Абылай хан
(Тарихи дастан)
«САБАЛАҚ»
Сөз бастадым, а, Құдай,
Атсын әппақ таңым-ай.
Ерлерімді қолдай гөр,
Қысылғанда жаным-ай.
Жаратушы жар болып,
Шын қолдаушы бар болып,
Келді өмірге бір бала
Абылайдай нар болып.
Төле бидей бабамыз,
Ақылы асқан данамыз
Алба-жұлба баланы
Танығанын қараңыз.
Жетім бала келіп тұр,
Жылы сәлем беріп тұр:
– Мейірімді атажан,
Мені өзіңе серік қыл.
Жау өлтіріп әкемді,
Үйге ойран әкелді.
Күн көрістің қамымен
Кезіп жүрмін жат елді.
Ашыр болса жаныңыз,
Қасыңызға алыңыз.
Атқарамын бәрін де,
Не жұмысқа салыңыз.
Болмаған-ау күтімі,
Киімі де жұпыны.
Бірақ, сағы сынбаған,
Ерекше екен бітімі.
Жалтақ емес жанбақты,
Сөздері де салмақты.
Өткір отты көздері
Текті екенін аңдатты.
Деді Төле:
– Шырағым,
Маған бірден ұнадың.
Арып-ашып келіпсің,
Атың кім? – деп сұрады.
– Жоқ меншікті есімім,
Сіз жасаңыз шешімін.
Маған лайық бір атты
Атасаңыз несі мін?
Киімі олпы-собалақ,
Шашы-дағы сабалақ.
Соған қарап бір атты
Айта салды шамалап:
– Барымды кем бағалап,
Тұр демегін табалап.
Сенің атың қазірше
Бола қойсын Сабалақ.
Бала құптап бұл істі,
Жұмысына кірісті.
Сол Сабалақ Төлеге
Бала болып сіңісті.
Түбі тегін болмайтын,
Туған елін қорғайтын.
Бала екенін түсініп,
Ата болды қолдайтын.
Күндіз күнге қақтырды,
Қырдан пішен шаптырды.
Көп көзіне түсірмей,
Түнде түйе бақтырды.
САБАЛАҚТЫҢ СЫННАН ӨТУІ
Сабалақты көргелі,
Әділ баға бергелі,
Төле бидің бір күні
Малшыларға келгені.
Ал, Сабалақ сол сәтте,
Күн қызуы мол сәтте,
Жеке шығып ұйықтап,
Жатыр екен сәл шетте.
Қырдың жалпақ тасында,
Күртешесі басында,
Жатыр екен шалқадан,
Басқа жан жоқ қасында.
Екі аяғы – екі жол,
Екі жақта екі қол.
Еш нәрседен алаңсыз,
Бейқам жатқан беті сол.
Көрген Төле талайды,
Сабалақтың арайлы
Келбетіне керемет
Шын таңдана қарайды.
Іштей алып тынысын,
Төле ойлады дұрысын:
«Осы билер түбінде
Әлемнің төрт бұрышын».
* * *
Сабалақты көргелі,
Сыбаға дәм бергелі,
Малшыларға Төленің
Екінші рет келгені.
Ешкімді алмай жанына,
Еніп тәтті бағына,
Жатыр екен ұйықтап,
Сол Сабалақ тағы да.
Төле оны оятпай,
Бір малшыға таяп жай,
Қойдың басын қалдырды,
Жесін деп бір тояттай.
Деді Төле:
– Маңайла,
Әр қимылын абайла.
Басты қалай жегенін
Маған айтқын қалайда.
Оянған соң Сабалақ,
Барлық малшы қамалап,
Табағымен бас берді,
Не істерін шамалап:
– Келіп кетті Төле би,
Көріп кетті Төле би.
Сен жесін деп бұл басты,
Беріп кетті Төле би.
Сабалақ еш саспады,
Қолына сол басты алып,
Ұртынан сәл кесіп ап,
Аузына бір тастады.
Екі көзін кесіп ап,
Берді екі досына.
Тағы екі құлағын
Ұсынды екі досына.
Баспен өзі тілдесіп,
Құйқасынан бір кесіп,
Салды-дағы аузына,
Сол арада жиды есін.
Басты қалған күйімен,
Барлық еті, миымен
Достарына таратты,
Жомарт көңіл сыйымен.
Достар оны жеп алып,
Тыныстарын кең алып,
Сабалақтан сұрады,
Отырғанда демалып:
– Достым, нені ойладың?
Неге жеке тоймадың?
Үлестірмей біздерге,
Неге өзің жеп қоймадың?
Деді сонда Сабалақ:
– Төле берген аманат.
Өле жесем бір басты,
Болар еді жаман-ақ.
Мың рахмет Төлеге,
Жеке тірлік өне ме?
Бұл сынағы атаның
Болсын бізге өнеге.
Серіксіңдер менімен,
Онда неге бөлінем?
Бір жүреміз қашанда
Қыстың боран желімен.
Бас қосыппыз осында –
Төле бидің қосында.
Сендерсіңдер қасымда
Жолдасым да, досым да.
Төле бидің келгені,
Сыбаға дәм бергені:
Өле жемей бұл басты,
Бөле жесін дегені.
Сендерсіңдер кезінде
Құлағым да, көзім де.
Сендерсіз мен Төлені
Көрмес едім өзім де.
Келгенін де білмес ем,
Бергенін де білмес ем.
Сендерге мен сенбесем,
Бірге ойнап-күлмес ем.
* * *
Төле естіп гәпті бұл,
Қиял тербеп тәтті бір:
«Аман болса Сабалақ,
Алда, – деді, – шат ғұмыр».
Тау ішінде қуыста
Дайындатты ұрысқа.
Сабалақты үйретті
Найза менен қылышқа.
Төле биге қолбала,
Өсе берді сол бала.
Он алтыға келгенде,
Болып шықты зор бала.
Тас түлек боп түйінді,
Болат сауыт киінді.
Аттанам деп жауларға,
Ата алдында иілді.
Ақыл айтып тиімді,
Атасы оған сүйінді:
«Батырларды іріктеп,
Бастайтын бол жиынды».
Кезең еді сол тұста
Ынтымақ жоқ, қол қысқа.
Соны біліп қалмақтар
Қазақтарды мол қысқан.
Адам емес ардақтар,
Нағыз жауыз қалмақтар.
Кеңес құрды қазақтар,
Амал іздеп жан сақтар.
Сол кездегі төбе би,
Билік айтты Төле би:
«Үш жүз болып бөлініп,
Болмайық біз бөлек үй.
Жасымыз бен кәріміз,
Бірігейік бәріміз.
Әлдеқайда артады
Сонда біздің әліміз.
Мына бала Сабалақ,
Болса да аты жаман-ақ,
Қол бастауға лайық,
Арғымағын сабалап».
Жау етектен шалғанда,
Жағаға қол салғанда,
Сол Сабалақ еріміз,
Қаһарланбай қалған ба?
АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ
Мың жеті жүз жиырма үш –
Болды азап жыл нағыз.
Қазақтарды жайпады
Қу қалмақтар қылған іс.
Кәрі демей, жас демей,
Жетім демей, аш демей,
Қыра берді шетінен,
Ел билеуші бас демей.
Сау қалғандар өлімнен,
Құландардай жерінген,
Жан сауғалап жан-жаққа,
Босып кетті елінен.
Жоқ ешқандай қатесі,
Алғаш көрген мәпесі –
Сабалақтың әуелден
Уәлі еді әкесі.
Таққа отырп сән құрған,
Арғы атасы – Жәңгір хан.
Сол Жәңгірдің тұсында
Қазақ елі жаңғырған.
Уәліде күй болған,
Түркістанда би болған.
Жаулар бәрін өлтіріп,
Үйі құлап, и болған.
Болып Алла шын пана,
Аман қалған бір бала.
Әбілмансұр еді ол
Жалғыз тірі тұлғада.
Түпкі тегі асылдан,
Шын атын ол жасырған.
Ораз деген жақыны
Арқаға оны асырған.
Өтіп қиын шақтардан,
Төле биге тап болған.
Сабалақ боп атанып,
Сөйтіп барып бақ қонған.
ӘБІЛҚАЙЫРДЫҢ ҚОЛБАСШЫ САЙЛАНУЫ
Туы құлап түндіктің,
Біткені ме тірліктің?
Мың жеті жүз жиырма алты –
Жылы болды бірліктің.
Төле кемел жасында,
Екі биі қасында.
Басын қосты үш жүздің
Биік Ордабасында.
Батырлар да жиылды,
Асылдар да жиылды.
Ақылдары бәрінің
Бір арнаға құйылды.
Төле айтты шешімін:
– Қиын боп тұр ос күн.
Қазыбек пен Әйтеке –
Қоштар мені қос інім.
Шын әрекет қылайық,
Жауға қарсы тұрайық.
Басын қосып үш жүздің,
Берік одақ құрайық.
Демей кіші, іріміз,
Бірімізді біріміз
Қолдамасақ бүгіннен,
Не болады күніміз?
Оңымыз бен солымыз,
Барлық жасақ қолымыз
Сеніп Әбілқайырға,
Басшы етейік оны біз.
Бірақ, асып-таспасын,
Қиындықтан қашпасын.
Қолбасшы боп қаһарман,
Жауға бізді бастасын.
Елі қолдап Төлені,
Айтқанына көнеді.
Қазақтарда сол тұста
Қас батырлар көп еді...
Көңлі тасып елеңдей,
Көп қол жиып келем дей,
Әбілқайыр батысқа
Жүріп кетті елеңдей.
* * *
Жоқсың ба сен, барсың ба?
Тайлақсың ба, нарсың ба?
Тағы шапты қазақты,
Қалмақ қарап қалсын ба?
Қалмақ қанға тойсын ба?
Қазақты жай қойсын ба?
Қорлық көрді жаулардан
Ойшың менен қойшың да.
Безек қағып балалар,
Аңырады аналар.
Кемпір-шалдар қаусаған
Қайда барып паналар?
Болсын деп жан құрбанды,
Аямай жау қырған-ды.
Шаңырақтар шатырлап,
Үй орнында күл қалды.
Ел емес пе таны бар,
Жайлауы бар, малы бар.
Жеме-жемге келгенде,
Намысы бар, қаны бар.
Ұл өсірген құл болмас,
Қыз өсірген күң болмас.
Елден ерлер шықпаса,
Көрген күні күн болмас.
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Шапырашты Наурызбай.
Батыр Баян, Байғозы,
Саңырық, Тайлақ, Олжабай.
Сатай, Сәмен, Қойгелді,
Қасқарыұлы Молдабай.
Мәмбет, Бөлек, Доғамбай,
Малайсары, Боранбай...
Барлығының ішінде
Артықша еді Абылай.
Қайтпас алған бетінен,
Ерлер еді шетінен.
Қан ағызбай қоймайтын
Өктем жаудың өтінен.
Танып шалқар шамасын,
Алып анық бағасын,
Бұқар жырау ерлерге
Берді тілек батасын:
– Ей, Қабанбай құлыным,
Шекемдегі тұлымым,
Омыртқамдағы жұлыным.
Ала болсақ өзіміз,
Жалармыз қалмақ жұлығын.
Бастырмаққа ұмтылар,
Сүйретіп бізге тұлығын.
Қазақ қалай ел болар,
Сыйламаса ұлығын?
Алалық көрсе бізден жау,
Салар қармақ-құрығын.
Одан-дағы қазақ боп,
Құрталық жау ұрығын.
– Ей, Бөгембай, Бөгембай,
Қанжығалы Бөгембай.
Көтермесең сөзімді,
Сетінетіп сөгем бе-ай?
Еңкерістеп жау келсе,
Сыртыма киер көбем-ай.
Бейқұтшылық кезінде
Ел аман ба дейтұғын,
Шығып қарар төбем-ай.
– Ей, Наурызбай, Наурызбай,
Шапырашты Наурызбай.
Асылы едің Асылдың,
Жасылы едің жасылдың.
Ей, Наурызбай, Наурызбай,
Жауға киер беренім,
Миуа ағашта берегім.
Еңкерістен жау келсе,
Бетіме ұстар керегім.
Арандай ашып ауызын,
Серен келсе сестеніп,
Аттана шабар керенім.
Өліспей тірі беріспес,
Артықша туған өренім.
Жау қыспаққа алғанда,
Қазақты қанға малғанда,
Өткел бермес тереңім.
Майданның қанды өтінде,
Жасанған жау бетінде
Сені ылғи көремін.
Ұлы дүбір бәйгеде
Жаныға ат қосқанда,
Алдында көрем сөренің.
Бұл-бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұл үйректей болыңыз.
Судан суға шүйгумен,
Көлден көлге қоныңыз.
Бай ұғылы шоралар,
Шоқпарлы батыр содырлар,
Бас қосыпты десін де,
Маң-маң басып жүріңіз,
Байсалды жерге түсіңіз.
Айнала алмай ат өлсін,
Жат жанынан түңілсін,
Бәріңіз бір анадан
Бір туғандай болыңыз.
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шапырашты Наурызбай.
Үшеуіңде құт-береке,
Қазақтың бүркіт түлегі.
Жауға салса, жарағы,
Күреске салса, білегі.
Ала болсақ өзіміз,
Қалмақ сонда бұледі.
Бұлдіріп бәрін,тұлдыр қып,
Ыржалаңдап күледі.
Сақта қазақ бірлігін!
Тоқсанға келген Бұқардың
Осы соңғы тілегі.
ТӨЛЕ БИДІҢ БАТАСЫ
Бұқардан соң Төле де,
Көтеріліп төбеге,
Берді ерлерге батасын,
Болсын деп шын өнеге:
«О, жарандар, жарандар,
Қансыраған далаң бар.
Шұбырынды Ақтабан,
Қысып тұрған заман бар.
Ауыздықпен су ішер,
Ат басына күн туды.
Етігімен су кешер,
Ер басына күн туды.
Қорғайтұғын кез келді
Қазақ деген ұлтыңды.
Өздеріңдей ерлерді
Ел тумаса, кім туды?
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Шапырашты Наурызбай.
Өтеген мен Молдабай,
Саңырық, Тайлақ, Олжабай,
Берді, Баян, Қойгелді –
Елдің берік қорғаны-ай.
А, Құдайым қолдасын,
Істеріңді оңдасын.
Жолдарың боп жортқанда,
Қыдыр болсын жолдасың.
А, Құдайым қолдасын,
Бөтен көштер қонбасын.
Тілегіміз қабыл боп,
Тыныш заман орнасын.
Жығылмасын туларың,
Бердім аппақ батамды.
Ұмтылыңдар, ұлдарым,
Жаудың беті қатал-ды.
Түйіліңдер тастай боп,
Алауыздық болмасын.
Тыныш жатқан елімнің
Таптатпаңдар ордасын.
Қанталаған көздері,
Ашқарақ жау оңбасын.
Аямаңдар өздерін,
Бірі қалмай сорласын».
АҢЫРАҚАЙ АЙҚАСЫ
Бабалар бата берген соң,
Батырларға сенген соң,
Аңырақайға бет қойды
Сай тасындай ерлер сол.
Қазақ қолы жиырма мың,
Жанып тұрған кіл жалын.
Алпыс мыңдай қалмақтың
Үйірмекші иманын.
Сап құрғандар саралап,
Болса да қол шамалы-ақ,
Көп ішінде келеді
Көп көрінбей Сабалақ.
Өз күштерін салмақтар,
Сенімді еді қалмақтар.
Қазақтарды көп қырған,
Сай-саласын шарлап бар.
Бұл жолы да солай-ды,
Өздерін зор санайды.
Жатырмыз деп ойлады
Сай ішінде орайлы.
Өңкей есер есірме,
Жау тиеді десін бе?
Қалмақтарға лап қойды,
Қазақ қолы бесінде.
Ерен ерлер шүйілген,
Шапты екі бүйірден.
Қатты састы қалмақтар,
Тосын іске күйінген.
Жау іргесі түрілді,
Талай қалмақ қырылды.
Жайрап жатыр жуадай,
Қайрат-күш жоқ бұрынғы.
Күн батқанша ұрысты,
Жау біртіндеп ығысты.
Соғыспақ боп таң ата,
Екі жақ та тұрысты...
Күн де шықты алаулап,
Қанға бөккен бар аумақ.
Қалмақтардан бір сарбаз
Шықты алға жалаулап:
– Ей, қазақтар, саспаңдар,
Менмендікті тастаңдар.
Болса нағыз батырың,
Жекпе-жекті бастаңдар.
Хан баласы Шарыш бар,
Аузы алты қарыс нар.
Опат болған қолынан
Талай-талай арыстар.
Кім жеңілсе болғаны,
Беріледі сол жағы.
Жеңген жаққа өтеді
Жеңілгеннің мал-жаны.
Қарт Қабанбай зор еді,
Әлі күші мол еді.
Мен барам деп Шарышқа,
Шыққаны алға сол еді.
Дулығасын алды да,
Қартқа қолқа салды да,
Жетіп барды Сабалақ
Қабанбайдың алдына:
– Ата, маған сеніңіз,
Жолыңызды беріңіз.
Жекпе-жекке Шарышқа
Мен барам, жас бөріңіз.
Қас батырға бұл сынды
Қарт Қабанбай сүйсінді.
Ақ батасын берді оған,
Күшін сезіп тылсымды:
– Жолың болсын, қарағым,
Таудай екен талабың.
Алла аққа жақ болып,
Басын кессін қараның.
Сол Сабалақ бұлқынды,
«Абылайлап» ұмтылды.
Қас батырды таныған
Кім ұмытар бұл күнді?
«Ер Абылай, Абылай!» –
Деді жұрт та жамырай.
Тілеп тұрды тілеуін:
«Қолдай көр, – деп – а, Құдай!».
Осал емес Шарыш та,
Ұқсас жойқын барысқа.
Басын алған талайдың,
Жекпе-жектік алыста.
Ерік бермей ақылға,
Ұмтылды екі батыр да.
Қолдарында қылышы,
Шоқпарлары тақымда.
Сілтескенде-ақ сайысып,
Қылыш қалды майысып.
Аттары да бүгілді,
Қабырғалар қайысып.
Бірін-бірі соққанда,
Быт-шыт болды шоқпар да.
Кезек келді найзаға,
Тартыс тегін тоқтар ма?
Білектер де талысты,
Жүректер де талысты.
Бір-біріне берілмей,
Қасарысты, қарысты,
Абылай шын ерледі,
Ерлемесе – өлгені.
Екі құлаш найзасын
Оңды-солды сермеді.
Қансын деп бір ындыны,
Салған кезде сүңгіні,
Болат сүңгі Шарыштың
Тұла бойын үңгіді.
Шарыш аттан құлады,
Қара жерге сұлады.
Айрылдық деп батырдан,
Бүкіл қалмақ жылады.
Танымаған Алласын,
Жаза деп бұл жанға шын,
Ер Абылай Шарыштың
Кесіп алды кәлласын.
Қазақтарға жан-жақтан
Тұра шапты қалмақтар.
Қазақтар да ұмтылды,
Қаруларын қармап бар.
Найзасы бар найзамен,
Қайласы бар қайламен
Қалмақтарды жусатты
Неше түрлі айламен.
Қалмақ қатты жеңілді,
Қаны судай төгілді.
Жансауғалап қалғаны,
Қытай жаққа шегінді.
Мың жеті жүз отыз бір
Болды ерекше тосын жыл.
Тозып кетті қалмақтар,
Жинай алмай есін бір.
* * *
Әбілқайыр бұл тұста,
Қазақтарға сын тұста,
Он мың қолмен келгенмен,
Тұрып қалды бір тұста.
Хан болам деп кәделі,
Күтіп еді дәмені.
Абылайды сайлады,
Хан көтеріп бар елі.
Әбілқайыр текке кеп,
Қайтып кетті өкпелеп.
Таппақ болды таяныш,
Орыстармен епке кеп.
Арқасынан қақпады,
Орыс қулық сақтады.
Әбілқайыр еркімен
Қосылды деп мақтады.
Әбілқайыр ер еді,
Деп кім баға береді?
Тағдыры емес қазақтың,
Тақ еді оған керегі?
ХАН АБЫЛАЙ
Сиреп соғыс желісі,
Сергіп қалды ел іші.
Абылайға дем берді
Аңырақай жеңісі.
Әбілмәмбет бас ұра,
Абыройын асыра,
Хан тәжісін кигізді
Абылайдың басына:
«Қарағым, мен қартайдым,
Тұла бойдан әл тайды.
Елге ерен хан болып,
Енді өзің марқайғын.
Қасиеттеп төріңді,
Басқара біл еліңді.
Қалмақтардан біржола
Тазартар бол жеріңді».
Әбілмәмбет орнына
Абылай хан болды да,
Қызу іске кірісті,
Билікті алып қолына.
Хан екенмін демеді,
Ел бірлігі – керегі.
Қайтсем бекем етем деп,
Ойын онға бөледі.
Күні-түні ат үсті,
Қалған жаумен атысты.
Біріктірді біртіндеп
Шығыс пенен Батысты.
Түстігінде Түркістан,
Қашты одан да сұм дұшпан.
Көкшетау да тазарды,
Төбесінде бұлт ұшқан.
Көрші елдермен – қоныспен
Тату болса, өріс кең.
Тіл табысып байқады
Қытаймен де орыспен.
Атқаруға көп істі,
Шарт жасасты, келісті.
Сауда және саясат
Жөнінде ой бөлісті.
ХАННЫҢ ҚОЛҒА ТҮСУІ
Бірде Іле бойында,
Еш нәрсе жоқ ойында.
Ұзақ жолдан шаршап кеп,
Демалуға бой ұрған.
Бірге жүрген сенімді
Төрт бес адам серігі.
Жатқаннан соң жайланып,
Тәтті ұйқыға берілді.
Бір топ қалмақ тап болды,
Жатқандарға лап қойды.
Торға түсіп Абылай,
Қапылыста қап қойды.
Қалмақ ханы Қалданға
Тұтқынды алып барғанда,
Мұндай үлкен олжаға
Қаһарланбай қалған ба?
Әзірейіл тәрізді
Айбарымен жанышты:
«Өлтіріп ең аяусыз
Күйеубалам Шарышты.
Кек қайтару – борышым,
Сені өлтірем сол үшін.
Ешкім саған бұл жерде
Бере алмайды қол ұшын.
Көтересің салмағын
Басқа Тәңір салғанын.
Ақтарып қал соңғы рет,
Болса айтар арманың?».
Қалпын сақтап бастағы,
Ер Абылай саспады.
Қалдан Серен алдында
Сөзін батыл бастады:
«Пендесіне тән істі,
Алла шешер әр істі.
Қан майданда өлтірдім,
Мен өлтірсем Шарышты.
Арыңды шет ысырдың,
Мені ұйқыда түсірдің.
Көпке ұнай қояр ма
Опасыздық ісің бұл?
Жаратушы Алланың
Көрдім басқа салғанын.
Майданда өлсем алысып,
Болмас ешбір арманым.
Арманым бар тағы да.
Отырып хан тағына,
Өмір сүрсем деп едім
Қазағымның бағына.
Ақылы асқан кененім –
Сөзін құптап Төленің,
Үш жүз болған қазақтың
Басын қоссам деп едім.
Ертелі-кеш көшкенді
Доғармаса – көшпенді,
Қалдырмайды артына
Айтарлықтай еш белгі.
Ұсынып құт қол ұшын,
Қазақтарды сол үшін
Отырықшы ел етпек ем,
Сайлап жайлы қонысын.
Көптеп қала салдырсам,
Көшелерін тал қылсам.
Егін жайын білетін
Диқандарды алдырсам.
Баға берсін малын да,
Соға берсін тамын да.
Жарқыратып төрінде,
Жаға берсін шамын да.
Мына қысқа жалғанда,
Жасым жетіп қалғанда,
Өтіп жатыр күндерім,
Жете алмай бұл арманға.
Арманым бар үшінші,
Өткенді еске түсірші.
Төрт атадан жалғыз ем,
Тағдырымды түсінші.
Артта қалмай бір балам,
Өліп кетсем, кім болам?
Тар қапас қой тірлігім,
Кең болғанмен бұл ғалам.
Болса, шіркін, бір ұлым –
Құлдыраған құлыным.
Өкінбес ем тап қазір
Жұлынса да жұлыным».
Деген кезде, Серен дүр
Ойға кетті терең бір.
Жалғыз ұлын еске алды
Әмірсана деген бір:
«Болмаса егер ұрпағы,
Атар кімнің нұр таңы?
Қарақан бас хандықтың
Неге керек құр тағы?
Мына дарқан өмірде
Ұлым жалғыз менің де.
Болмайды екен бұл ханды
Байлап беру өлімге».
Абылайды со күннен
Арашалап өлімнен,
Ұстап қалды тұтқында,
Келгенше елші елінен.
ҚАЗЫБЕК БИДІҢ БИЛІГІ
Абылайды қалмақтан,
Тұтқындағы зардаптан
Құтқаруға лайық
Адамды ел таңдатқан.
Билер менен батырлар,
Шешендер мен ақындар
Қазыбек биге тоқталды,
От тілімен лапылдар.
Қазыбек кетті аттанып,
Қазыбек жетті баптанып.
Қалдан Серен алдында
Қыран қанат қақты анық.
Қазыбек шындап шешілді,
Қазыбек шырқап көсілді.
Мәртебесін қазақтың
Қазыбек мыңдап өсірді:
«Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Бірақ, ешкімге соқтықпай,
Жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан жібімізді аттап,
Басынбаған елміз.
Басымыздан сөз асырмаған елміз.
Атадан ұл туса,
Құл боламын деп тумайды.
Анадан қыз туса,
Күң боламын деп тумайды.
Ұл мен қызды қаматып,
Отыра алмайтын елміз.
Қара жерге қаратып,
Құтымызды қашыра алмайтын елміз.
Сен қалмақ болсаң, біз – қазақ,
Қарпысқалы келгенбіз.
Сен темір болсаң, біз – көмір,
Балқытқалы келгенбіз.
Қазақ, қалмақ баласы
Табысқалы келгенбіз.
Танымайтын жат елге
Танысқалы келгенбіз.
Танысуға көнбесең,
Шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан болсаң,
Мен – арыстан,
Алысқалы келгенбіз.
Жаңа үйреткен жас тұлпар,
Жарысқалы келгенбіз.
Берсең, жөндеп бітіміңді айт,
Бермесең, жөніңді айт,
Не тұрысатын жеріңді айт!».
Деген кезде, хан Серен
Болғанымен қанша емен,
Біраз үнсіз отырып,
Түсті еңсесі сәл төмен.
Басын қайта көтеріп,
Алды-дағы жөтеліп,
Деді елші Қазыбекке:
«Енді былай етелік;
Сөз сөйледің орынды,
Көкейіме қонымды.
Қасиетті қазақтай
Таныстырдың еліңді.
Даналығы мәлім-ді,
Босатамын ханыңды.
Ел болайық енді біз
Құдандалы, қалыңды.
Дүрдараз боп дауласып,
Соғыспайық жауласып.
Аттанбайық Алашқа,
Асқар Алатауды асып».
Осыдан соң қалмақтар
Сыйлықтарын салмақтап,
Абылайға ат мінгізіп,
Бір қыз берді ардақтап.
Бастап беріп көш басын,
Құшақтасып, достасып,
Қазақ пенен қалмақтар
Тарқады еркін қоштасып.
Бұл тыныштық бірақ та,
Созылмады ұзаққа.
Қазақтан соң қалмақты
Қытай ілді тұзаққа.
Іс ақырын кім күтті?
Салды қытай сұмдықты.
Қырып қалған қалмақты,
Қара жерге сүңгітті.
Жаулаймын деп өзгені,
Опат болды өздері.
Қалмақ деген ұлтпен бір
Құрып кетті сөздері.
Ал, қазақтың қалғаны
Таңды күтіп алдағы,
Абылайдай ханымен
Жаңа өмірді жалғады.
АРДАҚТЫ ХАН АБЫЛАЙ
Абылай – алтын ханымыз,
Абылай – алтын таңымыз.
Абылай – әр күн сәніміз,
Абылай – жарқын әніміз.
Қазақтың қазақ болғаны,
Қонысқа ғажап қонғаны –
Абылай ханның арқасы,
Қалмақтан азат болғаны.
Қазақтың берік бірлігі,
Қазақтың ерік тірлігі –
Абылай ханның арқасы,
Түрілген көрік түндігі.
Қазақтың алға басқаны,
Асудан самғап асқаны –
Абылай ханның арқасы,
Үш жүздің басын қосқаны.
Құтылғанменен қалмақтан –
Азапты ауыр салмақтан,
Аз емес еді алайда,
Анталаған жау жан-жақтан.
Билігін айтып қоқаңдар,
Бағын деп тұрған Қоқан бар.
Қолтықтың тұрып астында,
Қырғыздар-дағы шошаңдар.
Қаһарымен де әлімен,
Қай жағынан да алып ел,
Орыстар менен қытайлар
Қатерлі еді бәрінен.
Қазақты буып орауға,
Талауға дайын, тонауға.
Бәрінің-дағы мақсаты –
Түсірмек құлдық бодауға.
Алаулап жанған жүрегі,
Жасынан жайнап түледі.
Елім деп туған еңіреп,
Абылай асыл ұл еді.
Елім деп жүрек бұлқынды,
Елім деп түлек ұмтылды.
Тыныштық жолын іздеді,
Жібермей босқа бір күнді.
Біреуге айбар күшімен,
Біреуге айла ісімен,
Тіл тауып көрші елдермен,
Сабаларына түсірген.
Бұқар жырау мен Төленің
Бұлжытпай тыңдап дегенін,
Оңы мен солын аңдады,
Ақыл ғой сөзі көненің:
«Теңізге құйса дария,
Суының асып-толғаны.
Билесе елін ер жігіт,
Басына бақыт қонғаны.
Қолыңа тисе бар бақыт,
Қараға қарсы болмағын.
Алдыңа келсе бітпес дау,
Әділін айтып, қорғағын...
Астыңа берсе алтын тақ,
Еліңнің саған сенгені.
Баста деп көшті жарқылдап,
Қолыңа тізгін бергені.
Асырса атақ, даңқыңды,
Ұрпақтың өсіп-өнгені.
Таныса әлем халқыңды,
Бақытты күннің келгені».
Абылай асыл ер еді,
Бақытқа елін бөледі.
Қазаққа құтты хан болып,
Өзі де баққа бөленді.
Жаратып ерен, а, Құдай,
Халқыма берген бағын-ай.
Қазақпен бірге мәңгілік
Жасайды асыл Абылай.
22.03.2011 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі