Өлең, жыр, ақындар

Анама

Анама
Көктем келіп кең дүниемен таныстым
Тәй-тәй басып, қашықтықпен алыстым.
Былдырладым, сөйлеуді де үйрендім
Елменен де, желменен де жарыстым.

Анажаным ең алғашқы көргенім
Жаратқаннан алған сыйым ол менің.
Қиналғаның, өсіргенің әлпештеп
Түн ұйқыңды қайта-қайта бөлгенің.

Сәби болдым жылайтынмын шырылдап
Әлдилесең ұйықтайтынмын пырылдап.
Бір еңбектеп, бір жығылып, бір тұрып
Мейіріңді жүрдім ойға құйып ап.

Анашым, сен қабақ шытып көрмеуші ең,
Бауырыңа мейірленбей енбеуші ем.
Кейде жөнсіз өкпелесем, мұңайсам,
Айналайын, қой, қарағым, кел деуші ең.

Ақылыңмен тоқтар жерде тоқтаған
Бұл өмірде сеннен жақын жоқ маған.
Тәлімменен, тәрбиемен қыз болып
Намысымды тұмарымдай сақтаған.

Ана, өзің данышпансың, дарасың,
Анаң үшін сен де әлі баласың.
Ана барлық жақсылықтың бастауы
Ол жалғаушы екі дүние арасын.

Ана сенсің, бағым биік асқарым,
Қанат қағып, самғап ұшар аспаным.
Сарқылмайтын жан азығым болған соң,
Өмірді де махаббатпен бастадым.

Анажаным, үрейленбе, күрсінбе,
Құлақ қоям жүрегіңдегі дүрсілге.
Өзім үшін, сен үшін де, анажан,
Мүмкін емес айналады мүмкінге!

Ана, өзің жарқыраған жұлдызым,
Айналаңда есен-аман ұл-қызың.
Болса саған бір перзентің ай мен түн
Екіншісі, күлімдеген күндізің.

Ана, саған ұзақ ғұмыр тіледім,
Не айтсаң да құлағыма ілемін.
Бақытыңа сен үшін де қуанып,
Сен үшін де шүкір айтып жүремін.

Ана сені өле-өлгенше мақтаймын,
Айтқаныңды құранымдай жаттаймын.
Адам деген ұлы атқы лайық,
Адамдықты өсиетіңдей сақтаймын.

Сенен туған батырлар да, алып та,
Сен саласың тағылым деген қалыпқа
Тіршілікті жаратушы жаратса,
Адамды сен шығарасың жарыққа.

Тәж де, тақ та аналарға жарасар,
Перзент бар ма, бұл шындыққа таласар.
Жұмақ болса табаныңның астында
Бар адамзат үмітпенен қарасар.

Ана, мен де өзіңдей дара болам,
Сара қыздар ішінде сара болам.
Алла жазса, күні ертең кім болсам да
Дәл өзіңдей үлгілі ана болам!



Пікірлер (1)

Модератор

Егер авторы өзіңіз болсаңыз - авторы өзім - деген жазуды басу керек (жазудың үстіне).
Қаламды басып өңдеуге болады.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз