Өлең, жыр, ақындар

Марқасқасы ғасырдың

  • 23.10.2019
  • 1
  • 0
  • 6224
(Академик Қ.Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толуына)

Марқасқасы ғасырдың,
Ақыл-ойдың саңлағы.
Дүбіріне үн қосқан жаңғырығып жан-жағы.
Келген, жортқан екпіні желпіндіріп мезгілді.
Тау жапырып, тас езген болат тұяқ салмағы.

Соқпақ салған соныдан көрегендер көсемі.
Таңдайынан бал тамған ділмәрлардың шешені.
Арасынан алыптар
Құрықталмай, айдалмай,
Аман қалған нәубеттен қанды қасап кешегі.

Білім іздеп бел буған, дауыл ұрса, ықтар ма ?
Тұстасынан топ жарып,
Бәйге атындай шықты алға.
Петербор, Том оқуын саптаяқтап сімірген
Болған сырлас, сапарлас Марғұланға, Мұхтарға.

Тасқа ойып із қалдырған жапан дүзде, қиырда,
Ару құшқан албырттай
Ұяң кіріп ұрынға,
Мойындатқан әлемді барлауына байыпты,
Шаңырағы алтын аптаған орда тіккен ғылымда.

Шыға шауып қатардан-
Қыр қазағы қарадан,
Кеңістікке
Әлемдік биіктерден қараған.
Орыс, неміс, еврей тарландарын тамсантып,
Ортасында қасқайып бәйге алуға жараған.

Ақиықтай шарқ ұрып шамырқанған,- қар басса.
Салауатын асырған, — санаттылық арбасса.
Марқа ақылды илантқан әр кеудеде, әр баста,
Парасатын, беделін белдестірген марқасқа.

Қам жасаған халқының болуына іргелі ел,
Асты-үсті бай әр сүйем жер қадірін білген ер.
Батысын да Шығысын, Терістігін, Түстігін-
Қайшылатпай ешкімге отқа да өртке кірген ер.

Аға болған ініге,
Пана болған балаға,
Ертіс пенен Iледен су бұрғызған далаға.
Салтанатты сарайдың, сәулетті үйдің ажарын
Асырған бау-бақшамен,
Сән кіргізіп қалаға.

Аты — Қаныш сол ердің,
Ғұламасы ғасырдың.
Дара тұлға,
Нақ өзі тот баспайтын асылдың.
Аспанды отпен тілгілеп,
Қақыратқан сұр тасты-
Геология кегінде найзағайы жасынның.

Кенді Алтайда қойнау кем Қаныш ізі түспеген,
Сарыарқада бастау кем Қаныш қанып ішпеген.
Көзін ашып шырадай-
Жас сусынын қандырған,
Білімнің кем сабасы Қаныш қолы піспеген.

Қарсақпайда, Спаста таңбалап та нөмірлеп
Кеніш тасы аз емес Қаныш діті түспеген.
Қарағанды, Жездіде алғыр жігіт зейілі
Жердің жеті қабатын бұрғылады күшпенен.

Бүкіл кеңес еліне Гитлер қатер төндіріп,
Әрең төтеп тұрғанда қара түлей күшке ерен,
Пулемет пен автомат оғын, жезін құятын
Кенелдірді заводты қорғасынмен, мыспенен.

Аталмайды көмір кен есімінсіз Қаныштың,
Аталмайды темір кен есімінсіз Қаныштың.
Аталмайды Шымкентте, Маңғыстауда ақ ұшқын.

Таңбаланған картада түсті металл ұясы-
Әр әрпі алтын, кеппеген Сәтбаевтың сиясы.
Шатыр артқан түйелі керуенін еске алып,
Күңгірлейді «Қаныштап Кеңгірлердің қиясы.

Бар ғалымның ұстазы, көш басшысы, серкесі,
Қара нардай қайыспас
Биік, дара еркеші.
Пайғамбардай ұлықтап, әулиелеп әр ісін,
Қасиеттеп қазағы, қастерлейтін өлкесі.

Қазекеме
Қаныштай жарық жұлдыз бағы бар
Жер жүзінен тұс-тұстан алғыс, мадақ ағылар.
Iзеттеуге ілімін, табыстарын тануға,
Барша ғалам білгірі ат арытып сабылар.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Аналарға арнау

  • 0
  • 5

Анасыздар, әр үйге панасыздар,
Бала десе от болып жанасыздар.
Сәтті басса ұрпағың,- мерей тасып,
Қыз күлкісін сусын қып қанасыздар.

Толық

Әлди, әлди, ақ бөпе

  • 0
  • 1

Әлди, әлди, ақ бөпе,
Ақ бесікке жат бөпе.
Әжелерің мерейін
Тасыт, көңлін тап, бөпе.

Толық

Уыз сүті қос анамның

  • 0
  • 2

Мешін жылы ақпандатқан,
Ақ түтекте туыппын.
Ақ құндақта сезе қоймай,
Не екенін де суықтың.

Толық

Қарап көріңіз