Өлең, жыр, ақындар

Екі көгершін

  • 07.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1231
Ағайынды қос Көгершін боп еді,
Бір-бірінсіз тамақ ішіп-жемеді.
Қайда барса бірге жүріп, бір ұшты,
Қуаныш пен қайғыны да бір құшты.
Уақыттың тез өткенін аңғармай,
Жүріп жатты уайымсыз жандардай.
Ұзамады бірақ та,
Татулықтың белгісі.
Оның бірі ұшпақ болды жыраққа,
Сауық-сайран құрмаққа,
Кезіп жиһан жер жүзін.
Шындық пенен жалғанның айырған жөн арасын.
Екіншісі жабысты: «Қайда кетіп барасың?
Әлде достың білмеймісің бағасын?
Ұятсызсың! Мені тастап кетсең сен,
Ойла, достым, жыртқыштарды, жат елді,
Бұл сапарың қатерлі.
Көктемді күт, біраз сабыр етсең сен,
Шын кетемін дейтін болсаң, бар ма амал?
Жем шамалы, аштық әлі қысады;
Жамандықтың нышаны –
Қарқылдап жүр Қарғалар.
Қал, бауырым, тілімді ал,
Бірге өткізген әрбір сағат шырын-бал!
Қайда ұшпақсың? Бұдан басқа жол жоқ па?
Жетімсіреп қаламын ғой сен жоқта.
Қырғи, тұзақ, жай оты да – түсін сен,
Шықпайсың ғой түсімнен.
Күні-түні уайымға батам ғой:
Шамалы бұлт төнсе де,
Сенің үшін секем алып теңселе,
Ағайыным аман ба деп жатам ғой!
Бұл сөзді естіп толқыды жас Көгершін,
Шын кеткісі келіп тұрса, не дерсің?
Тәтті қиял билеп тұр ғой сенімін,
«Жылама, – деп, жұбатты ол серігін, –
Көп ұзаса, үш-ақ күндік жол алам.
Еш бөгелмей ұшып жүрген жайымда-ақ,
Өмірдің сан ғажаптарын пайымдап,
Содан кейін мен өзіңе оралам.
Барлық байқап, білгенімді жолдағы,
Талай-талай қызықтарды ондағы
Түгелдейін тізіп айтып берем мен;
Кереметтей әңгімемді тыңдап-ақ,
Көз алдыңа елестетіп мың ғажап,
Өзімменен бірге ұшқандай көрер ең».
Осыдан соң сүйісті де екі дос,
Бір-біріне деді: «Қош!»
Көп кешікпей кезбе ұрынды дауылға,
Бір жағынан сабалады жауын да.
Әлі кетіп, өлдім-талдым дегенде,
Әрең жетіп, паналады еменге.
Әй, бірақ та оңбады,
Көгершінге жылы ұя болмады,
Үсті-басы суға батып, сорлады.
Жел басылып, күннің көзі ашылып,
Бейшара құс алға қарай асығып,
Желпінді де әрі ұшты.
Бірде дәнді теремін деп шашылған,
Құрып қойған торға түсті тосыннан,
Бәле кенет жабысты!
Құтылды әрең әрі-бері жұлқынып,
Өйткені, тор тозыңқылау болатын.
Тобық тайып, сәл ауыртып қанатын,
Сол Көгершін ұша берді ұмтылып.
Тас төбеден төнсе бәле, ал шыда!
Келді кенет найзағайдай шаншыла,
Қатулы құс Қаршыға.
Көгершінді кім бар қорғап қалатын?
Қуат кеміп, әл қашқан,
Суық сорып, қарны ашқан,
Торлап келе жатты нағыз қара түн.
Осы кезде алып Бүркіт келді де,
Табан асты тапқандайын асты бір,
Бүрген кезде, Қаршыға тез өлді де,
Ал, Көгершін тасалады тасты бір.
Бәле көп қой күтпеген,
Онымен іс бітпеген:
Сорына оның тап болды да жас бала,
(Көргенбіз ғой ондайлардың талайын)
Лақтырғанда жерде жатқан тасты ала,
Көгершіннің тіліп түсті самайын.
Біздің кезбе сонда баспен жарылған,
Ақсақ аяқ, қанатымен жарымжан
Жиһангерлік өз ойына күйіне,
Арып-талып, әрең жетті үйіне.
Достық күтіп тұр еді оны жылытар!
Досы мұны жөн деді,
Дәрі беріп, жарақатын емдеді;
Құрбысы енді бар азабын ұмытар.
* * *
Дүниені кезбек болсаң желігіп,
Ойға мықтап тоқып ал,
Бұл мысалды оқып ал.
Алыс жолда күте қояр сені кім?
Артық бақыт текке іздеп не етесің?
Басқа жерде не мақсатқа жетесің?
Туған жерде тұрғанда дос, серігің?



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Күндер өтіп барады

  • 0
  • 0

Күндер өтіп барады,
Күндер өтіп,
Қаптайды қалың ойлар түнделетіп.
Қалдырған ойларыңнан аңғарасың

Толық

Қай кезде қайда жүрсем де

  • 0
  • 0

Қай кезде қайда жүрсем де,
Думаңды топқа кірсем де,
Тыпыршып мазам кетеді,
Бар ойым болып бір сенде.

Толық

Біз екеуміз

  • 0
  • 0

Жарасты дос едік,
Көңіліміз қош еді,
Қинадың бүгін қалайша?
От салдың өзекке,

Толық

Қарап көріңіз