Сағыныш
Сағынышпен келе қалдым ауылға,
Аунап-қунап көңілді дем алуға.
Нусыз-сусыз шөл даланы көргенде
Көңіл шіркін айналды ғой налуға.
Сағынышпен талай-талай таң атты
(Ол не нәрсе санаттырған сағатты?)
Сар далаға құмар қылған құдірет –
Дәл бүгінге қалған күнді санатты.
Осы ойлар жол басшы боп, еріксіз,
Алып шықты жақын тұрған төбеге.
Біз сол жерде сезімге ерік беріппіз,
Жаныңды жыр, тәніңді жел өбе ме?..
…Төбе қандай…Дөңгеленген қыз көйлек
Әшекейлер өздігінен тұр сөйлеп.
…Дей ме – қара сәніме сен, өрнекпін,
Отымын дейді ағаш үй, көйлектің.
Баса алмай көңіл-күйдің толқынын
Мен де кенет өз-өзімнен сөйлеппін…
…Қыз дауысы сыңғырындай шолпының,
Ал өздері – шолпысындай көйлектің…
…Ерегесіп ұмытшақтау немеге…
Есіне алсын сән-салтанат немене –
Дегендей-ақ, көрсін төбе басынан,
Кіл келіншек жайып жатыр кереге.
Бір ақсақал, талай жасты еңсерген,
Қара жусан тамырындай, көрсең сен –
Шаңырақты ол көтерген жоғары,
Қыз келіншек бекітіп жүр белсенген.
…Сезім қозғар көтерілген шаңырақ,
Бала-шаға жүгіргені жамырап.
Ен даланы кернеп кетер ән-әуен,
Төл дауысы қосылғанда маңырап.
…Енді бір сәт жабады үйдің үзігін,
Ана шал кім?.. ескілердің көзі кім?..
…Ой біткенше үй тігіліп бітіпті,
Куәсімін ғажайып бір сезімнің…
…Отаның ғой, кесілген жер кіндігің,
Бұл ауылда танымайды кімді-кім.
Ашты әне, құшып тұрып ұланын,
Жас келіншек тігілген үй түндігін.
Құрып беріп бір үйлі жан тұрағын
(Көкірекке құйылып тұр жыр, ағын) –
Ақсақал шал ұзай берді ауылдан,
Жайлап қана, қолына ұстай құманын.
Жас арамыз анау қартпен тым жырақ,
Қолым жайдым бата қылып мен бірақ…
…Жас ұланның, ескілердің көзі боп,
Көтергенін өз қолымен шаңырақ…
…Білдім енді сағындырған не екені,
Сар даланы – ата-бабам мекені…
…Сол құдірет, еске түссе осылар,
Жанарыңа жас толтырып кетеді…
…Өмір деген – ол керуен көш еді,
Талай көштен белгі қалмай өшеді.
Тек даналық керуені жүгі аумай
Ғасырлардан ғасырларға көшеді…
…Бейнесі ме киіз үй жер шарының,
Қақ бөлінген қауызындай тарының.
Түр-сипатын өзгеріссіз сақтаған,
Талай ғасыр – белгісі ел арының.
Түндігі төрт құбыла көрінісі,
Үзік бау – меридиан, паралелдер.
Түсінбей, көшпелінің көріп ісін
Таңқалған, басын шайқап, қарап елдер.
Ортада – тіреу бақан, Темірқазық,
Шаңырақ – бүкіл әлем көк аспаны.
Жүрекпен бұл өлеңді тұрмын жазып,
Ойламаң бар екен деп сөз астары.
Бастары керегенің – бейне жұлдыз,
Аспанға шашқан сәуле уықтары.
Төбеде қолын бұлғап ақсақал тұр,
Жолаушы, қонақ бол деп, жуықтағы.
…Ғажайып ән-күйімен шексіз далам,
Өзіңе ғашық болған мен бір балаң.
…Макетін бар Әлемнің өз үйіне
Сиғызған, ел айтатын, епсіз бабам…
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі