Өлең, жыр, ақындар

Менің отбасым

"Ақыл-ойы дамуында кемістігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаты" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Тәрбиеші: Кудайбергенова Кенжекул Байсубайкызы

Ашық тәрбие сағаты.

Тақырыбы: «Менің отбасым»

Мақсаты: 

Отбасы және отбасы мүшелері жайлы түсініктерін қалыптастыру.

Отбасы мүшелері және отбасындағы сыйластық туралы әңгімелету арқылы есте сақтау қабілеттерін  дамыту. Сөздерді дұрыс, анық айтуға жаттықтыру.

Үлкенге ізеттілік көрсетуге, кішіге қамқор болуға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: отбасы мүшелерінің суреттері,

Сөздік жұмыс: ата, әже, әке, ана, аға, іні, әпке, сіңілі, қарындас.

Әдіс -тәсілдері: әңгімелеу, түсіндіру, көрсету, ойын .

Тәрбие жұмысының барысы.

Ұйымдастыру кезеңі.

-  Балалар, көңіл – күйіміз қалай? Тәрбие сағатымызды бастамас бұрын барлығымыз  шаттық шеңберін құрайық.

- Балалар, күн анамыз бізге күн нұрын шашып тұр қане, бәріміз күн сәулесінен қуат алып, бір – бірімізге жылы лебіздерімізді білдірейік. Бүгінгі тәрбие сағатымыз сәтті өту үшін жақсы тілектер айтайық.

         Аспанымыз ашық болсын!

         Ата – анамыз аман болсын!

         Бақытты болайық!

Балалар кеудемізге сыймай тұрған жылуымыздан қонақтарымызға сыйлайық (бұрылып қолдарын үрлейді)

- Біз неге шеңберге тұрып, тәрбие сағатын бастадық?

 Шеңбер – бұл әлемдегі мейірімділік, жақсылық. Шеңбер арқылы – бір бірімізге күлімдеп қарап, бақыт, қуаныш, жылылық тілейміз.

І. Кіріспе бөлім.

Әңгімелесу. «Ертегіні еске түсірейік» (тақтаға «Шалқан» ертегісінің суреті ілінеді)

- Ертегідегі кейіпкерлерді атайықшы? Ата, әже, қыз.

- Олар қайда тұрады? –Үйде.

- Шалқанды кім отырғызды? Ол қандай боп өседі? Ертегі қалай аталады?

- Үлкен шалқанды қалай жұлды? «Кім кімге көмектесті?

Ата, әже және немерені бір сөзбен қалай атайды?

 - (Отбасы)

Бір-бірін жақсы көріп, сыйлап, өзара көмектесетін адамдардың  отбасын тату отбасы деп атайды.

ІІ. Негізбі бөлім.

-Балалар, бүгін біз «Менің отбасым» тақырыбында әңгімелесіп, танысатын боламыз.

«Ойлан, тап» тапсырмасын орындау

(Тақтаға отбасы мүшелерінің  жеке суреттері ілінеді, сұрақтар қоя отырып, балалар жауаптарына қарай суреттерді ажыратып,  ретімен  тақтаға іліп шығады)

-Балалар, менің айтқандарымды мұқият тыңдап, кім туралы айтып тұрғанымды ойланып табыңдар.

 - Қатал көрінгенмен өте мейірімді. Ол көзілдірік киеді, көп кітаптар оқиды, көптеген қызықты тарихи оқиғаларды біледі. Ол әжеге көмектеседі, дүкенге және базарға барады, зейнетақы алады, немерелеріне қарайласады. 
- Кім бұл? (ата) 
- Ал сендердің аталарың қандай? (балалардың жауаптары). 
 - Ол өте мейірімді, ақ шашты, көзінің айналасында ұсақ әжімдері бар, дәмді тағамдар, тәтті нандар пісіреді, сендерге жылы қолғап тоқиды, ұйықтар алдында ән немесе ертегі айтып береді. 
-Бұл кім? (әже) 
- Оны қалай білдіңдер? 
- Ал сендердің әжелерің не істей алады? (балалардың жауаптары, тәрбиеші толық жауап беруін талап етеді ) 
 -Ол салмақты да, байсалды, барлық бос уақытын сендермен өткізеді, сендерді циркке апарады, демалыс кезінде барлық отбасын табиғатқа алып шығады. 
-Бұл кім? (әке) 
-Дұрыс. Ал әке не істей алады? (ағаш жарады, футбол ойнайды, т.б.). 
- Ал сендердің әкелерің қандай? Толықтыру: (күшті, батыл, мықты,...) 

 -Оны жер бетіндегі ең бірінші, ең әдемі сөзбен атайды. Ол сен үшін ең қымбат адам? 
-Бұл жұмбақ кім туралы? (ана туралы) 
-Сендер өздеріңнің аналарыңды қандай мейірімді сөзбен атайсыңдар? (Анашым, анатайым). 
-Аналарың сендерді қалай еркелетеді? (балалардың жауаптары) 

- Сенің өзіңнен үлкен, сабағыңды орындауға көмек беретін, сені серуенге бірге алып шығатын ер бала немесе қыз баланы кім деп атаймыз?

-Аға, апке.

- Сенің аға, апкең бар ма? (балалардың жауабы)

- Саған апкешім , ұлдарға ағатайым  деп еркелейтін, балабақшаға баратын өзіңнен кішкентай ұл бала немесе қыз баланы  кім деп атаймыз?

- Іні, қарындас.

-Сен оларға қандай қамқор көрсетесің? (балалардың жауабы)

-Балалар,  бұл суреттердегі адамдарды бір сөзбен қалай атаймыз?

- Отбасы .

 Әр адамның өз отбасы болады. Отбасы бірнеше адамнан тұрады: ата, апа, әке, шеше, аға, іні, қарындас, апке. т.б.

Олар кез келген істі бірігіп атқарады, бір – біріне көмектеседі. Отбасында біз үлкендерді сыйлауға, кішілерге көмек көрсетуге, қамқор болуға үйренеміз.

Дидактикалық ойын: « Кім жоқ?»
Тақтаға (ата, әже, әке, ана, аға, қарындасты) іліп қоямыз. Біреуін алып тастаймыз, балалар кім жоқ екенін айтады. (өздері орналастырады.)

Ойын: "Қай зат кімдікі" (мұнда балалар әжесіне, атасына, анасына, әкесіне, ағасына, апасына, әпкесіне тиісті  затты атап, астына қойып шығу керек)

«Мынау кімнің отбасы?» ойыны (Балалар оз отбасыларының фото суреттерін тауып, таныстырады)

Сергіту сәті: «Өз үйіңді тап!»

Үлкен дөңгелек, шаршы, үшбұрыш пішіндерді дайындалып алынады. Ал балаларға осы пішіндердің кіші көлемін үлестіріп беріледі.

Балалар музыка ырғағымен билеп жүреді, музыка тоқтағанда тәрбиешінің нұсқауымен «Өз үйіңді тап!» дегенде, балалар қолдарындағы пішіндермен өз үйлерін тауып жүгіреді.

Әр баладан сенде қандай пішін бар? Түсі қандай? Сен қай үйге жүгірдің?  Оның неге үшбырыш, шаршы, дөңгелек екенін сұрау.т.с.с. Ойынды қайталатып ойнату.

ІІІ. Қорытынды.

Шаттық шеңбері: « Шаңырақ»
Ал балалар тұрайық,
Үлкен шеңбер құрайық.
Шаңырақты көтеріп,
Керегені құрайық
Уық болып иіліп,
Бір отбасы болайық.

-Балалар біздер бүгін  кімдермен таныстық?
- Отбасы мүшелерімен.
Отбасы мүшелеріне кімдер жатады екен?
- Ата, әже, әке, ана, аға, апа, іні, қарындас жатады.
Біз қандай отбасымыз?
- Біз бақытты отбасымыз.
Біз қай елде тұрамыз?
- Тәуелсіз Қазақстан елінде.
Өте жақсы, балалар отбасы туралы танысып, білдік. Отбасы кіші Отаның. Сол Отанда тату - тәтті өмір  сүру үшін туысқандардың,  әсіресе, бауырларыңмен бір - бірің мен тату болыңдар.

ІV. Бағалау.

Тәрбие сағатына белсенділік танытқан балаларды мақтап, мадақтау.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз