Өлең, жыр, ақындар

Қамыс мінген хикаясы

  • 29.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1381
Өмірі соққан желдей адамзаттың,
Қызығы түс сияқты көңіл шаттың.
Жүз жылғы "айшы әшірет" аңғарғанға,
Болмайды шамасындай бір сағаттың.
Мал, мүлік, мәртабаға мәз боламыз,
Мағынасын ойламастан бұл ікіматтың.
Бәндеден бұл сияқты, бей опадан,
Ылайық шама келсе қалмағы аттың.
Нішана аз болса да бола ма, – деп,
Мазмұнын өлең қылдым бұ ікаяттың.
– Бар еді баяғыда бір жақсы адам,
Ақыл мен жұртты билеп алған тамам.
Шарт қылды ол жүз адаммен ақылдасып,
Бір сұлу іздеп жүріп, қатын алам.
Әр күнде бір адамнан ақыл сұрап,
Өткізді неше уақыт, неше заман.
Бірі оны, бірі мұны айтқан болды,
Ойынша өздерінің жақсы, жаман.
Кісімен тоқсан тоғыз кеңес қылды,
Шарты бар жүзді тегіс түгендеуге,
Біреуін үйден шықты іздеуге енді.
Бір қатын бітсе шартым,– деді, алайын,
Кеңесіп көше үстінде көрсем кімді.
Балаша қамыс мініп біреу келеді,
Адамдай адырайып болған жынды.
Деп айтты келе жатып: – ая, адам,
Ат басар аулаққа қаш алып білді.
Ойлады "жынды екен,– деп, жарым есті",
Айтайын бұғандағы бұл кеңесті.
Берсе де не деп жауап, "жарайды" деп,
Қояйын, қатын алып, бұл жүрісті.
Мақсұтын ойындағы білдіруге,
Жындыға жақын келіп жолығысты.
Тайрақтап олай, бұлай жүгіріп жүр,
– Атымның тоқтамайды,– деп, басы күшті.
Тоқтады жақсы жігіт, "не дейсің?" – деп,
– Кес-кестеп неге алдымды бөгейсің, – деп.
– Арнайы айтатұғын болса сөзің,
Қасыма неге жақын келмейсің, – деп.
– Мен өзім інабатсыз диуана едім,
Сен мені адам біліп елейсің, – деп.
Көңілі жолыққанға жүдә қош боп,
"Тұқымың, – дұға қылды, көбейсін!""деп.
Жігіт ем жеке жүрген, алмай қатын,
Сал менің сауалыма ілтипатың.
Бабында қатын алмақ жүз адаммен,
Бар еді ойласуға уағда, антым.
Кісімен тоқсан тоғыз кеңес қылдым,
Данышпан, не бір дана баққан халқын.
Жындыдай көрер көзге көрінсең де,
Тимейді құлағыма сөзің салқын.
Сөйлессем сеніменен шартым бітер,
Қатынның баян айлап білсең парқын.
Қатынның білем деді, неше түрін,
Талайды көрген ермін сенен бұрын.
Іс қылмақ маслихатсыз — мәжнүн ісі,
Көппенен кеңескенің жақсы, дүрім.
Ақылдың артық баға сабынымын,
Мен сенің кетірейін кеулің кірін.
Жүрісім көзге мұндай көрінсе де,
Артықша андағанға сөзім шырын.
Үш түрлі әйел болады анда, жаным,
Осының тәуірін ал, болса малың.
Басыңа біреуінің пайдасы бар,
Пайдасыз біреуі қаш, келсе хәлің.
Бірінің пайдасы мен залалы тең,
Осыдан хабардар бол, берсең қалың.
Болады құдай қосса пайдалы қыз,
Бір қыз ал қалың малы болса да жүз.
Біледі қадырыңды болмаса ақымақ,
Өзіңді сыйлап күтер кеші-күндіз.
Балалы, байды өлтірген қатын алсаң,
Көрмейсің одан пайда, күдеріңді үз.
Қаншама тәрбиелеп баққаныңмен,
Жәй сөзің жүрегіңе болады мұз.
Мүбада, баласы жоқ болса-дағы,
Оны да ала қойма "болар, – деп, – түз".
Бірде жөн, бірде қисық, бұраң болар,
Әйелдің неше түрін сынағанбыз.
Ықтымал тигеннен соң, туса бала,
Ылажсыз онда жүрер сыйлап қана.
Баласыз тұрғанында тулап тайдай,
Болады қайткенменен кеулі ала.
Ойына өліп кеткен ері түссе,
Ісіңді я бітіреді, яки шала.
Түсінсең осылайша болар, жаным,
Үш түрлі әйел шәрһи айтқан мына.
Деп айтты: – Бәрекелді, екенсің дүр,
Сыйлайын сені апарып үйіме жүр.
– Жоқ, – деді, бұл ақылды айтқан іш кім,
Үстіңе Жаппар Алла жаудырсын нұр.
Я патша, я беклікке ылайықсың,
Себеп не мәжнүн болып жүруге құр?
Мен сені тегін адам демей тұрмын,
Мұныңның мағнасын айт, тыңдайын бір.
Мен өзім шын тазайым едім әулет,
Бұрынғы бабаларым әкім болып,
Салтанат көрсетіп еді көпке сәулет.
Дүниядан солар сапар шеккеннен соң,
Біздерге қол ұсынды келіп нәубет.
Падыша бұйрық қылды бол,– деп,– қазы,
Қарыжың қазынадан қысы, жазы.
Халыққа шәрһи үкімді жария айлап,
Үйінде жал-жая жеп, отыр мәзі.
Шарласам шаһі әмірін, шерменде боп,
"Қалармын,– деп, – болмадым мен біразы".
"Тұтпасаң әмірімді өлтіремін,
Атаңның келе жатқан бұл мұразы".
Деп қатты ықтиярсыз қылды қысым,
Аңладым айналғанын теріске ісім.
Ойладым өз-өзімді жынды қылып,
Осыдан құтылайын, келмес күшім.
Қамысты балаларша ат қып мініп,
Жынды боп жүрмін, жәнім, әнің үшін.
Мұнымның себебі сол, сауал қылсаң,
Болмаса топ-толы ақыл іші-тысым.
Сөзіне осы айтқан қалды аң-таң,
Таңданды "бар екен деп мұндайша жан".
Биліктен бүгінгілер қашу түгел,
Ант айтар "таласам, – деп, – келсе шамам".
Жаһанның айуанын кең десек те,
Енді жоқ іздегенмен ондай адам.
Үйіне алып барып, құрмет етті,
Астына ат мінгізіп, жауып шапан.
Осының айтуымен алып бір қыз,
Туады нәсілінен талай ұғлан.
Тамаша айша әшірет қызық көріп,
Айлады сосын раһлат бұл дүниядан.
Қатынның тұл боп қалған жоқ пайдасы,
Болады жеңуге ерді көп айласы.
Қызбенен ерден қалған қатынды алып,
Нанбасаң бұл сөзімді абайлашы.
"Бесік көргенді ал, есік көргенді алма" деген,
Қазақтың қата емес нақылиясы.
Муапық осы айтқанға ойға келді,
Өткеннің және де бір ікаясы.
Егесі парасаттың бар еді алым,
Қамала қай жердегі халыққа мәлім.
Пәк нәсіл бір жақсының қызын алды,
Неше мал, неше мың сом беріп қалың.
Қыз-дағы көп оқыған молда еді,
Ылайық бір перизат деуге "ханым".
Арамға өз еркімен жоламайтын,
Тамиғы өзімен тең анық әнің.
Бір күні ауырды қыз болып қаста,
Жақындап жазылулы тағдыр баста.
Ол қыздың алым келіп әлін сұрап,
– Айтатын сөзің бар ма,– деді, басқа?
Баяғы өз үйімде жүргенімде,
Далаға шығып едім ойнай жаста.
Қойшысы бір араптың ұшырасып,
Қоймады көп қорқытып, тіл алмасқа.
Ақыры зорлық етті бермей ерік,
Мені онан айырмады ешкім көріп.
Үйіме жіберген соң, жылап келдім,
Ылажсыз аманатты соған беріп.
Бетбақтың сондағысы түссе ойыма,
Сүйегім қорғасындай кетеді еріп.
Қызығы көңілімнен кеткен емес,
Болса да ықтақатым сізге берік.
Мен өлсем қыз алыңыз, алма қатын,
Сізге айтар менің осы нахылиятым.
Дүниядан уақытым бітті, енді өлермін,
Біреудің кәйтсең де ал пәкізатын.
Биуа байды өлтірген қатынды алсаң,
Күннен күн күңгірт тартар көңіл шатың.
– Айтатын мұнан басқа сөзім жоқ, – деп,
Айлады Аққа тәсілім аманатын.
Сопия әйел еді жақын Аққа,
Көп аса көз салмаған арам жаққа.
Көңілі сол жігітте жүреді екен,
Алымды, сырын айтып, қойды даққа.
Жақындық зорлықпенен болса-дағы,
Сонда екен ықыласы әр уақытта.
Қалайша кісінікі қатын болар,
Ойлашы, есің болса, бұған бақта.
Қыз алмай, қысқасында әйел алсаң,
Алғаның сау басынды машақатқа.
Мүбәда, қыздай алған жарың өлсе,
Талабың болсын тағы қыз алмақта.
Болғанмен асылы әйел қанша айтқанмен,
Болмайды онан артық еш уақта.
Ерлерім, етпей күмән, есің болса,
Осы айтқан үгітімді ойға сақта.
Қиялым қысқартуды қылды талап,
Шұбалтпай сөздің соңын көп ұзаққа.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Аштардың Әбенұғлы тыңда арызын

  • 0
  • 0

Аштардың, Әбен ұғлы, тыңда арызын,
Тыңдайтын азамат ең сөз тәрізін.
Жатқалы тұтқын үйде жеті ай болды,
Тауысып тамақтарын, пұл мен қаржың.

Толық

Сақиға

  • 0
  • 1

Ағаңнан ілтимас сөз, інім Сақи,
Ерде бар кездескенде ердің ақи.
Шаппамның басы босап, тыңдамайды,
Түзеліп бұрынғыдай десем қақи.

Толық

Не көп?

  • 0
  • 0

Кей доста келісуден керісу көп,
Өсек пен өтірікке ерісу кәп.
Көзге — дос, сыртыңнан — қас, іштен — араз,
Сылтау қып сәл нәрседен жерісу көп.

Толық

Қарап көріңіз