Мен қалай мысалшы болдым? – Абдрахман Асылбек

Бұл бетте «Мен қалай мысалшы болдым?» атты Абдрахман Асылбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 25.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1165
Менің мысалшылығым
Он жасымнан басталған.
Қошеметтік қылығын
Көп көргенмін достардан.
Өйткені, мен бәрінен
Нәзік өстім әлі кем.
Осы болса несібе,
Өкпелейін несіне?
Көрінгенге ұрынып,
Жүретұғын жұлынып,
Балаларды құнығып,
Мысқылдадым өшіге...
Кезімде де ұлғайған
Тоқтаған жоқ бұл майдан:
Жалақор мен жағымпаз,
Парақор мен алымпаз,
Қасқыр сынды қорқаулар,
Жалқаулар мен аңқаулар –
Дауым болды бітпеген,
Жауым болды діттеген.
Жаза бердім сықақтап,
Осал тұстан діттеген.
Өткір тілді безедім,
Садағымды кезедім.
Жауларымның жанкешті
Екендігін сеземін.
Әрқайсысы бір тілдеп,
Қорқытады зіркілдеп.
Сөйткенімен, сұмдарды
Жеңіп келем біртіндеп.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері