Туған жер – Алмат Исәділ

Бұл бетте «Туған жер» атты Алмат Исәділ жазған туған жер туралы өлең берілген.

  • 09.04.2020
  • 0
  • 0
  • 3893
Туған жер – атамекен, дархан далам,
Жан бар ма өзіңе арнап ән салмаған?!
Төсіңде асыр салып ұрпақтарың,
Қашанда той-думаны тарқалмаған.

Туған жер – берекелі, құтты мекен,
Бірлігі мен тірлігі мықты, бекем.
Өзіңнен елдің қамын ойлайтұғын
Қаншама ғұлама мен шықты көсем!

Туған жер – Отан Ана, бек тұғырым,
Саған Күн де ерекше төкті нұрын.
Паш етіп қасиет пен қадіріңді,
Қаншама ақын арнады отты жырын!

Туған жер – тал бесігім аялаған,
Төсінде бейбіт өмір саялаған.
Құшақ жая қарсы алып барлығын да,
Ешкімнен де жылуын аямаған.

Туған жер – бабалардың аманаты,
Елді қорғар қашан да Азаматы.
Көк байрағым желбіреп аспанымда,
Шырқай берсін биікке Қазақ аты!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері