Есіл

Бұл бетте «Есіл» атты Ғафу Қайырбеков жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 21.05.2019
  • 0
  • 0
  • 2555
Есіл, сен қиялымсың бала күннен,
Тасығыш мінезіңмен, танабыңмен,
Атынды жарқ-жұрқ еткен естуші едім
Қазақтың қайырып салған бар әнінен.
Ойлаушы ем ару ма, әлде ән бе екен деп,
Ақ күміс, алтын алқа сән бе екен деп,
Әлде бір дауда кеткен ғашық басы
Қан жуып, қай төбеде қалды екен деп.
Есіл - деп, айтады жұрт боздағын да,
Есіл - деп аяйды адам өз жанын да,
Есіл - деп есіне алып отырар қарт
Көз тастап өткен күн мен озған жылға.
Есіл ер, есіл ауыл, есіл дәурен,
Есіл дос, есіл балам, есіл сәулем –
Бәрін де егіздесіп жүреді атың,
Қосылдың нендей сиқыр, не сылтаумен?
Әлде сен, әсем өзен, шығанды алып,
Есіліп ағармысың сылаң қағып.
Жібектей желді күнгі толқимысың,
Басыннан бір ән қайтып, бір ән барып?
Елімнің ең шұрайлы жерін басып,
Ағасың, кербез дария керім ғашық,
Жас исің, қыз қылығың сол баяғы
Көрінген көк жиектен көңіл ашып.
Сені айтсам - көз алдыма Арқа келер,
Қарындас қара шашты қалқа келер,
Арманын Есіл бойлап Ақан қуып,
Көлденең құлагерін тарта берер.
Не керек, бәрі келер, бәрі келер,
Бір бөлек рақатқа жаным енер.
Серуендеп сендей суға бір түспесе,
Жер сүйген жетім жүрек жанып елер.
Есілім, сезімімсің барлық асыл,
Кейінде талай-талай қалды ғасыр,
Қанындай ата-баба құрғамаған
Даламның денесінде салдың асыр.
Қалайша соған қунап тәубә демен?
Ағасың атам керген арнаменен.
Қарайсың жар кезінің ыстығымен
Айрылып әсте менен қалма - деген.
Дарияға, кеп қой өзен Арқа байда,
Тамырдай тұс-тұсына тарқамай ма?
Бірақ та сендей үнсіз, сендей назды
Қыз өзен, шын бұраң бел қалқа қайда?
Бол теніз, бол керемет аппақ айдын,
Қуанам, оған өкпе сақтамаймын.
Алайда, теңіз емес, өзен көрсем
Есілім емес пе деп жалт қараймын.
Кеш Есіл, ерсі болса, кеш қылығым,
Бұл менің ең ақырғы «ескілігім».
Жағаңда қолтықтасса ақ қайыңдар
Келетін мен болармын кешкіқұрым.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Есіл өлеңінің авторы кім?

Ғафу Қайырбеков — осы өлеңнің авторы.

Есіл өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Есіл өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Ғафу Қайырбеков өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Есіл өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері