Таулар сөйлейді
(Поэма)
Бірінші тарау
«Қинады - ау мына Дина қыз,
Тездетші, — дейді тойыңды.
Өзі де әсем күй нағыз
Барады баурап бойыңды.
Той дейтін не бар асығып,
Той жасар әке-шеше жоқ.
Үй бола қалса қосылып,
Шай ішер кетік кесе жоқ.
Қорғауы жақын диплом
Тұра тұр — десең көнер ме,
Бірінші курсты ұйқымен
Өткізген дәурен келер ме?
Шіркін-ай, ол кез — кез ғой бір,
Іздейміз қазір — ол қайда?
Қалалық өмір — өзге өмір,
Ауылың қалып шалғайда!
Сағынып сан хат жазылған
Бауырмал кезің сол еді-ау!
Посылка жиі салынған
Қазысы, сүрі мол еді-ау!
Терезе көзі жатақтың
Самсаған ет пен май - құртқа.
Студент қыста бататын
Береке - ырыс байлыққа.
Содан соң қалған курста
Ақша да, етте там-тұмдап,
Хатың да сиреп бұл тұста,
Дүкеннен азық сатып ап,
Жұпыны болып қаласың,
«Жұтаған қазақ байындай».
Қарыз көп — аз-ақ аласың,
Күй таңдар сенде қай бір жай.
Содан соң соңғы курста
Қайтадан күйің оңалмақ,
Өйткені қу ғой туыс та,
Мезгілің біліп оралмақ,
Ауылға тура келсін деп,
Аянбай қалар шабылып.
Кемпір мен шал да кемсеңдеп,
Кетеді жиі сағынып.
Ал бірақ менде ол да жоқ,
Бітірем биыл дегенмен.
Келемін оқып зорға деп,
Аздаған тиын-тебенмен.
Жатақтан шығып, үй жалдап
Тұрғаным осы бір-екі ай.
Балаңа кетпей күй қамдап,
Өліпсің ерте әкем - ай!
Алыста жатыр ағай бір
Міндет қып наны - тұзына,
Көнуі оның неғайбыл
Қаладан алған қызына!
Стипендия пұшпағын
Созғылап жүріп бес жылдай,
Білімнің жалын ұстадым,
Еңбегімді еш қылмай.
Енді кеп сонау екінің
Шотаяқ басын сүйретсем.
Кешірмес мені жетімдік,
Тасына талай тиді өкшем!».
Дейді де Мәжит, Динаға
Қояды іштей қош айтып.
«Қарындас, мені қинама,
Емеспін кісі басы артық!
Басқа да болар кісің!» деп,
Хат жазып оған бұл тағы.
«Жынды боп кеткенбісің!» деп,
Өзіне өзі ұрсады...
Екінші тарау
Алатау басы кәп бұлақ,
Шұбырып жатқан төменге,
Ағаштан шықсаң ақ шуақ,
Күн айналған төбеңде.
Алатау төсі мол жұпар,
Алатау төсі гүл қалың.
Көңілің соған боп іңкәр,
Жаныңды баурар бір жалын.
Тыным жоқ халық дегенде
Қозғалған бейне мың нүкте.
Биіктен құлап төменге,
Төменнен зулап биікке.
Жатады қаулап, жөңкіліп,
Әсте бір тыным таппайды.
Машина талай ентігіп,
Бұлақты сүзе тоқтайды.
Бүгін де осы тіршілік,
Бүгін де осы көрініс,
Биікке қарай құлшынып,
Төменге қарай төгіліп.
Бұрқанып жатқан бір бұлақ,
Төбеде аппақ жүзді бұлт,
Сыбырлап тұрған жапырақ.
Сырласып жатқан қыз, жігіт.
— Саған ғой әлі бір жыл бар,
Қалыпты маған бір апта.
Келіп тұр кезек қынжылар,
Кетемін ертең жыраққа.
— Табамын қайда кетсең де,
Өзіңді өзің қыспа, жан!
Жүрегім, ойым тек сенде,
Бақытым сенсің ұстаған.
Той жасау деген сен үшін
Немене сонша ап - алыс,
Өткізбек пе едің ел үшін
Балуан күрес, ат шабыс.
Күдіксіз үміт, бекем ой,
Ырымы болса болғаны,
Жалғанда қиын екен ғой
Еркектің, сірә, толғағы! —
Деді де күлді сыңғырлап,
Шашылған күміс секілді.
Жапырақ баяу сыбдырлап,
Ұшында талдың жел тынды.
— Қыздың да қиын ашығы
Еркінді сұрап қоймайтын.
Баяғылардың ғашығы
Ішінен ғана ойлайтын!
Кездесе қалса, сөз таппай,
Бата алмай көңіл тынатын.
Салғаннан жүрек маздатпай,
Арман боп біраз тұратын...
— Үндемей жүріп сіз мұнда,
Уақыт қайран өтетін.
Жігітін яки қызын да
Қағып ап біреу кететін.
Жоқ, досым, оған көнетін
Жайымды іздеп таппайсың.
Өзінде менің бар еркім,
Қадірлеп соны сақтайсың,
Нәзіктік, жалған үлбіреу
Келмей-ақ қойды қолымнан.
Әсемпаз майда кейбіреу
Сескенді, бәлкім, сонымнан!»
Дегенде әлгі қыз жарқын
Мұнда қалды бір ауық.
Ұнатып жігіт бұл қалпын
Сүйсіне көңілі тұр ауып...
«Жарайды!» деген бір сөзден
Өңінде қыздың жүзді арай,
Сәбидейсің - ау бір сенсең,
Жұбанғыш қайран, қыздар - ай!
...Енді бір сәтте наз ұқ! — деп
Жігітке жайнап қарады.
Шақырып: «Мәжит, Мәжит!» — деп,
Қалыңға сіңіп барады.
Үшінші тарау
Көшесінде Лениннің,
Бас арықтан сәл төмен,
Институты Тау-кеннің
Келеді сол үй ертеден.
Келеді сол үй ертеден
Мәпелеп, баулып сан адам,
Осынау жазық өлкеден,
Осынау жалпақ даладан,
Келмеген оған кемде-кем,
Сүймесін оны ел неғып,
Инженер қазақ — мен деген
Кісіден сұра сен барып.
Алады еске осы үйді,
Елестеп білім қиясы.
Бәрінің ұстаз досы игі,
Бәрінің ыстық ұясы...
...Залында соның бүгін де
Білімнің үлкен сынағы.
Құшағы толып тұр гүлге
Талайдың келіп сыңары,
Талайдың келіп ғашығы
Ботакөз ару, бұраң бел.
Қиын - ау қиын жар сыны,
Сүрінбей содан шығар ма ер
Бұрышта сонау қара көз
Шашының ұшын өреді,
Бақытқа жақын барар кез
Не деген асу, өр еді!
Алқына күту, қобалжу
Дірілдеп ерін, қос иық.
Демінде ыстық қалар бу,
Кірпікте дымқыл жас ұйып.
Біз сынақта отырсақ,
Тілегің тілеп қыз тұрған,
Қадірлі қайран сол бір шақ,
Кеттің - ау қарап сыртымнан!
Оқушым, кешір, көзбе-көз
Күрсініп қалдым байқамай.
Сенен де жылжып сол бір кез
Өтеді күн мен ай талай!
Ақ құба өңге қан ойнап,
Дуылдап беті тұр жанып.
Қарар ма, шіркін, абайлап,
Есіктен сонау бір барып.
Ашылса есік, ұмтылып,
Қарақат көзі жалтылдап,
Арқадан бұрым бұлқынып
Құлайды төске сәл тулап.
Қайтадан оны ақ білек
Кейінге серпіп қалғанда,
Күрсініп қойды, шеткерек
Тұрған бір жігіт сол маңда.
Сатырлап іште алақан
Дуылдап барып басылды.
Елегізіп халық бір жақтан,
Есік те жайлап ашылды.
Келеді содан бер қарай
Сыртымен шығып бір жігіт.
Сөз айтты сыртқа қарамай,
Іштегі жұртты күлдіріп.
Қарады мұнда, құшаққа
Қалыпты бір шоқ гүл барып.
Ұмтылды қыз да бұл шақта
Иықта бұрым дір қағып.
Гүлімен барып қол қысты.
Жігіт те сүйіп алды оны.
Айтып та жатыр алғысты,
Уыста ыстық жар қолы.
«Ал бірақ мына бір гүлді
Кім беріп, қашан үлгірді?»
Деген сәл күдік мазалап,
Әкелді алып бір мұңды!
Ойлаған оны жоқ жігіт
Келеді тасып көшемен.
«Қалыппын қажып — болдырып,
Қорықтым қандай кеше мен!»
Дейді де Мәжит мәз өзі,
Тауысар емес сүйіп те,
Қарайды қимай жар көзі
Әлгі бір салқын күдікке.
Төбеде аспан жалтырап,
Тасиды көңіл — ой да ояу.
Қағады сыбдыр жапырақ
Еседі қалқып ән баяу.
«Динашым, қалқам, Динаш - ай,
Мінезің кейбір қиғаш - ай,
Шаймен де болса сыйлашы - ай,
Тәтті ғой жарың құйған шай!»
Төртінші тарау
...Маңдайын беріп шығысқа
Пойыз тұр әне жүргелі,
Уақыт шіркін тым қысқа
Осы бір соңғы күндері,
Айтылмай қалған сөз көптей,
Аялдай берді қыз-жігіт,
Тұра тұр, пойыз, тез кетпей,
Паровозды аздап қыздырып!
Кетеді қазір қыз қанша,
Кетеді жігіт қаншама.
Күтпекші үміт тозғанша,
Қайсысы кейін қалса да!
Вокзалдың басы ант пен серт,
Вокзалдың басы махаббат.
Сағат та мезгіл жатты өлшеп,
Ұзамай пойыз аттанбақ.
Қайда екен әлгі Дина қыз,
Қайда екен әлгі бойжеткен?!
Өзі де әсем күй нағыз,
Келіпті - ау аппақ көйлекпен.
Талай бір жігіт созды өңеш,
Ризамын осы келіске!
Қалғалы тұрған қыз емес,
Ұшқалы тұрған періште!
Қоңырша менің Мәжитім,
Осы қыз саған жалынды - ау!
Болды ма бүгін аз ұйқың,
Қабақтың асты қалыңдау!
Қыз байғұс қатты сүйгесін,
Айы да өзің, күні өзің.
Сен неге жанып, күймейсің,
Қатал - ау сәл - сәл мінезің.
— Сәләматсыздар, мырзалар,
Сәләматсыз ба, бикештер!
Кім кетіп, кәне, кім қалар,
Жүректі солай бір тексер! —
Деген бір дауыс шыққанға,
Жалт ете қалды тұрған көп,
Дода бас жігіт шықты алға,
Есімі мұның Қыздарбек.
Курстас еді ол Динамен,
Болатын Мәжит сырт таныс.
─ Жеттім - ау ақыр мен де әрең,
Қайырлы болсын аттаныс! —
Қызық - ау біздің жігіттер,
Аямас жанын қыздардың.
Қалады қайран үміттер
Басында ылғи вокзалдың! —
Деді де күлді, қол алып,
Кезекпе-кезек көз тастап.
Бұлардың жайын сәл бағып,
Жөнелді жігіт ойқастап,
— Біздің бұл жігіт — жеңілдеу,
Мінезі аздап ұшқалақ.
Ақ көңіл бірақ, тегінде,
Толған бір бойы күш - талап!»
Кім еді бұл? — деп қараған
Мәжиттің көзін ұққандай,
Дина да айтты жалма-жан,
Жарқ етіп күнге ақ маңдай.
Әшейін күнде әзілдеп,
Еркелеп «әлек» салатын,
«Батыл жар» неге қазірде
Тұр екен ұстап тағатын.
Деген ой бар ма, Мәжит те
Қарайды оған үңіліп.
«Осының жаны нәзік пе?» —
Дейтұғын ескі бір күдік,
Оралып тағы келгендей, —
Әйтсе де оны сынар нық.
Сабырға сыртта бой бермей,
Іштегі асау құмарлық,
Алды кеп сүйіп ол жарын,
«Е, бәсе! Соның бар жөні!»
Дегендей, іркіп маржанын,
Қыз, шіркін, сүйіп алды оны!
— Той болмай қалды деме, жан,
Той емес бізді қосатын.
Келеді бір жыл алдыңнан,
Сабыр мен ақыл тосатын!
«Сұлусың, қорқам, тым аса!» —
Дегенім қате бір кезде.
Адамды адам сынаса,
Сынамас қарап құр көзге!
Ашықсың өте деуші едім, —
Жаныңа қатты тиіппін.
Жүрегіңменен мен сенің,
Қайратың үшін сүйіппін!
Деді де, қыздың көзіне
Тұрды сәл тоқтап ол қарап,
Болмады, бәлкім, төзуге,
Түсті қыз жасы домалап.
Артынша жайнап жанары,
Изеді үнсіз қыз басын. ...
Пойыз да жылжып барады,
Жамылып таңның шұғыласын.
Пойызға дереу мінген ол,
Шалып қап сұлу кескінді:
Деген бір сөзі «есен бол!»
Алыстан талып естілді.
Бұрылып алып паровоз,
Тасаға қарай асқан шақ,
Ұзатып тұрды қара көз,
Ауадан түспей ақ саусақ.
Бесінші тарау
Өтті ғой күндер ол ауыр,
Өтті ғой соғыс бораны,
Тыныстап халық жаңа бір,
Бүтіндеп бойда жараны.
Қираған әлде бүлінген
Қалалар қайта жанданып.
Зауыттар шапшаң тірілген,
Бойына ыстық қан барып.
Окоптар гүлге оранып,
Берілді қайтып жер бізге,
Өзендер ыстан тазарып,
Мөлдіреп құйды теңізге.
Қырында қаптап мал өріп,
Жаңғыртты қайран даланы.
Түстікте пісіп алма, өрік
Жаңартты жайсаң ауаны.
Өртеңге шыққан көк шөптей
Қаулады біздің жақсы өмір,
Еңбегі ерлер еш кетпей
Қоймасын кеннің ашты өңір.
Отанның көмір алыбы —
Шығыста қайрат шыңдаған,
Қадірлі Қарағандының
Жүрегі әсте тынбаған.
Сонау бір жылдың өзінде,
Соғысқа керек сом болат
Балқыту үшін тез күнде,
Атты ғой көмір тонналап!
Бойдағы отты қуатын
Жөнелтіп жатты майданға,
Күнде бір ерлік туатын,
Артық боп минут айдан да.
Бүгін де сол жер, сол қала
Өмірі жалын, жас мәңгі.
Қап-қара таулар айнала,
Жылытқан демі аспанды.
Әр таудың асты бір сарай,
Шомылған нұрға жап-жарық.
Салынған дейсің бұл қалай
Қара жер төсін қақ жарып?
Осынау сарай ішінде
Жатады қайнап өмір кең,
Ортаға сол бір түсуге,
Оқушым, бастап келдім мен.
Кел, кәне, досым, аралас,
Мұнда да киім жап-жаңа,
Етігің болсын шамалас,
Өзгесін әсте таңдама.
Шұлғауды ора қалыңдау,
Белбеуді шіреп нық буын.
Каскасы сәл - сәл ауырлау,
Оқасы бірақ жоқ мұның.
Шекеңе қада шамыңды,
Шамсыз онда күн қараң.
Аккумулятор тағылды,
Сонымен болсын бұл тамам.
Ал түстік міне клетьке,
Клетің — астау мінетін.
Зулаймыз енді, дір етпе,
Тынышы жақсы жүректің.
Қайратты жина, белсеніп,
Баратын жерің талай жер,
Болайын үнсіз мен серік,
Қалғанын өзің қарай бер.
Соғады қатты ызғырық,
Созылған мынау штрек.
Ауада шамын жүздіріп,
Тұр жарын темір күш тіреп.
Деседі кеннің сарайы,
Шахтерлер сүйіп қойған ат.
Суланар аздап маңдайың,
Бұлтсыз бір жауын сорғалап.
Шахтаның, күре тамыры,
Штрек осы негізгі,
Осында шахта тағдыры,
Тасыған көмір теңізі...
Бұдан соң ауа жолымен
Еңкеймей біраз жүресің,.
Жан-жағың тұтас толы кен,
Қолыңмен сипап білесің.
Тарылды қуыс ал міне,
Түнерген қою түн-түнек
Алдыңғы жақта әлдене,
Қояды қатты күркіреп.
Енді бір қайрап жаныңды,
Бауырлап алға жылжисың,
Түзетіп алып шамыңды
Құлшына сүзіп, сүңгисің.
Тап-тапал шойын бағандар,
Қат-қабат көмір астында
Мызғымай тұр ғой, соны аңғар,
Қамқоры сол-ау бастың да.
Аяқты тіреп соларға,
Салдыр да гүлдір домалап,
Ағасың жүйткіп сен алға,
Табанның астын шамалап.
«Осынау отпен, шіркін-ай,
Тозар ма ақыл, ар кірлеп,
Түнекті тіліп мен талай
Өтуге қазір бармын!» — деп.
Шамыңа сонда ырзасың,
Не деген қымбат сол жарық
Қиялға толып бір басың,
Аласың аздап толғанып.
Алдында лава — іздеген,
Атақты лава өзі енді!
Алады басын бұл жерден
Көмірдің тасқын өзені.
Қимылдап ерлер, құлшынып,
Күресіп жатқан өмірлер.
«Ғажап - ау десең тіршілік,
Тіршілік үшін көмір бер!».
Осынау сертті дәл ұстап,
Арпалыс кешкен адам бар.
Соларды көріп, дұрыстап
Білесің қанша шамаң бар.
Бітеді бойға күш-жігер,
Өзіңе өзің нық сеніп.
Бағалар сені, іс білер,
Қиынға сен де түс келіп!
Табиғат келген жасырып,
Осынша қуат тереңге.
Дәл солай жатқан басылып,
Табылар қуат сенен де!
Шақылдап жатқан қайланың
Даусына құлақ түресің.
Адам мен көмір майданын
Алдыңнан ашып, кіресің.
Қаншама қайрат жұтылып,
Қаншама білек талды онда!
Ащы тер суы іркіліп,
Қаншама сіңді әр жонға!
Адамды батыр деу үшін
Осында түсіп, көр көзбен,
Жеңіліс яки жеңісін
Содан соң айтып бер сөзбен.
Алады қайрап жаныңды,
Арада мезгіл тұра ма өтпей?
Суырып жатқан жалынды
Жер асты өңшең Прометей!
Тіреуші дамыл көрмейді,
Үлгіріп тіреп, шап етіп,
Қисайса, дереу жөндейді,
Сом болат балға шаңқ етіп.
Лаваның іші арпалыс,
Ағарып шашың кеткендей,
Жасаса минут қалтарыс,
Төбеңнен көмір шөккендей.
Осының бәрін басқарып,
Команда беріп мүлтіксіз,
Сан рет көмір жастанып,
Өткізіп күндер ұйқысыз.
Участок үлкен, жол қиын,
Үлгіру, көру бас - басын,
Лаваның байқап жан күйін,
Бункерге көмір тастасын.
Дәрігердей тамыр ұстаған,
Жүгіре басып жүр жігіт.
Осы түс — таныс түс маған,
Көзінен көңілім тұр біліп.
Тістері ғана жарқырап,
Естілді әне сәлемі.
Мәжитің осы, ал бірақ
Ескілеу тартқан сәл өңі,
Болар-ау, бәлкім, күйеден,
Несі бар әжім тез түсіп,
Біздің де кескін бұл күйде
Тұрмаған шығар жетісіп.
Манадан бері бес сағат,
Оқушым, жердің астында,
Жүріппіз, енді қайтайық
Ілесіп көмір тасқынға.
Ал енді бар ғой мұндайда,
Шылымшы болсаң — қиын-ақ:
Шалқия тартар күн қайда,
Қалды ғой бәрін жиып ап,
Жер асты толған газ метан
Сүймейді жанған оттегін.
Сіріңке жақсаң, өзге де,
Өзің де мүлдем кеткенің.
Ол түгіл, тамақ дорбаңда
Қиярың болса тұздаған,
Айтқызбай білер сол маңда
Қимылдап жатқан жүз адам.
Орыс та қазақ — жас, кәрі,
Атады бәрі насыбай.
«Таста, - деп, - бері шақшаңды
Тұрады келіп қасыңа!
Сондықтан енді біржола
Шыққасын шылым шегерміз.
Шомылсақ сосын суға да
Қалады сергіп денеміз.
Бұдан соң ыстық дәмменен,
Зияны болмас егер сен,
Шахтерлік стақанменен
Шалқая тартып жіберсең.
Алтыншы тарау
«Үй салып жатыр бұл шахта
Ортадан, жаңа қаладан,
Өзімдей жігіт он шақты
Әзірше жатақханадан,
Алғанбыз орын. Күй жақсы,
Өзіңнің жоғың болмаса,
Берілген маған участка,
Мақтаулы емес тым аса.
Келе сап бастық болды — деп,
Қүңкіл бір сөз де жүр шығып.
Қалады қашан сол бір дерт,
Қалады қашан күншілдік!
Түгіңді білмей жатып-ақ,
Үлгірер жолға тас қалап.
Екінші біреу мақұлдап,
Үшінші біреу қостамақ.
Жә, ол бір сыр ғой, әшейін,
Күреске әсте мен ғашық,
Мұхитың қайда кешейін,
Толқыныңды айда, алға шық!»
Деген бір хаттан соң әлі,
Келмей де қойды енді хат.
Сабырсыз жүрек соғады,
Күтеді алдан не жұмбақ?!
Поштадағы әйел, жас сылқым,
Қадала мұның көзіне,
Ұсынған әлгі паспортың,
Қайтарар дереу өзіңе,
Тым құрса біраз кешігіп,
Іздеген болса нетеді?
«Жоқ», «Жоқ» — деп, өзі тепсініп,
Орнынан тұрып кетеді.
Бүгін де солай қамығып,
Сулана қалды қыз кірпік,
Астана тұман жамылып,
Асланы тұрды мұз бүркіп.
Төгіліп жерге жапырақ
Көшеді күздің желімен.
Кім еді мынау жақындап
Ұстаған қыздың жеңінен?
— Ә, сен бе едің Қыздарбек? —
Деді тек Дина жалт қарап.
— Күніңіз мұнша мұздар, — деп,
Ойлаған кім бар? — Сәт, сағат!
Жабырқау көңіл әзілді
Қабылдар жайы бар қанша?
Айтылар сөздер не зілді
Ашуды ақыл алғанша:
— Желімше бүйтіп жабысқақ
Мінезді қайдан тапқансың?
— Арманың, шіркін, алыстап,
Уайымға, сұлу, батқасын,
Ашиды жаным, жерлес ек,
Біле ме қыздар қадірді,
Артыңнан бүгін ерді өсек,
Табалар дұшпан табылды!
— Ол қай өсек? Кім дұшпан?
Жігітім, сен де солай ма ең?!
— Азғаны - ау, шіркін, тұрмыстан
Ойламап едім олай мен.
— Кімді ойламап едің сен?
— Анадағы... әлгі... жігітті.
Маскүнем болған, күнде ішкен,
Шахтадан қуып шығыпты!
— Айтарсың, айтқыш екенсің!
Сырыңды бұрын кім білген?
— Не керек босқа кекесін,
Намысқа шауып жүрмін мен!
Диплом қорғар күнінде-ақ,
Шошып ем соның ісінен.
Құшақтап, өсем бір гүлді ап,
Шықты ғой бөлме ішінен?
Мен сырттай қарап тұрғанмын,
Көріп-ақ сен де жүгірдің.
Біле алмай сырын таң қалдым,
Құшақта кеткен бір гүлдің.
Бақсам - ау кейін іс кейпін,
Беріпті жігіт тегін серт.
Ассистент болып істейтін
Ақ құба сол бір келіншек...
Жүріпті ісін тындырып...
Шын адал сүйген мен едім.
Сағымды менің сындырып,
Бір жылы сөз демедің.
— Қыз қолы майда — сыйласа,
Ал ұрса — болмақ тым қатты?
Әзілің ерсі шықты аса,
Құлағым бекер тыңдалды! —
Деді де күлді Дина қыз,
— Іліктім дерсіз жауға осал.
Күлкіңізді тыймаңыз,
Жасыңызға жалғасар!
─ Не дедің?
— Жә, жә, әшейін,
Бір келіп қалған ашу ғой.
— Шіркін-ай, сен де жас едім,
Дейсің - ау — болса басында ой
Сен айтар осы сөз бе еді,
Келуші болма енді аттап!
Ер дегенім ез бе еді,
Жүріппін сені мен мақтап.
Деді де бетке қан ойнап,
— Рақмет саған, бәріне!
Қарады және абайлап:
— Сол екенсің, әрине!
«Кім екенмін?» деуге де,
Келмеді оның шамасы,
Оқ болып тиді кеудеге
Сонау бір көздің қарасы...
Жетінші тарау
Салады хаттар дамылсыз,
Хаттарды күндер жұтқандай,
Жайлады жігіт жанын сыз,
Жайсыз бір істі ұққандай.
«Қиын - ау, киын, тегінде,
Берекең қашар күтіп сен,
Сүйгенің қалып кейінде,
Оқуды бұрын бітірсең.
Қалада тұрып қыз алаң,
Ауылда жүріп сен алаң.
Осындай кезде тап болмақ,
Аздырғыш не бір оңбаған.
Жұмыстан мақтау алып тұр,
Участок өрлеп келеді.
Жетеді аяқ талып бір,
Лаваның, әттең, тереңі!
Әйткенмен болар ол да ұмыт,
Шаршау да мұнда рақат.
Жер астын үңгіп, жол қылып,
От іздеп жату — мархабат.
Шахта да ғажап ұқсайды
Осынау біздің өмірге.
Жеңілін әсте тоспайды,
Жасамай тұрып семірме.
Сан тарау қиын жолы бар,
Күрделі тамыр, жүйкесі.
Жүрегі, қаны, жаны бар
Дүрсілдеп соғып тұр төсі.
Кей кезде қауіп, қатер бар,
Жолығу оған өзіңнен.
Жеңесің соны қайткенде ал
Адаммын деген сезіммен.
Онда да болмақ горизонт,
Горизонт деген — өріс қой.
Өріссіз өмір сәні жоқ,
Өріне шықсаң жеңіс - той,
Мұнда да шамның, мәні зор
Адаспау үшін жолыңнан.
Маңдайда тұрмақ жанып ол,
Қимылдау үшін қол жылдам.
Осынау біздің өмірде
Ұқсастық соған бар әлгі.
Болмаса отың көңілде,
Көкірек шіркін қараңғы.
Жалғыз-ақ бар бір айырма,
Мұндағы адам бәрі адал.
Жүректің кірін шаюға
Еңбектен үзбей нәр алар.
Болғанмен беті күйе, күс,
Жандарын күйе баспайды,
Біз сүйсек адал сүйеміз,
Мұндағы адам таспайды.
Күн санап жетсең жеңіске,
Жанығып жаның түлейді.
Өйткені ылғи сол істе
Жеңуді жүрек тілейді!»
Осындай ойда жігітім,
Салады хатын тағы да,
Өкпесін, назын, үмітін
Жазады сүйген жарына...
Амал не бірақ тағы үнсіз,
Меңіреу жұмбақ тыныштық.
Қалды тез неге жалынсыз,
Еді ғой сүю тым ыстық.
Бермейді бұған демалыс,
Демалыс сұрау ұят та.
Қолына жаңа алған іс,
Жүргені әзір сынақта.
Шахтерлік пенен махаббат
Келуін қара қат-қабат,
Біреуі кейін келер ме
Тым құрса бір жыл, бір сағат...
Сонымен жүріп жыл өтті,
Тағы да келді май айы.
Жылытады қайран жүректі
Үмітті таңның арайы.
Жатыр-ау бұл кез былтырдай
Диплом жазып сан өрен.
Барар ма соған, шіркін-ай,
Тұтады сабыр ол өрең.
Жақында алған кең бөлме,
Пәтері жаңа әдемі - ақ.
Дүние деген әйдемде,
Екен ғой өзі жиналмақ.
Құттықтап келіп достары,
Өзімен істеп бір жүрген,
Толтырып үйді тастады
Орындық, диван — кер - жермен.
Суретін ілді Динаның
Үлкендеу етіп түсірген.
«Емес қой кісі беймәлім,
Сырыңды, балам, түсінем!»
Деп қойып жүрді көргенде
Үйдегі кемпір ішінен:
«Қалада әлде елде ме,
Ұқсатам көрген кісіммен!
Ал бірақ кеше жиналды,
Келіншек, қыздар көп тегі.
Жақында болса, «Мәжжанды»
Құттықтап неге кетпеді?
«Инженер орынбасары»
Деді ме, жаңа міндеті?
Әйтеуір бір той жасады,
Түнімен жастар гулетті.
Той болып жатыр кіргелі,
Құдайым қылса құт мекен.
Жұмбақтау әзір бұл жері,
Қандай қыз сертке жықты екен?»
Кемпірдің ойы күн ұзақ
Болады әуре осымен.
Үміті серік жалғыз-ақ
Бір соған көңіл көншіген.
Мәжиттің нағашы апасы —
Соғыста кетіп жалғызы,
Таусылып бүтін от басы,
Бір үйден тұғыр қалды өзі.
Жиенін келген сағалап,
Пәнде ғой тірлік күнді ойлар,
Қалдырған соғыс жаралап
Аз емес бізде мұндайлар.
Сегізінші тарау
Болған соң үлкен өндіріс,
Өндіріс тумақ жаңалық.
Дамиды солай әрбір іс,
Жаңалық елге таралып.
Үйреніп қалған ескілік
Үйінен шыға қашпайды,
Айқасып, үрей, сес қылып,
Созғылап біраз тастайды.
Әке боп яки шеше боп,
Ақырып саған ұрсады ол.
Өмірі озған есте жоқ,
Өкімі қолда тұрса мол.
Ежелден мәлім бұл тартыс,
Өмірдің өзі туғызған.
Өмірде талай тозар іс,
Тозбайды бірақ бұл бір заң.
Сондықтан менің, геройым
Жаңалық үшін күрессе,
Стандарт екен демеңіз,
Сақтайтын нәрсе бұл есте.
Шахтаға бастық Жүсекең,
Жүсекең елге сыйлы адам,
Жүсекең зерек кісі екен
Шахтаның сырын жинаған.
Шахтердің сырын жинаған,
Кеудесі бейне штрек.
Ескіні бірақ қимаған,
Ескілік жағы күштірек.
Айбынды және сыртынан,
Тостаған көзді, дөң маңдай,
Көмірдей қара мұртынан
Ұшқындап оттар тұрғандай.
Балуан қолмен сипаса,
Ширата бұрап бармақпен.
Сыйлайды өзін жұрт аса,
Жасаған бірге сол қартпен.
...Кабинет іші кең, жарық,
Қағазда күннің сәулесі.
Есік пен төрге сан барып,
Терең бір ойда сол кісі.
Қояды мұрттан жымиып,
Әлдебір жайға ой кетіп,
Жымию сыры — тұңғиық,
Тұңғиық бетін тербетіп,
Тұрғандай мына кескіні,
Мызғымас мықты еркімен,
Қалпы бар ұқпас ешкімді,
Берік бір сертке бекінген.
Орнықты бір кез столға
Тұғырға қонған бүркіттей,
Сәл еңкейе түсті алға,
Нүктені басып бір титтей.
Есіктен енді сып етіп,
Тығыршық дене, сылаң қыз.
Көйлекті төсі тұр шертіп,
Қылмия қалып қылаң жүз.
Қылмия қалу сірә оған
Әдет боп кеткен түрі бар,
Әйтпесе, қария мына адам
Жайы жоқ оны ұғынар.
«Шақыр!» деп белгі беру мұң,
Қайтадан қызды жұтты есік.
Ғажап - ау күші сенімнің,
Құдіреті қарттың кетті өсіп.
Есіктен кірген адамның
Сәлемін естіп, үндемей,
Қаттырақ түйіп қабағын,
«Берірек жақын кел», — демей,
Асырып бастан қарады,
Есіктің оң жақ шетіне,
Төмендеп әрең жанары,
Тоқтады жігіт бетіне.
Таппады бірақ ештеме
Осынау жігіт жүзінен.
Талдырмаш балғын жас дене
Бітімі сұлу түзілген.
Қарайды бұған сеніммен
Мойылдай көзі тым сергек,
Маңдайдан шашы шегінген,
Тұрады ерні күлсем — деп.
Ақжарқын мінез, өр қайрат.
Барсың - ау осы жанда бір, —
Дегендей қария мол қарап,
Қалды да ойға сонда бұл,
Сүйсіне жаздап, тез сергіп,
Айығып ойдан отырды.
— Шақырдым тағы мен сеніп,
Шығардың қандай қорытынды?
— Жаңадан қорытқан ойым аз,
Сол ойды қолдап тұр ішім.
Байқайық оны біз біраз,
Білейік дұрыс - бұрысын!
— Шырағым, әсте, үйренбе
Қадалған жерден қан алып!
— Жүсеке - ау, жалғыз бір мен бе?
Қолдайды бәрі жаңалық!
— Жаңалық! Нендей жаңалық?
Белсенді сөзді табуын!
Тұрмын ба сонда мен алып
Ескілік күннің бар уын?!
Сақалды, мұртты жан болса,
Сендерге бәрі ескілік!
Баладан елге хан қойса,
Құртады басты кестіріп!
Әйтпесе, өзі құрымақ! —
Естіп пе ең сондай нақылды?!
Дейсің ғой «өзім тудым - ақ
Әуелден жинап ақылды!»
Бар, бар!! Тағы, тағы ойлан,
Мұрындық болу ерте әлі.
Мен қайтпаймын райдан,
Сен кұрттың ғой! Е, тәңірі!
Егінді шабар болар еді,
Комбайн деген немеңді,
Кім ұғады мұнда кеп
Көмірді шабады дегенді?
Әлде бір қоқыс, сандырақ
Айта салған әлдекім.
Көтеріп соны, даңғырлап,
Қара тапқан ермегін!
Сол... Инженер Досанов,
Зор таныма өзіңді.
Кет, төзбесең, босанып,
Тыңда, әйтпесе, сөзімді!
— Қатты айтасыз соншалық,
Хақыңыз ғой әкелік!
Сіз көрсеңіз ой салып,
Бұл сөзіңіз қателік! —
Деді де тұрды орнынан,
Жауабын сөздің күтпестен.
Кетпесе сөйтіп ол жылдам,
Шалында сабыр шықты естен!
«Жабылған есік, шыққан жан!»
Деген бір бастық серт түйді.
Жаңа бір жалын шықты алдан,
Кім білсін қалай ұйтқиды?
Тоғызыншы тарау
— Дәл осы шахта бастамақ
Комбайн сынау жұмысын.
Ең қалың жаңа пластан ап,
Көреміз оның тынысын.
Жүсекең отыр қарысып,
Бас инженер оған жақ.
Мінезі қатал, қаны ыстық
Кісі екен — қырсық со болмақ.
Талайдан келген абырой,
Таусылар жолы осы — деп,
Басына кірген ауыр ой
Көретін емес көнші — деп.
— Сөйтпей де қайтсын ол енді,
Шахта ғой оның ұл-қызы.
Жиырма жыл жанып келеді
Сөнбестен жеңіс жұлдызы3
Ескінің көзі — ол бір қарт,
Ырымшыл жайы тағы бар.
Бір сөнсе жұлдыз — жарқырап
Демейді қайта жағылар. —
Қозғамай әзір қояйық,
Қиын ғой қалса қарт көңіл.
Адамның жайын қарайық,
Қашады қайда тас көмір?! —
Деді трест бастығы,
«Алексей Иваныч — ол да қарт,
Бірге өткен достық жас күні,
Әрине, оны қолдамақ!»
Ойлады солай ол іштен,
Бұл жолы Мәжит қамығып.
Осынау мәні зор істен
Безе ме тауы шағылып?
— Алексей Иваныч, оны ұғам
Ренжіту қартты қиын іс.
Мен білсем, бірақ ал оған
Сөзіңіз сіздің ірі күш.
Досыңыз ескі, қайлалас,
Тыңдайды сізді қартыңыз,
Сізді қас деп ойламас,
Өтінем, бір сөз айтыңыз.
Жымиды трест бастығы,
— Мен айтқам, бірақ көнбеген.
Төгіліп қайта ашуы,
Пәленің басы сен! — деген.
Табайық бірақ ойласып,
Екеуміз болып бір амал.
Істей бер әзір жайғасып,
Ұмытқан кісі бола қал! —
Деді де тұрып орнынан
Әйнектен сыртқа қарады.
— Көктемің мынау жып-жылдам,
Зымырап өтіп барады.
Содан соң ыстық жаз келмек,
Шуағы күннің көп пе, аз ба?
Жүсекең жазда емделмек
Алыста, сонау Кавказда.
Содан соң... де де, оны қой.
Амал жоқ табар өңге біз.
Бас инженер қолда ғой,
Айтармыз, оған көн — дерміз!
Уәде солай! — деді де,
Ұсынды қолын күліп қарт.
Изеді басын, сол сөзді
Бұл - дағы ойға түйіп қап.
Оныншы тарау
Келесі жылдың күзі бұл...
Енді біз солай аттаймыз.
Қайда екен әлгі қызыл гүл,
Жүр екен не қып соқпай қыз?
Оқушым, қайсы қыз дейсің,
Жақынды ма, әлде, алысты?
Әрине, аңсап іздейсің,
Сонау бір ескі танысты.
Танысың қазір жоқ бірақ,
Жоқ деймін - ол да бар мұнда.
Өзім де кенет қаттырақ
Жаныңды сілкіп алдым ба?
Амал не солай демеске,
Дегізіп қойса ол ерке.
Кейде бір аппақ белеске
Түседі бұлттан көлеңке.
Көлеңке демей не дерсің
Көңілді жауып өткесін.
Қолында баққан көгершін
Көгіңнен ұшып кеткесін.
Басынан жаздым жаратпай
Қыздарбек есте бар шығар.
Сондаймен кейде таң атпай,
Сондаймен дүние тар шығар.
Бітірген олар... Кім олар
Білесің айтпай жатып-ақ.
Келді олар қазір мұнда бар,
Асықпа, досым, артын бақ.
Айтпай да болмас ол істі,
Тыңдау да керек сөзді ескі.
Жағдайдың өзі болысты,
Кесірлі кезең кездесті.
Жанашыр болып жанасып,
Қарайта берді көңілді.
Қайта да қайта жалғасып,
Азайта берді сенімді.
Хабар да келмей қырсығып,
«Суыған жүрек» дегізді.
Әзәзіл күнде құлшынып,
Жақын боп алды ең ізгі.
Әуелі жалғыз жанашыр
Досыңмын деуге көндірді.
Сандаған той мен сан асыр
Серік боп қаста көп жүрді.
«Апыр-ай, неткен тас жүрек»,
Дегенді талай ол айтқан.
Тауысар су да тасты жеп,
Адам ғой мынау оқ атқан.
Келгенде Қарағандыға
Шықпады алдан, сескенді.
Бір үміт лаулап жанды да,
Ұзаққа бармай тез сөнді.
Жанымен кіріп түнекке,
Көңілге ауыр қонды бұлт,
Әлі де тұрды - ау жүректе
Үзілмей сәл - сәл соңғы жіп.
Оқушым, тағат тауыспай,
Кезеңі келді, созбайын.
Геройымен әзір табыспай,
Өзіңмен сырды қозғайын.
Хаттар - ау, хаттар, қайдасың
Жоғалтты сені кім жұтып?
Күн тауысты ай басын
Сендерді жолдан мың күтіп!
Оқушым, сонау есте ме,
Поштадағы әйел — өр мінез.
Ерте де деме — кеш деме
Әшкере қылар келді кез.
Қыздарбек соның қайнысы,
Бар хатты содан ұрлатып,
Арманы, кегі, тынды ісі
Жүргенде жортып түн қатып.
Жесір боп қалған жас әйел
Екінші жүрек дәметіп,
Қолынан келер болса өнер,
Алмақшы оны жар етіп.
— Осыларға өшпін, жеңеше,
Кегімді қайтар! — дегесін.
Өнерін жұмсап өзінше,
Қолдады қайны егесін.
Соншама хаттың біреуі
Шықпады шыны тесіктен.
Сұлудың аппақ білегі
Сол жердің шаңын кеп сүрткен.
Соғайын десе телефон,
Берейін десе телеграмма.
Көңілді күдік жеген соң,
Намысы келді ол бұған.
Қиын ғой келсе қыз намыс,
Ақылды кейін ысырып,
Ұмыт боп сүю, қызғаныш,
Өзгеше бойға күш кіріп,
Қалады қатып тас түйін
Қайратын қолға жиып ап,
Жалбарып, жанның тос сыйын,
Илігу болар қиын-ақ...
Келерден бұрын ол мұнда,
Үлгірді келіп Қыздарбек.
Қыз демалды аулында,
Көңілде өкпе, ызғар көп.
Баяғы түйдек көп хатты
Жоғалтпай бірін сақтапты.
Таныс бір жанға жалынып,
Жәшікке хатты салдырып,
Үйінде жатты алаңсыз,
Көргенде Мәжит бұл істі,
Не күйде тұрды, ойларсыз,
Болса да сабыр тым күшті.
Баяндап оны не керек,
Тіл дәрменсіз бұл жерде.
Шығамын деуші еді өрмелеп,
Күшіне сеніп күнде өрге,
Соққылар тиіп қат-қабат
Қайратын ала бастады.
Қайырсыз болған махаббат
Қайырып тағы тастады.
Төмендеп және қалған кез,
Берілді тағы участок.
Асырмай бастан мұнда сөз
Егесіп алып тұр бастық.
Курортқа бармай қалған ол
Бұл ойды сезіп, құрыстап,
Есепке келіп қолма - қол
Берді ғой сыйын дұрыстап.
Оқа жоқ... талай алыс көп,
Тағдыр да ертең сөз ұғар.
Кейде бір сенбей жалғыз шоқ,
Қайтадан қаулар кезі бар.
Он бірінші тарау
Жыл өтті, күнді күн қуып,
Туған ел алға заулады.
Шаншылып көкке тұр биік,
Көмірдің қара таулары.
Жүздеген әлде мыңдаған
Составтың белі қайысып,
Көмірді тиеп тұрды адам,
Мезгілден озып жарысып.
Осынау қала шарқ ұрып,
Ақтады берсе елге серт,
Алдынан тұрды шақырып,
Ғажайып жарқын келешек...
Шығыстағы осы алыптың
Қайратын көріп сыймаған.
Өкілі мұнда сан ұлттың,
Өмірдің өзі жинаған.
Соғыстан соңғы үшінші
Жайдары көктем бұл келген.
Қаланың жасыл сырты, іші,
Безенген әсем гүлдермен.
Салынып жатқан жас қала,
Самсаған үйлер сан қатар.
Жайнаған көше, кешкі ауа
Көңілді биік самғатар.
Қыдырған халық — серуен,
Кәрісі, жасы еркіндеп.
Алдағы күнге сеніммен
Жандары түлеп, серпілмек.
Ал мынау екеу - мен кімге,
Ұқсатып тұрмын жүз таныс?
Япыр-ау, неге көңілімде
Ояна қалды қызғаныш!
Баяғы күйі - тұлғасы,
Баяғы сол бір дидары,
Есте ме, досым, жыр басы,
Сағынсаң, көрдің Динаны!
Қолтықтап алған Қыздарбек,
Қызына сөйлеп келеді;
— Мен айтсам сені қолда деп,
Қол ұшын кәміл береді.
Қозғалма, жайлы осы орын,
Жалақы жағы аз бірақ.
Бір жылдан кейін өсерің
Болып тұр айқын қазір-ақ.
Маркшейдер деген сөз бе екен,
Қыздарға әсте қол емес.
Солай деп айтқан жездекем,
Білгенге көнбеу жөн емес.
— Жоқ, сонда да келе сап,
Кеңседе қалу қолайсыз...
— Шахтада жүру емес шарт,
Жазым боп кетсең абайсыз...
Случайность көп онда...
Взрыв болған жақында...
И вообще әйел адамға,
Тазалау жүрген мақұл да.
Қарады оймен қыз оған,
Не деген жұмбақ сол қарас!
Жеңіл ғой қатты сөз одан,
Ал мынау оны болжамас!
— Гипрошахта деген бір
Болашақ толы мекеме,
Ғылымға шомып кір де жүр,
Боласың кеш пе, ерте ме,
Әлі өзің ғалым, әр күнің
Жаңалық беріп өсірмек.
Сен тапқан істің барлығын
Өзгелер көріп, көшірмек.
Трестке тұрдым жап-жаңа,
Менің де бос бір кезім жоқ.
Түспедім деп шахтаға
Өкініп жүрген өзім жоқ.
— Әкімдік әзір ерте ғой,
Инженер жолдас, меніңше.
Әрине, әркім еркі ғой,
Қалайша нанын жеп жүрсе!
— Менің де бір тілімді ал,
Қисая беру өнер ме ол?
Тәрбие бар, білім бар,
Таза жерге көнер бол!
Қыз үндемей қалды ұзақ,
Көнген түрін білдіріп.
Күрсінді де жалғыз-ақ,
Талпынып бір тынды үміт.
— Ал содан соң... мен күттім,
Жыл не сөйлер, күн не дер,
Білеміз ғой... тірліктің
Сәтті шағы бір келер...
Жымиды қыз, ерінін,
Ақ тісімен сәл қысып.
Серігінің көңілін
Танығандай дәл түсіп.
— Айтпақшы әлгі Досанов,
Қуып шығып трест бүгін,
Кетті үйіне босанып,
«Белгілі жауы ескінің».
Бір тәуірі, әйтеуір
Партияда қалыпты.
Тентектікпен текке құр
Таба ма адам даңқты?
— Не тентектік істепті?
— Цикл деген әуремен
Басы айналып, еш тіпті
Адамға ырық бермеген.
Содан барып участок
Жоспарынан айырылған.
Ол бәлеге ұштасып,
Нормадан да тайдырған.
Бастық бір жақ, ол бір жақ
Тыңдамаған ешкімді.
Өз айтқанын орындап,
«Ойбай мынау ескірді,
Жаңартамыз, жаңа әдіс
Тауып келдім», — дей берген.
Ол жаңасы — жай бір іс,
Ашу шыққан кей жерден.
Жұмысшылар көнбесе,
Балағаттап, үркітіп,
Бір есе емес, мың есе
Жұмсап келген жүгінтіп.
Бәрін айтып не керек,
Көп әйтеуір бәлесі...
— Көрдім оны мен де жек,
Рас болса дәл осы. —
Деп әзілдеп қыз бұған,
Күлмек еді, күлмеді.
Яки рас, я жалған
Оны өзі де білмеді.
Өйткені ондай бір өсек
Құлағына шалынған.
Ойында жоқ түк есеп
Өзге жан бір сөз қылған.
— Мейлі, әркімнің өз ісі
Жақсы-жаман болмағы,
— Я, солай ғой, тек кісі
Болмаған соң қорғаны.
Байқау керек еді ғой,
Өңмендемей, тегінде. —
Деген сезім, деген ой
Тұрады да көңілде...
Әр жерінен қаланың
Шамдар сөніп бұл шақта
Көп адамның жанарын
Ұйқы баурап құшаққа,
Сәлден кейін қалың шу
Сиреп, дыбыс толастап,
Басталды да тыншығу,
Қызды әкелді ол бастап,
Есігінің алдына.
Қош айтысты қыз оған.
Естілді аяқ дыбысы
Бірте-бірте ұзаған...
Он екінші тарау
«Жақсы бір бастап әкеттім
Деп едім өмір сапарын.
Күнде бір қаңқу әкеп күн,
Шатасып дауға жатамын.
Қырсығым неге жиілеп,
Қызығым алыс тартады?
Тірліктің ащы сыйы деп
Әкелер несі бар тағы?
Жазығым қайсы, жан салып
Жақсылық үшін ұмтылсам?
Кінә бар менде қаншалық
Мезгілден қалмай бір тұрсам?
Жоқ әлде жазық менде ме,
Жан едім сертке беп - бекем.
Жазығын білмеу пендеге
Жабысқан жұмбақ дерт пе екен?
Қаталсың дейді, қамшымен
Жұмсайсың дейді жұртты сен.
Қиын ғой кілең заңшылмен
Қимылға қатар бір түссең.
Қаталдық емес, шапшаңдық
Мінезде, істе бар шығар.
Қаралай бермей бас салып,
Кірімді көрсең, - аршып ал!».
Деген бір өкпем, назымды
Көпшілікке айтсам несі айып?
Қаңтар ғып жақсы жазымды
Алды ғой бастық қисайып.
Еңбегі артық жақсы қарт
Өзгеге қалай сенді екен?
Сүрінсе яки жас құлап,
Желкелей беру жөн бе екен?
«Облсовет — мен» дейтін
Мұздыбай деген бір бастық.
Қозғауыңа көнбейтін
Жаратыпты зіл тас қып.
Қараптан-қарап өшігіп,
Салып отыр шалды айдап.
Кәрі дерт — шіркін, ескілік
Қалмайсың - ау шалғайлап!
Қаттырақ кетті алайда,
Алатын сөгіс жоқ рет.
Мұншалық түсу жоқ ойда,
Соққаны қапы соңы кеп.
Взрыв... адам шығыны...
Зиянкес деді - ау мені әлі...
Естуге құмар кім мұны,
Болса да сонша кінәлі!
Трестен келді деді ме,
Жылмақай сары бір «білгіш»,
Шолу сап ата-тегіме,
Мұқатып ол да тындырды іс.
«Шығару керек» деді - ау ол,
«Шығарғыш» екен сабазың,
Умаштар еді мына қол
Өзін де, жиған қағазын.
Кей кезде сондай бір маса,
Тып-тыныш үйге кіріп ап,
Көріп қап, дереу қумаса
Мазаны алар ызыңдап.
Не болды деймін Динаға,
Не болды менің жарыма?
Осы ма күткен сый - баға?
Соққанда өмір жарына,
Толқын боп қайта құшаққа,
Құшаққа тартса нетеді.
Сарсаңы сансыз бұл шақта
Биледі кімнің жетегі?
Жауа ма, мейлі құя ма,
Бәрібір... бұлтым бір сирер,
Мен сендім сонау ұяма,
Бір емес, мені мың сүйрер.
Өмірге, жарқын қияға!»
Көтеріп алып ол басын,
Қарады сыртқа әйнектен.
Көре сап таңның шұғыласын
Алысқа ұзап ай кеткен.
Ұйқысыз өткен бұл түнін
Шығарды Мәжит есептен,
Уқалап жазып кірпігін,
Тұрды да дереу төсектен.
Есігін ашты балконның,
Ысыған аздап үй іші.
Құйыла берді нұр толқын,
Тамаша таңның, тынысы...
Қап-қара таулар жағалай
Шаншылып көкке тұр үнсіз.
Келеді жылжып таң арай,
Қала тұр әлі қимылсыз.
Енді бір сәл - сәл, сәл күтсең
Тағы да таулар сөйлейді...
Кешікпе, киін, Мәжит, сен,
Шақырады олар, кел, — дейді!
Он үшінші тарау
Тағы бір жылды жыл қуып
Зымырап басып озды енді.
Мәжитке әуре қым-қуыт
Қырсықты күндер кез келді.
Ойда жоқ пәле жамалып,
Қоқсыды өсек өртке ұқсап.
Тергеуде ісі қаралып,
Сергелдең күнде жоқ қисап.
«Бұл да бір тартыс, бұл да сын
Заңды ғой мұның бәрі», — деп,
Әуелде қапы қалғасын,
Жол ала берді бәле үдеп.
Мұншама үрлеп жандырар
Не болды менде осы? — деп,
Ойласа басы қаңғырар,
Болыспас ешбір досы кеп.
Соқпайды бірі телефон,
Таныстың ойда саны бар,
Амал не кезі келген соң
Телефон даусын сағынар.
Сағыну, қайран сағыныш,
Адамдағы асыл бір сезім.
Қапаға кейде толып іш,
Жалғыз, — деп кісі білсе өзін,
Ойынмен іздеп жақынды
Елжіреп көңіл, келіп жас.
Атаса дейсің, атыңды
Аға мен іні, қарындас,
Яки жарың нақ сүйген
Шақырса дейсің «кел, кел!» деп.
Ол жүрсе шығып басқа үйден
Көрмеген болып, көлбеңдеп,
Сорлы бір кезің сол шығар!
Не керек оны еске алып.
Алда да келер мол шығар
«Қайырлы таң мен кеш жарық!
Деген бір демеу ой оған.
Тірлікте бірақ басқаша.
Бұзылмақ оңай кейде адам,
Ақылды ашу басқарса!
Бар еді сабыр бірталай,
Жатыр ол соны шығындап.
Қала ма ешкім құптамай,
Айыпты бұл ма шынында - ақ?
Арыз да жазған пенде емес,
Арызбен қиын ақталу.
Сөйтсе де үнсіз жөн емес
Құруға көзі шақ қалу!
Оңаша үйде отырып,
Өткен бір жолын еске алды.
Ақ қағаз бетін толтырып,
Ұзақты күн мен кешті алды.
«Инженер болу — қиын ба?»
Қиын, — деп жауап бердім мен
Өнерің болса тыйылма,
Құйыл! — деп іске келдім мен.
«Жоғарғы жақтан бір ақыл
Нұрымен бізді жарылқар,
Дегенше қалма сен қапыл,
Өзінде болса барың сал.
Қауым боп ізде жоғыңды,
Адамның қолын жеңілдет,
Ақылмен аршы жолыңды,
Аттасаң — қылмыс шегінбек.
Инженер болу — деген сөз,
Өнерпаз болу деп ұқтым.
Қиынға салды не бір кез,
Бәрібір жеңіп мен шықтым.
Мақтану ойда жоқ мүлде,
Мақтану десе шарам не?
Ықласы түзу көптің де,
Көпсіз де доссыз адам не?
Істеген жерім үш шахта,
Болмады онда жеңіл күй.
Бастықтың қолы — күш қатты
Ауната берді мені ылғи.
Аунатса, болмай тік тұрып,
Атқардым сүйген ісімді.
Көрмедім, айтсын жұртшылық,
Жәбірлеп ешбір кісімді.
Сен неге жақсы істейсің, —
Дегеннен жаман жазықты,
Көрмедім, сірә, өз басым,
Ол кінәні аз ұқты.
Тексеру болса, өтінем,
Әділет саған жүгініп!
Қашанда сен деп бекіген
Жанымда жатыр ұлы үміт!»
Көшіріп жазып қос дана,
Обкомға жолдап тұрып та,
Тіреді бірін: Москва,
Еңбекші газет «Трудқа».
Он төртінші тарау
Екінші хатшы обкомда
Алексей Иваныч Добрый. —
Аз тыңда яки көп тыңда,
Осындай біздің болды күй! –
Дейсің ғой, жолдас инженер?
Шынында қиын іс болған.
Жігіттер бар ғой кем көрер
Шахтаны әкім столдан.
Столды әркім меңгерер,
Істерді білу бір басқа.
Инженер керек, инженер
Тұрмысқа, біздің құрылысқа!
Әйтсе де сенде көп кінә,
Ойласу жағын білмейсің.
Бір іске көңілің соқты ма,
Ығымда ылғи жүр дейсің.
Басыңа келген бір ойды
Ұқтырып алмай өзгеге,
Болмасын, болсын қолайлы
Асырам дейсің жүзеге.
Ізденгіш жансың, көргенмін,
Көңілің аппақ күшің мол.
Табасың ойдың кем жерін
Қорытылса ұзақ ішінде ол.
Арындап қатты жүгіріп,
Алысқа рас барасың.
Солғұрлы жиі сүрініп,
Көбірек опық табасың.
Жалғанда, сірә, шын бір іс
Шахтадан өзге жоқ дейсің.
Сырттағы адам кіл қуыс,
Жер асты толған от дейсің.
— Ақсақал, ондай ойым жоқ,
— Тыңда, тыңда, тыңдап ал!
Дейді ғой сенде сойыл көп,
Сойылмен елді кім бағар?
— Естігем ондай лақабын,
Өш кісіден сөз қалмас.
— Есіңе ал қазақ мақалын:
«Шөп басы желсіз қозғалмас
Сол мінезді тастасаң!..
Ақылым, шырақ, бұл менің.
— Облисполком ешқашан
Мұздыбай — деп білмедім.
Басшы деген қашанда
Болатын еді кең көңіл.
Бар жазығым: жегжаты
Істейді екен менде бір.
«Соған пәтер бересің», —
Бере алмаймын дедім мен.
— Бере алмасаң — өлесің,
Сөйлесесің сен кіммен?
Сен жай ғана инженер,
Жүздің бірі — шахтысын.
Тыңдама да, бермей көр,
Бір облыс басшысын!»
Деген кезде, телефон
Іле салдым құлағын.
Бар жабысқан бәле сол,
Ашқызбады бір адым.
Хатшы басын шайқады:
— Иба, ізет, құрмет, — деп,
Күнде неге айтады?
Бітіріпсің бір мектеп!
Бітіру керек мың мектеп.
Жөні жоқ жәбір-жапаның,
Адам мен адам арасы —
Мәңгі зерттер ғылымың,
Мәңгі шегер сапарың!
Осы айтарым, ал мына
Ісіңе зер сап көрелік.
«Қорғаусыз, сірә, қалдым ба?!»
Дегенге жүрме сен еріп.
Партия сені сақтайды,
Керексің әбден сен оған!
Ақылды ешкім сатпайды,
Өзің де іштей жаңалан!»
Ол тұрып қолын алғанда,
Көзіне жасы іркілді.
«Береді - ау мол қып адамға
Жақсылық деген шіркінді!»
Деген ойын алқыммен
Тіреп, айтпай сәл тұрды.
Осынау қарттың отымен
Бар денесі балқыды.
Сүйіп айтар өзінің
Үйреншікті сөзінің
Бір реті кеп қалды:
«Осылай таулар сөйлейді,
Сөйлейді таулар!» деп қалды.
Он бесінші тарау
«Япыр-ау, қайда сол жылдар,
Рақат, қызық мол жылдар,
Ақырын-ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар!»
Оңаша бөлме... Сәске түс...
Асылып алған күн көкке.
Үй іші әсем — іш те тыс
Оранған барқыт, жібекке.
Үстінде жазу столдың
Ашулы жатыр бір кітап.
Өлеңнің мына төрт жолын
Белгілеп қойған кім құнттап?
Данышпан қайран, Абай - ай,
Асыл - ау сенің сөздерің.
Біліпсің жырлап, бағалай
«Адамның кейбір кездерін».
«Япыр-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар,
Ақырын-ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар!»
«Я, бәсе, қайда сол жылдар,
Сол сағат, сол сәт, сол күндер?
Жүректе қандай орным бар
Болдым дер яки толдым дер?
Не бітірдім сонда мен?
Қызметке бару, келу ме?
Ғылымда болды мол дәмем
Қиынын қайтпай жеңуге.
Ал соған қолым тиді ме?
Өткіздім күнді босқа мен,
Ғылымда жүрер күйім не,
Болмаса қаста дос жәрдем?
Қошемет, құрмет қуыппын
Болды — деп биік шашбауым,
Сондағы медеу — бір мықтым
Арымды бекер шашпауым.
Өзгелер шашып жүр ме екен,
Адалдық деген міндет пе?
Қызмет болды құр мекен,
Ол үшін айтам кімге өкпе?
Жұмысың жақсы — дейді құр,
Бір тегіс істе кім озбақ?
Ондайды сүймес бұл өмір
Жануың керек шын маздап.
Япыр-ау, қайда сол серік,
Япыр-ау, қайда сол ғашық.
Сол үшін тірлік жол шегіп,
Жанымен жаным жалғасып,
Жүрмін ғой деумен күн өтті,
Тілекті қашан жеткізем?
Жалынсыз қалса, жүректі
Жалынып кімге өткізем?
Ол есіркей, кірлемей
Сүйердей мен не істедім?
Жатты дедім үндемей,
Үндемеуін кешпедім!
Ол өмірдің отына
Шомылыпты күнде бір.
Тағдыр деген талқыға
Жиі түсіп жүрген ұл,
Мен көрмесін деді ме,
Сол күресін, кейісін?
Кейін жерсің деді ме
Сүйген жүрек жемісін?
Кейін татсын деді ме
Бал көңілдің сусынын?
Деді ме екен не мүлде
Білмесін - ақ бұл сырын?
Неге түстім кезіне,
Неге қаштым көргесін?
Суынды ма өзі де
Мен қашқақтай бергесін?
«Бір күн тозар ажарға
Мың күн ермек іздеген,
Көркін салар базарға
Сол - ay сұлу қыз деген!»
Деп ойлауға енді оның
Еркі, хақы толық бар.
Мен туралы пенденің
Небір сөзін ол құптар!
Неткен суық сөз еді,
Айттым мұны не біліп?
Ол ойыңнан без енді
Пәк көңілім серпіліп!»
...Ойдан соң ойлар дізіліп,
Өңінде жарын көргендей.
Өшіп те жанып қыз үміт
Таусылмай сөйлей бергендей.
Шайы да көрпе, ақ төсек,
Жастыққа сүйеп бетін ол,
Жатқаны ойда жоққа есеп,
Паркте жүрген секілді ол,
Мәжитпен білек ұстасып,
Қыз сыры неткен көп еді.
Біріне бірі ұштасып,
Кезектеп келе береді:
«Бар аяныш алдымда,
Таза сүйдім, ақ сүйдім.
Аттағам жоқ — ар куә,
Мен есігін басқа үйдің.
Міне отауың, бар мүлкің,
Бір өзің деп жинаған!
Сені күттім, жар күттім,
Сол кінәмді қи маған!
Мен бәлденіп жүрем — деп,
Өткізем деп назымды,
Азайтыппын біріндеп
Жақсы күнім, жазымды!
Қошеметшіл көп жігіт
Алданғанын қызықтап,
Соған жалған семіріп,
Сол күндерді жүз құптап,
Алыс тартып мен сенен
Кеткенімді білмеппін.
Ерте де мен, кеште мен
Сен қасымда жүр — деппін!
Шеккен кезде сен жәбір,
Дұшпандарың күн бермей,
Болды менің сонда бір
Есім қайта кіргендей.
Жан-жағыма қарасам,
Ұсынғандар маған гүл,
Қара көңіл, қара жан
Жауыққандар саған кіл.
Сонда білдім мен байғұс,
Өз жарымды жаралап
Мен болдым деп мұндай құс
Жүргенімді табалап.
Бар пәленің басы мен,
Ұйықтап жүрген құс екем.
Сенің ащы даусыңмен
Ояныппын — түс екен!
Енді өзің біл — мен сендік,
Аян күн мен айым бар.
Сол кінәмнен теңселіп
Құлап түсер жайым бар!
Сен сүйесең жан ашып,
Қайта жиям денемді.
Ықтиярға жол ашық,
Болдым айтып мен енді!»
Қара кірпік жас іркіп
Қалтырады шыдатпай,
Су тербетіп, жел сілкіп
Тұрған майса құрақтай.
Сүйір саусақ жоғары
Көтеріліп келді де,
Түсті қағып ол әрі
Жеткен жасты ерніне.
Енді бірде тыныстап,
Алды мазаң ой дамыл.
Түн ауған кез... тыныш шақ...
Саялы сәт жанға бір...
Талған дене ауырлап,
Тұңғиыққа батты да,
Қара бұрым бір аунап,
Аршын төсті жапты да,
Маңдайынан сипаған
Мәжитіне ұсап та,
Ұйқы — әлди, ұйқы - анаң
Тартты қызды құшаққа...
Он алтыншы тарау
«Кіріңіз!» деген есітті үн,
Әйел даусы! Кім болмақ?
Әлде мен оған кешіктім?
Құлағым әлде тұр ма алдап?
Тәуекел! Болды болары...
Шегіну енді жөн емес!»
Жөнелді аттап ол әрі,
Кезінде бұлдыр көп елес!
Адам жоқ ешбір... Бұ қалай?
Жанағы қатқан кім дыбыс?
Құлаққа ұрған танадай
Үй іші бейбіт — тым-тырыс.
Кіргенде түпкі бөлмеге,
Дыбыссыз басып, абайлап,
Дір ете қалды ол неге,
Бетінде ыстық қаны ойнап?
Жанары түсті суретке
Ілулі тұрған төрдегі.
Үйіріп алды сол бетте
Дегендей «тез кел, көр мені!»
Дәл өзі... Бұдан аз бұрын,
Сонау бір жылда сыйлаған.
Ұсынып тұрып жаз гүлін,
Деп еді-ау «мұны қи маған!»
Үлкейтіп алған тым тәуір,
Шыныға салып сақтаған.
Қызықты күндер, сол дәуір
Есіңе түсті қайтадан.
«Өзіңді түгіл, суретті,
Осынша құндап ұстаған.
Айнымас асыл жүректі,
Сабыры неткен күшті адам!
Адамбыз дейміз біз дағы
Өткізіп күнді құйынша!
Сонау сөздің жүз мәнді
Бір мәні бізге бұйырса!»
Ішкі бір сезім тулады,
Әкелді көзге жасты айдап.
Осынау ыстық сезімнен
Кетердей балқып тас қайнап.
«Келуге хақым бар ма еді,
Қасиетті мына мекенге.
Қазіргі жүрек дәрмені
Құндауға мұны жетер ме?!
Кетейін, ол шақ жоқ тәтті,
Кешірім болмас еш маған!» —
Дегенде, бір хат тоқтатты
Конвертін ешкім ашпаған.
«Алматы, Киров көшесі...»
Кездесті нендей күй жаңа?
Адрес айқын... бұл несі?
«Мәжитке және Динаға!».
«Ашайын» деген бір ойды,
«Ашпа» деп бір ой бөгеді.
«Япыр-ау, бұл жан кім болды,
Танысы мұндай жоқ еді?
Келгелі бес күн, ашпаған,
Желімі, бәрі сол күйде.
Кім еді зілін тастаған,
Онсыз да мұңы мол күнде?
Ашусыз қалсын ол солай,
Япыр-ау, енді не істедім?
Өтті күн мен соншама ай,
Еңбегім де еш менің.
Мен де ашусыз қалайын,
Ашылар күнім жоқ, сірә!
Тағдыр, тағдыр, талайым
Сына мені, көп сына!»
Жалт қараса, тұр аң-таң,
Шашы ағарған бір әйел!
Мана іштен үн қатқан
Деген бұл ма «Кіре бер!»
— «Амансың ба, қарағым!»
Деді кемпір, күбірлеп.
Кетті билеп бір ағын
Бар денесі дірілдеп.
Есін танған күйінде
Маңдайынан кемпірдің
Жылдам - жылдам сүйді де,
«Адалыма кепілмін!»
Деген сөзді айтты әрең
Сыртқы есікке барғанда.
Қолын жайып қапты әжең
Тоқтата алмай арманда.
Дереу бойын жиып ап,
Қарады кеп әйнектен.
Жоқ болыпты құйын нақ
Жаңағы бір бойжеткен!
Он жетінші тарау
Облсовет кеңсесі...
Орынбасар Мұзбаев:
— Комиссия бес кісі,
Я онда, я бізде айып!
Онда болар тегінде,
Кетер судың түбіне.
Енді құлар жерінде,
Көзге түсіп, жүгірме!
— Құп болады, жездекем,
Мен өзім де ол жағын
Байқамайтын ез бе екем?
Күні бұрын болжадым.
Материал түп-түгел,
Жатыр бәрі шатысып.
Берсе болды күш-жігер
Обкомнан біреу қатысып.
Бар кінәсі терілді —
Ата-тегі, бұл күні.
Анықтама берілді,
Тарс жабылды түндігі.
Тек бір ғана кәдік жай... —
Деп Қыздарбек мүдірді.
— Айтсайшы енді, ол не ойбай!
— Қызы құрғыр бүлдірді!
— Нені? Не деп кеттің сен?
— Көнбей қойды айтқанға,
Арыз жазып үстінен
Бер деп едім обкомға!
— Қайта сенің үстіңнен
Жаздым, — деді арызды.
Қолдап жүрген кісіңмен
Таптым, — деді, — бар ізді!
Кісі көзін көрместен,
Адам ісін білместен,
Қара жылан жол кескен,
Тікенексіңдер уда өскен! —
Деді - ау және, сол батты.
— Қап, тәңірі - ай, не дедің?
Қызға тіпті болмапты
Көк тиындық беделің!
Әлдеқашан әйел қып
Алып ал сен, демеп пе ем?
Жоқ қылмысты дәлел қып,
Қамыңды сенің жемеп пе ем?
Алда, сорлы-ай, нақ сорлы,
Сен екенсің жалғанда!
Қайда қазір, тап соны,
Алдыма әкел, алданба!
— Қазір онда! — деп шапшаң
Тұра берді Қыздарбек.
— Әй, тұра тұр, от бассаң,
Қиын болар, қызба дерт.
Сен жағадан сүйретіп,
Ол шегінсе сор дағы.
Кетер істі күйретіп
Сендей жігіт орданы.
Бармай-ақ қой. Добрый
Болысып жүр ол қызға.
Барар болса, жолын қи,
Кабинетте болғызба?!
Енді шара сол ғана,
Ей, бейшара, құрттың - ау!
Ессіз туған бір бала,
Кеудемдегі құрт тымау!
Қайыс алсам жотаңнан
Хақым менің бар әлі!
Қорқамын деп апаңнан
Қор болмасам жарады.
Әлің жетпей бір қызға
Әлі күнге жүріпсің.
Қай қызметке тұрғызба,
Қайтара алмас шіріксің!
Не қылайын мен саған,
Бар, бар енді, тұрма көп!
Айтпақшы әлгі жақсы адам,
Жүсекеңнен бір дәмет!
— Пенсияда ол кісі!
— Ойбай, солай екен ғой!
Бастықтардың ірісі
Бәрі қазір бөтен ғой!
Бәз-баяғы жалғыз мен.
Қайда жолдас сан кісім?
Сорға біткен балдыз ең,
Сорлатпасаң не қылсың!
— Бар, бар енді, өзің біл!
Есің барда қызға жет! —
Етті де ерні аз күбір
Кетті шығып Қыздарбек.
Ойға шомды ал мынау:
— Кеш қалыппын ай кейін!
Шалудай-ақ шалдым - ау,
Жығылмаса, қайтейін!
Қырым түскен кісімді
Қырғи болып жеуші едім.
Тоздырыппын тісімді,
Қылғи берем деуші едім.
Қан қарайып, қас болсам,
Қайыр етпес кісі ем мен.
Қандай мықты тас болса
Үгетуші ем діземмен.
Мынау бала бұлтыңдап
Шыға берді тақымнан.
Қатын сөзін бір тыңдап.
Таптым ақыр жақыннан.
Маңайыма өзгені
Үйіруім кем соқты.
Жығылмауы сөз бе еді,
Қатар тисе он соққы?
Неге егестім онымен?
Есеп берер жоқ шама!
Бастаған іс қолыңмен,
Жеңбей, көңіл, тоқтама!»
Он сегізінші тарау
Тексеру өтті... Көп күндер
Салмағын салған иыққа.
Қамалды ойлар таппай жер,
Нелер бір қиын тұйыққа!
Сандаған айып, мол кінә
Әр күнді алып әр жақтан,
Сарсаңға салып болды да,
Сартылдап тынды сан қақпан.
Тісіне түк те ілікпей,
Азуын шауып ал босқа.
Түсірген жерге сүліктей
Инемен шаншып дәл басқа,
Әділет — найза пәлені
Түйреді солай біріндеп.
Сырқаттың болмақ бір емі
Жүректің келген түбін жеп.
Дәл солай бұлт та сейіліп,
Көрсетер көктің айнасын.
Шығады алып сені үміт
Дегізіп: «күнім қайдасың?»
Өзі де Мәжит тап басын
Ойламап еді ешқашан?
Жатыр деп бұлай баттасып,
Жағылған оған күс пен шаң.
Осы бір күндер жетелеп
Өткізді оны не сақтан.
Шығарды уақыт желкелеп
Талайды бұғып тас атқан.
Жас маман десе қол сілкіп.
Сенімсіз қарар «жазғандар»,
Қолында болмай еш мүлтік
Қадалтып арыз жазғандар,
Күңшілдер, ескі дерттілер,
Жағымпаз қулар, қорқақтар,
Жалғанға ерні ептілер,
Жалқаулар, іске шорқақтар.
Бәрі де қалмай көрінді
Бір уыс арам шөп құсап.
Әділет, сүйем қолыңды
Өртедің соны от құсап!
«Трудта» шықты жарқырап,
Мәжиттің шыны, аяны,
Жеткізген бәрін айтып-ақ,
Еңбегі, өмірбаяны!
Мақала басы: «Инженер
Досанов, неге жазықты?»
Сұрақты әділ берген ел,
Жауабын да өзі жазыпты.
«Талантты, іскер, инженер,
Кеңестік біздің жаңа адам,
Іздеген өзі күнде өнер,
Сарсылған ақыл, санадан!
Бәрін де, жақсы не тапса,
Еліне арнап ұсынған.
Қиынға көнбей жалтақша,
Күреске жаны құлшынған!
Жігерге толы, күшке бай —
Бойында қайрат, мол жастық,
Ретін тауып ұстамай,
Қудалай берген кей бастық.
Қай жерге барса іс тосып,
Қайтемін енді демеген.
Арттағы қалған участок
Алдағыға әкеп теңеген.
Тоңмойын кейбір бассымақ,
Сол істі жорып өзінше.
Жамаған өсек бас құрап,
Кейде бір сыбыс сезілсе!»
Осылай газет нық талдап,
Жазыпты бірін қалдырмай.
Күйреді солай жұққан дақ,
Жуып бір өтті жаңбырдай.
Обкомның болмақ бюросы,
Соңғы бір асу ендігі. —
Мәжитім жайраң күйде осы,
Көптен соң бойы сергіді.
Есіктен кірген кемпірге:
─ Хал қалай, апа? — деп күлді.
Талайдан осы кеп тілге,
Күлгені жаңа секілді.
─ Жақсы ғой, қалқам! — Қос қолдап
Бетінен сүйді. Тамды жас.
─ Хәліміз енді жақсармақ!
Жақсармақ, апа! Ол рас!
─ Ашылшы, бәсе, бір солай,
Не болып кетті күн өзі?
─ Бар екен тұрар жұмсармай,
Өмірдің кейбір мінезі.
Өттік пе деймін бір сонан,
Жасай бер, апа, тойыңды.
Аурудан аман болса ағам,
Ауылдан алдыр қойыңды.
Жасашы тойды, шіркін той,
Күн болды сені сағынар!
Жазылар солай бір күн бой,
Жайраңдар көңіл шағы бар!
Диплом алдым деп жүрсем,
Бір диплом неткен аз!
Мектебің көп, өмір, сен,
Екенсің ғалым бір сабаз!
Оқытып алдың тағы да,
Сынағың болды тым қатал!
Билетім серік арыма
Кеудемде солар бір жатар!
Алып та қоям деп еді-ау.
Қайтемін соны еске алып.
Алдағы күнге денім сау
Ұмтылам, тұрмай жасқанып!
Осындай ойда, бұрылды ол:
— Мәзжан - ау! — деген дауысқа
— Ана бір күнде мұңың мол,
Қаптаған бәле сол тұста,
Бір адам келді осы үйге,
Уылжып тұрған бойжеткен.
Болғанмен нұрлы, түсі игі
Өзі бір ауыр ойда екен.
Жаңылмасам, әлбетте,
Кәрілік кейде жеңеді - ау!
Мына бір тұрған суретке
Келбеті соның келеді-ау!
— Не дедің, апа! Келді ме,
Келді ме, сонда не деді?
— Сасып та қалдым мен мүлде,
Көре сап мені, жөнеді!
— Әй, апа - ай, неге отыр, — деп,
Күтші, — деп, — мені айтпадың
— Үлгірмей қалдым, соңғы рет
Естідім есік жапқанын!
Жоқ еді үйде ешкім де,
Сыртынан қарап тұрдым мен,
Үстелдің анау үстіне
Байқадым түрін үңілген.
Өзі де Мәжит байқамай
Жүгіріп барды столға.
Отырмады онда ай талай
Басында қауырт іс барда.
Қараса, жатыр бір конверт
Ауызын ешкім ашпаған.
Менде де қызық сыр бар деп,
Тұрғандай сонау хат саған!
Ашып кеп қалды: «Ардақты
Мәжит пен Дина — кешіңдер
Кінәм бар менің салмақты,
Амал жоқ, соны естіңдер!
Сөзіне ердім бір қудың,
Түсірді алдап бір залым,
Жандарыңа у құйдым,
Хаттарыңды ұрладым.
Араларың көп суып
Кетсе — кінә тек менен.
Жар жүрегі — жас үміт
Қадіріне жетпеген.
Өмірімде ең үлкен
Қатты қылмыс болды бұл.
Неге жаным ерді екен,
Қалай батты қол құрғыр,
Өзімді өзім жегідей
Үңгіп жеумен күн өтті.
Тоздыруға мен бірдей
Екі аппақ жүректі
Ұмтылыппын, масқара,
Мен сонымды кеш білдім.
Жол таба алмай басқаға,
Алаяқты дос қылдым!
Ол опасыз оп-оңай
Өмірімді жер қылды.
Отқа түстім байқамай,
Жаза таптым сол құрлы!
Өзім бақыт дегенге
Оп-оңай-ақ жетем — деп,
Ол алдаған кезеңде,
Сендім ісім бекер, — деп.
Кешер қуат болса егер,
Тату болса жандарың!»
Енді мені кешіңдер,
Өз ісімді қарғадым.
Отыра кетті ол диванға
Өкініш, қайғы қат-қабат
Жүрекке келіп құйғанда,
Аяқсыз сонау махаббат,
Есіне түсті қайтадан
Қайырсыз күндер сілтісі.
Тұнығын бұзып шайқаған
Адамда залым бір кісі.
Көзінің келді алдына
Түлкідей жылмаң сол адам.
Жылатып талай жанды да,
Жүрегін жастың тонаған.
Өз жүрегін тот басқан
Махаббаттың ұрысы...
Жіптері әбден шатасқан
Түйіннің шықты бір ұшы!..
Он тоғызыншы тарау
Күндер - ай, күндер тізбегі,
Бөлеміз «кеш» деп, «ерте» деп,
Алысқа сүйреп біздерді,
Келесің алға жетелеп.
Осынша күндер, өмірде
Үлесің үлкен бар шығар.
Кетпесе керек тегінде
Маңдайдан аққан тамшылар.
Сонда да күн бар ерекше,
Жаным бір сүймек, ұнатпақ.
Ол күнді қазір газетте
Шешуші күн — деп жүр атап.
Тынымы болмақ бар істің,
Қай кезде, кімде, қайда да.
Күттірген осы алыс күн
Сырғып бір жетті жай ғана!
Обкомның үлкен бюросын
Суреттеп шығу болар күш.
Аз сөзді маған қи, досым,
Әлі де біздің жол алыс.
Жол алыс десем, шошыма,
Дастаны ұзап кетер — деп.
Ұзамас енді ол, сірә,
Бітірдік ақыр екеулеп.
Сонау бір мықты жиылыстан
Үзінді берсек болар да:
— Ұядан тұңғыш бірге ұшқан,
Ұяға қайтып соғар да.
Сондай - ақ бүгін мені ешкім
Шақырмай мұнда келіппін.
Жиылысқа құмар емеспін,
Келген жоқ және желіккім.
Жетелеп келді ар мені,
Коммунист деген атым бар.
Жетпесе сөздің дәрмені,
Адалдық үшін антымды ал! —
Деді де тоқтап, Жүсекең,
Толқыған көңілін бір басты.
— Адам да көппен кісі екен,
Сағынар серік, жолдасты.
Алексей Иваныч, мен сені
Сағынам қазір — неліктен?
Көріп те жүріп сағыну —
Дегенді естіп, біліп пе ең?
Сағынам сені — сенімен
Істес боп жүрген күндерді.
Серіксіз жалғыз серуен,
Салтанат құрып кім көрді?
Пенсия дедің, ол дедің,
Бұл дедің де — құтылдың.
Шаршадың — деміңді ал дедің,
Ағыздың майын бір тілдің.
Демалғыш болсаң сен неге
Деміңді мендей алмайсың?
Қарамай кәрі кеудеңе
Жасарып тұрған жандайсың? —
Дегенде жұрт ду күлді,
Бюрода күлу әбес пе?
Жүсекең солай күлдірді,
Күлдірем — деген жоқ есте.
─ Жолдастар, сізден кешірім,
Арызымды айтсам көлденең.
Қаралып жатқан мәселе
Басқа ғой — десең, — мен көнем.
Алайда соған арыздың
Тікелей бар бір қатысы.
Соны да айту парызым,
Өкінді деме қарт кісі.
Алексей Иваныч, құрбым ең,
Мендегі саған жай мәлім.
Баяғы біздің бұрғы мен
Қалғанын ескі қайланың
Ұғынсам жаңа, шарам не?
Кетті ғой бізден кемшілік
Комбайн десе — маған не?
Қарамай жүрдім менсініп.
Қазірде қолға таяқ ап,
(Әлі де бар ғой бойда күш!)
Шахтаға барсам аяңдап,
Жағалай бәрі жаңа әдіс!
Түсіндім бәрін кеш қалып,
Күшейте бердім күдікті,
Бауырға тартып, басқарып
Жүрмедім мына жігітті.
Жазығы мұның: «Жүсекем,
Қолдайық соны біз!» — деген.
Мұзбаев залым кісі екен
Арадан пәле іздеген.
Ақ көңіл, аңқау басымды —
«Кәрілерміз» деп соқты қу.
Қылығы қазір ашылды,
Кәсібі — жұртты өрт қылу.
Өзгені әсте көре алмау,
Өн бойы толы күншілдік.
Құлатпай соны дем алмау
Өзгеге тұрса күн шығып!?
«Кәрілер ғана дұп-дұрыс»
Деген бір пікір алдапты.
Айтылған сөздер — шындық іс,
Қозғаман енді ол жақты.
Арттағы нашар шахтыны
Таңдап-ақ маған беріңдер.
Әшейін айтты қарт мұны
Демеңдер, сөзге сеніңдер.
Кадрды білмей кеткен бір
Кінәмді солай жуайын.
Мен қазбаған жоқ көмір
Тағы да аңсап шығайын.
Бұл Досанов қайтадан
Келсін маған - кел деймін.
Бір сүрініп байқағам,
Ендігіге көнбеймін!» —
Осылай қартың сөйледі,
Тыңдады бюро түп-түгел.
Мәжиттің жаңа кірді өңі,
Құйылып бойға күш-жігер.
Көзінде ойнап бір жалын
Көрсетті жарқын бейнені:
«Әділет, саған ырзамын,
Ырзамын саған!» дей берді.
Қуылды барлық зұлымдық,
Жабысқан лас, сызды лай,
Өмірдің дерті — жұлынқұрт,
Қыздарбек, сонау Мұздыбай
Мәжитке таныс ой келді
Жадырап шыққан шағында:
«Осылай таулар сөйлейді,
Сөйлейді таулар тағы да!»
Жиырмасыншы тарау
Штрек бойлап келеді.
Келеді біреу асығып.
Түнекке қазір енеді,
Тұлғасын дереу жасырып.
Лаваға міне жол жатыр
Тұтқиыл, қисық, бұралаң.
Шамыңды қолға ал, батыр.
Мекенің осы сұраған.
Сүңги бер енді кімсің, сен?
Әйтпесе мейлі кім болсаң.
Әлде бір таныс кісімнен
Айнымай тұрсың — сен нансаң.
Мейлі ғой, бірақ, көрерміз
Ал кәне алға баса бер.
Алда бар шыңырау, нелер құз,
Аңырма тоқтап, аса бер.
Еңкею, бұғу, бауырлау,
Сусыған аста тайғақ тас.
Құласаң, болар ауырлау,
Кім болсаң да байқап бас!
Алдағы тарсыл немене?
Көрінді әне бір топ от.
Тиеді бұл жер төбеңе,
Тізеңді аз-маз бүктеп өт!
Қалдың сен неге іркіліп?
Жасқанба деймін, тарт алға!
Енді бір кетсең жұлқынып,
Жетесің мына жалтаңға!
Мына бір шойын тап-тапал,
Шығарар көмір жәукемін,
Сүйегін жердің қақсатар,
Осы ғой нағыз дәу - перін!
Болат бір арқан зуылдап
Астында жатыр нақ соның.
Қабатты қиып, қырындап,
Шашады қалай от шоғын!
Шақырлап тісі жөнелсе,
Қап-қара тозаң қап-қалың.
Күйеге қосып күйе сен,
Көзіңді майлап жатқаның.
Оң жақта астау зыр қағып,
Қақшиды көмір қабатын.
Бункерге ілез мың барып,
Қағады талмай қанатын.
Төменнен, сонау етектен
Өрмелеп шапқан комбайн,
Алдағы шығып бір шеттен
Қайтадан түссе, дап-дайын.
Оюлы орны тұрар сай,
Жата қап тағы, сілтейді.
Қап-қара тозаң құрымдай
Бетіңді ілез бүркейді.
Цикл деп соны атаған,
Жоқ мұнда тыным қол байлау.
Баяғы Мәжит мақтаған
Жаңашыл әдіс сол мынау.
Айтпақшы, менің серігім,
Жаңағы кісім қайда екен?
Көрді ме ерлер ерлігін,
Келгені мұнда жай ма екен?
Сірә, бір жазым болмасын,
Осында өзі шақ келді? —
Дегенше әлгі жолдасым
Құшақтап жатыр шахтерді!
Кім болды бұлар соншама,
Құшағын ашқан мол жайып.
Жер астын кезіп ол сонда
Туысын тапса бар ма айып?
Оқушым, кешір, егер мен
Танымай қалсам мұндайда.
Шахтерша бәрі киінген,
Көзіңді алдап тұрмай ма?
От қазып жатқан мекенде
Кездесті оттай махаббат!
Дариға, соған жетер ме
Жайдағы уәде, айтқан ант!
Манағы серік — Дина екен,
Жүз таныс жансың — деп едім.
Ендігі сөз бен күй бөтен,
Шахтаның ең бір тереңін,
Тапқандай болдым өзім де
Адамнан — адам жанынан.
Көрінді достар көзіме
Талайдан іздеп сағынған.
Дәл қазір үн де, тіл де жоқ
Тұр әлі құшақ жазылмай.
Кешігіп жолдан, бүгін кеп
Оралған өмір жазыңдай,
Арада тасқа соқтығып,
Қосылған кайта толқындай,
Өкініш деген дерт буып,
Босанған үміт отындай.
Арасын түнек қақ бөліп,
Табысқан таңда күн, айдай.
Денесін жалын от сөгіп,
Біріккен егіз шынардай.
Тұр әлі олар қозғалмай,
Құрыштан жаңа құйғандай,
Айтылса, бітпес сөз бардай,
Шертілсе, шексіз сыр бардай.
Сонау бір өткен жылдардың
Қызығын қайтып бер — деген,
Жүрекке біткен құмардың
Қызуын қайтып бер — деген,
Өмірге бардай бір асыл
Өтініш, қолқа, тілегі.
Жақыны, жары, жаны ашыр
Айнымай қалған жүрегі.
Қайта да - қайта елжіреп
Ырзалық етіп қос көңіл.
Екі де бірдей ер жүрек
Қызығын алдан тосты өмір.
Сәлден соң әне екеулеп
Еңкейіп лава жолымен,
Бір-бірін алға жетелеп,
Жабысып қолы қолымен
Жарыққа кетіп барады,
Жарқырап маңдай жұлдызы.
Алда да талай бар әлі;
Өмірдің өрі, шың, құзы...
Оқушым, көрсең ал міне
Шықты олар жердің бетіне!
Жуылды жаңа шаң, күйе,
Қарай бер енді көркіне!
Баяғы балғын Динаңыз,
Жанады - ау жүзі балбырап,
Өзі де әсем күй нағыз
Тыңдай бер енді, сал құлақ!
Құшақтап алған Мәжитін
Табылған қайта жоғалып,
Хош иіс бұрым — қою түн
Білекте жатыр оралып.
— Үйге ме? — деді, қыз сонда,
Жарына көптен тіл қатып.
— Әрине, үйге! Баста алға!
Үйіміз болу — бір бақыт!
Деді де Мәжит білектен
Құлшына ұстап, кетті алға.
Сонау бір найза кірпіктен
Жас құлай жаздап жатқанда.
Барады білек ұстасып,
Жазылмас енді сол білек,
Аспаны мөлдір, үсті ашық,
Табаны тегіс жол жүрдек!
Жетеле, солай, Жетеле
Жарыққа жеткіз жарыңды!
Еркеле, сұлу, еркеле,
Тәтті сөз жаның сағынды!
Табыстың жердің астында
Самсаған оттың ішінде.
Ілесіп көмір тасқынға
Шықтың ғой жердің үстіне,
Ілесіп өмір тасқынға
Ақ толқын болып ағарсың.
Бақыт құс ұшып басында
Талусыз қанат қағарсың.
Өткен бір күнге салауат,
Өмірдің таптың өз кілтін.
Алғы күн саған аманат
Аяулы досым, Мәжитім!
Өзің де ылғи айтқандай;
«Әділет күні сөнбейді!
Көмірдің тауы сөйлейді,
Өмірдің тауы сөйлейді!»
Сермеші құлаш, серпіліп,
Дәуірдің ұлы — жаңа адам.
Мен де бір тағы желпініп
Бастайын дастан жаңадан.
Наурыз — шілде,1960 жыл, Қарағанды —Алматы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі