Шатыртау – Ғафу Қайырбеков

Бұл бетте «Шатыртау» атты Ғафу Қайырбеков жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 28.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1224
Шатыртау, көрінесің көзге қандай!
Көп уақыт кірпігімді қозғай алмай,
Қарадым аңтарылып, сәл шегініп,
Алдымнан бір биік от маздағандай.
Шынында сен бір алып шатырдайсың,
Сұстысың, қасыңа ешкім шақырмайсың.
Бұлтсың ба тас нөсерден қалып қойған,
Бұлт болсаң, енді қашан шатырлайсың?
Аспанның жазығына жалғыз шығып,
Қарайсың қабағыңа қар қыстырып.
Төменде күмбір қағып теңіз жатыр,
Толқыны тас кеміріп, жарда ышқынып.
Сен болсаң, тәкаппарсың, біртүрлісің,
Жатырсың өзге таудың құртып мысын.
Бойында білгізбеген не күшің бар,
Жоқ жай бір көз арбаған сиқырмысың.
Дегенше сағым жұтқан бұлдыр алап
Үстінен қыран ұшты мұзды балақ.
Өңірін өзге таудың сипап өтіп,
Төбеңе бара жатты күн домалап.
Шалқайып жата бердің, өзің кел — деп,
Сұлудай жас жігітке сөзін бермек,
Күн ерке құлай берді, құлай берді
Бар кінә, ыстық мінез өзімнен — деп.
Шашылған омырауыңа саф күмістей
Күн дәті шыдамады қатты түспей.
Әлдене сыңғыр еткен секілденді...
Мен сенен құдірет тауып қайттым іштей.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Шатыртау өлеңінің авторы кім?

Ғафу Қайырбеков — осы өлеңнің авторы.

Шатыртау өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Шатыртау өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Ғафу Қайырбеков өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Шатыртау өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері