Қабекеңнің 60 жылдығына
Мен сөйлейін, сөйлейін,
Сөйлеп бір бүгін өрлейін,
Қабекеңнің тойында.
Тасқындаған жырымды,
Атырылған сырымды,
Сақтай бермей бойымда.
Төгейін кеп, төгейін,
Жырдан маржан терейін,
Дауылдап бір көрейін,
Алпысқа ағам толғанда,
Інілік ақ жүректің,
Сырын жайып берейін.
Ау, Қабеке, Қабеке!
Асыл туған ағаке,
Сен әскерден келгенде,
Біз сарыауыз бала едік,
Шетімізден шала едік,
Соғыстан әбден шаршаған,
Ағаларды аңсаған,
Жүректері жаралы,
Жүдеу тартқан жан едік.
Ортамызда нар болдың,
Қамқор болып ініге,
Өзің де ерен жан болдың,
Жүретіндей жүгіне.
Сарала пагон тағындың,
Сабақ оқып сарылдың,
Аға болып ұрыспай,
Өзімізге бағындың.
Көңілің дарқан даладай,
Мінезің аңқау баладай,
Арамызда жүрдің сен.
Ата қаздай кекимей,
Ұрсып, боқтап, зекімей,
Әмсе мәз боп күлдің сен.
Соғысқа да сындырмай,
Сағынды, Қабе, сен келдің.
Тесік өкпе біздерге,
Ағалықтың ардақты,
Өнегесін сен бердің.
Құрбылар сиреп қалғанмен,
Ініге көңілің тоқ болды,
О, сұрапыл жылдар-ай,
Сендей талай жайсаңдар,
Көрген түстей жоқ болды.
Өтеуіндей солардың,
Ортамызды толтырдың.
Орал май қалған бауырды,
Езіле еске алғанда,
Қасымызда сен тұрдың.
Жібектей болып мінезің,
Әрқашанда, Қабеке
Сәніміз боп жүр өзің.
Мұндай жанды қойсың ба,
Тая деген бір мықты,
Қағып кетті кенеттен.
Ағамызды сағындық
Пәтеріне ағылдық
Сонда, Қабе, қысылдың,
Қара нан мен шайыңды,
Бізге әкеліп ұсындың.
Аға болып ақ майды,
Інілердің аузынан,
Ағызсам деп толғандың.
Разы етсем бәрін деп.
Кейде бекер зорландың:
Көріп тұрып көңіліңді,
Тойып жүрдік сыртыңнан.
Топырлап барып жүргенде,
Болмады-ау Тая бұртиған.
Есебі мықты қыз екен,
Капитанды қаратты,
Аузы-мұрнын жалатты.
Ұзақ өмір сүрсін деп,
Ғұмыр бойы күлсін деп,
Күні-түні жаратты.
Міне, соның арқасы,
Алпысқа келдің алқынбай,
Күлесің әлі жарқылдай,
Інілердің көбісі,
Шау тартып бүгін қалғанда,
Жібересің лықытып,
Арақты да тартынбай.
Тынды да барып игердің,
Қиыншылық күн көрдің,
Бір майдан аз болғандай,
Хияметті мұнда жүз көрдің.
Армен істеп бәрін де,
Ар алдында жүгіндің,
Сол үшін де, Қабеке-ау,
Арқауы болдың жырымның.
Сол үшін де толғандым,
Бүгінгідей тойында.
Небір асыл қасиет,
Бар ғой, Қабе, бойында!
Бәрін айт та, бірін айт,
Алпысқа келген ағаның,
Таусылмайтын жырын айт.
Көп жаса, аға, көп жаса,
Көңілім жас деп жаса,
Осындай жанды сыйлаған,
Алқалы Алтай сен жаса.
Осындай ұлды өсірген,
Қазақ деген ел жаса.
Осындай шалды шыңдаған,
Тая жеңгей, сен жаса.
Тойды жырға бөлеген,
Кәкімжан деген төкпе ақын,
Ауырмай сен де мол жаса.
Әкеліңдер шапанды,
Иығына жабыңдар,
Келіңдер, қане, жабылып,
Қайнағаның аузынан,
Жақсылап сүйіп алыңдар!
Тартыңдар бүгін тартыңдар,
Шалқыңдар бүгін шалқыңдар,
Көңілі тұнық достарым!
Қабекең білген қашан да,
Осынша қымбат дос барын.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі