Балықшы мен балық
(А.С.Пушкиннен)
Көк теңіздің жағасында,
Өздерінше жарасымда,
Шал мен кемпір тұрып жатты,
Солғын өмір сүріп жатты.
Тұрмысы жоқ тасып-толар,
Тұрып жатты лашықта олар.
Кемпір ұршық иіреді,
Киім тоқып киінеді.
Отыз үш жыл ауды ап барып,
Шалы жүрді аулап балық.
Бір тартқанда құр ау шықты,
Ілініп тек шылау шықты.
Екінші жол салып еді,
Ауға ілінді балдыр енді.
Ауды тағы салып шықты,
Бұл жолы бір балық шықты.
Жай емес ол – алтын балық,
Сасып қалған қалпын танып,
Шалға адамша жалынды кеп:
«Қалдыра гөр жанымды, – деп, –
Сонда сенің жолың болар,
Не тілесең – орындалар»
Таңданып шал, шын қорықты,
Мұндай істі кім көріпті?
«Сенен түк те сұрамаймын,
Өз мекенің – мынау айдын.
Қалауыңша жүре бергін,
Еркін өмір сүре бергін.
Құдай жақтап, жігерлі бол», –
Деп балықты жіберді ол.
* * *
Шал кемпірге – үйге қайтты,
Болған жайды бірден айтты:
«Бүгін бір-ақ алдым балық,
Тегін емес – алтын балық.
Біздің тілде: «Сауға, – деді,
Босат мынау аудан мені.
Сонда сенің жолың болар,
Не тілесең – орындалар», –
Дегеннен соң шыдамадым,
Ешнәрсе де сұрамадым.
Босқа қинап керегі не?
Қоя бердім тереңіне».
Ұрсып берді кемпір шалын:
«Ашық ауыз сен бір жарым.
Үйде тесік көне астау,
Алсаң еді жаңа астау».
* * *
Шал теңізге қайта келді,
Көк толқынды қайта көрді.
Су астынан жарып шығып,
Сұрады одан балық тұрып:
«Өтем алмай кетіп едің,
Келді енді не тілегің?»
«Кемпір мені жазалады,
Саған бар деп мазалады.
Астауымыз ескі, – деді,
Болсаң егер есті, – деді,
Көп қинамай мына мені,
Жаңа астау сұра», – деді».
Балық айтты: «Қайта бергін,
Аллаға алғыс айта бергін.
Жаңа астау үйде тұрар,
Сыңғыраған күйде тұрар».
Шал асықпай келді бірден,
Жаңа астауды көрді мүлдем.
Қатты ұрысты кемпір тағы:
«Ақымақсың сен бір тағы.
Есуас, тез жағаға асық,
Сұра енді жаңа лашық».
* * *
Шал жағаға келді тағы,
Теңіз тулап, толқындады.
Біраз тұрып бақылады,
Балықты ол шақырады.
Деді балық: «Қорынбаймын,
Не тлек бар – орындаймын?»
Шал шаршаған кейіппенен,
Кемпіріне кейіп ерен,
Деді: «Әбден өлер болдым,
Қайта-қайта келер болдым.
Мені ұрсып безектейді,
Жаңа лашық керек дейді.
Төгіп бізге мейіріңді,
Көрсет ізгі пейіліңді».
Деді балық: «Қайта бергін,
Аллаға алғыс айта бергін.
Енді жаңа лашық болар,
Көңілдерің тасып-толар».
* * *
Шал үйіне келген кезде,
Сенбеді ол көрген көзге.
Ескі лашық қайда кеткен?
Бір сарай тұр жайнап өктем.
Кемпір отыр шалқып-толқып,
Келбетінен шал тұр қорқып.
Деді сонда кемпір шалға:
«Ақылы жоқ сен бір қарға.
Теңізіңе қайта барғын,
Балығыңа айта барғын,
Шаруа емес жаны солғын,
Келеді енді ханым болғым».
* * *
Шал жүрегі тулап қатты,
Теңіз толқып, тулап жатты.
Шал алдынан балық шықты,
Тау толқынды жарып шықты:
«Тағы қандай сұрағың бар?»
Балықшы айтты: «Құлағың сал.
Кемпір енді ханым болмақ,
Барлық елге мәлім болмақ».
Деді балық. «Қайта бергін,
Аллаға алғыс айта бергін».
* * *
Шал үйіне қалай келді,
Лашық емес – сарай көрді.
Жарқ-жұрқ еткен қақпасы да,
Алтынданған тақтасы да.
Кемпір отыр тақ басында,
Күтушілер тап қасында.
Қызыл-жасыл қамқасы да,
Меруерттен алқасы да.
Кемпір емес – ханым отыр,
Күңдерге айқай салып отыр.
Шаштарынан сүйрелейді,
Бірде: «Кәне, биле!» – дейді.
Шалға көзін салар емес,
Қаперіне алар емес.
Жұмсады оны ат қораға,
Бұдан артық бақ қона ма?
* * *
Арада бір апта өтті,
Екінші бір апта жетті.
Кемпір шатақ шаққа жетті,
Бар әдептен аттап өтті.
Деді шалға: «Балыққа бар,
Жеткіз маған анық хабар.
Ханым емес, патша болам,
Тап бүгіннен таққа қонам».
Шал шошынды енді ғана:
«Жегенсің бе меңдуана?
Не жөндеп те жүре алмайсың,
Не сөйлеп те біле алмайсың.
Күлкі болма елге бекер,
Бар абырой желге кетер».
Деді кемпір: «Балыққа бар,
Жеткіз маған анық хабар.
Меніменен ерегіспе,
Кіріс жылдам керек іске!».
* * *
Теңізге шал қайта келді,
Көк толқынды қайта көрді.
Шақырғанда балық шықты,
Тау толқынды жарып шықты.
Деді балық: «Қорынбаймын,
Не тілек бар – орындаймын».
Шал қысылып тұрып қалды:
«Қысты кемпір құрып қалғыр.
Ханым емес, патша болмақ,
Тап бүгіннен таққа қонбақ.
Айтқанына көніп тұрмын,
Қатты ұялып келіп тұрмын».
Деді балық. «Қайта бергін,
Аллаға алғыс айта бергін.
Кемпір енді патша болар,
Алтындаған таққа қонар».
* * *
Шал үйіне қалай келді,
Қора толы малай көрді.
Кемпір отыр алтын тақта,
Неден болсын тартынбақ па?
Ақырады қабақ түйіп,
Күңдері жүр шарап құйып.
Кемпір басын шайқалтады,
Күзетшілер айбалталы,
Жанына жан жолатпайды,
Патша ішкілік сораптайды.
Шал ақырын таяды да,
Басын ұрды аяғына.
Шалы неге керек еді?
Кемпір оны елемеді.
Күзетшілер суыт тіпті,
Үйден оны қуып шықты.
Көрген кезде күллі адам,
Ақымақ деп күлді оған:
«Патша сенің теңің бе еді?
Жалбалақтау жөнің бе еді?
Өз жолыңмен жүрмеймісің?
«Өз арбаңа мінбеймісің?».
* * *
Арада бір апта өтті,
Кемпір шатақ шаққа жетті.
Бар әдептен аттап өтті,
Астындағы таққа тепті.
Шалын іздеп таптырады,
Тағы бір іс тапсырады:
«Сен қайтадан балыққа бар,
Жеткіз маған анық хабар.
Патшалықтың керегі не?
Тақ орнатып тереңіне,
Теңізді де табындырам,
Балықты да бағындырам.
Жұртқа жайып даңқымды анық,
Құлым болсын алтын балық».
* * *
Кемпірге шал бата алмады,
Бір ауыз тіл қата алмады.
Көк теңізге келді зорға,
Алапатты көрді сонда.
Алай-түлей соқты боран,
Көк түтек боп кетті далаң.
Шалға сол кез балық шықты,
Тау толқынды жарып шықты:
«Келдің, – деді, шалым неге?
Қысылып тұр жаның неге?»
Сөз бастады шал қиналып:
«Келіп тұрмын жан қиналып.
Кемпір енді патша емес,
Жер үстінде бақаны емес,
Көк теңізді билемекші,
Қалауынша илемекші.
Сені өзіне құл етпекші,
Бар жақсыңды тұл етпекші.
Сөзімнің жоқ артық-кемі,
Кемпірдің сол бар күткені».
Балық мақұл демеді де,
Сүңгіп кетті тереңіне.
Шал теңізге құлақ түріп,
Күткенімен ұзақ тұрып,
Ешбір жауап ала алмады,
Балыққа айып таға алмады.
Әрең жетіп келді үйіне,
Бәрі де енді кер күйінде:
Бәрі дағы озған бастан,
Жаман лашық тозған бастан,
Тап бұрынғы тозған астау,
Кемпір отыр қозғалмастан,
Айтатұғын сөз қалмаста.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі