Қырғыннан құтқарған қарлығаштар
Ерте, ерте, ертеде,
Жері жәннат
Өлкеде,
Жаулары көп жан-жақта,
Асқар тауы бар жақта.
Жеті суы
Әр жаққа
Ағып жатқан
Аймақта.
Елдің қашқан қиюы,
Жаугершілік заманы,
Жау шапқанын тыюдың
Табылмады амалы.
Табиғаттың түрленген,
Көктем кезі көгілдір.
Гүл-бәйшешек бүрленген,
Жердің жайнап көгі бір.
Мұздар еріп қияда,
Өзен асып-тасқан кез,
Қарлығаштар ұяда
Балапанын басқан кез.
Шекараға тым жақын
Бір оқшау үй бар еді.
Мекен етіп тұратын
Иесі оның шал еді.
Тақыр кедей жарықтық,
Қарар болсаң күйіне,
Соның ұя салыпты
Қарлығаштар үйіне.
Ұя толы болатын
Қызылшақа балапан.
Талпынуға қанатын
Жаңа-жаңа жараған.
Қарлығаш – құс киелі,
Халық бастан біледі.
«Қызырдың бұл нышаны», –
Деп шал жорып жүреді.
«Биыл менің үйіме, –
Дейді ол, –
Ырыс кіреді...».
«Шетінемей бірі де,
Ұшса екен», – деп тіледі.
Ауызынан күніне
Түспейді айтқан тәубесі.
Тарағандай үйіне
Жақсылықтың сәулесі.
Бала қолын қақпалап,
Тигізбей ол жүреді.
Қарлығаштар –
Ақтамақ
Сайрағанды сүйеді.
«Қарлығашқа тигеннің
Қолы сынып қалады...» –
Бәріне өстіп жүргені,
Арашалау – амалы.
Ақылгөй шал күн ұзын
Көкті шарлап қиялы.
Нанын тастап бір үзім,
Қорғаштайды ұяны.
Келгеннен соң «елім» деп,
«Ұя басар жерім», – деп,
Күзетіп жүр ерінбей:
«Міндетім сол менің», – деп.
Хабар жетті бір күні:
«Келеді, – деп, – қалың қол.
Жаман екен сұрқыны,
Қалдырмайды жаныңды ол!».
Көшпенді ел дүрлігіп,
Үйін жықты көшуге.
Жоқ болған соң бірлігі,
Қайрат қылмақ несіне?
Деп «заманның тарлығы»,
Әп-сәтте есі шатысты.
Жөнеп берді барлығы,
Бетке алып күнбатысты.
Жылап-сықтап, сүйісіп,
Қош айтысып бар жұртқа,
Торғайдай боп бүрісіп,
Қала берді шал жұртта.
«Көш!» дегенге көнбеді,
«Бұзбаймын!» – деп ұяны.
Сонда босқын ел деді:
«Алжыған ғой сыңайы...».
Мәз болмай тұр күйі оның,
Қалды жұртта,
Орнында.
Тұрды жалғыз үйі оның,
Жау жасағы жолында.
Қалай ғана қияды:
Тілеп жүрген ақ жолын,
Талқандауға ұяны
Шыдамады дәті оның.
Балапандар ши борбай
Шиқ-шиқ етеді.
Мүшкіл халін шал ойлап,
Жасқа толды етегі.
Шыр айналып кетпейді,
Қарлығаштар
Төбеден,
Айтуға тіл жетпейді,
Аянышты не деген!
Талпынды ұя шетіне
Балапандар бәрі де.
Өздері ұшып кетуге
Жарамайды әлі де.
Жасақ
Елді таба алмай,
Аласұрып келеді.
Жұпыны бір дәл алда
Киіз үйді көреді.
Өңкей «мықты»,
Кілең «ер»,
Аңыратып ат қойды.
Басқыншылар,
Дүлейлер,
Шал үйіне лап қойды.
Үйді қоршап жарбиған,
Айнала кеп тұрысты.
Шалды көріп қалқиған,
Мазақ етіп күлісті.
«Қашпай жолда жатырсың,
Өлекседей түрің бар.
Кімге сенген батырсың,
Мұның нендей сыры бар?!»
Жау алдында тасыған
Шал айтты қолбасыға:
«Жібермеген еркіме
Ана ұяны көрдің бе?
Балапанын қимадым,
Қарлығашты сыйладым.
Бұзуға оның ұясын
Қайтіп қана қиясың?!
Келмеді алғым
Қарғысын,
Енді өзің біл арғысын.
Ниеті ізгі адал да,
Қарлығаш – дос адамға,
Жасасаң,
Маған жаса да,
Қиянат оған жасама...».
Шыр айналып кетпейді
Қарлығаштар
Төбеден.
Айтуға тіл жетпейді,
Аянышты не деген?!
Қарлығаштар шырылдап,
Сұрағандай
Араша.
Жау жүйкесі шымырлап
Кеткендей-ақ қарасаң.
Қолбасы айтты үкімін:
«Бұл арадан кетемін.
Білдім,
Шалдың жұртының
Мейірімді екенін.
Мұндай шалы бар халық
Жауыздықты жасамас.
Біздер кері қайталық,
Шабуға қол бата алмас.
Мейірбан бұл халықты
Құрметтеймін,
Сыйлаймын.
Жүрегі адал алыпты
Қуғындауға қимаймын...».
Қолбасы аттан түсті де,
Шалды орнынан тұрғызды.
Қаһарлы да,
Күшті де,
Қолды кері бұрғызды...
Жасақ қайтып кетіпті,
Шалдың жанын түсініп.
Жау да болса сөйтіпті,
Бұл да мәрттік,
Кісілік!
Жауды кері қайырып,
Жұртын
Жаудан айырып,
Аңыз болды дана қарт,
Атағы елге жайылып...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі