Ақынның кейбір кездері
1
Гүлдің де кезеңі бар ашылатын,
Көзіңе оттай ыстық басылатын.
Сол шақта қолтықтасып қыз бен жігіт,
Жетуге қыр басына асығатын.
Таудың да өзені бар тасынатын,
Төменге тулап аға асығатын.
Жазыққа жеткеннен соң тентек толқын,
Бақсыдай жынсыз қалған басылатын.
Жырдың да шуағы бар шашылатын,
Кей жыр бар берекені қашыратын.
Бір күндік ермек емес өлең деген,
Кім қуды соншалықты асығатын?
Қалмайды ескерусіз асыл ақын,
Несі бар соншалықты асығатын?
Қояйын қолжазбамды тықпаламай,
Жөні бар баспаның да ашынатын.
2
Сырласым, жақын досым деп,
Өлеңге идім басымды.
Сөздерді тізіп тосын көп,
Іздедім талмай асылды.
Сезімнен ғана туатын
Сырлары жырдың ашылды.
Сарқылып қайрат, қуатым,
Сарсаңға салдым басымды.
Уақыт өтіп барады,
Бере алмай келем асылды.
Жүрегім менің жаралы,
Барады сүйреп жасымды.
Кезім бе қазір жыр жазар? –
Пышырап ойым шашылды.
Құрбы да қалмай сырласар,
Көңілім жүдеп, басылды.
3
Мен алдымен ақындықты көздедім,
Бас имейді құдіретті сөзге кім?
Қыз ауыр ма, сөз ауыр ма дегенде,
Ары-бері тұрды ауытқып безбенім.
Қыз іздеп мен, қай ауылды кезбедім?
Сөз іздеп мен қай қауымды кезбедім?
Екеуі де жуықтамай жаныма,
Күйіп кеттім, бұл қорлыққа төзбедім.
Жіті көрдей, түкті көрмей көздерім,
Жетпіске де жеткенімді сезбедім.
Жалған дүние-ай, әурелікпен өтіпті-ау
Қылыштайын қылпылдаған кездерім.
Балдызым-ау, жанын желпіп жездеңнің,
Қартайғанда қақ жүректен көздедің.
Енді маған керегі жоқ, қалқатай,
Өлеңнің де, өзіңнің де, өзгенің.
4
Әркімге білген жөн-ау өз қадамын,
Мен-дағы өз әлімше сөз қаладым.
«Құмырсқа, жолыңды біл» дегендейін,
Асықпай, ақырындап қозғаламын.
Тұрғызған менің де бар өз қамалым,
Жанарым жетер жерге көз қададым.
Қиялға кереметтей берілемін,
Қалмаған кезде ешбір өзге амалым.
Ойлапты таянышты басында кім?
Тұр дейсің ақыл айтып қасымда кім?
Белгілі бір сүрлеумен жүріп келем,
Басы артық тәуекелге бас ұрмадым.
Ешкімнің желкесіне асылмадым,
Өлең деп, беталдына шашылмадым.
Атақты ақын болу мақсат емес,
Жайқалып тұрса болды жасыл бағым.
5
Ақ маңдайда – қара мең,
Қарақатқа балап ем.
Бүлк еткені бүйректің,
Күлімдей бір қарап ең.
Не сыр бар деп жанап ем,
Қарып түсті қара мең.
Меңге сиып тұрғандай
Бар сұлулық, бар әлем.
Сол меңді ойлап аруым,
Сарғаямын санамен.
Тұрса күтіп жануым,
Тамұққа да барар ем.
6
Мендей-ақ болсын сал-серің,
Алулап тұрған әнші едім.
Сұлатқан талай сылаңды,
Қалт жібермес аңшы едім.
Отырдым кейде ау тартып,
Шығатын сазан дәу қалқып.
Барады бәрі жылыстап,
Қалдым ба шындап шау тартып?
Қызғалдақ қызыл күйдегі
Бұрмайды қыздың бүйрегі.
Көкала көлдің үйрегі,
Атып ем, оғым тимеді.
Молайып әжім ирегі,
Селдіреп шашым сиреді.
Ендігі барлық базарым –
Балам мен жарым үйдегі.
7
«Неге иттер шабаланып жатады?
Неге адам қасқырларды атады?
Неге суда ай сәулесі дірілдеп,
Неге кеште күн қызарып батады?
Неге аңғал аң патшасы Арыстан?
Неге қоян күнде өледі қамыстан?
Кейбір жанды теңегенде есекке,
Неге олар жынданбайды намыстан?
Неге адамдар ішкілікті ішеді?
Неге сонша басы ауырып, іседі?
Неге олар төбелесіп орынсыз,
Неге жиі түрмелерге түседі?
Неге ақындар адасады, азады?
Неге олар жаман өлең жазады?» –
Сарқылмайтын сауал беріп осындай,
Тентек ұлым алып болды мазаны.
8
Көз тігемін жазира жазықтарға,
Алыстарға аттанбай, азық бар ма?
Қиыр-шиыр жолдарда шоқалақтап,
Желдей есіп кетеді жазықта арба.
Жолға шығу тиімді азық барда,
Азық барда –
Темірдей қазық барда.
Темірдей қазық барда жүре бергін,
Бағытыңнан әйтуір жазып қалма.
Дейді де ақын:
«Қарағым, азып қалма», –
Мойынына іледі азық дорба.
Кең далада керемет күй төгеді,
Сарыжайлаудан сүйкімді саз ұққанда.
Мойынымда жүргенде азық дорба,
Неге керек қалдырып жазып таңба?
Жол-жөнекей шашылып жатса жырым,
Кезбе болған ақында жазық бар ма?
9
Шабытты ақын қашан да
Жайнатады ортаны.
Шайпау қатын қазанда
Қайнатады сорпаны.
Нағыз ақын қашан да –
Айдын көлдің шортаны.
Нағыз ару азанда –
Айсыз көктің Шолпаны.
Әлсіз ақын үнемі
Әр нәрседен қорқады.
Өз шамасын біледі,
Өз жөнімен жортады.
Жазғанымен жата қап,
Көрінбейді қол таңба.
Сондықтан да шоқалақ,
Өлең сөзден қорқам да.
10
Түнде ептеп ішіп едім,
Әйелім түсіме енді.
Ол маған ренжіп жүр,
Кім мені түсінеді?
Ішпеймін жетіскеннен,
Не пайда бет іскеннен?
Ішемін амалсыздан,
Достардан кетіскеннен.
Ішемін сүрінгенде,
Бір ісім бүлінгенде.
Құм болып үгілгенде,
Өмірден түңілгенде.
Ішемін күйінгенде,
Ішегім түйілгенде.
Кейбір кез келіншегім
Қырғидай шүйілгенде.
11
Тыныс болған тіршілікке шөлдегі
Сенің көзің мөлдіреген көл ме еді?
Жанарыңа қалсам егер қадалып,
Тұңғиыққа тарта берер ол мені.
Сол бір жанар жаутаңдаған сендегі
Тыныштықты алып болды мендегі.
Көз алдымда айдын болып дірілдеп,
Жүрегімді жайлап қана тербеді.
Сенің көзің маған маза бермеді,
Күндіз күлкі, түнде ұйқым келмеді.
Айдыныңның тамшысына ынтығып,
Соны ойласам, шекем шып-шып терледі.
Сенің көзің мөлдіреген көл ме еді?
Көлді көксеп, көңілім шын шөлдеді.
Жалт еткенде жалын атып жанарың,
Түседі еске «Портвейннің» шөлмегі.
12
Жаралды екен не үшін басында адам?
Бұл бір жұмбақ әлі күн ашылмаған.
Сол сауалды түбі бір шешу үшін,
Жанталаса жерім жоқ бас ұрмаған.
Кездерім де болды көп басылмаған,
Ақ жауындай алты күн ашылмаған.
Кейде сәттік нөсердей құйып кетіп,
Терезені сабалап тасырлағам.
Әрбір сөзім, білсеңдер, асыл маған,
Ізденбеген пенделер – масыл, надан.
Әлі күнге күшімді сезбей жүрген
Мына жаңа түк емес ғасыр маған.
Шынымды айтсам –
Түбінде Қасым болам,
Керек десең, одан да басым болам.
Жазғандарым әжетке жарамаса,
Ескертемін, о, Муза,
Басыңды алам!
13
Жазбадым жыр өзіме сенген үшін,
Сенгеніммен жетер ме дөңге күшім?
Көктемгі бір керемет қопарылыс,
Өлең деген – мұз таулар сеңдері шың.
Өлмес өлең алдында сен де мүсін,
Ақын болып тусам да – мен де мүсін.
Өлең деген – жарқ еткен жасын оты,
Табындырып қояды пендені шын.
Не көрмейді ақындар сендер үшін?
Сендер үшін –
Сүйікті елдері үшін.
Бір жолдасы бір жолын жатқа айтпаса,
Ол өлеңнің кешікпей өлмегі шын.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқты-барды, ертегі термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін».*
14
Ньютон талай терді төккен екен,
Бекер-ақ ғұмырын сарп еткен екен.
Тартылыс заңын іздеп тапқанымен,
Әйелсіз бұл өмірден өткен екен.
Дарвин де талай терді төккен екен,
Бекер-ақ ғұмырын сарп еткен екен.
Адамның даму заңын тапқанымен,
Әйелсіз бұл өмірден өткен екен.
Крылов, Гоголь де тер төккен екен,
Бекер-ақ ғұмырын сарп еткен екен.
Артына өлмес мұра қалдырғанмен,
Әйелсіз олар-дағы өткен екен.
Мен, бірақ, ағайындыр, өйте алмаймын,
Әйелсіз бұл өмірден өте алмаймын.
Алмасам ару қызын бір мықтының,
Көздеген мақсатыма жете алмаймын.
15
Бас пайдасын білмейтұғын кісі ме ем?
Басшылардың алдында кіл кішірем.
Дәрежесі төменірек жан болса,
Балықтайын шыжғырам да пісірем.
Бас пайдасын білмейтұғын кісі ме ем?
Айтқызбай-ақ бәрін де тез түсінем.
Кейбір күні келгенімде кешігіп,
Кірем үйге аяғымның ұшымен.
Бас пайдасын білмейтұғын кісі ме ем?
Кезі келсе күбінем де ісінем.
Әй, бірақ та, бос мақтаннан опа жоқ,
Өзімді-өзім сабама ептеп түсірем.
Бас пайдасын білмейтұғын кісі ме ем?
Жасқанамын шындықты айтқан кісіден.
Жұрт алдында өлең оқи алмаймын,
Тілдеп біреу отыр ма деп ішінен.
16
Бұл тағдырдың мейірі мен қатаңы –
Қуаныш пен мұңға бөлеп жатады.
Улы-шулы, ызың-қыжың дүние,
Таңдар-дағы түрлі-түрлі атады.
Бұл тағдырдың мейірі мен қатаңы –
Толып жатыр түсініксіз шатағы.
Бірде боран, бірде тұман, бірде ашық,
Күн де солай ұясына батады.
Бұл тағдырдың мейірі мен қатаңы –
Әрбір пенде өз дәм-тұзын татады.
Азан-қазан ойларым көп, аңдасаң,
Тер төгемін сөз айтсам деп аталы.
Бір ақынның тез-ақ шығып атағы,
Бір ақындар ескерусіз жатады.
Ойқы-шойқы, іркес-тіркес ұйқастар
Қаптап кетсе, сол жаныма батады.
17
Тәнге түскен жараның
Қалатынын ұмытпа.
Бал сыйлаған араның
Шағатынын ұмытпа.
Ұқсас ойды әркімнің
Табатынын ұмытпа.
Сонда ұятқа ақынның
Қалатынын ұмытпа.
18
Ағайындар, өзім де бір қызықпын,
Жастайымнан қыздарға көз сүзіппін.
Жақсы ниет, жақсы тілек тек қана,
Әйтпесе, бұл әдеті емес бұзықтың.
Талай қыздың есімдерін тізіппін,
Талай қыздың есімдерін сызыппын.
Айдай сұлу арулардың алдында
Кафелерде жыр оқыппын қызып тым.
Гүл теңізін кемедейін жүзіппін,
Ақырында бірін ғана үзіппін.
Қалса да ауру, әдет қалмас дегендей,
Татулықтың ата салтын бұзыппын.
Көздерінен өтетіндей жүзіктің
Нелер керім келіншекке қызықтым.
Сөйте жүріп ақын болып кетіппін,
Өлеңдері өзгелерден үзік тым.
19
Армысың Сарысудың Байқадамы?
Келіп ем қыздарыңды байқағалы.
Мойылдай қара көзді қарындастар
Құрақтай көлге біткен жайқалады.
Қымбатты Сарысудың Байқадамы,
Жүректің болып алдың айтар әні.
Қайтейін, қара көзді қарындастар
Қасына барғаныммен, байқамады.
Қымбатты Сарысудың Байқадамы,
Айдыны ақ көңілдің шайқалады.
Қайтейін, қара көзді қарындастар
Тіл қатпай, бетімді тез қайтарады.
Қош енді, Сарысудың Байқадамы,
Күн алда шабытымды байқар әлі.
Кешірер қара көзді қарындастар,
Ақынның басылмаса «шайтаны» әлі.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі