Ақындар антологиясы – Абдрахман Асылбек

Бұл бетте «Ақындар антологиясы» атты Абдрахман Асылбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 29.07.2019
  • 0
  • 0
  • 1917
1.Лирик
Ей, ақындар, ақындар,
Асып-тасқан ақылдар.
Алдарыңда мақтансам,
Мақтануға қақым бар.
Мен әуелден ірімін,
Поэзия пірімін.
Бір-біріне ынтызар
Ғашықтардың тілімін.
Нәзіктікті жырлаймын,
Нәзік гүлді жұлмаймын.
Жүректердің лүпілін
Қалт жібермей тыңдаймын.
Дөрекілік жат маған,
Ел есінде жатталам.
Жібектейін есіліп,
Жан сезімді ақтара.
Бір-біріне үздігіп,
Қиылады қыз, жігіт.
Кәрі, жасқа – жарастық,
Іздегенім – ізгілік.

2. Мәтінші
Жүректерді ерітемін,
Көңіл қылын шертемін.
Сұлу әннің сөзімін,
Сондықтан да, еркемін.
Менде сергек сезім бар,
Сөйлеп кетсем – сөзім бал.
Арман, үміт, шаттық боп,
Тоқсан толғар кезім бар.
Мені айтады ана да,
Мені айтады бала да.
Елдің бәрі шырқайды
Қалада да далада.
Мен өмірдің мәнімін,
Той-думанның сәнімін.
Бірін-бірі ұғысар
Ғашықтардың әнімін.
Жадыратса жанды мың,
Жақсы көрмес әнді кім?
Сан ғасырға самғаған,
Ғұмырлымын – мәңгімін.

3.Сықақшы
Сыншы деген атым бар,
Залымдарға запым бар.
Сескенеді алдымда
Небір «мықты, батырлар».
Жайшылықта әзілмін,
Жарасты сөз, наз үнмін.
Одан асса – әжуа,
Мысқылға да әзірмін.
Кейде болып ұстамды-ақ,
Сөз сөйлеймін тұспалдап.
Ақыл айтам наданға,
Мысалменен мысқалдап.
Кейде тілім кермек те,
Килікпеймыін ермекке.
Сәл сырқауды сықап ақ,
Жіберемін емдеп те.
Ашулансам – дүлеймін,
Қорқақтарға үреймін.
Адамдықтан тайғанды
Аямаймын, іреймін.

4. Драматург
Өмір деген, сірә да,
Шым-шытырық құрама.
Әрбір отау – театр,
Әрбір тағдыр – драма.
Бастайтұғын батыл ән,
Тіршілігің – сахнаң.
Уақытың – өлшемің,
Сыншы соның сапынан.
Сырып тастап пердені,
Сөз сөйлеймін зерделі.
Рөл беріп ойнатам
Неше түрлі пендені.
Күлгін, мейлі,
Кейіп көр,
Драмаға кейіпкер –
Бір-біріне ешқашан
Ұқсамайтын кейіптер.
Сан шиырлы, сан ізді,
Сыр ақтарған сан ізгі.
Драматург ақының
Бәрінен де маңызды.

5. Эпик
Айтқандарың нанымды,
Мақұлдаймын бәріңді.
Ұққандарың жөн, бірақ,
Менің-дағы мәнімді.
Мен ақынмын майталман,
Шаршы топта шайқалғам.
Қыры-сырын өмірдің
Терең қозғап айта алғам.
Мен көсілсем, көсілем,
Шалқып-толқып шешілем.
Тыңдаушымды тәнті етіп,
Мәртебесін өсірем.
Мүмкіндігім мол менің,
Мәңгілігім сол менің –
Ұрпақтардан – ұрпаққа
Ұмытылмай келгенім.
Нәзік гүлді жырлаған,
Тамылжыған ырғақ-ән,
Сатираң мен драмаң –
Сиып кетер бір маған.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Ақындар антологиясы өлеңінің авторы кім?

Абдрахман Асылбек — осы өлеңнің авторы.

Ақындар антологиясы өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Ақындар антологиясы өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Абдрахман Асылбек өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Ақындар антологиясы өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері