Еділде

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

1
Бүктетіліп жатқан бел
Сүтке тойған марқадай.
Бұйра қою қарағай
Белге біткен шалқалай.
Су жеп қойған жұмыр тас
Түйір-түйір малтадай.
Арнада өзен қылықты
Қылмаңдаған қалқадай.
Тайызға біткен құба тал
Мойындағы алқадай.
Жер еркесі жер мынау,
Шер қалар ма тарқамай?!

2
Түсте толқын еліріп,
Абыржып еді ойнақтай.
Кешке толқын тып-тыныш,
Қабыржыған қаймақтай.
Түсте толқын тулап ед
Ойнақтаған тайлақтай.
Кешке толқын тынып тұр
Қоңыр іңір бейуақтай.
Түскі толқын теп-тентек,
Бойлауық, көзсіз қайраттай.
Кешкі толқын тұңғиық,
Тек қоймас терең ойлатпай.

3
Тізілген толқын - меруерт
Бір-біріне тағылып,
Шұбырған толқын шуменен
Ағытқан қойдай ағылып.
Күңіренген толқын долданып,
Көпіріп жарға қағылып.
Жағада бұйра бала тал
Таң болып тұр аңырып.
Толқынға қарап мен тұрмын
Қоңыр оймен қамығып.
Сарыарқам қайда? Алыста!
Жүрмін мен мұнда нағылып?!

4
Ерте күнде Еділдің
Ертегі деген тоғайын,
Дүлей тоғай ішінде
Орманбеттің ноғайын.
Арқада жатқан алты алаш
Ол күнде болған ағайын.
Жорығы, жолы - бәрі ортақ,
Бірге де жеген уайым.
Өткен айқын, ұғымды,
Мынаны не деп ұғайын:
Дүлей тоғай тұлданған,
Танып болмайды ноғайын.

5
Ойнап тұрған оқадай,
Еділдің беті ақ ала.
«Ақ аласы не?»- десем:
Ылғи шаңқан шағала.
Суды сүйген сары алтын
Сәуле ғой сүйген бағана.
Кемеміз көлбеп келеді
Жібектей жасыл жағаға.
Шөккен бұйра бұлттай
Астрахань жатыр сағада.
Көрген соң оны, ой көшті
Ертедегі Асан ағаға.

6
Асан Қайғы салдырған
Астраханға жетейін.
Қайғысыз хандар күмбезін
Әдейі аттап кетейін.
Асанның тауып моласын,
Соған тауап етейін.
Моласына түнейің,
Ақ батасын күтейін.
«Жолым қу!»- десе болғаны,
Басқа жолды не етейін.
Әз Жәнібек сендер бол,
Мен Асан болып өтейін!


Пікірлер (2)

Аянат

Оте кушти такпактар осындай такпактар кобие берсин

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Еділде өлеңінің авторы кім?

Мағжан Жұмабаев — осы өлеңнің авторы.

Еділде өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Еділде өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Мағжан Жұмабаев өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Еділде өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері