Өлең, жыр, ақындар

Қош бол, сүйікті әліппем!

ОҚО Шымкент қаласы

 №103 жалпы орта мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі

Турсунжанова Ляззат

Қош бол, сүйікті әліппем

Индира:

Ерте, ерте, ертеде емес, кәзіргі өтіп жатқан заманда Шымкент қаласында №103 жалпы орта мектебі бар екен. Осы мектептің 1 «Ә» сыныбында айдай сұлу 13 қыз және батыл да ержүрек 12 ұл бар екен. Бұл оқушылардың барлығы да өте ақылды және білімді екен. Бір күні олар әліппе оқулығы мен қоштаспақшы болыпты . Әліппе оқулығы жәй кітап емес, сиқырлы кітап екен. Ол әрбір балаға 42 әріпті таныстырып қана қоймай, оқуға, жазуға үйретіп, білімді етіп шығарады екен. Сонымен Білім патшасы не дейді екен. Тамашалап көріңіздер.

 (Патша сарайының уәзірлері мен ханшайымдары ертегілер әлемінің табиғатын тамашалап келеді.)

1-уәзір: Ж. Нұрсұлтан Уа. Уәзірлер, қараңдаршы! Үлкен мереке болғалы жатыр ғой деймін, көп қонақтар отыр.

2- уәзір: Сүндет:1-сыныпта үлкен қуаныш екен, «Әліппемен қоштасу ертеңгілігі болады» деп естідім.

1- уәзір: Ж. Нұрсұлтан: Ой, неге тұрмыз, патшамызға хабарлайық!

Ханша: Әсель:  Уәзірлер, қараңдаршы! Осында патшамыз да келе жатыр.

Уәзірлер: Патшамыз, төрлетіңіз, отырыңыз.

Патша: Анарбай: Уа, уәзірлерім, ертегі әлемінде не болғалы жатыр?

1-уәзір: Ж. Нұрсұлтан Қымбатты патшамыз, бүгін 1-сыныптың ертегілер еліне келіп ән айтып, би билейтінін, Әліппемен қоштасатынын, сауаттарын ашып, әріп танып алғандарын ұзынқұлақтан естідік.

Патша: Анарбай:  Не дейді? (Ашуланып қолындағы алтын таяғын 2-3 рет қатты ұрып) -Осыны ұйымдастырған кім екен, шақырыңыз!

Уәзірлер: Құп, тақсыр! (Екі уәзір ұйымдастырушыны қолдарынан жетектеп ортаға патшаға әкеледі)

Патша : Анарбай: -Менің рұқсатымсыз неге Әліппемен қоштасқалы жатырсыздар ?

Индира: 1- жүргізуші: Иә, білім патшасы, кешіріңіз. Сіз бүгін бізді тоқтата алмайсыз. Менің достарым сіздің еліңіздің барлық әріптерін танып, біліп, үйреніп, жазып оқу алатын жағдайға жетті. Осы қуанышымызды мына жұрттың алдында паш етеміз. Одан да ашуыңызды басып 1 «Ә» сынып оқушыларының өнерлерін тамашалаңыздар. Мерекемізді бастауға рұқсат етіңіздер.

Патша: Анарбай: -Жарайды , онда рұқсат берейін, өнерлеріңді көрейін.

Асель:

2- жүргізуші: Рахмет, білім патшасы!

Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!

Естімеген естіңіздер,

Тыңдамаған тыңдаңыздар.

Қазір бізде «Әліппе тойы» басталады.

Сүндет:

1-жүргізуші:

Нұрлы үмітін арқалаған арқаға,

Жан сәулесін тарататын баршаға

Шын пейілмен құрметімізді көрсетіп,

Бүлдіршіндерді шақырайық ортаға..

(оқушылар кіреді)

Мұғалім:Өсті міне бойларың

Өсті,міне ойларың.

Қуанышқа ортақпын

Құтты болсын тойларың!

Армандасаң да, қиялдасаңда балалық шағың көз алдыңа келеді. Өйткені, биік асуға беттеген аяулы ғұмыр, ғажайып өмір осынау бал күлкілі балалық шақтан басталады. Міне , бүгін біздің бүлдіршіндер өміріне өшпес із қалдырған әліппемен қоштасқалы отыр. Ендеше қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған , білім нәрімен сусындатқан, өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына, ата- аналарына өз өнерлерін көрсетуге дайын. Олай болса жүргізушілерімізді ортаға шақырайық!

Оқушылар: Армысыздар, құрметті ұстаздар!

Ардақты ата-аналар !

1-жүргізуші: 1 сынып оқушыларының «Әліппеге рахмет !» атты ертеңгілігін бастауға рұқсат етіңіздер !

2-жүргізуші:

Міне, бүгін біз барлық ғылымның атасы, біздің болашағымыздың негізі-Әліппені бітіріп отырмыз.

3-жүргізуші: Бүгін біз шексіз қуаныштымыз, өйткені алғаш хат танып, сауатымызды ашқан біздің жақын досымыз Әліппемен қоштасамыз

Индира: ҚР мемлекеттік гимні. Сөзін жазған. Ж. Нәжімеденов Н. Назарбаев. Әнін жазған Ш. Қалдаяқов

Мұғалім: Іші толы әріпке,

Білімдегі жарық не ?

Оқушылар:

Ол, сүйікті Әліппе !

Мұғалім: Олай болса, бәрімізге ең қымбат «Әліппені» ортаға шақырайық !

Оқушылар:  Әліппе ! Әліппе ! Әліппе !

Арсен: Әліппе:

Армысыздар , жас достар!

Армысыздар, ата –ана !

Болашаққа жол бастар,

Әліппең келді ортаға

Білім деген ғажаптың

Әліппесін меңгерген

Келешегі қазақтың

Басталады сендерден.

Таудай болса талабың,

Айтары көп әріптің.

Қуанышы баланың

Қуанышы ананың

Жақсы білім-көрімдік

Болсын сізге халайық!

Не үйреніп, не білдік

Қане, ортаға салайық !

Ә: - Мен әуелі өздеріңді түгендеп алайын. Дауыстылар қайдасыңдар?

- Дауыссыздар қайдасыңдар?(Осы кезде жіңішкелік белгісі мен айыру белгісі есіктен шығып кетеді)

Әліппе: — Жіңішкелік белгісі мен айыру белгісі жоқ қой?

Балалар: — Олар шығып кетті.

Әліппе : -Шығып кеткені қалай?

Гүлназ- Біз барлық сөздерде жазыла бермейміз деп өкпелеп жүр.

Әліппе: -Асель, сен оларды шақырып келе қойшы.

(Бір бала қолдарынан жетектеп келеді, жіңішкелік пен айыру белгісі формасындағы балалар өкпелегендей, тартқыншақтап кіреді).

Ә: Жіңішкелік белгісі, айыру белгісі, сендердің де өз орындарың бар. Өкпені қойып,өз орындарыңа бара қойыңдар.

Ә.: — Балалар, мені осы уақытқа дейін оқыдыңдар. Менен не үйрендіңдер?

Барлығы : — Дыбысты танытып, буыннан сөз құрауды, сөзден сөйлем құрауды, ана тілімізде дұрыс сөйлеуді үйреттіңіз.

Ә.: - Жарайсыңдар, менің ақылды достарым!

Мұғалім: - Балалар, олай болса, сүйікті Әліппемізді ренжітпей , рахметімізді айтып, өзімізден кейінгі кішкентай бауырларымыз бен қарындастарымызға табыс ету-біздің міндетіміз. Сондықтан біз осы уақытқа дейін алған білімімізді көрсетіп, ән-күймен, өлеңдермен өрнектеп, өнерімізді ортаға салайық.

Әліппе, бүгін кешіміздің ең қадірлі қонағысыз. Сондықтан құрмет тағына жайғасыңыз.

-Балалар, білім алу үшін ең алғаш қайда келеміз ?

Оқушылар: Мектепке келеміз

Мұғалім: Мектеп туралы қандай өлең тақпақтарымыз бар

Альмира:

Мектеп деген білім кені , жыр кені,

Мектеп деген ғылымның ең үлкені.

Мектеп деген тәрбиеші адамға.

Мектеп деген даналардың мекені.

Сырым:

 Мектебім- білім берер алтын ұям.

Ер жетіп сенде сөзім, артты санам.

Баулисын сен үнемі ата- анамдай.

Әрқашан қасиетті атың маған.

Айша:

Армысың сен алтын ұя мектебім,

Саған айтар жыр алғысым көп менің.

Жүректерге жаққан білім шырағын,

Мақтан етем сені мәңгі мектебім.

Дәурен:

Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,

Алтын ұя, ақ босаға киелі.

Қанат қаққан білім алып өзіңнен,

Күллі шәкірт саған басын иеді.

У. Нұрсұлтан.

Мектебім , алтын ұям , нұрың жарық,

Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып.

Сүйкімді сенің күміс қоңырауың,

Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.

Мейрем:

Мектеп – үйім , ұстазым менің – ата- анам,

Сеннен өсіп, сеннен ғана нәр алам.

Саяң ыстық , сен мәуелі бәйтерек.

Тамырланып , сан тарапқа тараған.

Асель: Қане, достарым: Әліппеге арнаған қандай өлеңдерің бар, айтып берейік.

Айдос:

Іші толы әріпке

Мынау әйбәт Әліппе.

Барлық ілім-білімнің

Әжесі осы Әліппе.

Сымбат:

Әліппем, менің Әліппем

Сені қолға алып мен

Есігін аштым мектептің

Ертеңі сәуле жарықпен

 Арай:

Ата-апа атын сен,

Бізге үйреттің Әліппе

Бізге нағыз жақынсың

Сенен білдік әріпті.

Ақниет:

Арта берді кітапқа

Бойымдағы құмарым.

Бірге жүрген қасымда

Кітап болды сыңарым

Альбина:

Әсем ою өрнекпен,

Көмкерілген Әліппем.

Сен болмасаң білімге,

Бастайтын жолды біліп пе ем.

Нұрбек:

Енді жаза білеміз,

Әріпті қосып әріпке.

Риза болып саған жүреміз,

Сүйікті біздің әліппе.

 Сүндет: Ән: Бақытты балалық.Орындайтын біздің сыныптың үздік оқушысы Рисбеков Анарбай

Мұғалім: -Балалар, біз 42 әріпті түгел жаттап алдық. Оқуды , жазуды үйрендік. Әліппемен қоштасу тек біздің ғана мектепте ғана емес, бүгін біздің еліміздің мыңдаған балалары «Әліппе» кітабын бітіргендерін мерекелеуде.

Балалар, Әліппеден өткен әріптер туралы қандай өлеңдер білесіңдер ?

А-әрпі. Асемай

Менің үшін жақсы адам

Артық көрем басқадан,

Апа, ата сөздері

Қайсы әріптен басталған?

Ә-әрпі Ұлжан

 Ата-баба жерінің

Қасиетін мен білдім.

Әжеміз ғой өмірдің

Әліппесін үйреткен

Н-әрпі. Нұрбек

Ас біткеннің анасы

Қасиетті нан осы.

Қайсы әріптен басталған

Соңғы әрпінеде қарашы.

Ғ-әрпі. Дәурен

Ұқсайды өзі шалғыға

Елестет көз алдыңа,

Қане, ойланып табайық

Болды екен бұл қай әріп ?

Р-әрпі. А. Нұрсұлтан

Қырларда құр- деші,

Жайылып жүр- деші.

Ал енді өзің-ақ

Р-р-р-р-деші.

О-әрпі. Балнұр

О-кәдімгі дөңгелек

Кетпесін ол дөңгелеп.

М-әрпі. Молдияр

Мақтанышым ұдайы

Маңғыстаудың мұнайы

Маңғаз біздің ағалар

Сөз сарасын саралар

С-әрпі. Сырым

С- дегенде саналы

Сабырлы бол жан-жақты

Сүйкімді бол саялы

Өзгелерге ардақты

Б-әрпі. У. Нұрсұлтан

Б- дегенде блім

Бізге төгер нұрын

Тәлім берген ұстаз

Сізге берер жырын

Ы-әрпі. Альбина

Кесе, шыны, пияла

Оларсыз шай құя ма?

Қасықсыз тамақ жемейміз

Бәрінің атын не дейміз?

І-әрпі. Сымбат

Ірімшікті жедің ғой

Тәтті екен дедің ғой

Оның аты біз жазған

Қайсы әріптен басталған?

З-әрпі. Тұрар

Қаздан көре аласың

Қағаздан да табасың

Байқамасаң анықтап

Үш екен деп қаласың.

Ү-әрпі. Майра

Үйрек десе-бірінші,

Бүйрек десе-екінші.

Бұл қай әріп екенін

Біреу айтып берсінші.

Г-әрпі. Ж. нұрсұлтан

Егіз десе-екінші,

Сегіз десе-үшінші

Бұл қай әріп екенін

Өзің қарап түсінші.

Ө-әрпі. Арай

Өрікте сөздің басында

Бөрікте б-ның қасында.

Бұл қай әріп көріңдер,

Енді айтып беріңдер.

П-әрпі. Анарбай

Ата-анаңмен барып сен

Пілді көрдің парктен

Осы атаулар зер салшы

Басталған қай әріптен?

Мейрем И әрпі:

И-дегенде ибалы

Үлгіге алғын ибаны

Инабатқа жарасқан

Жүзінде тұр иманы

Т-әрпі Сүндет:

Жарақты жаумен алысқан

 Қылышты жаумен қырқысқан

Ең ежелгі астана —

Қасиетті Түркістан,

Ақниет:

Е-дегенде ертегі

Бізге сырын шертеді.

Еңбек, есті, ерлікті

Үлгі қылып ертеді

Айша:

 О-дегенде орыс

Тілі бізге таныс

Оқып жазып үйрен

Жүрме бізден қалыс

Ф-әрпі.Айдос

Қос бүйірін таянып

Тұратын ол қай әріп.

Сүндет:

Алфавитің «А» тұрады басында ,

Асель:

Әрқашанда «Ә» тұрады қасында

Индира:

Байқайсың ба «Б» тұрады үшінші

Ал, осының сыры неде ?

Альмира

А-деген ол аналар ғой ардақты,

Ә-деген ол әкелер ғой салмақты

Б-деген ол балалар ғой әдемі

Біздің елде үшеуі де кәделі

Хормен:

Алшақ кетпей сондықтан да расында,

Тұрады олар алфавиттің басында.

Ән «Әліппе»

Мұғалім:-Балалар, біз Әліппеден оқу, жаза білуді үйренсек, ал математикадан санауды, есептеуді , сандарды жаза білуді үйрендік. Ендігі сөзді математикаға берейік.

Анарбай:  (Математика)

Мынау менің кітабым,

Аса құрмет тұтамын

Шөліркесем ашып сан

Білім нәрін жұтамын

Біздің келер шамамыз

5-ке 3-ті қосамыз

10-нан 5-ті алып,

Жауабын тез табамыз.

Мұғалім: - Балалар, математикадан осы уақытқа дейін не үйрендіңдер ?

Ендеше сандарды сөйлетіп көрейік.

Балнұр:

Бір дегенім-білім,

Білім-жарық күнің

Нұрбек:

Екі-дегенім-еңбек,

Еңбек бәрін жеңбек.

Дәурен:

Үш дегенім-үміт,

Үмітсіз жоқ жігіт.

Ұлжан

4-дегенім талап,

Талмайтұғын қанат.

Альмира:

5-дегенің бірлік,

Бірліксіз жоқ тірлік.

Ақниет:

6-дегенің арман,

Атар таңың алдан.

Ж. Нұрсұлтан:

7-дегенің жігер,

Жеңер жолын білер.

Тұрар

8-дегенің –сенім,

Сүйенішің сенің.

А Нұрсұлтан :

9-дегенің талғам,

Тура жолға салған.

У. Нұрсұлтан: :

10-дегенің –Отан,

Отанды сүй ботам.

Мұғалім: Балалар, біз сандарды сөйлеттік . Енді қазір мен сендерге есептер айтып математика пәнінен білімдеріңді тексеремін. Ойланып барып, шешіңдер.

1. Оң қолымда 5 алма,

Сол қолымда 5 алма,

Барлығын қосқанда

Болады неше алма ?

2. 5 алманың үшеуін ,

Досың сұрап алады.

Айтшы сонда нешеуі

Өз қолыңда қалады ?

3. Тал басында тізіліп

10 алма тұр еді

Жел соқты да үзіліп

Түсті жерге біреуі

Ізінше оның жұлынып

Түсті тағы бесеуі

Тұр әлі де ілініп

Алманың нешеуі

Мұғалім:-Балалар,біз әлі бағаланбаймыз, бірақ жаңа жылдан кейін сендерге баға қойылады. Қай баға жақсы екенін білу үшін , бағаларды сөйлетіп көрейік.

Альбина:

1 дегенің жаман баға,

Алады оны жаман бала.

Арай:

2 дегенің нашар баға,

Інішегім нашарлама.

Балнұр:

3 дегенің орта баға,

Сапасы оның орта ғана.

У. Нұрсұлтан

4 дегенің жақсы баға ,

Алады оны жақсы бала.

Молдияр:

5 дегенің үздік баға,

Оқитын бол үздік қана.

Мұғалім: -Балалар, ең жаман бағалар қайсы екен ?

-Ендеше бұл бағаларды ортамыздан аластатайық . (уәзірлер алып кетеді)

-Ендеше , ең жақсы бағалар қайсы екен ?

-Әрине ол, 5 пен 4. Ендеше ол бағаларды ортамызға алайық.

Индира:

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға,-деп Абай атамыз айтқандай , 42 әріпті үйретіп, білімге жетелеген алғашқы ұстазымызға алғысымызды айтып, әнімізді арнаймыз.

Ән: Мұғалім ол біздің

Мұғалім: -Балалар, біз математикадан да білімімізді көрсеттік. Енді Әліппемен қоштасатын да кез келді.

Әліппе бізге қаншама нәрсе үйреткен екен.

Біз Әліппенің арқасында жазу жазуға, өз бетімізбен оқуға, сөз, сөйлем құрауға дағдыландық. Ендеше Әліппеге не деуіміз керек ?

Хормен:

Әліппеге рахмет !

Асель

Қош бол, құтты Әліппем,

Көп нәрсені үйреттің.

Таныстырып әріппен

Тақылдатып сөйлеттің.

Әліппе:

Әліппе : Арсен:Балалар, сендер оқуды жақсы игеріпсіздер. Менен көп нәрсе үйренген екенсіңдер. Мен сендерге ризамын. Ал, енді сендерге бата берейін.

Әліппенің бетін жарық ет,

Ұл-қызды түгел білімді ет!

Келесі оқу жылына

Аман-есен түгел жет!

«5» болсын алар бағамыз,

Біліммен бақыт табамыз,

Өнер-білім көп тоқып,

Өсе берсін санамыз.

-Балалар, сендер мені жақсы игеріпсіңдер. Мен сендерге ризамын, сау болыңдар !

Хормен:Қош бол,сүйікті Әліппем!

Майра :

Әліппемен қош айтысып қаламыз,

Енді қолға басқа кітап аламыз.

Ата-ана қуанышқа ортақ бол,

Сауатты боп, шықты міне балаңыз.

Би «Қаражорға»

Мұғалім:-Міне біз белгілі білім еліне саяхат жасап, білімімізді көрсеттік. Әліппені оқу барысында ата-аналардың қосқан үлесі өте мол. Бақытты балалық шағы үшін, ата-аналар сіздерге көп рахмет !

ӘН анашым:

Мұғалім:Келесі би сіздерге арналады, аяулы ата-аналар , қабыл алыңыздар !

Қоштасу вальсі.

Шығыс биі.

Мұғалім: - Балалар, сендер « Әліппені »бітірдіңдер. Ендігі сендердің жаңа достарың Ана тілі оқулығы болады. Сондықтан әліппені қалай меңгерсеңдер, ана тілін солай оқитын болыңдар. Ал енді ана тілін ортаға шақырайық.

Асемай:Ана тілі келеді.

Ана тілі:

Туған елдің тілімін,

Ақылы мен танымын.

Түсіндірер бәріне

Ана тілі пәнімін.

Ана тілім-ұраным

Ана тілім-құралым.

Ана тілім болмаса

Мықты болмас тұрағым.

Хормен: Әліппемен қоштастық,

Ана тілмен достастық.

Біз 1 сынып оқушылары

-Нені үйрендік ?

1. Арсен -Оқуды

2-Альбина Жазуды

3-Балнұр:есеп шығаруды

4-Ү.Нұрсұлтан:: ән айтуды

5-Альмира: би билеуді

6-Сымбат: үлкенді сыйлауды

7-Ұлжан: кішіге қамқор болуды

8-Айша: :елімізге жақсылық жасауды

Біз нені ажырата білеміз ?

9-Ж.Нұрсұлтан: жақсылық пен жамандықты

10АНұрсұлтан: ақ пен қараны

11-Сырым: арамдық пен адалдықты

Біз нені сүйеміз ?

12-Дәурен: Отанды

13-Арай: ата-ананы

14-Молдияр : халқымызды

15-Нұрбек :достарымызды

16-Мейрем :ұстазымызды

17Айдос: мектебімізді

Біз кім боламыз ?

18Тұрар: адал азамат,

19Альмира: ақылды ару

20-Анарбай: оқымысты ғалым

Ақниет: Және Тәуелсіздіктің туын биік ұстайтын

Хормен : елін сүйген ер «боламыз»

Сүндет :Жаса менің Отаным-Қазақстан.

Асель:Мен өзіңді өте жақсы көремін!

Индира :Мен сенімен мақтанамын!

Ән:

1.Ойын: «жеміс жина» екі ойыншыға көк және қызыл себет беріледі, әрқайсысы өзінің себетіне байланысты дауысты, дауыссыз дыбыстарды жинайды.

2. « Үш тілде қатар сөйлейміз » ойыны.

Қазақша берілген сөздердің орысша, ағылшынша аудармасын жасау.

3. Мақал-мәтел сайысы.

4. Жұмбақ шешу

Бәрі де киіз үйдің ішінде:

Балшықтан істелген ыдысым не? (құмыра)

Күбіге құйып піскенім не? (қымыз)

Ұйытып қойып ішкенім не? (айран)

Табаға салып жапқаным не? (нан)

Қолыма иіріп атқаным не? (асық)

Текшелеп төрге жиғаным не? (көрпе-жастық)

Жусаннан жасап буғаным не? (сыпырғыш)

Тепкілеп жүннен басқаным не? (текемет)

Құлағын бұрап тартқаным не? (домбыра)

Сәукелеге таққаным не? (үкі)

Айша

Ширап іс пен сөзіміз,

Өсті осылай ойымыз.

Білімізді сараптап,

Өнерімізді көрдіңіз.

Әліппені аяқтап,

Қоштасармыз енді біз.

Балнұр

Біз Әліппемен қоштасамыз,

Жолына гүлмен қоса жыр шашамыз.

Білімнің бұлағына сусындауға,

Көптеген кітаптармен достасамыз.

Патша:

-Мынандай , білімді, өнерлі, тәрбиелі, тату, ұжымы жарасқан, елін, жерін сүйетін, Тәуелсіздік туын биік ұстап өсіп келе жатқан оқушылары бар мектепті ешқандай дау ала алмайтынына бүгін менің көзім әбден жетті. Ендеше, осы білім ордасында ұлттық рухты, дарынды балалар көбейе берсін деп тілеймін .

Асемай: Ана тілі

-Білім патшасының сөзіне мен де қосыламын.Біз сендерден үлкен үміт күтеміз.

Мұғалім:

Қымбатты балалар ! Мектептегі алғашқы жеткен жетістіктеріңмен құттықтаймын. Әліппе сендерді тек әріптермен таныстырып қойған жоқ, сендерді бір-біріңмен достыққа , мектеп ережелерін орындайтын тәртіпті оқушы болуға да үйретті. Білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Арманмен алыстарға аттанарда

Жас оралар іркіліп жанарларға

Жүрекке жылы сөзбен тілек айтар

Сөз берейік әкелер мен аналарға

Мектеп басшылары мен ата-аналарға сөз беріледі

 


Пікірлер (2)

azjadon1984

өте жақсы

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз