Жандар көп жаны сұлу Қалқұттыда – Қалижан Бекхожин

Бұл бетте «Жандар көп жаны сұлу Қалқұттыда» атты Қалижан Бекхожин жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 17.05.2019
  • 0
  • 0
  • 2121
Етегін кербез таудың басқанымда,
Қарадым сәукеледей асқарына.
Алтайдың арулығын көру үшін,
Ұшар ем қыран болсам аспаныңа.
Ақынға жер мен көктің бәрі сырлас,
Шыңына шықтым міне, жайып құлаш.
Ат қойды алдымыздан әнді шырқап,
Малшы жұрт жырымызбен жаны құрдас.
Кәрісі жасарғандай түлеп күнде,
Жасының жайнағандай гүл бетінде.
Жыр сүйген, бақташылар той жасады
Біздерге, ақындардың құрметіне.
Білдім мен бұлақ жырдың басы мұнда.
Бұл елдің жыр екен ғой шашуы да.
Теңселген шығар тегі таудың өзі,
Мың малшы әндеткенде асуында.
Ұмыттың Алматының алыстығын,
Табылды бізге қанша таныс бүгін.
Аймалап әкеміздей үлкендері,
Ұсынды ұландары галстүгін.
Қыранды көрдім шыңның төбесінен,
Кете ме ардагері ел есінен.
Қарадым толғануға «Сәбит шыңға»
Өзіме енші болған белесімнен.
Білмеймін, жер құтты ма, тау құтты ма!
Құтты жер жырымды да шалқытты ма!
Соларды қалқытайын жыр көгінде,
Жандар көп жаны сұлу Қалқұттыда.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері