Аққұс хикаясы
Осындай қауышқанда қатар-құрбы,
Қайтесің, кеуіліндегі шашпай дүрді?!
Жаһанға жаратылып келгеннен соң,
Әркім өз шамасынша дәурен сүрді.
Санаулы сарқылған соң демі олардың,
Қара жер қарынына бәрін бүрді.
Солардай соғып қазан, солса гүлің,
Жатарсың жай қылып ап бір үңгірді.
Бел буып бәнделікке, білімің болса,
Бұлттай біл баста тұрмайтын бұл өмірді.
һәм және бектен белгі болатұғын,
Кеп бар ма көпке ұнар, көтер дүрбі?!
Ікая Хазіреті Муса Юшаменен,
Көлайтқа қол ұстасып бірге жүрді.
Тағажып таңырқайтын көрді көп іс,
Ойқастап орындарды ойлы-қырлы.
Сап тартып, сәлем беріп тарқап кетті,
Аң келіп алдарынан неше түрлі.
Бір аққұс баябаннан болып пайда,
Қойнына Кәли мулланың келіп кірді.
– Қорықтың, – деп, – қай нәрседен жануарым?
Сұрап еді, бұлайынша айтты сырды:
– Қоймастан қуып келеді бір лашын,
Гүжім ең көлеңкелі сен бір бүрлі.
Мәруәтіңмен мәзлүмға айламасаң,
Қуат жоқ құтылуға, сілем құрыды.
– Жата бер жасырынып жеңімде,– деп,
Тәбәссім етіп, қылды жүзін нұрлы.
Кешікпей келіп сонда лашын да,
– Қылма, – дейді, – қымтап жемімді, көңілім кірлі.
Ақым бер ақтық досты болсаң анық,
Мұңайтпай мен сияқты мүсәпірді.
Шаң жұтып, шала жансар болып тұрмын,
Табым жоқ ізденуге тағы бірді.
Оған да іші, бауыры кетті елжіреп,
Есіркеп: "Екен-ау деп бұл да мұңды".
– Қой мұны, қой етінен тоярсың,– деп,
Жалынып жауырынан сипап тұрды.
– Қой етін қоқырайып, жемеймін,– деп,
Мұңайып, балалардай мойнын бұрды.
– Қоңымнан олай десең, тоят же,– деп,
Көрсетті Қали мулла көп үзірді.
– Жеймін,– деп, – ендеше, ойып екі көзің,
Түктерін тікірейтіп, бұзды түрді.
Ашып көз шалқасынан жата кетті,
– Қидым,– деп, бәдәнімнің бәрін күллі!
Шыдамай әзіреті Юша Аққа жылап,
Шаздеге сол сағатта басын ұрды.
– Досыңды,– деді, – осындай лайық па,
Құсыңа қор қылуың құрттай мұрынды.
Қалас қыл, қалайда да, қамықтырма,
Жоқ менің білерім де ешбір жүрмі.
Құс үшін қорғалаған кешті жаннам,
Жомарт сол — аямаған жанын аңнан.
Лашын аққұспенен айдан нұрлы,
Сілкініп сол сағатта боп адамнан.
Екеуі екі жаққа жүре берді,
– Риза,– деп, – ерлігіңе еткен Мәннан.
Шат болып шүкірана қылды Юша,
Құтылып бұл сияқты басы даңнан.
Жебірәйіл Макаайылмен екеуі екен,
Сынауға келген сондай осы маңнан.
Іздемек ізгілердің ісі болар,
Дауамат дариядан дүр, гауһар кәннән.
Әр жұмыс әнін дайын етті олар,
Дүнияның опасызын аңдағаннан.
Жетісіп ол да ләзім мақамына,
Болды айдай, он төртінші озып саннан.
Құрметтеп ғаріптерді қорғау түгел,
Жүр дейміз жеп отырған аулақ наннан.
Жазасын жаһаннамның тартсаң керек,
Жан құсы ұша қойса берген тоннан.
Бас тартып бақадарһәл бұл әдеттен,
Аларды ажыратсақ қайғы-ғамнан.
"Құлым!" – деп, қияметте қуандырып,
Сақтар Хақ соңырағы күні бізді шаңнан.
Я, Алла, баршамызға беріп таупық,
Қалыс қыл қаннас малғұн құрған жаңнан.
Дамолла Тұрмағамбет болады атым,
Бейхабар болмаңыздар бізің намнан.
Тілектес әрқашан да болыңыздар,
Оқ тиген оңалуға оқырамнан.
Қап, шекпен қатарында болды бұл сөз,
Шанды күн шай шаңдатып тоқып алған.
Болмаңдар сауысқанның сияғыңда,
Жауырын жаман аттың шоқып алған.
Реуін алып тастап, реттеуді,
Өтінем осы намды оқығаннан.
Жастарға жалынған соң, жазып бердім,
Бедеудей бөте сұрап оқыранған.
1927.
Еркін Еркемай
Аққұс туралы мәліметтер