Өлең, жыр, ақындар

Үй құстарының тіршілігі

Павлодар қаласы
МҚКК №11 сәбилер бақшасының тәрбиешісі:
Байтенова Асель Алыбаевна

Білім беру саласы: Қатынас

Бөлімі: Тіл дамыту

Тақырыбы: Үй құстарының тіршілігі

Мақсаты: Әр түрлі әдістерді,ойындарды қолданып балалардың үй құстары туралы білімдерін кеңейту, тілдерін дамыту, ой-өрістерін кеңейту, жақсылыққа тәрбиелеу.

Көрнекіліктер: Кейіпкерлер, театр түрлері, сын тұрғысынан ойлау технологиясы, мнемотаблицалар, дидактикалық ойындар, жаттығулар

Сабақтың барысы:

Балалар шаттық шеңберге тұрады:

Күннің көзі ашылып,
Көкке шуақ шашылып.
Құтты қонақ келіпті,
Төріме міне еніпті.
Амандасу үлкенмен,
Тәрбиенің басы ғой,
Ал,кәнекей бәріміз
Сәлем берейік үлкенге:

«Сәлеметсіздер ме, апайлар!»

- Балалар бізге Білімпаз ата «Сиқырлы еліне саяхатқа» жолдама жіберіпті, өйткені сендер өте ақылды әрі тәртіпті баласыңдар!

- Балалар саяхатқа немен барамыз?

- Ұшақпен барайықшы! 1,2,3,4,5-ұштық!

- Балалар, біз қоныстандық.

Балалар жартылай шеңбер жасап, орындықтарға отырады.

- Балалар, қолымызға дүрбімізді алып қарайықшы, нелерді көріп тұрсыңдар? (Дүрбімен жұмыс)

- Мен тауықты (қазды, балапанды, үйректі) көріп тұрмын.

- Балалар, оларға бармай тұрып, күлкімізді әдемі қылып алайықшы. Жаттығу «Кімнің тісі таза» айнамен.

- «Сөз ұйқастар үй құстары туралы»

- Ал,енді дайынбыз. Аттанайық құстарға! (Балалар құстар фермасына жақындайды, диктафонда құстардың дыбыстары шығады, осы кезде тәрбиеші құстардың күтушісі болып киініп алады.)

- Сәлеметсіңдер ме балалар!

- Сәлеметсіз бе! Бұл жер өте қызықты екен, бұл құстар фермасы ғой.

- Апай бізге үй құстары туралы айтып беріңізші!

Айтып берейін. Тірек-сызба «Үй құстары»

Топтастыру әдісі:

- Балалар, сендердің отбасыларың бар ма? Кімдер жатады оған?

- Құстардың  өз отбасылары бар екен. Сендер құстардың отбасын тауып беріңдерші (Ортаға Жанерке, Расул, Әдемау, Илияс шығып жерде тұрған үй құстарын топтайды.)  Дидактикалық ойын «Отбасын тап»

Мысалы: Тауық ана, балапан, әтеш; Үйрек ана, балапан, үйрек әке т.б.

Құстарды тамақтандыру (Тілге, саусаққа жаттығу) «Қуыр-қуыр-қуырмаш, балапанға бидай шаш.....»

Балалар құстардың күтушісімен қоштасады.

Тәрбиеші: Балалар, мына көрші үйде Зере әже тұрады, ол адам өте көп ертегі біледі.

- Барып қайтайық. (Балалар Зере әженің үйіне жақындайды. Тәрбиеші Зере әженің киімін киіп,образға енеді, балалар әжені көріп, амандасады, аяқ-киімдерін шешіп құрақ көрпелерге жайғасады. 

Зере әже сандығын ашып, саусақ театрының қуыршақтарын алып шығады да «Алтын жұмыртқа» ертегісін әңгімелеп береді, екі бала шығып біреуі тауық, екіншісі тышқан ролін сомдайды. Балалар әжемен бірге осы ертегіні талдайды.

Зере әженің батасын алады, қол жаяды:

Ел сүйетін бала бол,

Ер жеткенде дана бол.

Туып өскен еліңнің жел жағына пана бол!

Балалар шеңберге тұрып, тәрбиешімен бірге «Болады-болмайды» ойынын ойнайды.

Болады дегенде-қол шапалақтайды, болмайды дегенде-аяқтарымен тықылдатады.

Мысалы: Құстар пайдалы ма? Құстың жұмыртқасын жаруға бола ма?

Балалар ұшаққа отырып топқа қайтады. Үстел басына отырып, тәрбиешімен бірге орындарында және тақтада «Мнемотаблицаны» орындайды. Осы әдіс арқылы тауық пен қаздың түсін, пішінін, қасиетін анықтайды, салыстырады.

- Балалар, енді маған келіңдер, қазір біз үй құстарына көркемсөз айтуды үйренеміз. Мен сендердің әрқайсысыңа доп лақтырамын да сұрақ қоямын, сендер тек бір сөзбен жауап бересіңдер. «Көркемсөз» Мысалы: Ұзын мойынды, пайдалы,етті, әдемі, көркем т.б.

Бағалау: Балалар, сендердің алдарыңда үйректер мен балапандар тұр, кім сабаққа жақсы қатыстым дейді,үйректерді алыңдар, ал кім ендігі сабаққа одан да жақсы дайындаламын дегендерің, балапандарды алыңдар. (Балалар таңдап алады да неге осыны алғанын түсіндіреді.)

- Енді осы құстарды суға толы бассейінге жіберіңдер. Олар бізге бүгінгі саяхатымызды ұмытпауымызға көмектеседі.

- Енді үй құстарының сендерге деген сыйлығын ала қойыңдар. Балаларға киндерлер таратылады.

- Рақмет, саяхатымыз аяқталды.


Пікірлер (2)

Бозғұлбаева Құралай

Сабақ жақсы өтілген

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз