Өлең, жыр, ақындар

Кавказ сыры

  • 21.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1274
(Саяхат)
I
Жастықтың жүйрік ойы судай тасып,
Кеткендей кейде шалқып шыңнан асып.
Жасымнан құмар едім серуенге,
Көруге соны жерді.сырлар ашып.
Серпіліп сұлу жазда сергідім мен,
Айдын көл, асқар - асқар таудан асып.
Өсем ғой Отанымның кең байтағы,
Құлпырған ұрпағына нұрын шашып.

II
Гүл іздеп, күлім қағып көктем айда,
Бардым мен жыр қайнары Бурабайға.
Саялап көк күмбездей Көкшетауды
Көлбедім көлеңкелі қарағайда.
Ертістің толқынымен сүңгіп ойнап,
Гүл тердім балаусалы балғын сайда.
Сайраншыл бала көңілім ауды енді,
Кавказға, құзар басын созған айға.

III
Ежелден даңқы шыққан Кавказ жері,
Өр кеуде жердің биік асқар белі.
Дейтұғын: асқар таулы, асау көлді,
Ытқытқан кеудесінен майды кені.
Ер жүрек от екпінді, ер намысты,
Жауынгер батыр дейтін қайсар елі.
Осындай айбынды аты, зор лақабы
Көруге қызықтырып тартты мені.

IV
Сонда мен самал тауды сайрандадым,
Көрдім кеп ұлы құздың қайнарларын.
Жұттым да шешек атқан гүл жұпарын,
Кавказдың жігітінде жайраңдадым.
Жапқандай жасыл шапан аймалады,
Шыңына, бәйтеректер жайған жалын.

V
Сарқырап таудан құлап тасып өзен,
Сыпырып шөккен тасты ап жөнеген;
Күлімдеп оң жағынан күн жарқ етсе,
Нажағай батысынан күркіреген.
Қазбектің қақ басынан қар бораса,
Баурында балауса гүл үлбіреген.

VI
Саңғырап тау, тас, орман, шыңырау сай,
Саңқылдап аққу мен қаз, шырқап торғай.
Сылдырап сиқырлы су сылан қағып,
Күн күліп, жымыңдасқан жұлдыз бен ай.
Ән шырқап шер кес қызы тау жаңғыртып,
Сайрайды бейне бақта сандуғаштай.
Билеген грузиннің жас жігіті
Жарқылдап ақ қанжары түндегі оттай.

VII
Сергіді тау сырымен сонда жаным,
Көру бір көптен бергі аңсағаным.
Ежелден аты шыққан алып құздың
Естіп ем өткендегі арман, зарын.
Сыр шертті кәрі Кавказ қария ғой,
Күмбездер, көне тастар көрген бәрін.
Түбінен тұңғиықтың сыр толғады,
Осы жыр естігенім, аңғарғаным.

БІРІНШІ ЖЫР
I
Сан заман, мен жасаған — ақсақал шал.
Денем — тас, түгім — ағаш, киімім —қар.
Дем алсам жалын шығып, мұнай атқан,
Ішімде асыл буым — қазынам бар.
Денеме қаптап өскен қалың орман,
Ішінде өрік, мейіз көп алмалар.
Бауырымда — сарқыраған күміс бұлақ,
Сыртымда — Қара теңіз, Каспий шалқар.
Адамнан жасым артық, айбыным зор,
Айтайын ал сырымды құлағың сал.

II
Атақты мен айбынды болсам да жер,
Сан заман қапа болып тартқанмын шер.
Дерт шалып көкірегімді көксау болып,
Қысылып тас денемнен жосыған тер.
Қара бұлт қаптап басып, басымды езіп
Бусанып, буырқанып ағызғам сел.
Боратып алай-түлей тас боранды,
Ашу мен бұлқынғанда шойырылған бел.

III
Ертеде Қап тауы деп мені атаған,
Жын-пері үймелеген деген оған:
«Адамзат аяқ басқан зымиян жер,
Астында дозағы бар тағы орнаған.
Мертіккен жүгірген аң жол таба алмай,
Ұшқан құс құлаш ұрса жете алмаған.
Жалғыз-ақ самұрық құс саңқ-саңқ етіп,
Басынан Эльбрустың кете алмаған;
Ысқырып айдаһарлар аузын ашып,
Баласын самұрықтың жеп жалмаған».

IV
Дейтұғын: жалпы әлемді түнек басқан,
Тұтылып күн көрінбей, түн боп аспан,
Қап-қара, меңіреу түнде әлем шулап,
Сенделіп сең соққандай бәрі адасқан.
Күн көрмей қапастағы адам ұлы,
Көруге жарықты бір жанталасқан.

V
Дейтұғын: кәрі Зевс қаһар сапты,
Адамға жарық бермей тартып апты.
От алса айласы асып кетеді деп,
Жеті қат көк үстіне күнді жапты.
Сол кезде Прометей адамды аяп,
Ыза мен дауылдатып күнге шапты.

VI
«От алып ол аспаннан жерге түсті,
Жарқылдап нажағайдан оттар ұшты.
Жайраңдап жан-жануар қарық болып,
Жарқырап күлімдеді жердің үсті.
Бірақ та қатал Зевс көріп мұны:
«Кім берді отымды» деп ашу қысты.
Адамшыл Прометейді тауып алып,
Қатымыр қаһарланып салды күшті.
Кавказдың астына әкеп бекіткенде,
Күзетші шұбар жылан басты тісті...»

VII
Осылай өткен еді талай заман,
Паналап бір кезде өсті баурында адам,
Тығылып үңгір, сайға топ-топ болып,
Меңіреу тар қуысты қоныстаған.
Күн шықса аласұрып сайды кезіп,
У-шу боп ұран салған азан-қазан.

VIII
Баурында ер грузин өршіп өсіп,
Топырлап сай-саламда жүрген көшіп,
Алайда көп ұзамай сарай салып,
Тілімдеп атырабымды алған кесіп.
Ыдырап ынтымағы көз алартып,
Бірі—бек, бірі—құл боп тұрды егесіп.

IX
Көгеріп анау тұрған Дарьял сай,
Қоршаған бетегесін көк қарағай.
Басында көкше бұлт мұнарланып,
Астынан долы Терек аққан тулай.
Үстіне биік шыңның көз жіберсең,
Көрінеді қарауытқан жалғыз сарай.
Қаһармен, сиқырымен сәулет құрып,
Тамара — сайқал ханым тұрған солай...

X
«Тамара періштедей сұлу бопты,
Сайтандай бірақ жанның сұмы бопты».
Зарлатып, елді тонап, еткен ісі
Сарайда сайран етіп түру бопты.
Сүйкімді бозбаланы түнде әкеліп,
Мәз-мейрам ойын-сауық құру бопты.

XI
Руставели жырымен тебіренді...
Патшадан момын жұрты зәбір көрді.
Түн сайын бір жігітті таңдап алып,
Тамар атаң атқанша мейірленді.
Нәпсіге аран ашқан әп - жыландай,
Жігітке түні бойы жанын берді.

XII
Сәріде сол боздақты құлатыпты,
Қағып ап даяшысы суға атыпты.
Күн сайын күлім қағып Тамара хан,
Жүрегін нәпсісіне улатыпты...
Сарайдың сырын біліп асау Терек,
Долданып күміс суын шулатыпты.
Лақтыр, деп қайта сыртқа жас жігітті,
Толқынды толқын теуіп тулатыпты.

ЕКІНШІ ЖЫР
I
Бір кезде аласапыран заман болды,
Қиқулап жау қамады, оңды-солды.
Атой сап жан-жағымнан қамап алып,
Қызығып байлығыма сұқты қолды.
Кавказдың көне тасын қақыратып,
Сайлары өзендей боп қанға толды.

II
Төсіме күн түскендей жарқылдап от,
Ұшатын зеңбіректен аспанға шоқ.
Тілімдеп, тас бетіме әжім салып,
Шұқырлап тескен менің денемді оқ.
Ескендір Зұлқарнайын таптап өтті,
Басынан Эльбрустың шұбатып топ.

III
Көп заман елім жеке тұрып бақты,
Кавказға қасақана жуытпапты.
Қаһарлы Қазыбекпен қасқидым мен,
Соққанда терістіктен суық қатты.
Россия падишасы қадап көзін,
Шырағын шыңдарымда жарқыратты.

IV
Айбынды ел құдіреті таудан күшті,
Жұртыммен кескілеспей тіл табысты.
Бауырымда орыс ұлы өлеңдетіп,
Тауымның жаңғырығы үдей түсті.
Шоқыда шоқшиған көп кәрі қыран,
Ашылған аспанымда самғап ұшты.

ҮШІНШІ ЖЫР
I
Бір кезде бауырыма келді бір жан,
Тарығып, түсі қашып, тұнжыраған.
Серпінді, екпіні мол, даусы сақ-сақ,
Көзінен жалт-жұлт етіп от жайнаған.
Тартқандай менен бір сыр терең ойлап,
Тесіліп біраз қарап тұрды маған.

II
Иіліп сонда маған сәлем берді,
Іркіліп мөлдір көзге жасы келді.
Есіркеп тас денемді құшып-сүйіп,
Нәзік үн, тәтті жыр мен күңіренді,
Тау ұйықтап, орман қалғып ойға кетті...
Теңселтті тұман басқан қара жерді.
Тулағам асау Терек шуын қойып,
Бөленіп күй сазына сәл тербелді.

III
Алған ба әлде менен қайғылы сыр,
Несіне күңгірт тауда күңіреніп жүр?
Жұмсақ жан, жүдеу тартып жабырқаған,
Әйтеуір қасіреті бар көңілінде бір.
Балқиды денем жібіп, бойым жадырап,
Назданып, нәзік толғап, шырқаса жыр.

IV
Ол шықты баяу басып тау басына,
Отырды қиюланған жартасыма.
Тұңғиық түбі терең ойға кетіп,
Көз салды жаны сүйген сырласына.
Шырқады жанның жырын күйге бөлеп,
Ағытты ішкі сырын мұңдасына.

V
«Уа, қария, құлағын сал мен бір ақын,
Көркіңді көрейін деп келдім жақын;
Елімнен шерге батып шетке шықтым,
Құшаққа ал, саған келдім — Пушкин атым.
Табиғат! Еркіндіктің ұлы анасы —
Руссо мен Байрон сені жыр қылатын.
Қамыққан көңілімді ашам десем,
Сен неге тұман басып, тұнжырадың?

VI
«Адырын Грузияның түнек басқан,
Араға шу-шу етіп неге сасқан?
Ішімде дертім қалың — айқын да еді,
Алам ба сенен қайғы, тағы ұласқан,
Бірақ та менің шерім қозғалмайды,
Жүрегім махаббатпен мауқын басқан!
Мейлі мен шер көрейін, көр көрейін,—
Махаббат көңілімді мәңгі басқан!
Сен күңірен, мен жырлайын жан балқытып
Айығып кетер мүмкін қаралы аспан.

VII
«Қара бұлт қатар-қатар тізіліп түр,
Көрінер күңгірт сағым бұлдыр-бұлдыр.
Бауырыңнан водопадтар шапшып атып,
Сарқырап саулай ағып жатыр күр-күр.
Саңқылдап бүркіт ұшып түлкі қуып,
Бақтағы қой-ешкіні үркітіп жүр.

VIII
Қара үңгір, тар қуыста жүр салт атты,
Бишара зәресі ұшқан, қорқып қатты.
Толқындап асау Терек аңша атып,
Жартасты домалатып Каспийге атты.
Сен неге үндемейсің қария тау
Зұлымдар сорлыларды аңыратты?!»

IX
Сонда мен өр ақынды құшып сүйгем,
Жырына тебіреніп, сүтімді игем.
Толғанып тас жүрегім жырға балқып
Шертілді сыр-сипатым шерлі күймем.
Парнастай маған асқақ даңқ беріп
Іздері тұр жарқырап тасқа тиген.

ТӨРТІНШІ ЖЫР
I
Көп мезгіл осылайша өтіп жатты:
Күн сайын көкейіме қайғы батты.
Кеудеме кеулеп еніп аждаһалар,
Төсіме тұмсығы кеп тиді қатты,
Бұрғы сап бүйіріме от жіберіп,
У түтін жүрегімді жалындатты.
Емшегін Бақ уымның гүр-гүр сауып,
Денемнен қара терді бұрқыратты.

II
Жалынның ұшқындаған уы тиіп,
Табиғат бауырымда тартты күйік.
Ел жылап еңіреді еңбек үшін,
Елжіреп тұла бойым қызып, күйіп.
Мұңайып мақлұқтар мең-зең болып,
Секірді сасқалақтап сорлы киік.

III
Аспанның түсі суып тұнжырады,
Мұңайып түнек басып, түн жылады;
Оралып түн сырына толқынды өзен,
Ақырын сықси ән сап, сылдырады.
Қуарып қызғалдақтың гүлі солып,
Бұлақ та қасына оның бір жуымады.

IV
Сай-салам ішін тартып уһіледі,
Азаптың күйін шертіп жел гуледі.
Бәрінің шерге батып күйзелгенін,
Қиналып еңбекші адам қайғы жеді.
Ушықты күннен-күнге ежелгі егес,—
Топ болып мыңдаған жан құрды кеңес.

V
Даусынан қалың елдің күңірендім,
Тебіреніп, жерді оятып, дыбыс бердім.
Тасытып бауырымнан фонтан атып,
Аспанға бұрқыраттым шаңын жердің.
Сілкініп Эльбрусым бұрқ-сарқ етіп,
Қазыбегім дауылдатты гуіл желдің.
Долданып тағы Терек айғай салып,
Көтерді күшті шуын қалың елдің!

VI
Толқындап Қара теңіз тауды ұрып,
Оятты Бақ уымды жаңғырықтырып;
Топталып Тбилисиден қалың қайрат,
Қозғалды құрыш болат штаб құрып.
Аттанып сай-саламнан айбынды күш,
Аспанға екпіні ұшты бұрқ-бұрқ.
Даурығып алабымнан дабыл шығып,
Екі жау бір-біріне салды құрық.

VII
Алысып, арпалысып жүрді айқасып,
Ашынып ашу шығып судай тасып,
Саңқылдап Дауылпазым толқынды айдап,
Түйілді қара жарға тауды басып.
Ал сонда толқынына толқын қосып,
Зор дауыс Қазбекті шықты жарып.
«Соқ! Сок!»—деп Дауылпазға бұйрық берді,
Лап қойды қалың халық ұрандасып!!!

VIII
Елімнің жауымен жұрт майдандасты.
От екпін, өр қайраты күшке басты,
Шалықтап қыран құстай қанат қағып,
Қажымай қас жауымен қарсыласты.
Зуылдап зеңбіректен шыққан оты,
Жарқылдап нажағайдай бұлттан асты.
Қазбектен қайраттанып толғағанда,
Сібірден Колчак кейін жытып қашты.
Ресейге дабыл қағып жөнелгенде,
Берлинде капиталдар қорқып састы!

IX
Шыңымнан шамырқанды қандай ерлер,—
Батырлар, большевиктер, кемеңгерлер.
Талқан ғып бай - патшаның торын бұзын,
Ежелгі құрсауынан құтылады ел.
Айығып үстіме аспан нұрын құйды,
Көк майса, кек орай боп түрленді жер.
Құлпырып масатыдай қызғалдақтар,
Менің де сүр тасымнан тарқады шер.

БЕСІНШІ ЖЫР
I
Тарқаған осылайша көңіл мұңым,
Ежелден тілек қылған өмір мұным.
Бауырымда шаттық тұрмыс өршіп тасып,
Шалқыған нұрлы аспанға биік шыңым!
Босанып Прометей енді астымнан,
Зевстің мәңгі алғамыз тартып күнін.
Пушкинді шаттық жырға бөлеп қойдық.
Естисің тербеткенде тәтті үнін!

II
Салынды сай-салама тастан сарай,
Орнықты ешбір жауға бұлжымас,
Жанынан сылдыр қағып бұлақ атқан,
Жылтырап күміс суы гауһар тастай;
Сайраған сандуғаштар нулы орманда,
Кеудеме нұр орнаған жылжымастай!

III
Елімнің бақ дәулеті асып күн-түн,
Қайнаған қызып еңбек дүркін-дүркін;
Бақ уым бойы балқып емшегі иіп;
Мұнайдан фонтан атқан емін-еркін;
Каспий мен Қара теңіз құшақ ұрып,
Ұлы істің екпініне қосып тұр үн.

IV
Балқиды осы күйге бойым менің,
Жіберген қатқан денем, шыққан демім.
Жасарып қайта жасап тарихын,
Өмірдің жаңа таптым жақсы кенін.
Өршідім қат-қат болып мен аспанға,
Өте алмас сырттан боран — берік шебім.
Одақтың Оңтүстікте қорғанымын,—
Бастырма қарсы жауға елдің шебін!

V
Көгерген көк күмбездей кербез тауым,
Алқаға толы қазір омырауым.
Кеудемде әшекейлі айшық бұлт,
Бәйшешек балбыраған — шыңырауым.
Сыңсыған аққу мен қаз сиқырлармен,
Мәз болған тау сырына — қалың қауым.
Күн күліп, ай сәулесін төгілдірді,
Көрмейсің енді елімнің тұнжырауын!

VI
Толқытып төктім саған тарихтан сыр,
Осылай жөнге түскен біздің өмір.
Сыйымды алғыс айтып ал да қабыл,
Әйгілеп атағымды шырқа бір!
Қайғысын миллион жылдың енді жушы,
Тамызып көмейіңнен көңілді жыр.
Саңқылдап сандуғаштай сайра - дағы,—
Бағынға шат өмірдің гүлдей құлпыр!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Есілге

  • 0
  • 0

Көкше мұзды суық сұр
Құрсап қатқан Есілге,
Мұңмен қарап сұлу тұр,
Кім түсті екен есіне?

Толық

Арнау

  • 0
  • 2

Осы бір тебіренген арнау жырда
Толғанды тұнық жатқан арманым да.
Боз інген айрылғанда ботасынан,
Күйші де күңіреніп қалмады ма?

Толық

Томаға киген тау бүркіт

  • 0
  • 0

Томаға киген тау бүркіт
Қадайды көзін құздарға.
Сонда бір шыңды жаңғыртып
Саңқылдап ұшқан мұз-қарда.

Толық

Қарап көріңіз