Өлең, жыр, ақындар

Адасқан өзенмен әңгіме

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 17.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1547
(үзінді)

Көп ойлап тағдырыңды келем Әму,
Сол ойым түбіңнен де терең Әму.
Берді Кербабаев.

Сағына кеп қарасам,
Сел атасың бұрқанып.
Асау күшпен орасан,
Қайда қаштың бұлтарып?
Білем, басың қалың мұз
Бұлт бүркеген Памирдан!
Шайқап сені алып құз,
Толқыныңды тау ұрған.
Сені ақтарып асқардан,
Құйды құмға долы күш.
Бола қалдың тас-талқан...
Таудан тауып соғылыс,
Жерді жарып жөнелдің,
Селің орғып аулаққа.
Таппай жердің тереңін,
Жаутандадың жан-жаққа.
Сонда саған қойынын
Сұлу Каспий кең ашқан.
Аптығып сел құйының,
Толқынымен жымдасқан...
Кенет бір кез кесірмен,
Құмды қуып күркіреп.
Көк теңіздің төсінен,
Кеттің қырға тентіреп.
Қалды Каспий күрсініп,
Түйіліп жар қабағы.
Қалды өзегің қушиып,
Құр құлазып алабы.
Нәрсіз қурап қырың да,
Құлазыды Узбойың
Еміренген суыңа,
Ел-жұртыңның бұзды ойын.
Сен қалдырған Қарақұм
Ғасырларға мұң салды.
Жайлаған жұрт алабын,
Тілін жалап тамсанды...
Ал сен болсаң, бетіңше,
Бұрқ-сарқ етіп тынбадың.
Ерініңе құм тисе,
Құтырына туладың.
Талай қала, қорғанды,
Бұлқан-талқан қиратып,
Салдың жойқын ойранды,
Тас-телегей тулатып.
Енді, өзенім, құбылма!
Қаша берме бүлікпен.
Құмар сенің нұрыңа
Қарақалпақ, түрікмен.
Толқыныңды тербетіп,
Самсады, әне кемелер.
Шалқыт соны өрлетіп,
Енді ырқына көне бер.
Қалап сенің жағаңа,
Граниттен алқаны —
Егіндікке, далаға,
Толқыныңды тартады.
Саған ғашық Қарақұм,
Жасарады, көр өзін.
Миуа басып алабын,
Жайқалады Хорезм.
Сені құмнан айырып,
Біз бөлейміз бетонға.
Қырға суың жайылып,
Нұр себеді Отанға...
Өзен түгіл, бұрдық біз
Ғасырларды адасқан.
Екпініміз мұхиттай,
Мәңгілікпен ұласқан...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Адасқан өзенмен әңгіме өлеңінің авторы кім?

Қалижан Бекхожин — осы өлеңнің авторы.

Адасқан өзенмен әңгіме өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Адасқан өзенмен әңгіме өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Қалижан Бекхожин өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Адасқан өзенмен әңгіме өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері