Өлең, жыр, ақындар

Қазақ қыздары

Түсім бе?
Түсінбейм, белгі ме берілген?
Жанымда ару тұр бұрымы өрілген.
Нұсқады қолымен «Мұқият қара!»-деп,
Мыңдаған қыздарды биіктен көрінген.

Жалынды жанармен өткір тым қарасы,
Тұғырда тұрған бұл Томирис шамасы!?
Хандарды хан еткен, көрген жан тамсанар,
Жымиды Күнімхан, Бопайдай ханшалар.

Жігерлі жүздерден тұнып тұр ақыл, ар,
Дүбірлеп өтті кеп Айбике батырлар.
Тағылым алуда ғұлама даналар,
Тәлімін беруде Зередей аналар.

Зар заман төнгенде қараңғы тұсымен,
Күлкі үні өшкенде бомбаның мысымен,
Бейбіт күн бейнетпен келгенін ұққанбыз
Мәншүк пен Әлия, Хиуаздың ісінен.

Ғасырдан тұлғалық кезегін алғалы,
Батырлар іздерін қайсарлар жалғады.
Ел үшін жас жаны өлімге атылар
Сәбира, Ләззатты жырлауға хақым бар!

Әншілер, батырлар, айтыскер ақындар,
Халқына, ханына, жұртына жақындар.
Мен болдым осынау куәсі ғажаптың,
Барлығы екен-ау қыздары қазақтың!

Қыздары қазақтың намыстан жаралған,
Түгі бар жүрегі бәріне бара алған.
Көрер көз қазақтың қызының бойынан
Құдірет, қасиет, ұлылық таба алған.

Кешегі қарулар арулар ұстаған,
Еркіндік, тәуелсіз күндерді нұсқаған.
Ал бүгін бойында намысы жайқалған,
Қазақтың қыздарын мақтанып айта алам.

Өз тілін ардақтап жүрсе егер несі мұң?
Жанына жуытпай заманның кесірін.
Саналы қыздар көп ұрпағын тәрбиелер,
Таңдалған "жүздікке" кіргізіп есімін.

Әлемге паш еткен қазақтай елімді,
Біліммен, еңбекпен көркейткен жерімді.
Осындай арулар күні ертең бірақ та
Еңбесін Құдайым «Қып-қызыл кітапқа»...

Бүгіннің былығын еске алсам сұрланам,
Көздерді шел басқан заманға мұңданам.
Кешегі қыздардың өрлігін қайталау,
Ерлігін қайталау – ең биік шың маған!

Қыздарды нұсқаған бейтаныс пенденің,
Енді ұқтым Гүлбаршын анамыз екенін.
Киелі қолымен қаламды ұсынды,
Ояндым... бұл – менің түсімнен үзінді...




Пікірлер (1)

Модератор

Сайысқа қосу үшін - bilim2019 - деген ілмек болу керек.
Егер қосқан өлеңде бір қате болса, "Қалам"-ды басып өңдеуге болады.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз