Механик Мақмет

Бұл бетте «Механик Мақмет» атты Қалижан Бекхожин жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 17.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1699
(Павлодар облысы Цюрупа ауданындағы «30 жылдық Қазақстан» колхозының механигі Мақмет Бековке арналды.)

Түгінен дән төгілген Маралдыға,
Дүбірлеп мотор күйі таралды да,
Оятты қозғап күллі машинаны,
Оятты күллімізді таң алдында.
Дабылдың тұтқасын бұл кім бұраған?
Мотордай лыпылдаған бұл бір адам.
Көресің елден ерте Мақметті,
Үш аяқ машинамен зымыраған.
Жүйткісе көрсетпейді қарасын да,
Ол таныс әр белеске, әр асуға.
Жүруге асығады күйін тыңдап,
Трактор, комбайнның арасында.
Ауруды таныр доктор тынысынан,
Бар болса тетіктері тілі сынған.
Алыстан Мақмет те айырады,
Ентіккен моторлардың дыбысынан.
Дәті жоқ жүрдектерін шегеруге,
Заводтың ұқсар өзі шеберіне.
Қуырып электрмен бөлшектерді,
Бүлінсе, қиыстырып береді де.
Жанар май бетін басып айғыздалған,
Көресің оны көлге жалғыз барған.
Сүңгіп кеп тереңіне керіледі,
Жағада жұпар жұтып жалбыздардан.
Дән атса машиналар қырындағы,
Көңілі келсе қайта бұрылады.
Суынан өзі сүзген балықтарын,
Кеш болса достарына қуырады.
Масайрап кіріседі әңгімеге,
Айтпасын мақтанышын әркім неге?
Айтады атой беріп темір атпен,
Соғыста барғандығын Берлинге де.
«Бір кезде мынау жатқан құндыз белге,
Моторын дүрілдеткен жалғыз мен бе.
Қалтырап қолым талай қорқып едім,
Алғашқы тракторды жүргізгенде.
Бүлінсе болдым әуре түзеймін деп,
Несіне өткенді сол тізейін кеп.
Сондағы сынықтарды қойдым сақтап,
Мамандық тарихымның музейі деп.
Өттім ғой өрт ішінде қайта сыннан,
Шыққандай жарық алып жай тасынан.
Үйрендім тетіктердің сиқырларын,
От шашқан шойындардың шайқасынан.
Соны айтып айыршамен шортанды іліп,
— Аса! —деп, күлімдейді арқамды ұрып.
Қарайды машиналар жортқан қырға,
Өзі де даласындай дарқан жігіт.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Механик Мақмет өлеңінің авторы кім?

Қалижан Бекхожин — осы өлеңнің авторы.

Механик Мақмет өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Механик Мақмет өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Қалижан Бекхожин өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Механик Мақмет өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері