Арманның өз әні бар
Арманның өз әлі бар.
Арманның өз сәні бар.
Сан құбылтып салатын
Арманның өз әні бар.
1
Бала біткен жақ сембей,
Бәрі тентек боп шығар.
Әй, бірақта, тап сендей
Мазасызы жоқ шығар.
Қолды-аяққа тұрмайсың,
Тыным таппай талпынып.
Қақпайласа қыңбайсың,
Тыңдамайсың тартынып.
2
Талай рет құладың,
Талай рет жыладың.
Талай рет шуылдап,
Тас бітелді құлағым.
Тез күлімдеп артынша-ақ,
Тез оралды жарқын шақ.
Тегін тентек емессің,
Тынымсызсың талпыншақ.
3
Қандай әке баласын
Адам болсын демейді?
Панам болсын демейді?
Туған күннен аялап,
Ай мен Күнге теңейді.
Қандай әке баласын
Дұрыс болсын демейді?
Құрыш болсын демейді?
Халқы үшін сарқылмас
Ырыс бол деп жебейді.
4
Балалар бақшасына
Барған күні бақырдың.
Жан жуытпай қасыңа,
Жұрттың басын қатырдың.
Көрсетсе де көнбедің
Ойыншықтар тізбегін.
Бұрышынан бөлменің
Бізді ғана іздедің,
Қолдағысын ұсынып,
Күлімдеді бөбектер.
Тұрдың босқа қысылып,
Кім өзіңді бөлектер?
5
Кітап ашып, ұмсынып,
Алдына кеп апаңның,
Тұңғыш рет тіл шығып,
Ата атын атадың.
«Атам жақсы ата!» – деп,
Суреттерін көрсеттің.
Бұл есім ақ бата боп,
Болашаққа жол шектің.
6
Жанай өткен адамға
Жылы қарап әманда,
Сәлем беріп әдеппен,
Дейсің: «Үйге түсіңіз,
Демалып, шай ішіңіз», –
Үйреншікті әдетпен.
«Қонағың» дәм татпаса,
Шешіліп тіл қатпаса,
Бұртиясың өкпелеп.
Қайту үшін қамданса,
Көптен таныс жандарша
Қиыласың кетпе деп.
Жүрсең де ойнап далада,
Қасыңдағы балаға
Ұсынасың барыңды.
Сенің осы мәрттігің,
Ақ ниетті пәкітігің
Жайнатады жанымды.
7
Не нәрсеге болса да,
Зер аударып соншама
Қадалғаныңа қарасам,
Тоқтамай сырт мүсінге,
Көрмексің-ау ішін де,
Сырларын ашып орасан.
Қалам ұстап артынша,
Сол тынымсыз қалпыңша
Саласың сансыз суреттер.
Көбі көзге қораштау,
Көңілге де оғаштау,
Икемсіз иір имектер.
Кескінді дәл тартуға,
Көсіліп кең шалқуға
Үш қана жас жас-ау.
Дегенмен,
Сол бір сызықтарыңнан
Келешегің танылған –
Сом суреткерді көрем мен.
8
Жалқауланып жасыңнан,
Ойын болса ермегің –
Екіталай, жас ұлан,
Көп соңынан ермегің.
Жан біткенге жалтақтап,
Алар болсаң бергенін –
Күн көрерсің қалтақтап,
Татып өмір кермегін.
Арман артып асқарға,
Алысқа қол сермегін.
Алып шығар аспанға
Талмас талап, еңбегің.
9
Ана тілін білмесең,
Қадірлісің кімге сен?
Сондықтан да сенімен
Өз тілімде тілдесем.
Ана тілін білмесең,
Қадірлісің кімге сен?
Өз тіліңмен ер жетіп,
Қол созасың күнге сен.
Ана тілін білмесең,
Қадірлісің кімге сен?
Өз тіліңмен еліңе
Пайдалысың күнде сен.
Ана тілін білмесең,
Қадірлісің кімге сен?
Өз тілінде өлмейтін
Ойлар айтқан күн көсем.
10
Шаршап келіп жұмыстан
Жата қалсам, қалқашым,
Көздеріңмен нұр ұшқан
Етегімнен тартасың:
«Тұршы, папа, тұрсайшы,
Міне, сенің қаламың.
Біраз жұмыс қылсайшы,
Мен де сурет саламын...».
Сергіп содан, қарағым,
Жадырайды қабағым.
Тартып ойдың танабын,
Тоқтамайды қаламым.
Орындықтың басында
Ойын ойнап бала боп,
Отырасың қасымда
Кәдімгідей қара боп.
Мен де саған серік боп,
Ұйықтамаймын түн ұзақ.
Талай терді төгіп боп,
Жазылады жыр ұзақ.
Шаршап барып жатамыз
Рақатқа батамыз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі