Өлең, жыр, ақындар

Нушаруан хикаясы

  • 29.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1267
Бақ құсы баяндаса бастарыңа,
Жұмыс қыл, жарасарлық наштарыңа.
"Жаспын" деп, жауға қарсы шаба берме,
Ақ кірер әлі-ақ бір күн шаштарыңа.
Сор жерге шөп шықпайтын шығыр құрып,
Егінді өкінерсің шашқаныңа.
Ата-ана, ұл менен қыз, аға-інінің,
Күндер бар көз сала алмас сасқаныңа.
Тұтқында тұтынсаңдар қалмассыңдар,
Сәруардың салған жолын асхабына.
Достының дінін абат қылғандардың,
Жеткізер Жаббар қолын аспанына.
Миуалы бітсе дәулет дарақтай боп,
Кем-кетік көздерің сал аштарыңа.
Аларға қылсаң, Хаққа қылған қайырың,
Түседі таңда меһшар тастарыңа.
Жетімді жесір менен жұбатсаңдар,
Гүл көктер көзден тамған жастарыңа.
Әлбетте, ақыреттің ойлап қамын,
Қауағын қайырияттың ас қарыңа.
Қарындай қайыриятқа қарсы тұрып,
Кетпендер жәһәннәмнің аспалына.
Жәһанға жақсы аттарың жайылғансын,
Халық қонар қоңсы болып қастарыңа.
Ер болсаң, елатыңа тисін пайдаң,
Ит те еңбек етеді өз бас қамына.
Масығып мал-мүлік пен мәртабаға,
Кеуілдің кір жуытпа астарына.
Әдеті әзәзілдің абайласаң,
Ұқшату өзін жаудың асқарына.
Жаббар Хақжанабынан жырақ қылған,
Әлінен айлап қаһар асқанына.
Санасаң өзіңді зор, өзгені — қор,
Күнәнің кездесерсің асқанына.
Бұл сөзді күшейтетін көп айтпасақ,
Құр сөзді қойды, – дер халық, – бастады да!"
Нушаруан жиып бір күн жұртын тегіс,
Жібектен жайған кілем астарына.
Сұраған қол қусырып не жақсы деп,
Жәһәннің біз сияқты мастарына.
Кең ойлы, көп оқыған бар еді алым,
Жазылған аят-хәдис дәстарына.
Ол айтты: – Қатын, өлім, жоқтық жақсы,
Мағынасын осылардың десең тапшы.
Анаңнан о, басында тумағанда,
Көзіңе көрінбес еді дүние нақышы.
Отырса атаң өлмей өлі күнге,
Жүрер ең мал-мүлікке болып сақшы.
Жұртыңның бәрі өзіндей бай болғанда,
Болар ең қатынға бай, құр қарақшы.
Болған соң әзел тағдыр әмір солай,
Болып жүр біреу ақсақ, біреу аңшы.
Сондықтан саған келіп кеші-күндіз,
Болып тур халық қажетін сұрамақшы.
Бітіріп бәрінің де мұқтажын,
Тартылма, тасқан судай өрге шапшы.
"Кішік бол — ұлық болсаң" дегендей-ақ,
Емпеңдеп, еліңе бол ұлтарақшы.
Ырза боп осы айтқан жауабына,
Тақтынан болды иіліп құламақшы.
Сұлудай сұңқар мойын, сүмбіл шашты,
Айтқан сөз ақылы барға ұнамақшы.
Жібектен бергенің — бір бет орамал,
Ойсыздар ұнатпас, – деп, – сені тапшы.
Ақылгөй бір уәзірін шақырып ап,
– Үстіне алтыннан тон, – деді, – жапшы!
Өлгенше ол ғалымды өте күтіп,
Тәуба етіп, дін жолына ауды нәпсі.
Солардай салтанатты болғаныңмен,
Сайлап қой сыршыларыңнан бір сынақшы.
Ақылға, асылында, тойдым демей,
Үлгі-үгіт ойлы ерлерден бол сұрақшы.
Кеңесіп кеуіліңмен көргенінде,
Секілді сен — гүлістан, олар — бақшы.
Реттеп от пен суын ертелі, кеш,
Тұратын тұлпарға да керек бапшы.
"Қолыма қалайынша түсірем?" – деп,
Аңдып жүр "ажал" атты бір дұзақшы.
Ешкімге ететұғын опасы жоқ,
Қар дүния қарары аз, құр мазақшы.
Қосылып қаннас пенен нәпсі найсап,
Бұзуға бір басынды болды уақшы.
Бермесе Тәңірі таупық, қалайда да,
Алақтап ақылдың да құрыды апшы.
Аблықпа, ал тілімді, алдынды ойла,
Күлкі-ойын көрген дәуір — көз бояқшы.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шөлмек

  • 0
  • 0

Сөйлеген сөзім ыңғайлы,
Құмартып халқым тыңдайды.
Шайырдан шатақ сөз шықса,
Күлістік етіп көбісі,

Толық

Залым Раснай хикаясы

  • 0
  • 0

Карамдік Құдай — патша, пәнда — малай,
Қаталық кешірмесең өтер талай.
Кемшілік қызметінде көп кешеді,
Үкіміне ризамыз, етсе қалай.

Толық

Өнер бәйгесі

  • 0
  • 0

Ақылсыз нені аңғарар көз болғанмен,
Кім тыңдар өтірікті сөз болғанмен.
Қалғансың жалыны өшіп, шоғы сеніп,
Қазанды қайната алмас, қоз болғанмен.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар