Солдат пен бала – Лұқпан Сисекенұлы

Бұл бетте «Солдат пен бала» атты Лұқпан Сисекенұлы жазған бала туралы өлең берілген.

  • 07.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1860
Әжесі өлді, анасы өлді ашыққан
Кеудеде кек бар, тулайды бойда қасық қан.
Тілімдей қағаз, алақанында – тым ыстық
Бес жасар бала кезегіне нанның асыққан.
Гүрілдеп аспан,ажалдың оғы ойнаған
Оқ бүркіп жерге, өлімге әсте тоймаған.
Шошынып балғын,құлады оқыс талықсып.
Бұл соғыс жерден қаншама жанды жоймаған.
Есін де жиып, көтерген сәтте ол басын
Қасына ұстап азық – түлік дорбасын.
Шинеліне орап, маңдайдан сүйіп отырған,
Ол көрді анық, ержүрек Қазақ солдатын.
Шуағы қандай мейірімді еді көзінің
Тұрғызып оны, ұсынды нанның үзімін.
Қиналған сәтте, өмірін жіптей жалғаған,
Мен білсем аты, Жеңіс қой деймін өзінің.
Жеңіс ғой деймін, сеніммен алға қол жайған
Сүйеуге ұлын, асығыс жеткен майданнан
Өтсе де жылдар,сол солдат берген бір үзім
Ақ нанның дәмі кетер ме сірә, таңдайдан!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері