Болмай-ақ табиғаттың еш апаты – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Болмай-ақ табиғаттың еш апаты» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 01.05.2019
  • 0
  • 0
  • 3386
Болмай-ақ табиғаттың еш апаты,
Тиеді біреулердің кесапаты.
Бітпейді бұл тірліктің мұң-мұқтажы,
Бітпейді бұл тірліктің машақаты.
Мазалап түздегі де,
Үйдегі де,
Шырқырап,
Жаның талай күймеді ме?!
Бітпейді бұл тірліктің кем-кетігі,
Бітпейді бұл тірліктің күйбеңі де.
Сенгенмен туысыңа,
Тектесіңе,
Кім кепіл оның сатып кетпесіне?!
Бітпейді бұл адамның арманы да,
Бітпейді бұл адамның өкпесі де!
Күтесің қызығыңды,
Күт!—дегесін.
Қайтесің оныңды ертең үптегесін?!
Тек ғұмыр тез өтеді,
Тез бітеді,
Бәрі де бітпесе ғой бітпегесін!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері