Түлкі мен қарашекпен

Бұл бетте «Түлкі мен қарашекпен» атты Ахмет Байтұрсынұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

Түлкіге тамақ іздеп сапар шеккен
Жолығып, айтты бір күн Қарашекпен:
«Күнің аз тауық жемей жай жүретін,
Ұрлыққа құмар жансың мұнша неткен?
Сыр ашып сөйлеселік оңашада,
Ешкім жоқ екеуімізден басқа шеттен.
Ашиды, рас, жаным, Түлкі, саған,
Ойлама айтады деп мекерлікпен.
Жақсылық тырнағыңдай бар ма, сірә,
Ойласаң, кәсібіңде осы еткен?
Ұрлықтың кінә, ұяты өз алдына,
Жүргенің қарғыс, сөгіс естіп көптен.
Түлкі көп тауық ұрлап қолға түсіп,
Бір ғана тамағы үшін өліп кеткен.
Жүрсең де бұл уақытта ебін тауып,
Әр жеген тамағыңда бар зор қауіп.
Тұрмақ жоқ дүниеде бір қалыппен,
Бақ, бәле алмасатын ауық-ауық.
Бір күні қолға түсіп, өліп кетсең,
Құныңа тұрар ма сол жеген тауық?».
Түлкі айтты төмен қарап, пақырсынып,
Ақпейіл сопыларша көңілі сынақ:
«Бірде алдап, бірде ұрлап шеккен ғұмыр
Жақсы-ақ деп жүргенім жоқ көңілім тынып.
Қайтерсің, жоқшылықтың жолы қиын,
Әйтпесе жын ұрып па ұрлық қылып?!
Ағарды арам іспен сақал-шашым,
Бойыма тарамайды ішкен асым.
Жоқшылық һәм шиеттей жас балалар, -
Салған соң Құдай басқа, не қыласың?
Көрместен күндіз дамыл, түнде ұйқы,
Қамы үшін қатын-бала азды басым.
Ұялып, жұрт бетіне қарай алмай,
Өтіп-ақ бара жатыр өмір жасым.
Және де, бір жағынан, ойлайтыным,
Тауықпен мен бе жалғыз ойнайтұғын?
Амалдап күнелтпесең, ауқатың жоқ,
Жайғасып алды-артыңды болжайтұғын.
Бәрі сол жоқшылықтың кесапаты,
Ұрлықты нем бар дейсің қоймайтұғын?!»
Сөйлейді сонда тұрып Қарашекпен:
«Жайыңды айтсаң еді маған көптен.
Күнәдан, әлі де болса, құтқарайын,
Тәубаға қайтсаң, жаным, шын ниетпен.
Берейін адал көсіп саған тауып,
Жүрмейді қайда адам дәм-тұз ауып?
Маған да, саған да онша теріс болмас,
Дәмдес боп, бірге жүріп бақсаң тауық.
Әдісін түлкілердің білесің сен,
Баққан соң, тауықтарды жегізбес ең.
Бойыңды, тамағыңды сыйлы етіп,
Ешкімді мен де саған тигізбес ем!».
Тауыса алман сөздерінің бәрін теріп,
Іс бітіп, уағдасын мықтап беріп,
Ұрлығын қойып, тауық бақпақшы боп,
Ауылға Түлкі келді мұжыққа еріп.
Мұжық бай, нәрсесі сай, қазаны тоқ,
Семірді Түлкі әбден тұлыптай боп.
Бағуға тауықтарды жиһады зор,
Жалғыз-ақ ниет-құлқы түзелген жоқ.
Қасқырдан оңдырар ма қойшы салып,
Тауықшың Түлкі болса, сондай қалып.
Зәредей қауіп қылмай Мұжық жазған,
Шынымен түзелді деп жүрді нанып.
Ақтады Түлкі қалай тұзын деңіз, -
Бір түнді қараңғырақ таңдап алып,
«Мұжығым, ұйықтай бер!» - деп жүріп кетті,
Жолына бар тауығын құрбан шалып.
Бұл сөздің мағынасы көрніп тұр,
Ұнай ма сөйлей берген білімсіп құр?
Туралап қысқасынан түсіндірем,
Демеңдер «баяндауға ерініп тұр».
Адамдар ұяты бар, ниеті ақ
Ұрламас, аштан өлер болса да нақ.
Санап бер саф алтыннан миллионды,
Ұрлығын ұры қоймас Түлкідей-ақ.
Бұзықтық - бай, жарлыға бірдей нәрсе,
Пиғылды түзетпейді дәулет пен бақ.


Пікірлер (5)

А. Бақдəулет

Тамаша шыққан

Нурдаулет

Керемет нағыз шындық айтылған

Ерлан

Нағыз ағартушы!

Дастан

Бұл Ахмет Байтұрсынұлының «Түлкі мен қарашекпен» өлеңі — қазақ әдебиетінде адамдық пен моральдің маңызды мәселелерін қарапайым мысал арқылы аша білген көркем шығарма.

Өлең бір жағынан күлкілі әңгіме болса да, басқа жағынан ол адамның қулық‑ұрлыққа жүгінуінің себептері мен салдарын терең түсіндіреді. Түлкі кейіпкері жоқшылық пен қиындықты дәлел ретінде алса, қарашекпен адал жолмен күн көруді насихаттайды.

Автор бұл шығармада ұрлық пен ашкөздіктің адамға қандай тірліктерге әкелетінін айрықша өткір көрсетеді, сонымен қатар адал еңбек пен дұрыс өмір салтының қоғамдық маңыздылығына үндейді.

Өлеңнің басты идеясы — адамның ұяты мен намысы қандай қиыншылық болса да адалдықтан ауытқымай қалуы керек, бұл мораль қазіргі қоғамда да өзектілігін жойған жоқ.

Жалпы алғанда, Байтұрсынұлы өз шығармасында адамгершілік пен рухани тазалықтың маңызын айқын әрі әсерлі түрде жеткізген.

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Түлкі мен қарашекпен өлеңінің авторы кім?

Ахмет Байтұрсынұлы — осы өлеңнің авторы.

Түлкі мен қарашекпен өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Түлкі мен қарашекпен өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Ахмет Байтұрсынұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Түлкі мен қарашекпен өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері