Өлең, жыр, ақындар

Қанағат

  • 24.08.2019
  • 0
  • 0
  • 3187
О, жамағат, жамағат,
Адамға керек қанағат.
Ең алдымен өмірге
Келгеніңе қанағат.
Азды-көпті тәңірдің
Бергеніне қанағат.
Шыбын жанның кеудеңе
Енгеніне қанағат.
Күн жарығын көзіңмен
Көргеніңе қанағат.
Ақ емшегін маманың
Емгеніңе қанағат.
Ата-ананың тәрбие
Бергеніне қанағат.
Даналардың сөзіне
Сенгеніңе қанағат.
Бабалардың ізіне
Ергеніңе қанағат.
Несібеңді тірнектеп,
Тергеніңе қанағат.
Ілім-білім барынша
Жиғаныңа қанағат.
Тар да болса, бөлмеңе
Сыйғаныңа қанағат.
Арамдықтан нәпсіңді
Тыйғаныңа қанағат.
Бәрінен де асылы,
Бір Аллаға бас иген
Иманыңа қанағат.
* * *
Қанағаты жоқ жерде,
Адам бірден азады.
Өзгелерге көп жерде
Қастандық ор қазады.
Арам жолман байып ап,
Мейманасы асады.
Жеген сайын құнығып,
Аранын кең ашады.
Тізгін бермей ешкімге,
Тау суындай тасады.
Ойнақтаған ботадай
Бір күні от басады.
Жиған жалған беделі
Бір-ақ сәтте қашады.
Тастап «алтын сарайын»,
Түрме есігін ашады.
Ойлап күнін ертеңгі,
Жемдестері сасады.
Теңдестері табалап,
Топырағын шашады.
* * *
«Қанағат қарын тойғызар,
Қанағатсыз бой қызар.
Қарақан бас қамы үшін
Жалғыз атын сойғызар», –
Деген мәтел сол болар,
Тойымсыздық сор болар,
Орны толмас ор болар.
Түсіп кетсең түбіне,
Қайтып шықпас көр болар.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кім қандай ғұмыр кешкен

  • 0
  • 0

Отыз бес жыл,
Отыз бесінші көктемім.
Отыз бес жыл – уақыт қой көп керім.
Отыз бес жыл қуарып,

Толық

Қаншалықты кернегенмен күш-ағын

  • 0
  • 0

Қаншалықты кернегенмен күш-ағын,
Көк төсінен құласа егер ұшағың,
Қасіретін ешкімнен де көрмегін,
Жаратқаннан келген ол бір құса-мұң.

Толық

Бір ғұмыр

  • 0
  • 0

Болса да қалыңдығы тілдей ғана,
Салмағы бұл кітаптың зілдей дара.
Жүректі жарып шыққан мөлдір бастау
Арналған бір өзіңе үрдей ғана.

Толық

Басқа да жазбалар