Өлең, жыр, ақындар

Қуандық пен жуантық

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1117
Заманада ықылым,
Жүні жоқта үкінің
Болған екен бір бала,
Май қаптаған мықынын.
Екі беті табақтай,
Қарны үрген қабақтай.
Екі қазан көжені
Ішеді екен таң атпай.
Басы ұқсап шойынға,
Жоғалыпты мойын да.
Аш қасқырдай жалақтап,
Болмапты еш тойым да.
Тек ішеді, жатады,
Тәтті ұйқыға батады.
Сол баланы көргендер
Жуантық деп атады.
Ойнамайды, күлмейді,
Тысқа шығып жүрмейді.
Айналада не болып
Жатқанын да білмейді.
Болды тағы бір бала,
Екі беті нұрлана,
Зыр жүгіріп қояндай,
Шығып жүрді шыңға да.
Құрыштайын білекті,
Жолбарыстай жүректі.
Қуандық деп атады
Достары сол түлекті.
Келісті де келбетті,
Бала тыным көрмепті.
Жастан байға жалданып,
Еңбегімен ержетті.
Байдың малын бағады,
Отынын да жарады.
Көктем шыға жер жыртып,
Жазда пішен шабады.
Тазалайды қораны,
Егінді де орады.
Қуандықтың келіп тұр
Барлық іске орамы.
Ойға кетіп не түрлі,
Үрген қарын секілді
Бай баласын еңбекке
Үйретуге бекінді.
Бір күн келіп Қуандық,
Былай деді:
– Жуантық,
Ғұмырыңда не істедің
Ата-анаңды қуантып?
Тұра алмайсың орныңнан,
Не келеді қолыңнан?
Бүйтіп жата бергенше,
Ергін менің соңымнан.
Балаларға барайық,
Барды ортаға салайық.
Бар болса егер өнерің,
Тамашалап қарайық.
Жуантық тез көнеді,
Куандыққа ереді.
Ырсылдап та пысылдап,
Әрең жүріп келеді.
– Бұл айтқаның жөн, – деді,
Жайлап жүрші, сен, – деді.
Екі қазан көжені
Іше аламын мен, – деді.
Көрейік деп күшіңді,
Достар көже пісірді.
Жуантыққа табақты
Кезек-кезек ұсынды.
Жуантық та қоймады.
Канша ішсе де тоймады.
Енді оған Қуандық
Бір амалды ойлады.
Тазарсын деп қарыны,
Қайтсын деп бір қарымы,
Қосты жайлап көжеге
Іш өткізер дәріні.
Сол-ақ екен, Жуантық
Жұрттың бәрін қуантып,
Қоя салды тойдым деп,
Ренжімей бұған түк.
Кетті содан үйіне,
Әрең-әрең иіле.
Төсегіне құлады,
Асқазаны түйіле.
Денесі оттай қызынды,
Іші сүттей бұзылды.
Апта бойы іші өтіп,
Татпады дәм-тұзыңды.
Өңі боп-боз қуарды,
Жағы семіп суалды.
Тосын тиген бұл кесел
Жіңішкертті жуанды.
Байдың жаны қалмады,
Саулық тілеп сарнады.
Емші іздеп жаршылар,
Шартарапты шарлады.
Бақсы, балгер, тәуіпті
Түгелімен тауыпты.
Болмады емі алайда,
Кеселі тым қауіпті.
Күндердің бір күнінде
Келді бір шал іңірде.
Дағарадай сәлдесі,
Өктемдік бар үнінде.
– Құлақ салғын, бай, – деді,
Қолды, кәне, жай бері.
Біліп келдім бәрін де,
Емеспін мен жай пері.
Мен жай пері емеспін,
Пірлеріммен кеңестім.
Бұл кеселге лайық
Қолдана алмас ем ешкім.
Бұзбай берген антыңды,
Орындасаң шартымды,
Адам қылам балаңды,
Тәсілменен әр түрлі.
Бай бәріне құп деді,
–Тек, табылсын мықты емі.
Балгердің де манадан
Осы сөз-тін күткені.
– Бай, өзіңнен қалайтын
Алғашқы шарт оңай тым:
Еркіндік бер жалшыңа
Мал-жаныңа қарайтын.
Бай амалсыз құптады,
Емші сөзін жықпады:
– Екінші шарт: Баланың
Адам болып шықпағы.
Үй тігіп ен далаға,
Ем қолданам балаға.
Не істесем де мен оған,
Түспейтін бол араға.
Бай бұған да тік тұрды,
Барын беріп күттірді.
Ту биені сойдырып,
Айдалаға үй тіктірді.
Қамшысын ап деміге,
Кірісті емші еміне:
Жуантықты сабады,
Ұрған сайын желіге.
Сақтай гөр деп жанымды,
Бай баласы жалынды.
Бүйырды емші:
– Өріске Айда тездеп малыңды!
Кешке дейін бағасың,
Кешке отын жарасың.
Түнде отарды күзетіп,
Сонсын тыным аласың.
Тыңдамасқа жан бар ма?
Қарсыласар хал бар ма?
Қора қойды күн шықпай
Кетті айдап аңғарға.
Емші күліп мұртынан,
Бақылайды сыртынан.
Ақысына бір айғыр
Таңдап мінген жылқыдан.
Қалу үшін жанды алып,
Бай баласы малды алып,
Кешке әрең оралды,
Өлімсіреп, сандалып.
Тас бітеліп құлағы,
Төсегіне құлады.
Төніп келген емшіге,
Тиіспе деп жылады.
Емші, бірақ, көнбеді,
От қамшысын сермеді.
– Алып келгін сексеуіл,
Қырға барып, сен, – деді.
Батса таяқ тәнге дөп,
Тыңдамасқа жан керек.
Кетті қырға дөңгелеп,
Секілденіп әңгелек.
Маңдайдан тер сорғалап,
Түн жарымда жорғалап,
Жетті қасқа Жуантық,
Шыбын жанын қорғалап.
Қамшысын ап деміге,
Кірісті емші еміне:
Жуантыңты сабады,
Ұрған сайын желіге.
Бай баласы жортады,
Емшіден шын қорқады.
Айтқандарын бұлжытпай
Орындайды ол тағы.
Ала таңнан тұрады,
Өріске бет бұрады.
Бірте-бірте бұл тірлік
Өзіне де ұнады.
Бұрынғыдай шықпай көп,
Тартылды іші сыптай боп.
Бұлшық еттер ойнады,
Тал бойында түк май жоқ.
Түспей ешбір әлекке,
Түзелді асқа тәбет те.
Еңбек ету ерінбей –
Айналды енді әдетке.
Жігіт болып байыпты,
Бай баласы айықты.
Кеселі мен кесірі
Жөн-жөніне тайыпты.
Шынықтырып жасықты,
Жөнге салып пасықты,
Емші-дағы сол кезде
Бүккен сырын ашыпты.
Сайлап алып шапанды,
Байлап алып сақалды.
Қулық қылған Қуандық
Емші бала атанды.
Бай халықты жинапты,
Той-думан қып сыйлапты.
Емші бала тек қана
Еркіндікті сыйға апты.
Міне, солай Қуандық,
Міне, солай Жуантық.
Достасыпты екеуі,
Біз де мұны құп алдық.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бабамыз батыр Саңырық

  • 0
  • 0

Қаралы күндер жамылып,
Тұрғанда елім тарығып,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Аттанған жауға Саңырық.

Толық

Жылан

  • 0
  • 0

Жылан бірде Юпитерден өтінді:
«Дауысын бер Бұлбұлдың,
Әйтпесе, өмірім суып қалған секілді.
Қайда барсам, құрғұрдың

Толық

Болар еді тиімді

  • 0
  • 0

Қазақта бір мақал бар:
«Аюға намаз үйреткен таяқ» деген.
Бірақ та, әй, әттеген,
Оны тыңдап жүрген жоқ нахалдар.

Толық

Қарап көріңіз