Көне қыстауда – Светқали Нұржан

Бұл бетте «Көне қыстауда» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 20.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1426
Ізбасар Шыртановқа

Көне қыстау.
Тұр таудың төбесі ұлып...
Шәуілдейді ақ күшік, енесі үріп.
Елесі ұрып кетті ме бала шақтың,
Қалдың, аға, сол жерде неге сұлық?..
Жалғыз кемпір. Жалғыз шал.
Тамыр басып сәл тұрдық та,
Ішке ендік дабырласып.
Жер май иісі. Сыз исі. Қоржын үйдің
Қотыр тастан қаланған қабырғасы.
Кеткен ұл-қыз қайрылмай, туысы да,
Түспепті әзір ажалдың уысына.
Уақыттан жырылып, көне қыстау
Мүжік таудың тығылған қуысына.
Қос қария — жан екен ниеті түзік,
Әңгіме айтты біздерге екі-үш үзік.
Бұрышта ескі патефон, транзистор
Және төрт-бес күйтабақ беті сызық.
Ақ көпшікті бастым да құс төсіме,
Қойыртпақтан болмады ішпесіме.
Кеңсірігім жыбырлап, санам сыздап
Сонау сәби шақтарым түсті есіме.
Көкірегім езіліп барады ашып,
Сыр білдіріп алмасам қара басып.
...Ақ әжеме таласып мына төрде
Жатушы ек-ау, кіл тентек жағаласып.
Кете барды, ә, қоштаспай, беу, балалық! –
Аңсар мен Мұң жанымды жеуде жарып.
Қапияда ұрынып Елесіне,
Ыстық жасы барады кеуде қарып.
Мен де осындай үйлерде ер жетіп ем,
Тал бесігін арманның тербетіп ем.
...Менің сәби шағымның құжырасы
Көп ұзамай құриды-ау жер бетінен...
Сәлден кейін қамдандық жол жүргелі,
Күздің желі күбірмен көмді іргені.
Көздерінен жас көрдім сонда ағамның —
...Сенің де, аға, Мұңдарың мөлдір ме еді?.
Шаңытып жүр айнала — күз ақ балақ.
Алқымынан ой - нала тұзақтап ап,
Жетім ағам, әкесін соғыс жұтқан,
Қос мұңдыққа баратты ұзақ қарап...
Тыңдап алып өксіген қырат үнін
Саз қосты ағам — жүректі жұлатұғын.
Сезіндім мен сол жерде — ән-жырынан
Мұңның исі неге көп шығатынын.
Ағам жолда сөз айтты жүйесі бар:
"Бала, — деді, — өткенді жиі есіңе ал.
Ескі қыстау — ел құты. Жырыңа қос —
Көне жұртты ұмытпа — киесі ұрар!

Аттансаң да қандай бір бақ сапарға,
Кір жұқтырма пәк шағың — ақша қарға.
Алыстағы ақ көйлек балалықты
Адастырып кетпегін ақ шаһарда!.."
Аумай-тұғын шашы бар ұнтақ қардан,
Жүзін маған бұрған-ды мұң тап салған.
...Бүл жыр, аға, сондағы көз жасым ед,
Кірпігімнің түбіне қымтап қалған...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Көне қыстауда өлеңінің авторы кім?

Светқали Нұржан — осы өлеңнің авторы.

Көне қыстауда өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Көне қыстауда өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Светқали Нұржан өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Көне қыстауда өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері