Некрасов атындағы №9 мектеп–гимназияның
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Алтынбекова Арайлым Валиевна
Өлеңдердің бұл композициялық ретін эмоциялық сезім-күйдің динамикасын, шығармалардың логикалық, баяндаушылық сипатынан іздейміз. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ ақынның «Пайғамбар» өлеңі жаңашылдық сипатта жазылды. Діни сенім бойынша Алланың елшісі болатын пайғамбарлардың көркем әдебиеттегі тұлғасы сол нанымдық қалпында құтқарушы, жаратушының елшісі, жалпы жақсылық атаулының бастауы ретінде танылады. Мағжан ақынның пайғамбар тақырыбына тоқталмас бұрын жалпы әдебиеттегі осы тақырыптас өлеңдер назар аударсақ олардың басы ретінде Пушкиннің «Пайғамбар» өлеңін алуға болады. Пушкиннің өлеңінде «пайғамбар жаны құлазып отырғанда оның алдына алты қанаты бар Алланың көмекшісі ұшып келеді. Ол өзінің қолымен оның көзін сипап дүниеге көзін ашады. Құлағын сипағанда жер бетіндегі тіршілік атаулының қалай тіршілік ететінін біледі» яғни Пушкиннің өлеңіндегі пайғамбар мистикалық сипатта көрінеді. Пушкиннің пайғамбары жекелік сипатта, жалғыз лирикалық кейіпкердің өзіне тікелей қатысты болса, Мағжанның пайғамбары жалпы қоғамдық қайшылықтардың негізін түбегейлі шешуге ұмтылады. Оның мақсаты жалпы адамзатты, жер бетін қара түнектен құтқару. Яғни ақын дүниетанымы бойынша дүниені Пайғамбар арашалап қалады. Шығыстан шыққан күнмен таласып дүниеге жаңа арай шашады деген ұғым қалыптасады. Оның поэзиясына тән жаңалықтардың бірі ретінде мифологиялық бейнелердің поэтикалық тұрғыда түлеп, жаңа қырынан көрінуі екенін ерекше айтуға болады. «Пайғамбар» өлеңінде:
Ерте күнде отты Күннен Гун туған,
Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам-
деп тебіренген ақын ұлы далады ғұмыр кешкен гун тайпасын Күннен туған етіп суреттейді. Күн мен түнді шендестіре отырып, түнгі қасірет, күнді жарқын өмір сипатында алады. Күннен туған пайғамбарды жеңімпаз, жасампаз қаһарман ретінде көрсетіп, түн баласын «әзәзілге табынған», «Інжілді өртеп, Құранды табанға салынған», «Тәңірісін табынына таптаған», «Тәңірісін өлтіріп, табынатын басқа тәңір таппаған», «Тәңірінің сүйікті ұлы Айсаны өлтіріп, тітіркенбей қанын ішкен» деп бейнелейді. Осыншама қасірет пен апатты тудырушы түн баласын жеңетін – Күннен туған, Гүннен туған пайғамбар дейді:
Күншығыстан таң келеді-мен келем,
Көк күңіренед: мен де көктей күңіренем.
Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,
Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем!
Күншығысты үміт пен шаттықтың, шын мәніндегі кіршіксіз өмірдің символы ретінде бейнелеген ақын күн мен отты табынар қасиет, пір тұтар сенім деп таниды. Күнбатыс пен Күншығыс бір-біріне қарама–қарсы географиялық ендіктер ғана емес, олар түнек пен жарықтың, жақсылық пен зұлымдықтың символдары. Сол кездегі қоғамдық тартыс қалыптастырған әлеуметтік процестердің негізінде туындаған бұл өлең заманауи мәселелерді көтереді. Халық басындағы қайғы мен мұң батыстан келетіні, оған қарсы күресу үшін күншығыстан пайғамбар шығуы керектігі ақын өлеңіне арқау болған. Ақынның көтерген мәселеге келу сферасыннан қарастырғанда көретініміз, бірінші өлеңде (Пайғамбар) жалпы алғанда Күнбатыстың суреткер бейнелеген, оқырман көз алдында, көңіл санасында ойнатқан картиналық сипаты бар. Сонымен қатар «Пайғамбар» өлеңі аяқталғанда келесі өлеңнің өзінен жалғасуын қалайтын ішкі логикалық тартылыс бар.
Қап-қара түн. Қайғылы ауыр жер жыры,
Қап-қара түн. Күңіренді түн ұлы.
Күншығыста ақ алтын бір сызық бар.
Мен келемін, мен пайғамбар - Күн ұлы.
Өлеңінің аяқталуынан қалай да біреудің келетіні, және оның арай төгіп, жарқырай («Күн ұлы») келетіні ақиқат тәрізді. «Пайғамбар» өлеңіндегі Күнбатыс картинасы поэтикалық динамикада бітті де, шығарманың соңғы шумағы «Менің» өзі туралы айтуына ауысты. Мағжан күнбатыстан бас көтерген импералистик соғысты тұтандыруыш топты - Мережковскийдің бейнелеу сөзімен «түн баласы» деп аталғанын білеміз. Бұл шығармашылықтағы тамырластық қана емес, идеялық прогресс екенін ұғынамыз. Отты жарық пен жылудың, қуаныш пен бостандықтың қайнар көзі түрінде көрсете отырып, отқа, жалпы жарық әлеміне қарсы қараңғылықты қояды. «Күншығыс» өлеңінде жаңағы қараңғылық пен жарық, батыс пен шығыс арасындағы бітіспес тартыс, қайшылықты жырлау жалғасын табады. Күнбатыс әлемінің тұрғындарын «түн баласы» түрінде бейнелеп, ондағы өмір мен тіршілікті қанды қырғын деп бағалаған ақын өзі басынан кешіріп отырған кезең сипатын «күнбатысты шаң басқан, қан басқан» түрде суреттейді. Өлең «Менің» өзін таныстыруынан басталады.
Күннен туған баламын, Жарқыраймын, жанамын Күнге ғана бағынам
Өзім-күнмін, өзім-от,
Сөзім, қысық көзімде-от
Өзіме өзім табынам
Жерде жалғыз тәңірі-от,
Оттан басқа тәңір жоқ.
Бірінші өлеңде «Мен пайғамбар – күн ұлы» десе, екінші өлеңде сол қалпында ойды іліп әкетіп «Күннен туған баламын», - дейді. Үшінші өлеңде Күншығысқа қаратып ой айту бар. Лирикалық кейіпкер - өзін таныстырғаннан кейін отқа айналған «Мен» Күншығысқа қарап тіл қатады:
Қысық көзді Күншығыс,
Бұл тұрудың қай тұрыс?
Күңірентіп жерді ыңыраншы
Күнбатысқа көз салшы
Көрдің бе қанның жалынын?
Күнбатысты шаң басқан,
Шаң емес қара қан басқан.
Серпіл енді, алыбым!
Шығарманың композициялық құрылымының осылайша жазылуындағы жалпылама бейнелеуіштік суреттеу - Күнбатыс картинасы, бірінші жақтағы өзін таныстыру-идея-образ «Оттың» монологы, екінші жаққа қарата айту - күншығысты ояту құрайды. Мұндай пікір романтикалық сарында жазылған шығармалардың ішкі үйлесімділік сезім сипатынан туындайды. Ағымды, эмоциялы сезім-күй динамикасы өлең композициясына әсерін тигізіп, оның жүйесін құрайды. Мағжанның өлеңдеріндегі сбуьективті авторлық сананың ағымы, сезім желісінің динамикасы бірлепті, жұп-жұмыр композициялық құрылымға айналдырады. Романтикалық сарынның негізінен алып Мағжан шығармаларындағы композиция «музыкалы композиция» деуге болады, оған тағы бір айғақ замандасы айтқан «өлеңді күйге (музыкаға) айналдырады.» (Ж.Аймауытов) деген пікір.
Өлеңдерінде өткен ғасыр басындағы күрделі, қоғамдық-әлеуметтік жағдайларды таныта білуімен дараланады. Европадағы мәдениет пен өркениеттің әлсірей бастаған кезеңі еді. Орыстардың жапондардан ойсырай жеңілуі, елдегі материалдық жағдайдың күрт құлдырауына алып келеді. Қоғамдық-әлеуметтік кризистердің белең алуынан елдегі саяси жағдайдың бүкіл Европада өзгергенде де өзгермей абсолюттік монархия қалпында қалуы, 1905-1907 жылдардағы төңкеріске алып келген еді. 1917 жылғы төңкерістер де суреткердің санасында өз ізін қалдырды. Қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар, адамзат тарихының бетіндегі өзгерістер ақынның дүниетанымы тұрғысынан автордың санасында қордаланып, пісіп, жетіліп көркем туындыға арқау болады.
Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Күні батып жаңа таңы аттаған.
Түнеріп жүр түннен туған перілер,
Тәңірісінің табанына таптаған.
Білген емес иман деген не нәрсе,
«Қарын» деген сөзді ғана жаттаған.
Тәңірінің сүйікті ұлы Айсанның,
Тітіркенбей ұрттап, қанын ішкен ол...
Лириканың ішкі ирімдері тарихи-қоғмдық өзгерістерді игеруін ерекшеленеді. Тарихи процестерді, яғни тақырыпты игергенде астарлау, меңзеу, тұспалдау, бейнелеу яғни символизмді құрайтын басты әдіс-тәсілдерге барған. Бұлар тақырыптың кең ауқымды күрделілігінен туындайды. Жинақтау арқылы символдық, метафоралық әдістерді қолданып, идеясын жеткізе білген автордың циклдағы Күнбатыстың күн өтті деген идеясына тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-саяси жағдайы әсер еткен екен. Ендеше оның «Күншығыстың» қуатты бейнесін суреттеуі, оның қарым - мүмкіндігі туралы айтқандағы ой тақырып айналасындағы белгілі қоғамдық, саяси–әлеуметтік, тарихи жағдайлардан туындауы керек. Оның шығармасындағы лирикалық кейіпкердің арқыраған, тасынған пассионарлық - өзгертушілік күш-қуаты жауының - Күнбатыстың азып- тозып әлсіреуінен ғана емес, өз елінің-тірегінің Күншығыстың да сол кездегі өзгеру өсу сипатынан болды деген ой түйеміз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі