Үш шахтер туралы баллада
Табыс келіп орын алды өмірінен лаваның
Үшеу отыр әңгіме қып қуанышын табының,
Біреуі айтады:
─ Жер астында, жер бетінде атақты
Қарағанды жалғыз менің атымменен атапты.
10 минутте вагон көмір - қуанышты жөнелтем
Деген оймен: қарық болып күтіп тұрсың таңертең
Мен түсемін жер астына пластамен еңбектеп
Шахты күтеді қараңғыда: «маған қашан келмек» деп.
Мен келгенде өз лавама, үш тұрып, бес еңбектеп
Көмір күтеді: «қайратымен мені қашан жеңбек» деп
Мен келгенде өз ойыма, жер бауырлап еңбектеп
Лава күтеді: «енді менен коксты көмір еңбек» деп.
Мен келгенде өз лавама үш еңбектеп, үш аттап
Қайрат тұрады: «тезірек» деп, қуанышын құшақтап,
Орныма кеп сөйлескенде жолдасыммен: қарақ, деп
Қайлам күтеді: «енді мені қашан қолға алады» деп
─ Отанымның от азығын жер астында сайлаймын.
Мен қайламды, қайратымды тас көмірге қайраймын.
Қайраған сайын қайлам өтер, қайратым да тасиды.
Маған тас та, жер де, су да тәжім қылып бас иді
Мен шығарда жер бетіне үш тұрып, бес еңбектеп
Қала халқы қарсы алады сапалы азық бермек деп,
Мен шығарда жер бетіне үш тұрып, бес еңбектеп
Гудок тағы айқайлайды жаса, жаса еңбек деп.
Мынау жердің астындағы, үстіндегі атақты
Қарағанды жалғыз менің атымменен атапты.
Сонда тұрып екіншісі мына сөзді айтады:
─ Мені де Отан отыз өлшеп, отыз сынап байқады.
Атағыммен астанаға құстай ұшып барғанмын.
Наркомыңның өз қолынан алтын сағат алғанмын.
Келгенімде мен еңбектеп, шынтағымды үш тіреп
Сықырлайды, қозғалады, қойнын ашады штрек,
Мен келгенде көп вагондар бәйге атындай жарысады,
Вагончиктер су боп терлеп ауыздықпен алысады.
Түскеннен соң не болып атағына даланың
Жеті қабат жер астының билігін қолға аламын.
Отан айтса: мынау жердің маған әпер тастарын
Құс сойғандай қопарамын жеті қабат астарын.
Міне, шықтым Қарағанды қаласына аттап-ақ
Ал дабылым Алматыдан Москваға аттанады.
Сонда тұрып үшіншісі езуінен күледі
─ Отанымның түкпірлері мені теріс біледі
Мен түскенде шахта астына сындырғандай ырғайды,
Заказда Түрік қызы орамалын бұлғайды.
Мен түскенде таңды атырып, шырылдатып торғайды
Самарқанда колхозшы өзбек арнап тартады сырнайды.
Мен түскенде таңды атырып, шырылдатып торғайды,
Алматыдан ақын тұрып, еңбек жырын жырлайды,
Мен түскен соң сағат құсап жер өмірі тынбайды.
Дүние жүзі кулак түрік қимылымды тыңдайды.
Мен түскенде жер астына таудай қайрат орнайды.
Астанадан ұлы көсем маған сәлем жолдайды.
Мен түскенде шахта астына, шырылдатып торғайды.
Ұлы Отаным мен туралы күрес күшін толғайды.
Мен түскенде шахта астына, шырылдатып торғайды,
Алпыс вагон, алты лава уысыма толмайды.
Әрбір күні мен шыққанда талқан қылып таудайды.
Жер бетінде әрбір күні көмір - қала орнайды.
Әрбір күбірін мен шыққанда жердің беті шулайды.
Tүрік қызы екінші рет, орамалын бұлғайды.
Ақын тұрып еңбек жырын екінші рет жырлайды.
Колхозшы өзбек екінші рет арнап тартады сырнайды.
Жер бетінде әрбір күні көмір - қала орнайды.
Көсем тұрып Отанымның қуанышын жолдайды.
Көсем тұрып қабыл алады біздер қазған көмірді.
Көсем тұрып шомылдырады қуанышпен өмірді...
Табыс келіп орын алды өміршең лаваның
Үш әңгіме етті қуанышын табының
Арттарында бақыт жатыр бастарынан көрінген
Алдарында күрес жатыр көп көмірдей кесілген.
Үшеуі отыр штректе қуанышқа ие боп,
Жұмыстан соң бет-аузы көмірменен күйе боп,
Міне, сонда ақын тұрып осы өлеңді жырлайды,
Мүмкін жары астанадан орамалын бұлғайды.
Міне, сонда ақын тұрып осы өлеңін толғайды,
О да ер болса, көсем оған сәлемдерін жолдайды.
1934
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі