Өлең, жыр, ақындар

Орман қызы

  • 21.05.2019
  • 0
  • 0
  • 2906
БІРІНШІ БӨЛІМ
Оңаша үйде жатқан шақтарымда,
Алаңсыз тәтті ұйқыға батқанымда,
Ғажаби, сыры қызық түстер еніп,
Қиялдың ағысымен аққанымда,
Біл елес бұзып кетті сол ұйқымды,
Келгендей құлағыма ән сиқырлы!
Аймала жас сұлуды, наз өлеңім,
Жырымда жадырасын жан сүйкімді.
Орансын жыр гүліне сәуле жарым,
Жырлаймын жас ұрпақтың сұлуларын.
Әлпештеп әлди әннің бебеуімен
Көтерем көкке құстай қыз құмарын.
Аспанға кетсін шалқып күйдің үні,
Оятар бейбіт жатқан ұйқылы.
Еркесі ой - сезімнің ән менен күй,
Қыздың да жүрегіне тиер жылы.
Сазына балқығанда сол сұлу жан,
Разы ғой жүрегім де сый қалаған.
Қол ұрып, қошеметтеп жастық қауым,
Әкеліп сыйлық гүлді сыйлар маған.
Қанат қақ, ал қиялым, үдере бер,
Шаттықтың жерде жүрген үндерін тер.
Желпінтсем таң желімен орман гүлін,
Сыйлығын құрбыларым өзі әкелер...
Жібектей жасыл таудың көгал маңы,
Жайқалған жеміс ағаш — көк орманы.
Көгінде ән шырқаған ерке құстар,
Қыздардай сыңқылдаған алаңдағы,
Мәуелі таудың ойпаң етегінде,
Шеткері тұрған бөлек мекенінде,
Гүліңдей сол орманның өсті бір қыз,
Ер жетті ұқсап таудың бөктеріне.
Әкесі осы қыздың — шал бағбан,
Күйші еді балы тамған бармағынан.
Бір кезде қолындағы домбыраның
Шегінен шерлі күйлер зар қағылған.
Ежелден еткен мекен тау бауырын,
Ертеде кеткен тастап ез ауылын.
Қайғыда өткен еді жас күндері,
Көп көріп көне заман жел - дауылын.
Күмістей ағарғанда сақал-шашы,
Моншақтап домалаған шалдың жасы.
Кеудеден күңіреніп шыққан үнге,
Күй қосқан қолындағы домбырасы.
Домбыра серігі де, жолдасы да,
Сол қызы — жалғыз ғана жан қасында.
Ағаштың қорек етіп жемістерін,
Ілескен замананың арбасына.
Осылай сол кездегі өтті күндер,
Жарқырап күн туды да, өсті гүлдер.
Гүліңдей сол бір бақтың өстік біз де,
Жырлайын қуанышты, хош күліңдер.
Ерке өскен бұл заманда жас сұлу да,
Көне алмас көнелікті айтуыма.
Осымен бітсін шалдың ескі жыры,
Жол беріп шаттық үннің шалқуына.
Қайғысыз содан бері көп жыл өтті,
Жасартып әжім түскен ой - жүректі,
Түксиген бәйтеректей ормандағы
Колхоздың бақша-бауын шал күзетті.
Қолында өсті және сұлу біздің,
Сарнаған сол заманның баспай сызын.
Бөленіп қуаныштың бесігіне,
Төседі күнге төсін, айға жүзін.
Өлсе де қыз анасы бала күнде,
Бұлғаңдап өсті ұқсап лала гүлге.
Серпіліп қамқор әке әлдиіне,
Жасынан әндететін қыз да бірге.
Туғанда - ақ әуезқой шал шырқап әнін
Бөлеген ән мен күйге қыздың жанын.
Басына дуалық қып қобыз қойып,
Өткізген әлди әннің нелер таңын.
Орманның сайрағанда бұлбұлдары
Тербеліп оянатын қыз – дағы.
Әндетіп таң желімен желпіндіріп,
Шығатын шалдың тағы күй ырғағы.
Осылай әнмен, күймен өсті сұлу,
Алқалап қалың орман, аймалап ну.
Гүлдері нұрын құйып жүрегіне,
Сыр берді өзенінде жүзген аққу.
Талпынып бала қаздай жүгіргенде,
Киіктей құлағын қыз түрген үнге.
Сыңсыған бұлбұлдардың сиқырлы үні,
Құйылған тау суындай жүрегіне.
Күй шерткен бұталары қарағайдың,
Бұлаңдап шоқылары көк орайдың.
Еркелеп, гүлмен ойнап қыз жүгірді,
Үстінде қызыл-жасыл баурайдың.
Құсындай сол орманның өсті ол да,
Тиетін таңмен бірге роза қолға.
Шұбырған балапандар достары боп,
Бақтағы жұмыртқалар болған олжа.
Тыңдайтын кешке тағы шалдың әнін,
Теңселтіп қобызымен күй толғағын.
Есетін күйі кештің самалыңдай,
Аймалап нәзік жүрек қыздың жанын.
Ағызған қобыздан сел, ауыздан жел,
Күйлерін тыңдап талай аңырған ел.
Ән шіркін алдандырып қыз жүрегін,
Би билеп бөлегендей бағын гүлдер.
Әкенің әуенімен қыз ер жетті,
Жасы да он алтыдан әрі кетті.
Албырап алма беті күлімсіреп,
Тұңғиық мөлдір көзі нұрын төкті.
Сөз қылар жас достарым енді мені,
Кетіппін таныстырмай қызды, тегі.
Қыз көрсе қырындаған кей жігіттің
Ақынның сөздерінде кетер кегі.
Өзгеден өзгешелеу өскен бір қыз,
Күнәсіз, жас сәбидей еркелі жүз.
Сұңғақ бой, қаз омырау, жіңішке бел,
Көзінің сыры терең, ымсыз - жымсыз.
Ал таныс, міне менің Қарлығашым,
Тұңғыш бұл жыр бөбегім, жан сырласы
Жеткізсе елші сөздер қыз бейнесін,
Білерсің, бұлтаңы жоқ жырдың расын.
Ашайын қалқашымның ішкі сырын,
Қозғайын жүрегінің струнын.
Келгенде он жетіге ойға. қалды,
Әсем сыр әсеріне түсті бұрын.
Орманның кешкі сая серуенінде,
Әсерді кеудесіне терген күнде.
Табиғат тамаша бір сыр төккендей,
Қарады махаббатпен төңірегіне.
Келетін дәмеленіп кей жігіттер,
Айтылды махаббаттан көп үгіттер.
Алайда, сұлу көзі өзге жақта,
Бос кетті жігіттегі тәтті үміттер.
Отыр қыз оңаша үйде ойға батып,
Кей кезде әуендетіп баяулатып.
Тынышсыз ойнақтады асау жүрек,
Қызулы тамырлардан қандар атып.
Колхоздан келді әкесі түнде қайтып,
(Бақшаның жемісінен ақпар айтып)
Келгенде домбырамен күй көйітіп,
Қыз ойын отыратын аулатып.
Күйіне шалдың тартқан қыз маужырап,
Сүйсініп талай түнде тосқан құлақ.
Кей кезде жас баладай мәз болатын,
Кей кезде жаны елжіреп, жыламсырап.
Бүгін де сол бағбан шал шертті күйді,
Отындай жер ошақтың күй ұйтқиды.
Қалтырап қу саусақтар, шек дірілдеп,
Өршімей, өрмелеп күй талықсиды.
Түйенің сылтыңымен туып-өскен,
Жапанда керуендей түнде көшкен,
Шал күйі ыңырана ма, арындай ма?
Қызына енді сыры білінбестен.
Неліктен қыз бөбегі тербелмеді?
Тынымсыз тарта - тарта шал терледі.
Түйедей желді күнгі жонға тартқан,
Алыста күй қараңдап селтеңдеді. Қараса,
Қарлығашы түр көңілсіз,
(Неліктен салқын тартқан еркелі жүз?)
Қайсысын шертейін деп жаутаңдады,
Тұрды қыз ойға батып, бірақ үнсіз.
Асқақтап шықпады ма күй бебеуі,
Шалдың иә жақпады ма әлдилеуі?
Күйменен туып-өскен назды қыздың
Әйтеуір тегін емес үндемеуі.
Күнәсіз сезімдерін тосын билеп,
Лүпілдеп әлденеге соқты жүрек?
Әлде ерте тұтанды ма жастық оты,
Қыз жаны қандай күнді тосты тілеп?
Деді қыз:— Жалықтырды - ау мынау ызың.
Сарнатып сұм заманның сары лебізін,—
Деді де оймен көзі тына қалды,
Қасірет бүркегендей балғын жүзін...
Әкенің реніш кірді реңіне,
«Ғашықтың оты түскен жүрегіне.
Өзім де кінәлімін, оңаша ұстап,
Апырау, құмартты екен, әлдекімге?»—
Деді шал:— Жоқ па күйім саған ұнар?
Ер жеттің, басқа жаққа болдың құмар.
Кім еді, екпінді ме, оқыған ба?
Әйтеуір бір тамаша жігіт шығар?...
«Әкежан, білмеді,— деп,— сырымды» — қыз,
Кенеттен су сепкендей суынды жүз.
Жүректен жалындаған лебі шығып,
Кінәсіз қиялына шомылды қыз.
Бір кезде қолына алды домбыраны,
Толғады, қоңыр шегін ол бұрады.
Күй шықпай бір аңырап, бір дабырап,
Пұшық кейде ақырын мыңғырлады.
Қыз ұрды домбыраны қолын сермеп,
Дірілдеп шектер тұрды, үндер кернеп.
Шықпайды, бірақ баяу сыңғырлайды,
Тұрғандай қу тақтайы құр діңгірлеп.
Еркімен аңсағаны тартылмады,
Бекерге саусақтары сартылдады.
«Қой, қызым көнбес саған күй шіркін»,— деп.
Әкесі әзіл айтып қарқылдады.
Селк етіп түрегелді қыз орнынан,
Қалайша ерке жаны шыдар бұған?
Кесірлі домбыраны соқты жерге,
Шектердің үні шықты ыңырсыған.
Сарт етіп жабылды есік, жоғалды қыз,
Шал байғұс қала берді үйде жалғыз.
Көтерді басын жерден ескі достың,
Шертуге оңашада езі амалсыз.
Сүйікті көрінеді шерткендері,
Солармен тарқағандай өткен шері.
Ұйтқыған шал күйіне түтін қосты,
Сығырайып жанған шамның білтелері...
Алыстан жалтылдаған алтын арай,
Оянған ұйқысынан тау мен тоғай.
Орманға күн шашқанда күмістерін,
Соларға шал да күйін тартқан талай.
Сондай күй шалды тағы шақырады,
Желпілдеп таң желімен жапырағы
Гүлдер тұр, арасында Қарлығаш жоқ,
Мүлгіп тұр ағаштың бұл атырабы.
Жүгірді іздеп әке Қарлығашын,
(Біледі қыздың текке қаңғырмасын.)
Сұрады жол-жөнекей жүргіншіден,
Үн қатпай орман көңілін қалдырғансың
«Білмейміз, қай тарапқа қызың қашты», —
Деп бәрі жымыңдасты, сыбырласты,
Бәрі де бүркегендей құпияны,
Жасырып жапырақтар сырын басты.
Сілкіді жапырақты, қызын қарап,
Гүлдердің арасынан ізін қарап.
Аңырып жан-жағына тоқталды шал,
«Жоғалды қызың» деген ызың тарап.
Бұлбұл да көрмедім деп былдырлады,
Бұлақ та білмеймін деп сыңғырлады.
Бәйтерек басын шайқап шал байғұсқа,
Бар орман түнгі бұлттай тұнжырады.
Білді шал қыздың сырын күй билеген,
Күй тартса шерге жанын күйдірмеген.
«Қобыз ғой еміздігің, киігім - ау,
Әуезін еміренбей қидың неден?»
Қобызын тағы да шал безілдетті,
Ашынып әуендерін тез үдетті.
Ботасын іздегенде боздағандай,
Орманды күй інгені кезіп кетті.
Қыз еді асқақ үнді аңсап туған,
Шертілді серпілді де «Ақсақ Құлан».
(Жазамын кейін сырын поэма ғып,
Қояйын әуенімді бастап бұған.)
Құландай құйқылжыды, күй шертілді,
Сазына үнсіз орман тербетілді.
Кептердей желпінді де шөп - шоқылар,
Жан-жақта ызыңдаған жел де тынды.
Алысқа қалжыраған шал қарады,
Айнала жасыл түсті жадырады.
Күй шығып таудан, судан, көк жазықтан
Бәрі де қыз мұнда деп шақырады.
Алыстан алтын сағым дірілдеген,
Кім екен сол сағымда дүбірлеген?
Колхоздың жас ойнағы, өрендері,
Егінде құлын-тайдай күмбірлеген.
Жүр ме әлде қызы бүгін егін жайда?
Ән есті сол бір жақтан қоңыр майда.
Әлде бір жас қобызшы табылды ма,
Хабарсыз, Қарлығашым, кеттің қайда?
Қалдырып кетті, міне шал да бағын,
Қалайша гүлге енді алданамын?
Іздеуге жас сұлуды шығам мен де...
Жырымды сол ғой сірә арнағаным.
Алғашқы сапар еді менің мұңым,
Айрылып аруымнан шерулімін.
Шығайын ақындықтың жорығына,
Алдымнан болсын әзір ерулігің.

ЕКІНШІ БӨЛІМ
Қозғалып қуаныштың ән құйыны,
Жалындап жүрегіме саз құйылды.
Шақырып ормандағы ойларымды,
Аңсадым, сәулем, сенің наз күйіңді.
Қобыздың ырғағымен, қоңыр үнмен,
Орманда шалмен бірге ой жүгірген.
Оралды қайта, міне таңғы желмен,
Махаббат сыры тамар енді тілден.
Толқындап ой жүректен симфония,
Шарықтап шаттық үнмен кетсе қия,—
Күлімдеп кейіпкерім келген шақта,
Тәкаппар өлеңімді тартам сыйға!
Ғажайып сипатымен көз тұндырған,
Әсем ән аясында қызық думан.
Алтын бас Алатаудың аясында,
Біз өскен Алма - қала мынау тұрған.
Қырмызы гүлдер ескен тау жан-жағы,
Желпіген орманның көк жапырағы.
Гүліңдей күміс таудың күнді сүйіп,
Масайрап өскен қазақ жас ұрпағы.
Үн қосқан бұлбұлымен мәуелі ағаш,
Би билеп, ән шырқаған сұлулар жас.
Аңырып жан-жағына тоқталды шал,
«Жоғалды қызың» деген ызың тарап.
Бұлбұл да көрмедім деп былдырлады,
Бұлақ та білмеймін деп сыңғырлады.
Бәйтерек басын шайқап шал байғұсқа,
Бар орман түнгі бұлттай тұнжырады.
Білді шал қыздың сырын күй билеген,
Күй тартса шерге жанын күйдірмеген.
«Қобыз ғой еміздігің, киігім - ау,
Әуезін еміренбей қидың неден?»
Қобызын тағы да шал безілдетті,
Ашынып әуендерін тез үдетті.
Ботасын іздегенде боздағандай,
Орманды күй інгені кезіп кетті.
Қыз еді асқақ үнді аңсап туған,
Шертілді серпілді де «Ақсақ Құлан».
(Жазамын кейін сырын поэма ғып,
Қояйын әуенімді бастап бұған.)
Құландай құйқылжыды, күй шертілді,
Сазына үнсіз орман тербетілді.
Кептердей желпінді де шөп - шоқылар,
Жан-жақта ызыңдаған жел де тынды.
Алысқа қалжыраған шал қарады,
Айнала жасыл түсті жадырады.
Күй шығып таудан, судан, көк жазықтан
Бәрі де қыз мұнда деп шақырады.
Алыстан алтын сағым дірілдеген,
Кім екен сол сағымда дүбірлеген?
Колхоздың жас ойнағы, өрендері,
Егінде құлын-тайдай күмбірлеген.
Жүр ме әлде қызы бүгін егін жайда?
Ән есті сол бір жақтан қоңыр майда.
Әсершіл сезімдерін билеп муза,
Алматы ақындарға болған Парнас.
Осындай болар, сірә, жер жұмағы,
(Бұл тауға ұялаған бұлбұл - дағы.)
Құзынан қыран ұшқан осы тауда,
Талаппен талпынғанның болар бағы.
Алматы бағыстан ғой балғын жасқа.
Алатау — ақ отау ғой қарындасқа.
Жүргенде шырқап солай кезікті қыз,
Апырау, мынау біздің Қарлығаш па?
Албырап ақша беті ақ алмадай,
Күлімдеп келді, міне маған қарай.
Қуанып Қарлығашым қолын берді,
Айт сәулем,
Алматыға келдің қалай?
Ғапу ет, жырды сүйген сырластарым,
Қалайша сонау күннен сыр ашпадым?
Қарлығаш шертті сырын өзі міне,
Ізімен жорғаласын жыр-дастаным.
Келісті кеудесіне күй келмеген.
Қарт күйші есімізде күйбеңдеген.
Албырт қыз үйден шығып кетіп еді,
Соқпақпен, түнде тілдей сүйреңдеген.
Алыста, әуен шыққан ауыл жақтан,
Шалқып ән желді түндей жауындатқан.
Мәз дауыс, сылқым күлкі самалдай боп,
Бұлбұлды оятқандай тауып бақтан.
Дүбірі жас ойнақтың ұнады ма,—
Өзгеше үн келгендей құлағына.
Таңырқап Қарлығаш та келген еді,
Жастардың аулақтағы думанына...
Емеспіз ауылыңыздың салтына таң,
Тербелсең қандай қызық алтыбақан.
Қосылып ән шырқасаң сырлы қызбен,
Айрылсаң әрең содан атқанда таң!
Қарлығаш тұрды қарап шеткі жақта,
Батқандай албырт жаны шын рақатқа,
Қолынан тартты қыздың бір келіншек,
Тамсанып тойлы жұртқа тұрған шақта.
Мұндайда епті келер қу келіншек,
Сырларын сондайлардың біз білуші - ек.
Махаббат жорығына елші болып,
Жымиып әккілікпен жүгіруші еді...
Аңсап ол жүректердің жай табуын,
Қыздарға ақыл-айла айтатын,
Жүргенде жеңгетай боп екі жақта,
Өзі де базарлы боп қайтатын..
Сондай-ақ бұл келіншек сумаңдады:
— Ерке қыз, әнші сенсің бұл маңдағы,
Шырқа, таң қалсын бір анау жігіт,
Бұлбұлдай сұңқылда ормандағы.
Бейтаныс әскер жігіт тұрған шетте,
Жақындап келіп еді әткеншекке,
Қарлығаш қарады да білдірместен
Аударды көзін енді келіншекке.
— Ол өзі таныс емес, қандай жігіт?
— Бикеш - ау, сен кермеген маңдай жігіт,
Деді де мақтап кетті сол жігітті,
Келіншек соған жақын жандай күліп.
— Ол біздің жиеніміз әскердегі,
Өзі де сылқым болып өскен тегі.
Келіпті ұшқыш болып, демалысқа,
Алыста болатын кеткен жері.
Жүреді ертең ерте ел шетіне,
Қарашы, нұр жайнаған келбетіне.
Сол үшін құрды сауық біздің жастар,
Жүрегін әнмен жылытып тербетуге.
Келіншек сөзбен тартып Қарлығашты,
Қаратты өз аузына барлық жасты.
— Еркежан, ән шырқасын!
Шырқасын!— деп,
Бәрі де иілдірген қарындасты.
Гүл көрсе тоты шіркін түлемей ме?
Қарлығаш ерік берді тіл - көмейге.
Сырнайдай сырлы әні сызылғанда,
Құлпырды сайрағандай бұлбұл бейне.
Ұшқышты әсем даусы арбады ма?
Өскен қыз, ескен мынау орманында,
Ұшқышқа құс секілді көрінді ол,
Жетпеген ұшып әлі арманына.
Ән құмар жігіт еді ол өзі де,
Сол қыздық болды ғашық әуезіне.
Аузынан тәтті лебіз төгілгенде,
Қарады ол ынтызар боп күн көзіне. —
Қарындас, сен оқысаң ән сабағын,
Жаныңа қонар еді аңсағаның.
Бөленсең Алматының ән бағына,
Жұтар ең бұлбұл болып жан самалын.
Сол бір күн қалды мәңгі қыз есінде,
Ұшқыштық ұйыған қыз кеңесіне.
Сырласқан жұлдыз үміт жайнап сонда,
Жол бермей келіншектің дәмесіне.
Иә солай, жұлдыз болып үміт деген,
Билеген қызды ойлар тұйық терең.
Кетті қыз... өсек шіркін қалды ізінде,
Қашты деп сол бір ұшқыш жігітпенен.
Мейілі, паң дауысын тыңдатар қыз,
Ән сүйсек — қыз арманын ұнатармыз.
Күйінген әкені де, өзін де іздеп.
Жаңаша тартып күйді жұбатармыз...
Осылай келген сұлу астанаға,
Осыдан бақыт жыры бастала ма?
Жырлайын жаңа күйдің тыныстарын,
Өлеңмен шашу шашып жас қалама.
Жүр ме екен бұлбұлым да ән бағында?
Аралап қайттық оның орманын да.
Ақын да махаббатпен үн қоспай ма,
Сүйікті жүректердің арманына.
Қалада қызыл сарай тұрды бір үй,
Ішінен шалқығандай ән менен күй.
Осында жүрді біздің Қарлығаш та,
Жанына жалындаған тауып әлди.
Мәз болып өскен мұнда жас еркелер,
Қаз мойын оркестрден күйлер нелер
Тартылып, ән шырқаған сұлулар көп,—
(Жігіттер мұндай жерге үйір келер.)
Музыка бесігі боп осы мектеп,
(Осында ақыл айтып жүр Дейсембек)
Оқытқан өрендердің құлағына,
Құйылған таң-тамаша күйлер селдеп.
Жайқалған ормандағы гүлдердей жас,
Онда бар бұлаңдаған сан қарындас.
Өкпелер біздерді де айтпады деп,
Мейлі, Қарлығашпен болдым сырлас.
Сөз қылма мені сырттан сұлуларым,
Күй десе кетер менің қызып қаным.
Ойымды орман кезген күй жетектеп,
Сырластым қызыменен музыканың.
Оқуы ойға білім, жанға сауық,
Желпінтті жас жүрегін күйлер жауып.
Серпілтіп струнды ойнақтатып,
Сызылтып ән салады. ауық-ауық.
Ақтарды әннің талай аталарын,
Қарайтын ғасырлардың ноталарын.
Роялдың ырғағына үнді қосып,
Шырқады сыры тәтті Отан әнін.
Саздарын ойға тоқып өткен күннің,
Ән салса өткендердің төккен мұңын
Шалқыса Чайковский әуенімен,
Тербелген мұң - назымен Бетховеннің.
Есіне алды кейде жастық кезін,
Арбаған ой-қиялын тәтті сезім.
Ішінде ну орманның үн сыңсытып,
Іздеген онда қандай ән кербезін?
Әкенің кінәлі тек қобызы ма?
Бір терең сарын бар ма сол ызыңда?
Әйтеуір ұшқыр қиял биледі де,
Шырқады ойын әннің шың-құзына.
Осындай шат-шадыман күндерімде,
Менің де от ойнайды жүрегімде.
Жол бермей жел қиялдың жорығына,
Алаңсыз аяңменен жүремін бе?
Шалқыған жаңа дүние әлемінен,
Өлеңмен ту көтеріп келемін мен.
Үндерін достарымның, тұстасымның,
Көтерем қуаныштың күн лебімен.
Мейлі, жас сұлуым іздей берсін,
Ішінен гүлстанның гүлдер терсін.
Менің де уылжыған жырларыма
Саз беріп, әсем әуен ілінерсің
Тағы да кетем шалқып қыр - қияны,
Ақынның тұрмас тынып ой-қиялы.
Ақтарсам мидың терең мың қабатын,
Ішіне толқындаған ой сияды.
Төрінде Отанымның, ізгі жерде,
(Алыстан сәуле шашқан ол біздерге.)
Толықсып болып жатты бір жарқын той,
Сәулесі түсті соның біздің елге.
Айтылды ұлы тойға ән сауығы.
Күйменен тартты желі қала - ауылы.
Үндердің сабасынан фонтан атып,
Қаптады жер мен көкті ән жауыны.
Отанның теңізінен шалқар,
Алтын бас, күміс кеуде тауларынан,
Жібек шөл, құндыз бөрік орманымен,
Масаты гүлдер атқан алқабынан —
Шалқып жыр тоқсан тарау ән мен сарын
Әлемге қуаныштың жайды жарын.
Қарыштап аспан көкті, қиыр шетті,
Тербетті ырғағымен жердің шарын.
Тең келер сондай күйге тасқын ғана,
Дауылын музыкаға қосты дала.
Қозғалып халқымыздық кеудесінен
Жөнелді күйлер гулеп Москваға,
Жарысып өнерпаздың кәрі, жасы,
Аттанды ән мен күйдің ауылдасы.
Қарағай, қайың біткен қобыз болып,
Сермелді күллі жұрттың ән құлашы.
Домбыра, сыбызғымен, қобызымен,
Күйші шал, әнші жастар ағызды өлең.
Тарту ғып ұлы тойға Қазақстан,
Жөнелді күйді тиеп поезбенен.
Құйылды күйлер келіп Кремльге,
Отанның нұр жүгірткен жүрегіне.
Аймалап Мәскеу халқы ән мен күйді,
Енгізді кең сарайдың біреуіне.
Жиналды әнші жұрттың бәрі мұнда,
Кенеліп кең сарайдың жарығына.
Отырды қошеметтеп тойшы халық,
Масайрап даламыздың сарынына.
Еркесі ойнақ салып өр көңілдің,
Кетерді алғыстарын ерен тілдің
Шаттықпен қазақ даусы аспанға ұшты,
Орады мұнарасын Кремльдің.
Басталды сый-сияпат, құрмет кеші,
Ашылды сахнаның ақ пердесі.
Жарқ етіп ар жағынан жас сұлулар,
Гуледі музыкасы, ән - еркесі.
Төгілтіп тәтті лебіз ән менен күй,
Елімнің бұлбұлдары шыққан ылғи.
Күймедей көмекейден күміс шашып,
Домбыра әуезіне балқыды би.
Билетіп бармағынан ағызды бал,
Алтын бас, күміс иек қобызшы шал,
Сап құрып оркестрлер марш ойнап,
Жаңғырды үй, жаңғырғандай құзды шыңдар.
Біресе шықты сұлу күйге оранып,
Біресе шықты жігіт әнмен ағып.
Киіктей ырғып - қарғып шықты кейде,
Нәзік қыз тал шыбықтай сан бұралып.
Құйын боп құйылғандай қырдан сазы,
Бір кезде тебіренді Құрманғазы.
Сар дала гулегендей сол бір түнде,
Шертілді дүниеге жырдан назы.
Кең сарай болды бейне күйдің бағы,
Жайнаған гүлдеріндей жұрт тыңдады.
Шырқамай осындайда жан ләззатын,
Қарлығаш, қайда, қайда кеттің тағы?
Жоқ, ол да күй жетелеп келген бірге,
Күмбезі қуаныштың Кремльге.
Аққу құс қомдап келді ән қанатын,
Бәлкім ол арманына жетер мүлде.
Жарқ етіп шықты, міне сахнаға,
Тұр екен ән толқыны дәтін ала,
Көзінен кереметті ұшқын атты,
Солай бір серпіледі ақын ғана.
Сылдырлап шашындағы ақ шолпысы,
Желбіреп ақша гүлдей шоқ үкісі,
Майысып құба талдай топ алдында
Жымиды құбылды да сұлу түсі.
Балдырған жас сұлудың құрметіне,
Мүләйім сәбидей сол келбетіне,
Сүйсініп тойлы халық қошамет қып,
Соғылып шапалақтар кетті, міне.
Жан бітті күй сандықтың тілдеріне,
Ақ саусақ ойнақтатып үн берді де,
Елпілдеп Қарлығаштың еріндері,
Аузынан әуен шықты түрленді де.
Күмбезге күміс төгіп әні кетті,
Сарайдың дуалдарын жарып өтті.
Кең дала жазығыңдай ән жайылып,
Аңсаған алыстарға ағып жетті.
Ойнақтап, сырғып таудың бұлағыңдай,
Зымырап ақ киіктің лағындай
Дауысы безектеді, құйындады,
Құлдырап Сарыарқаның құланыңдай.
Сызылды сұлу қыздай сылқым әні,
Бұлбұлдай нәзік үні сұңқылдады.
Сылаңдап әнмен бірге құбылды қыз,
Қалың жұрт махаббаттан сыр тыңдады.
Қалың топ секілді бір оған орман,
Назданды сандуғаштай гүлге қонған.
«Қарғам - ау», «Наз қоңырмен» сыңсыды да,
Басынан «Баянауыл» төгілді арман.
Солай бір әні шалқып шыққан шақта,
Күркіреп шығып жатты шапалақ та.
Иіліп әлденеше тәжім етіп,
Енгендей сұлуым да жан рақатқа.
Қошамет сәулесімен қыз құлпырды,
Иіліп жұрт алдында тағы тұрды.
Әндетіп ақырғы рет әуелетіп,
Арнады Партияға ән мен жырды.
Шықты ғой жүрегінен ағылып ән,
Шымырлап шыққандай қан тамырынан.
Тұнығы тұңғиықтан қозғалғандай,
Керемет қонғандай бір дарын бұған.
Сол бір ән сұлулықты қалап туды,
Жанында үн дүлділі жарап туды.
Сәулесі жерге еркелеп, желмен ойнап,
Құйқылжып шықты көкке жан аққуы.
Түрленіп тоты құстай қыз шалқиды,
Толқытып күйсандық та текті күйді.
Ағылып ауызынан ән кеусері,
Жүрекке бейне балдай тамылжиды.
Аққандай ән тасқыны асулардан,
Келгендей күй қуалап ғасырлардан,
Естіген жүректерді елжіретіп,
Сүйініш сыр айтқандай ғашық жардан.
Сол әні аспандаған «Аққу» деген,
Арбады, жүректерді тартты неден?
Өзі де аққу сынды Қарлығашым,
Қазақтың ән көгінде бақ тілеген.
Бұл әні ән біткеннен кетті шалғай,
Пейіште туған бұлбұл шырқағандай.
Көтеріп «Коминтерн» радиосы,
Таратты қуаныштан шыққан жардай.
Бар әлем тыңдап жатты аққу әнін,
Лебімен жадыратқан Отан жанын.
Қайран қап, бұл қай үн деп көкті жарған.
Ақтарды, музыканттар ноталарын...
Масайрап жиналған жұрт тәтті үнге,
Топталып келіп жатты құрмет гүл де.
Сүйсініп шапалақтар шашу шашып,
Зал іші жаңғырықты гулеп мүлде.
Тоқталды ән, бола қалды жан тынысы,
(Осы ғой Қарлығаштың қуанышы.)
Жымиып Москваға тәжім етті,
Қазақтың бұлбұл болып туған құсы.
Қаптады жан-жағынан алғыс, мадақ,
(Көздерін жігіттер де жатты қадап.)
Ырза ғып Мәскеу халқын ән мен күйге,
Сұлуым алып қайтты құрмет - атақ...

ЭПИЛОГ
Өтті айлар, аясына септі нұрды,
Өмірдің гүлстаны — жер құлпырды.
Бағында шешек атып, жас сұлуым.
Күн сайын жүрегінен төкті жырды.
Жан-жақтан,жөнелгенде өлең гулеп,
Қуаныш құйынымен.шыр дөңгелеп,
Желпілдеп орман гүлі ой шақырып,
Саяны кеттім мен де көлеңкелеп.
Көрінді көзіме кеп екі сурет,
(Жазыпты екеуін де мақтап газет.)
Елестеп қиялыма сырлар таныс,
Қарадым екеуіне кезек-кезек.
Отырды Орман қызы күлімсіреп,
Көрген соң қалқашымды соқты жүрек.
Шаттықтың сәулесімен жүзі жайнап,
Тұрғандай тоты дайын тоқсан түлеп.
Қасында кәрі әкесі, домбырасы,
Алтындай жалтырайды шалдың шашы.
Оның да шүңірек көзі нұрланыпты,
Қасында құлпырған соң Қарлығашы.
Ойнақтап ыстық сезім өн бойымда,
Қояндай орман кезіп кетті ойым да.
Мәз болған бөбегіне анасындай,
Ақын да сүйсінбей ме геройына?
Оқыдым астындағы жазуды мен,
Кімдер бұл геройымның назын білген?
Әлжаппар, Ғабдолдардың бірі шығар,
Әркімнің әңгімесін жазып жүрген...
Жазыпты қыздың
Мәскеу барғандығын,
Сол тойда ағытқанын арман жырын,
Балқытып әсерлі үнге естігенді,
Қошамет, алғыс, жүлде алғандығын.
Айтылған қыз әкесі ормандағы,
Көп көрген өкініші сол маңдағы.
Тартылған күңіреніп қоңыр саздар,
Айрылып қызынан сол.қалғандағы.
Оралған аққуыңдай тапты қызын,
Басына жарқыратқан бақ жұлдызын.
Күй қосып қобызымен қыз даусына,
Шалдың да жайнатыпты шаттық жүзін.
Айтпасам соны оқушым ұмытпай ма?
Не деймін, десе біреу жігіт қайда?
Қимадым, қалқашымды, сүйсе біреу,
Салқыны жас жырымды суытпай ма?!
Ғапу ет, албырт жырдың тентегіне,
Сүймесе, ғашық сырын шертеді ме?
«Қосылды сүйгеніне» деп баяндап,
Ұқсатпа поэмамды ертегіге.
Қоспадым сүйісуді жыр ішіне,
Жеңгедей жасырынған түн ішінде,
Тасада сүйіссін деп қыз бен жігіт,—
Ақынның жеңгетай боп жұмысы не?
Мейілі, көше кезсе өсек шіркін,
Сыншы да ширатылып шығар мүмкін,
Жұбатқан ән бөбегін әлдиім бол,
Жетілер жігіт - жырым, өсер бір күн.
Аяулым, жүрегімнің сен иесі,
Асыл ән махаббаттың әулиесі.
Жете ме аспандаған наз дауысыңа,
Ағылса жырдың мадақ дүниесі?
Тұңғыш сен, таңдай қағып тыңдағаным,
Толқыды жүрегімде тұнған әнің.
Кеше гөр, жас дауысым кірбеңдесе,
Көтер сен, мен де тағы толғанамын.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кремль жырлайды

  • 0
  • 0

«Күй шертіп күллі жұрттың жүрегінде,
Ағылсын өзендердей жыр өмірге!»
Толғадық сол бір күйді, сырласқанда,
Аясы айдындай кең Кремльде.

Толық

Кәдімгі біздің Қошқарбай

  • 0
  • 0

Көрдім оны ауылда,
Өзінің Алатауында,
Жерінде туған елінің —
Шалқып жатқан егінінің

Толық

Түнде ұшқан бұлбұл

  • 0
  • 0

Гүлсіз орман,
Қараңғы түн...
Ұшты бұдан жүз жыл бұрын,
Желдей есіп мұңлы бұлбұл,

Толық

Қарап көріңіз