Мұсатай болысты жоқтау
Бұл дүние баянсыз,
Тұрмайтұғын қалыпты.
Бұзыларда патша,
Төндірді елге қауіпті.
Әскер бер деп зықтады,
Ауырлатып салықты.
Әскер бермей қырылды,
Жақсы-жайсаң даңқты.
Ел басына күн туып,
Зар жылатты халықты.
Қарқара деген жайлауда
Көз көрген бұл іс анық-ты.
Қайран албан тоз-тоз боп,
Өрге қарай ауыпты.
Қатын-бала зар жылап,
Орта жолда қамықты.
Алғашқы үркін осындай,
Кетемін айтып тарихты.
Қайтып айдап өткізді,
Болғандай халық жазықты.
Өзі күйреп жоғалды,
Көрін терең қазыпты.
Совет үкіметі құрылды,
Жер мен көктей парықты.
Кедей табын қолдады,
Әйел теңдік алыпты.
Еңбегімен күн көрген,
Жек көрмейді халықты.
Осы кезге келгенде,
Бұрынғы сөзден таныпты.
Шаруа баққан қазақтар
Тұтас дертке шалықты.
Тоқыратып тор жайды,
Ұстағандай балықты,
Теріс ұстап бағытты.
Жалы кетіп, жан шыдап,
Ел түңіліп жалықты.
Қайта қаштық жан үшін,
.....................................
Туылған соң жалғанға,
Қашан болса бір өлім.
Біреуге ерте, біреуге кеш,
Өстіп барың түгедің.
Деген пенде болмайды
Уақытты білемін.
Жарығында жалғанның
Жасай беру—тілегің.
Үркін-қорқын кезі еді,
Өзі туған ұлы елің.
Жегжат, туыс, жанашыр,
Қазақ елі—сүйеуің.
Атасынан сыйласқан
Зәкір зәңгі күйеуің.
Көшіп келген елдей боп,
Бір орын болды бұл жерің.
Аман-есен алып кеп,
Артыңа тастап «шу» дедің.
Ниеті жақсы асылым,
Болғандай қабыл тілегің.
Ұсталып кетсе жерінде,
Дерегін қайдан білемін.
Арылмайтын арман боп,
Таусылмайтын мұң едің.
Жаратқанға мың таубе,
Үйіңнен шықты сүйегің.
Мазарына әтейлеп,
Дұға оқып жүрермін.
Аман болсын артыңда
Қос балапан түлегің.
Бір кетейін аралап,
Осы өңірді қалықтай.
Артық-кемін ұғысып,
Тыңдаңыздар жалықпай.
Атасынан белгілі
Өтеміс пен Арықбай.
Бұрынғы мінез әлі бар,
Айтпады сөзді қағытпай.
Түсіреді түйдірмей,
Денесіне дарытпай.
Әл сақтаған адамға
Қоймайды өзін танытпай.
Іле, Текес жерінде
Нақаң болса даңықты-ай.
Ұлық пенен халыққа
Қалмайды сөзі қабыспай.
Қандай тасқаны болса да,
Өте шығар қайықтай.
Қожекенің күй пірі
Рақышқа дарыпты-ай.
Бір шерткенде бой жазып,
Ой сергиді сауықтай.
Шажадағы Тәттібай
Адал адам анықты-ай.
Жарамды жігіт Әміре
Күміс құйған қалыптай.
Қоңырбөрік Әлімжан
Атасынан дабысты-ай.
Тәліп құрман азамат
Алдыда жүрген қалыспай.
Айт елінде Байбатша
Талайдан болған нарықты-ай.
Сөзге жүйрік кешілмен,
Жүрсек етті қағыспай.
Иманбектің Бақайы
Елге жайлы танысты-ай.
Жартыдағы Әбділда
Жуан қарын балықтай.
Сөздің артық-кем жерін,
Көпшілік, сына парықтай.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі