Атыңды сенің айтамын ән қылып неге – Табылды Досымов

Бұл бетте «Атыңды сенің айтамын ән қылып неге» атты Табылды Досымов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.06.2019
  • 0
  • 0
  • 13959
Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
«Қозым-ау»,-деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам.

Оянбай қалам,
Бұл шындық, ұрыспа қарғам,
Шөлмек-тірліктің белгілі құлай сынары...
Гитарамды алып елеусіз бұрышта қалған,
Бауырыңа басып егіліп , жылайсың әлі.

Жүректе – ызғар, баста- мұң, көңілде-қырау,
Оңай ма, жаным, кеудеңді қайғы ауыртқасын?.
Жүретін кезім бола ма өмірде мынау,
Шараптан емес, шаттықтан айналып басым?

Басымнан ұштың, бақытым, базарым едің,
Ақ арман неге қол бұлғап шақырмайды алдан?
Отырам сосын тұнжырап, сазарып өңім,
Оқтаулы мылтық секілді атылмай қалған...

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
«Қозым-ау»,- деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам,
Бәлкім, оянып кетермін...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері