Өлең, жыр, ақындар

Мейірімді түлкі

  • 08.08.2019
  • 0
  • 0
  • 3237
Көктемде аңшы Торғайды атып түсірді,
Балапандар қала берді шырылдап,
Енді тағы үш жетімек қырылмақ,
Кім көріпті жауыздықты бұ сынды?
Шақалақтар шынында да қысылды:
Жейтін жемге болды зар,
Суық та қай оңдырар.
Бейшаралар текке іздеді анасын.
«Қалай тағат табасың,
Сорлыларды көргенде.
Жүрек мұнша сыздар ма?» –
Деді Түлкі құстарға,
Ұяға сәл жақындап кеп ол демде, –
Балапанды тастамаңдар, туғандар,
Аз да болса дән әкеліп беріңдер,
Шөп те болса, ұясына теріңдер,
Сонда осы сақталар жас өрімдер,
Қайырым қыл, тұрмаңдар!
Көкек, сен ғой бос түлейсің сылынып,
Мамығыңнан ептеп берсең не етеді?
Мүмкін, ұя тез жылынып кетеді,
Қауырсының жатыр текке жұлынып.
Бозторғайым, сайрағанша аспанда,
Шабындыққа барып кел,
Шыбын-шіркей қақсаң да,
Жетімдерге алып кел.
Сен де көмек көрсеткейсің, Кептерім,
Балапаның өсіп қалған, көп-көрім.
Енді оларды таста-дағы есі бар,
Жетімдерге көшіп ал.
Көгершіндеріңді әзірге
Тапсыр Тәңірге.
Қарлығашым, сен де қарап қалмағын,
Жем іздеуге самғағын.
Ал, Бұлбұлым сүйкімді,
Ойна-дағы күй түрлі,
Шақыр тәтті ұйқыңды.
Осылайша көмектессең әрбірің,
Жетімектер ұмытар тез зар-мұңын.
Орманда да мейірімділер барлығын
Анықтайтын нақты дәлел дәл мұным», –
Деп тұрғанда үш балапан аш қарын
Салбырытып бастарын,
Құлап түсті тасқа бір.
Түлкі оларды жеп алды,
Өсиетін доғарды.
* * *
Таңданбаңдар, достарым,
Қайырымды жан сөз емес, іс тындырар ең алды.
Мейірімділер сабырлы ғой әдетте,
Артық сөзді етпейді олар қажет те.
Кім көп айтса қайырымдылық жайында,
Артында оның сұмдық барын пайымда.
Даурыққандар ілкіде
Ұқсайды қу Түлкіге.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Аяулымсың – әнімсің

  • 0
  • 0

Талмай жұтып тамаша таң самалын,
Шаттық кернеп кеудемді, тамсанамын.
Арман қуып алаңсыз жүргенімде,
Ардағым боп жолықтың, аңсағаным.

Толық

Мейрамхана – «Ажар ана»

  • 0
  • 0

Салтанатты, сәулетті, сайран қала,
«Ажар ана» алдыңда – мейрамхана.
Жауын алар көзіңнің түрлі тағам,
Алдыңа кең дастарқан жайған жаңа.

Толық

Бүгінгінің шындығы

  • 0
  • 0

Бабам ертегі айтыпты
Ұшқыр кілем жайында.
Бір сәтте ұшып қайтыпты
Барар жолды айында.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар