Өлең, жыр, ақындар

Большевиктер

  • Bain
  • 30.04.2015
  • 1
  • 4
  • 35693
Большевиктер!
О, менің тарландарым!
Менің асқақ, айбынды армандарым,
Ақылымен қамалды алғандарым,
Адамзаттың ары үшін, теңдігі үшін
Ажалға да алапат барғандарым.
Оттығында паровоз жанғандарым,
Ортасында жаулардың қалғандарым.
Өрт қаптаса - бір шеті ортаймаған,
Сандуғашты, саялы ормандарым.
Жүректерден орнатқан қорғандарым,
Иелері орақ пен сом балғаның,
Большевиктер!
О, менің тарландарым!
Тыңдармысың ажалдан сау қалғаның?
Бодьшевиктер - бүгінгі жанған бағым,
Шығар күнім келешек таңдардағы,
Аққан ырыс адуын арнамдағы.

1
Большевиктер жан емес жалғандағы,
Ақиқаттың, шындықтың құрбандары,
Менің Қызыл туымда қалған қаны.
Большевиктер болмаған тап жаулары!
Сенген емен, сенбейміи, кетсін аулақ,
Қателескен уақыт алдаулары!
Большевиктер - келешек ұрпағының
Ардақ тұтып, ұмтылар армандары
Большевиктер!
О, менің қырандарым!
Бейнелерің - киелі тұмарларым,
Есімдерің - ес тұтар ұрандарым.
Рухтарың Бетпаққа дән өсіріп,
Ерітуде Сібірдің қырауларын,
Ізгі істерің Ильичтен бір аумады.
Жоқшылықтың жоғалды тұмаулары,
Жесірлердің тоқтады жылаулары.
Большевиктер, армысың, ардагерлер!
Парасаттың перзенті, ұландары!
Бәрі, ойымда,
Бәрін де елестетем,
Бәрі де бүгінгідей, емес бөтен,
Кремльде әне бір шамы жанған,
Ильичтің кабинеті емес пе екен?!
Қамқор Ильич қасына ап серіктерін,
Антантаның баспақ боп желіктерін,
Қалай сақтап қаламыз деп отыр ма,
Құтқарылған құлдықтан ерікті елін!
Ел басына күн туған шақта мына,
Ақ жанымен беріле, ақтарыла,
Жауап жазып отыр ма жалғыз өзі,
Будақ-будақ бұқара хаттарына?!
Шам жанып тұр Кремль іргесінде,
(Большевиктер етікпен су кешуде).
Болашақты алдына отырғызып,
Мүмкін, Ильич оңаша тілдесуде?!
Қиындықтар қыруар, сәні келмей,
Қырқысуда азат ел әлі де өлмей.
Мүмкін, Ильич ойланып отыр ма екен,
Жаралыны емдейтін дәрігердей?
Өр өмір түн пердесін жамылғанда,
Алып ми, мүмкін, мүмкін, ауырлауда.
Ол да мүмкін, қасында столының
Адамзаттың сақшысы дамылдауда.
Шам жанып тұр.
Жанады, жанады әлі!
Шам жарығы - Ильичтің қарағаны,
Шам жанып тұр.
Кеңесіп отыр, мүмкін,
Ильичтің Ильичтейін балалары...
Шам жанады, жанады, жанады ұдай,
Жалындап большевиктер жалауындай,
Кремльде Ленин мұнарасы --
Әділдікті күзеткен қарауылдай.

2
Уа, менің ерікті елім, көрікті елім!
Шаттаныңдар, тойлаңдар, еріктерің,
Лениннің ойларын ұрандаған,
Еске алыңдар Ильичтің серіктерін.
Біздің есіл наркомдар, ардагерлер,
Арлары аппақ, өлімге барған ерлер,
Жайықтың жағасында қалған ерлер,
Паровоз оттығында жанған ерлер.
Бәрі де Лениннен жолдама алып,
Ойран салды жау құрған торға барып.
Шөлде қалып, аязда, тоңда қалып,
Болашақты - біздерді қорғады анық.
Лениннің ұлы ісін қорғаушылар -
Большевиктер,жан емес жолдан шығар.
Уақыт қатал болып тұрғаннан соң,
Айып емес, қаталдау болған шығар...
Большевиктер,О, менің есілдерім!
Еске алайық солардың есімдерін.
Дана мидан таралған талай ойлар,
Солардан көп табатын шешімдерін,
Еске алайық солардың есімдерін.
Ақпандатып, жау құйын боратқанда,
Айла таппай азат ел баратқанда.
Большевиктер Ильичтен қуат алып,
Подвалдарға енген-ді, барактарға.
Жау шебінде Феликс суық қанды,
Ажал барын жалғанда ұмытқан-ды.
Қатып қалған мұнайдың мұнарасын,
Отты лебі Кировтың жылытқан-ды.
Қазақтарды Калиш сүйіп келді,
Жақсылығын аямай үйіп берді.
Парасатты Сергоның жылы жүзі,
Тас емшегін Кавказдың иіткен-ді.
Жымысқы жау жұтынып, түнерді бұлт,
Жанталасты Ильичке торын құрып.
Түн ұйқысын төрт бөліп, анадайын,
Сая болған Яков Свердлов.
Ленин жалғыз болып жаралмаған,
Большевиктер бауыры жалаулаған.
Чапайлар, Фурмановтар, Фрунзелер -
Шоқ жұлдыздай жанған-ды алаулаған.
Бірі келсе Сібірдің нуларынан,
Бірі келген Азия құмдарынан.
Бәрі де большевиктер,большевиктер -
Ильичтің отыменен суарылған.
Большевиктер - Отанның топырағы,
Коммунистік орманның жапырағы
Уақытша күз алып кеткенімен,
Көктем келіп, қайтадан толтырады.
Салтанатты жиында бүгін олар,
Президиум басында отырады.
Большевиктер!
Ақ жүрек есілдерім!
Бірге болар Ильичпен есімдерің.
Ұлы Отаны ұлдарын ұмытпайды,
Ұмытпайды Ильичтің өсіргенін!

3
Алғашқы бесжылдықтар естеріңде,
Жылжымай, жылдарды аттап көшкенімде
Большевиктер тұрған-ды бірінші боп,
Заводтың от ойнаған пештерінде.
Большевиктер бағынтып жерді, аспанды,
Тусып жатқан даладан кенді ашқан-ды.
Бірі - диқан, біреуі - малшы болып,
Біреуі - қайраткер боп ел басқарды.
Большевиктер,аттарың анық аңыз,
Қарлығаштар сендерге табынамыз.
Адал жанның бәрін де арамызда
Ақ жүреқ Большевик деп танығамыз.
Папанин де есімде, Челюскин де,
Аты аңызға айналған жер үстінде.
Коммунистік рухтың құдіретін,
Танытқан Мұзды мұхит сеңі үстінде.
Ерліктер...
Және ерліктер қайталауда,
Жұмыр жер мұны бұрын байқаған ба?!
Алексей Стаханов бастамасын
Ерлік емес деп ешкім айта алар ма?!
Ерліктер күтіп тұрса жолда сені,
Ерлікке ер боп бармай болмас емі.
Алексей Стаханов болмаса егер,
Юрий Гагарин де болмас еді.
Ал, Юрий Гагарин болмаса егер,
«Аполлон» айға барып қонбас еді.
Еліме не ғаламат төнді күндер,
Сондағы большевиктер ерлігін көр.
О, табиғат!
Келетін ұрпағыма,
Алексей, Юрийлердің ерлігін бер?!
Тебіренбей қалайша айта аларсың,
Бейқам жүріп қалайша жай табарсың,
Келешек ұрпағымда - Матросов,
Бүгінгі Бабанский қайталансын!

4
Ойхой, қазақ даласы!
He көрмедің? !
Қанша қурап, қаншама көгермедің?!
Қорқыттың қобызымен боздаттың ғой,
Асанның шерге оранған өлеңдерін.
Ойхой, қазақ даласы!
He көрмедің?!
Қорқыт, Асан тіріліп, қайта келсе,
Сенің мына кейпіңе сенер ме еді?..
Мына бақты көргендер төбеңдегі
Қуанғаннан көз жасын төгер ме еді?
Қуаныштан кеудесі қарс айрылып,
Кім біледі, қайтадан өлер ме еді?!
Ойхой, қазақ даласы,не көрмедің?!
Өткеніне үңіліп отыра алман,
(Біздің қазақ өлмеген, оты жанған...)
Үзік-үзік естимін сараң хабар,
Тірідейін көмілген Отырардан.
Айта жатар басқалар өткенімді,
Қан мен жасты қайтіп мен төккенімді,
Жаңа дәуір алдында,жөн көремін,
Азаматтық борышты өткеруді.
Елім десе, еңіреп жаны күйген,
Азаттыққа намысын, арын иген,
Большевиктер бүгінгі пір тұтарым -
Амангелді, Сәкендер, Әлібилер.
Сәкен салған ән қосып жырға екпінін,
Солар менің жырымда жүрмек бүгін.
Тірілерін құрметтеп,өлілерін,
Тірілтуге өлеңмен міндеттімін.
Барлығы да, бәрі де таныс маған;
Амангелді дұшпанын жаныштаған,
Сәкен анау - тәкаппар намысты ағам.
Қазақтарға большевик Әліби кеп,
Ленин аманатын табыстаған,
Қазынасын даламның қолға салып,
Большевик боп тұрады Қаныш маған.
Большевиктер - қазақтар - бауыр халық,
Октябрьді қолдаған қауымданып.
Бейімбеттер, Сәбиттер Ленин ойын
Қоржынға caп барады ауылға алып.
Азаттықтың естіліп сырбаз әні,
Шаттанған ой қазағы, қыр қазағы.
Ілиястар, Қасымдар, бар ақындар,
Ленин, Октябрь деп жыр жазады.
Арқада, Жетісуда, Атырауда,
Алаула, Октябрьдің оты лаула!
Орталықтан таралған хабарларды
Ауылда ардагерлер бақылауда.
Азаттықтың алаулап, шамы жанып,
Ойы жарқын қазақтың, тауы жарық.
Керуен басы - Әліби бара жатыр,
Октябрьге азық ап, қару алып.
Большевиктер - қазақтар - асыл жандар,
Туған жерге тұқым боп шашылғандар.
Армысыңдар, аяулы азаматгар!
Лениндік шындыққа бас ұрғандар!
Лениндік шындықты меңгеруде
Ақыл менен ойларың дем беруде.
Барлығыңның атыңды бергім келер,
Қалаларды даламнан көргенімде.
Ардақ тұтар қазақтың баласы кеп,
Ақыны көгі, батыры, данасы көп.
Қайта түлеп жаңарған кең өлкемді,
Атадым большевиктер даласы деп.

5
Бәрі ойымда.
Бәрін де елестетем,
Бәрі де бүгінгідей, емес бөтен.
Кремльде әне бір шамы жанған,
Ильичтің кабинеті емес пе екен?
Шам жанып тұр,
Жиһанға көрік берген,
Ильич нұры таралған ерікті елден.
Ақылдасып, кеңесіп отыр ма екен,
Адал жүрек большевик - серіктермен?
Жансын жүрек, жаныммен бір соғатын,
Көмейге үн, көңілге жыр салатын.
Жансын, жансын, сөнбесін Ильич шамы,
Өтпек емес Ильичсіз бір сағатым!
Шам жанып тұр.
Жанады, жанады әлі!
Шамның нұры - Ильичтің қарағаны.
Шам жанын тұр.
Кеңесіп отыр, мүмкін,
Ильичтің Ильичтейін балалары...



Пікірлер (4)

Айша

Өте керемет

Аяжан

Тамаша'керемет

Нүке

керемет маған ұнады:)

Нұрсұлтан

Мұқағали Мақатаев Большевиктер өлеңі

Пікір қалдырыңыз

Қырқа бар

  • 1
  • 2

Қырқа бар Алматының шығысында,
Жатыр сонда жақының, туысың да.
Бұл ғаламды місе етпес қайран жүрек,
Қайтіп жатыр аядай қуысында?!

Толық

Қара шалғы

  • 1
  • 2

Жетелеп сонау жылдар қара шалды,
Қарасазда жүруші ең, қара шалғы.
Қара шалғы ішінде қарт пен сенің,
Талай-талай көріп ем тамашаңды.

Толық

Біздің көктем

  • 1
  • 10

Көктем келді ауылға, мамырлап бұлт,
Таң-тамаша дүние, дабырлап жұрт.
Көктем келді. Өмірдің келешегі -
Көкпен бірге дүркіреп төл өседі.

Толық

Қарап көріңіз