Отман тау
Жер бетінде болсыншы – деп, жақсылық,
Адамзатты наурыз тойға шақырып.
Отман тауда отын жақты бабамның,
Қалың Адай ерлік әнін шалқытып.
Той болды бір естен кетпес ғажайып,
Ман – Атадан, Адам атам оянып,
Әруақтар көк зеңгірге қол жайып.
Жаудырғандай ұрпағына алғысты,
Жұлдыздармен көк зеңгірге жыр жазып.
Оқи білсең биіктікті бермеген,
Бір Құдайдан басқаға бас имеген.
Бабалар- ай, өжеттікті ту қылып,
Қас дұшпанын таспа жонып илеген.
Қияметтей қарлы құйын боранда,
Айналумен алынбайтын қорғанға.
Осы таудың қыл ұшында от жағып,
Қалың жұртты шақыра алған майданға!
Тіршіліктің мол болса да азабы,
Әділдіктің сарқылмасқа қазаны.
Ел алдында кіршіксіз боп, таза боп,
Қандарымен жазып мұңын азалы.
Көктей көктеп жақындатқан жаздарды.
Жолбарыстай жараланып қан құсып,
Жатса дағы талай құлап талықсып.
Нажағайдай дұшпанына атылған,
Кек намыспен қара жерге жанышып.
Ғасырлардың сәулесі ойнап көшінде,
Жалбарынып тізе бүкпей ешкімге.
Қанат жаяр еркіндікті аңсады ол,
Өзі туған ата – мекен төсінде!
Сөнбеуі үшін мәңгі көктем жанары,
Келешекке терең оймен қарады.
Қорғамаққа Азаттықты, Теңдікті,
Бізге жеткен Адай бабаң жалауы,
Келер ұрпақ, бәрі бәрі сен үшін,
Табыс еткен өнегесін үлгісін.
Ерліктерін жаңғырта алсаң қайталап,
Туған елден алыстамас бақ құсым!
Сөз жетпейді жеңісіңе оралған,
Осы күнді армандады қанша жан.
Отман тауда үш жүз алпыс әулие
Байқайсыңба бізбен бірге қуанған!
Жұлдыздардай көкте жанған жап – жарық,
Көз алдыңда көрінгендей бәрі анық.
Қайсарлықты қанат қылған халқыммен,
Жүздескендей құшақ жайып қолды алып!
Рухтары күлімсіреп тұр қарап,
Ұлы тойға сыйға тартып сан шырақ.
Аманатын қадірлей біл бауырым,
Аспандасын біздің қара шаңырақ.
Армандаумен адал көңіл хошымен,
Осы сәтті қанша ұзақ тосып ем.
Қуаныштан жасын төкті қария,
Қоңыраттан қайта оралған көшімен!
Тік қарасаң ғасырлардың көзіне,
Бұл Отман тау сырға толы шежіре.
Ол өшпейді ұрпақтары барында,
Қуат құйып өршіл нәзік сезімге.
Жаны сұлу ағынан тек жарылған,
Шешендігі дариядай ағылған.
Оның үнін Озғанбайдан қалған ұл,
Соғып берген сөз өнері лағылдан.
Әнге қосқан, жырға қосқан тынбастан,
Светқали өршіл ақын Жарыдан!
Жеңіс табар!Әулиелерін жағалап,
Бабаларын қастерлеген бағалап.
Тарих жатыр құшағында олардың,
Туған елдің құдыретін хабарлап!
Адай қаны туладыма жанында,
Жүзі жайнап қалың жұрттың алдында,
Иә, Бекет – деп, Ибрагим ініміз,
Айналғаны алаулаған жалынға!
Жасыра алмай бойындағы шаттығын,
Сезімімен сездіре алып ақтығын.
Сақтай білген сұлулығын пәктігін.
Сусындаған инабатпен, әдептен,
Бойға құйған имандықтың ақ нұрын
Аққу тектес өзі болған тектінің,
Ахметжан қызы, бақ келінім, ақ гүлім,
Райхан – ару, шашу шашты күлімдеп,
Биіктетіп ата – баба шоқтығын.
Муза аруда ашып бірге құшағын,
Лаулатқандай болашақтың ошағын.
Осы бір сәт қуаныштан бүр жарып,
От кеудемнен жырға айналды асқақ үн!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі