Архитектор мен тарихшы
Басталды да соққан дауыл әлгіде,
Бір төбеде өршіп кетті әңгіме.
Шарлап келіп шөл даланың өрлерін,
Барлағыштар айтып жатыр көргенін.
Сарадырдың топырағы тамаша,
Кірпішінен сарай салып қаласа!
Өзгертуге құмның құйын ойнағын,
Әркім солай айтып жатыр ойларын.
Тұрды кенет тарихшы бір маңызды,
Құрметтейтін ертегіні, аңызды.
Хорезмның сарайлары, қорғаны,
Жыр боп оған, әңгімесін толғады:
«Үргеніштің ордаларын көріп ем,
Талай шебер өткен екен өмірден,
Көзің тоймас қарасаң да мың рет —
Үргеніште бар ғажайып минарет,
Тұр шағылтып жалтыр тасы күн көзін,
Көрсең анау Шайхы-Шараф күмбезін.
Төккен екен аямай-ақ өнерді,
Үлкен сарай дуалдары мәнерлі.
Мұнарасы күйдік жерден қарайған,
Пирамида секілді бір қаланған.
Нақышталған, қыштары да сан қырлы,
Бояуы да мені қайран қалдырды.
Көне — Үргеніш сарайларын қалып таң
Көрді көзім, білуші едім тарихтан.
Мұрасы ғой замандардың талайы,
Салайықшы солардай ғып сарайды.
Демекпін мен үлгі болсын бұл-дағы
Салынатын қалаларға құмдағы».
Архитектор, жүзі қоңыр жас жігіт,
Тарихшыға сөйлеп кетті қасқиып:
— Тарихшым-ау, осынша тан, қаласың
Көріп көне Шайхы-Шараф моласын.
Ол жұрнақ қой қалған жұрдай заманнан
Құр сорайған қалың құмнан, тозаңнан.
Жапан дүзде жалғыз біткен жартастай,
Қу күмбез тұр босағасын жан баспай.
Көне дүние келбетіндей сүреңсіз,
Қирап, құлап, сол бір орда тұр өңсіз.
Қызығы емес, сәулеті емес халықтың, —
Ол бұлдыры, ертегісі тарихтың.
Көрші барып шөлдің анау қаласын,
Түрлендірген жаңа өзеннің жағасын.
Жан көрмеген салтанаты бар анық,
Жатыр әне қат-қат сарай қаланып,
Жалғыз емен, қалың құздай топтала,
Шел далаға орнап жатыр көп қала.
Бар ма сенің сірә де бір көргенің,—
Жаға салған сарайлардың өрнегін?
Көрдің бе сен, Москваның зәулімін?
Шатырына қанаттарын жайды күн,
Төбелері асқақтаған аспанға,
Теңелгендей заңғар биік асқарға.
Отыз бес қат! Берік бәрі қамалдан,
Ірге тасы мрамордан қаланған,
Шар болаттан дуалдары өріліп,
Бағандары қия тастай — бәрі нық.
Сол сарайлар секілді бір құзар тас,
Ешбір дауыл оны мәңгі бұза алмас!
Нақыштары сұлу сырмен жалтылдап,
Қойғандай бір қабырғасын алтындап.
Төбесі де құз басындай биік шың,
Мақтанамын зәулімдігін сүйіп шын:
Басы айналып құлар еді шынында,
Шайхы-Шараф шықса сарай шыңына.
Қаңқаланған қызықпа, дос, көнеге,
«Шайхы-Шараф» болмас бізге өнеге.
Сауаты асқан сарайлары нұрлы кең,
Самсатамыз салып жаңа үлгімен.
Өйткені біз сол сарайға иеміз,
Бақыттымыз — салтанатты сүйеміз.
Орнап қала, елсіз құмда жаңғырып,
Сарайымыз жасар біздің мәңгілік!..
* * *
Сәулетшінің сөзі сырлы, ашық, шын, —
Ұялды да, үн қатпады тарихшым.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі