Жарты шыбық

Бұл бетте «Жарты шыбық» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 30.05.2019
  • 0
  • 0
  • 4345
Тәңірінің нар кезі екен ол кезде,
Әмірінің бар кезі екен ол кезде.
Тек алуға барады екен бәр-бәрі,
Ол кезде де алу екен мына жұрттың арманы.
Жаратқанға жет тезірек, тұр, аттан,
Сұрамсақтар, ал, сұрап қал, сұрап қал!
Бір ел жақсы,
тағы бір ел жақсырақ:
тұрмыс сұрап, алды Хақтан Бақ сұрап,
сансырады қайсы бір ел,
сансырап,
дәулет алды, дау-шар алды, мал сұрап,
жаңбыр сұрап алды – жасыл шөп өсті,
жалбырады шатқал бауры, төбе үсті
жел ескенде сыбыр-сыбыр кеңесті.
Сұрап жатыр,
алып жатыр, құдайдан
тек қанағат, ой сұраған жоқ ешкім.
Тәңірінің нар кезі екен о кезде,
Әмірінің бар кезі екен о кезде:
Көктемде де,
жазда,
күзде,
ақпанда
еліріп ап «жомарт» деген мақтанға,
қолда барын үлестіріп жатты ол да.
Мұхит алды,
құрлық алды бір халық,
тілектесіп – тірлік алды бір халық,
білек қосып – бірлік алды бір халық.
Жайлау қуып,
жай көшем деп ырғалып,
менің бабам барлығынан құр қалып,
есебінен жаңылып қап Күн, Айдың –
кеш келіпті қабылдауына құдайдың:
– Пендем, – деді, – сені де бір жебер ем,
түк қалмады,
саған енді не берем?
Баяғыдан қайда жүрдің?!
Жұрт тілеп
Бәрін алды.
– Қой қайырдым түрткілеп,
аманында ат-көлік...
– Мә! –деді Хақ бір шыбықты қақ бөліп.
– Мұны қайтем?... Онсыз да жүр жұрт үркіп?!
– Қарап жүрме, бір-біріңді жүр түртіп.

Хақ жоқ қазір.
Бақыттымыз былай да,
Өзің қожа – күнәңа бат, күл, ойна.
Ал, дүниенің үкімі мен шешімін
әу басында бір мықты айтса – несі мін,
Бір қария: «бәрі бастан» деп еді,
О да маған дарымастан келеді.
Қақ суындай қара жолға іркілген
Тыныш, бейқам жата алмадым бір күн мен:
итке ішкізіп,
аузын малса бірі ойнап,
етігімен кешті біреу ылайлап,
сылтау тауып қуатыңнан, күлкіңнен,
жарты шыбық жалықпайды «түртуден».
Үлесінен құр қалғанда о баста,
түрткілесу – кәсіп болса…
жақ ашпа:
шыбық қазір кетті айналып ағашқа.
Жарты күмән, жарты үмітті күйде мен
келем әлі,
әлі үйренем, үйренем –
тағдырымның таяғы да себебі
басы бүтін тимеген…


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Жарты шыбық өлеңінің авторы кім?

Жұмекен Нәжімеденов — осы өлеңнің авторы.

Жарты шыбық өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Жарты шыбық өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Жұмекен Нәжімеденов өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Жарты шыбық өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері

Басқа да жазбалар