік қалыптастыру;
- Студенттер бойындағы қабілеттерін ашып көрсетуге жағдай туғызып, олардың қиялын ұштап, өз бетімен жұмыстануға дағдыландыру;
- Оқушылар бойына қазақ ақындарының өлеңдерінен мысалдар келтіру арқылы адамгершілік, адалдық, еңбексүйгіштік, туған жерді аялау, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру
Сабақ түрі: Тапсырмалы, ойын түрінде
Сабақ әдісі: баяндау, сұрақ - жауап, бекіту.
Сабақ көрнекілігі: интерактивті тақта, слайд, кітаптар, тірек сызбалар.
Сабақ барысы:
І. Ұйымдастыру бөлімі.
а) Сәлемдесу, студенттер санын түгендеу, кезекшіні бекіту
ә) Студенттер назарын сабаққа аудару;
ІІ. Жаңа сабақ лекциясы.
І. Әдеби жанрлар поэзия, проза және драма болып үшке бөлінеді. Поэзияға өлең, баллада, поэма, хисса - дастан және рубаилар жатады.
Өлең – белгілі бір тақырыпқа арналған, 10 - 15 шумақтан аспайтын, ырғағы мен ұйқасы бар шағын поэтикалық шығарма.
Жалпы кез - келген шығармада ең алдымен тақырып болады. Шығарманың иесі сан - алуан ойларының ішінен біреуін ғана негізгі ойының қазығы етеді. Сол ой шығарманың тақырыбы болып табылады. Тақырып әр түрлі болады. Мысалы, туған жер, Отан, табиғат, махаббат, т. б. болуы мүмкін.
Өлең - көптеген компоненттерден құралатын біртұтас шығарма. Сол көптеген бөлшектердің бірі – шумақ.
Шумақ – кемінде төрт жолдан (кей жағдайда екі немесе алты) құралып, аяқталған синтаксистік біртұтас ойды білдіретін өлең бөлшегі. Мысалы:
Қалаул(ы) ақын бола алдым ба,
Қалың қауым күнде тыңдар!
Аңқылдаған ел алдында,
Азаматтық міндетім бар.
(Қ. Мырза Әли. «Парыз»)
Ұйқас – өлең жолдарын біріктіріп, белгілі бір үйлесімде ұстап тұратын өлең бірлігі. Ұйқас болуы үшін өлең кемінде екі жолдан тұруы керек. Мысалы:
Ана тілің – арың бұл, - а
Ұятың боп тұр бетте. - б
Өзге тілдің бәрін біл,- а
Өз тіліңді құрметте! - б
Ұйқас түрлері
Қара өлең ұйқасы Шұбыртпалы ұйқас Кезекті ұйқас
----------------------- а ------------------------ а --------------------- а
----------------------- а ------------------------ а --------------------- б
----------------------- б ------------------------ а --------------------- а
----------------------- а ------------------------ а --------------------- б
Шалыс ұйқас Егіз ұйқас
---------------------- а ----------------------- а
---------------------- б ----------------------- а
---------------------- в ----------------------- б
---------------------- б ----------------------- б
Өлең шумағының тағы бір бөлшегі – тармақ. Тармақ деп өлеңнің әрбір жолын айтады. Тармақ бунаққа, бунақ буынға бөлінеді.
Бунақ өлеңдегі ырғаққа байланысты болады. Ал ырғақ буын санына тікелей бағынышты болады. Мысалы,
О, туған жер, кеңпейіл, құшағың кең, - 3 бунақ, 11 буын.
Саған көңіл бұлқынар күш - ағынмен. – 3 бунақ, 11 буын.
Сағ(ы) нышымды қанат қып саған қарай, - 3 бунақ, 11 буын.
Балапандай талпынып ұшамын мен. – 3 бунақ, 11 буын.
(«Туған жер». Ф. Оңғарсынова)
Бұл өлең бір шумақтан, шумақ төрт тармақтан, әр тармақ үш бунақтан, он бір буыннан тұрады. Қара өлең ұйқасымен құрылған.
III. «Жалғасын тап!» ойыны.
Бұл ойында студенттер берілген екі тармақ өлеңге өз жандарынан тағы екі тармақ жалғап жазып, автор нұсқасымен салыстыру арқылы ойды аяқтау тәсілдерін меңгереді.
1. Бұл қара жер болған бізге кең мекен,- а
Кең мекенге қанша қауіп төнді екен! - а
--------------------------------------------------, - б
--------------------------------------------------. - а
(Қ. Мырза Әли. «Жер»)
2. Ерке өзендер жатпайды тасып ағып, - а
Таулар да тұр жамылып басына бұлт. - а
--------------------------------------------------, - б
--------------------------------------------------. - а
(Ф. Оңғарсынова. «Күз»)
IV. «Тармақты толтыр!» ойыны.
Тұрсаң болды, Туған жер, көктеп кілең, - 11 буын
Арманымды....... ерттеп мінем. – 11 буын
Бағышталған өзіңе бір ауыр сөз – - 11 буын
Маған қарап....... оқ деп білем! – 11 буын
(Қ. Мырза Әли. «Туған жер»)
Арғ(ы) мақтары қайд(а) екен бұл даланың, - 11 буын
Бәйг(е) алаңын.......... шыдамадым. – 11 буын
Аңсап келген ауылда сәйгүлікке - 11 буын
Тақым салмай мен....... тұр(а) аламын?! - 11 буын
VI. Үйге тапсырма.
Әр ұйқас түрлеріне буын санын сақтай отырып, бір шумақтан өлең шығарып келу. Тақырып таңдауға шек қойылмайды.
Х. Қорытынды бөлім.
Өлең – поэзияның бір тармағы. Өлең белгілі бір тақырыпқа арналып шығарылады. Өлең формасы, стилі, көлемі автор қалауына сай әр алуан болады.Мысалы, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Қадыр Мырза Әли мен Фариза Оңғарсынованың өлеңдері бір - біріне мүлдем ұқсамайды.
Өйткені, олардың пәлсафалық көзқарастары, сөз қолданыстары, жазу стильдері, өзіндік қолтаңбалары өзгеше қалыптасқан. Бірақ, қос ақынның ұқсас жері – олардың тақырып таңдау барысында ойларының сабақтастығы. Ал, ой сабақтастығы толығу мен жаңаруға, күшею мен кемелденуге апаратын ең басты алғышарт болып табылады.
Жалпы алғанда, қара өлең - қазақтың киелі қасиеті.
Осы киені болашаққа қастерлеп жеткізу – сіз бен біздің еншімізге жазылған қасиетті борыш екендігін ұмытпауымыз керек.
Сабақ соңында өздеріңіздің сүйікті өлеңдеріңізді жатқа немесе мәнерлеп оқып берулеріңізді сұраймыз.
VII. Бағалау.
Ашық сабақ барысында тапсырмаларға белсенді қатысқан және мәнерлеп өлең оқыған студенттер, сұрақ-жауапқа дұрыс жауап берген қатысушылар бағаланады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Жұмабаев М. «Таңдамалы» - Алматы: Ғылым,1992-270 бет.
2. Қабдолов.З. «Сөз өнері» - Алматы,1983-365 бет
3. Жұмағалиев.Қ. «Әдебиет теориясы» - Алматы,1960-335 бет
Арай
Алма созине уйкас создер керек