Өлең, жыр, ақындар

Ізгілік нұры

  • 16.04.2020
  • 0
  • 1
  • 2025
Деп «бұл дұшпан басынды»,
Екі жақ та тасынды.
Түрікмендер, қазақтар
Қырқысқан бір ғасыр-ды.

Мерт боп елдің асылы,
Өңмендеді жасығы.
Қырда қиқу салынса,
Маң дала қан сасыды.

Өтпей бір күн, таң тыныш,
Көтеріліп сан қылыш,
Бүгін, міне, тағы да
Басталмақшы қанды ұрыс.

Арғымағын алқымдап,
(Нөкері көп артында)
Түрікменнің батыры
Шықты шауып жал құмға.
Мол байлыққа бой ұрмай,
Қайтпас қанға тойынбай.
Құмда атының іздері
Өрілді нән дойырдай.

Аты көкке атылып,
Бар даусымен бақырып.
Айқай салды сол батыр
Жекпе-жекке шақырып.

– Ерлікті аңыз қылатын,
Жырлар мені мың ақын.
Қазақтан ұл туды ма,
Маған қарсы тұратын.

– Шыдамаспыз азапқа әр,
Елміз бе біз мазақтар.
Я, Алла! Бекет! – деп,
Гуілдесті қазақтар.

– Жүрегінде түк бар ма,
Жем қылайын құрттарға, –
Топ ішінен бір батыр
Суырылып шықты алға.

Бұлт қанаты шаң ілді,
Екі жақ та сабылды.
Кернейлерден үн шығып,
Кепшік, дабыл қағылды.

Жеңілу де – мазақ бұл,
(Бәріне ортақ азат күн!)
Қос батыры шайқасты
Түрікмен мен қазақтың.

Екеуі де қызынды,
Түймелері үзілді.
Қылыш, найза, гүрзіден
Қалқандары мүжілді.

Көздерінде шоқ қызып,
Кеуделерін кек қысып.
Найзалары шарт сынып,
Қылыштары кетті ұшып.

Ойланатын шақ, қане,
Екеуі де ел мақтаны.
Тер орнына қан ағып,
Қалжырады аттары.

Құшар бірін мәңгі көр,
Қашса бірі – жәндік ол.
Екеуі де жалма-жан
Қорамсаққа салды қол.

Тисе қолдан не келер,
Қара жерге шегелер –
Ажал бүркіп, толассыз
Ыңыранды жебелер.

Берік еді тақымы,
Көп шайқасып, ақыры...
Мұрттай ұшты атынан
Түрікменнің батыры.

Аққан қаннан сай тасып,
Күн тұтылды ай қашып.
Үш күн, үш түн осылай
Жатты екі жақ шайқасып.

Көз алартқан жеріңе,
Жаудың осы – емі де.
Жеңіп жауын қазақтар,
Жинақталды еліне.

Ашып-жұмып көздерін,
Әрең айтып сөздерін.
Түрікменнің батыры
Деді мұңды: «Тозды елім.

Атым менің Оғұлнұр,
Болмай қалды жолым бір.
Сіздер үшін, әрине,
Жаным – қара, қолым – кір.

Ақ кіргенде шашыма,
Қайғы түсті басыма».
Өзін жеңген батырды
Шақыртты ол қасына.

– Қолды бастап мен келдім,
Қорғар елді ертең кім?
Хас батырым, жарадың,
Мен ұтылдым, сен жеңдің.

Сөздің мәнін, қысқасы, ұқ,
Қылма мені ит-құсқа азық.
Кіндігімнің тұсында
Үш жебең тұр – үш қазық.

Тоқтап мына түйінге,
Өлмен деп ем үйімде.
Жебелерді суырмай
Жерле осы күйімде.

Ажалды іздеп келдім бе,
Сөніп барам мен мүлде.
Қылышым мен найзамды
Өзімменен көм бірге.

Батыр едім от емген,
Жығылды ту көтерген.
Қайғы әкелер қаруды
Алып көрге кетем мен.

Үлгі болсаң сан ұлға,
Құдай сенің жағыңда.
Я болмаса соңғы бір
Тілегімді қабылда.

Жан – дауама дәрі сеп,
Екеуміз де арыс ек.
Сүйегімді, ей, батыр,
Өз үйіме табыс ет!?

Жатыр жарам іріңдеп,
Әттең... айтар сырым көп. –
Соңғы сөзін Оғұлнұр
Қайталады күбірлеп.

* * *

Болдырса да мүлдем ат,
Жолға шығып бірден-ақ.
Оғұлнұрдың үйіне
Келді батыр мүрдені ап.

Деді сонсоң ол тұрып.
– Айтам ауыз толтырып.
Алдарыңа әкелдім,
Батырларыңды өлтіріп.

Айтам мұны тым батыл,
Наркескенім қында тұр.
«Сүйегімді үйіме
Жеткіз!» – деді бұл батыр.

Дау айтады кім, қане,
Жақсылығым бұл дағы.
Батырымын қазақтың,
Мәрт мінез, нар тұлғалы.

Басын бұрып атымның,
Тез жетуге қапылдым...
Аманаты – мойнымда,
Оғұлнұрдай батырдың.

Әкелді жау «өлікті»,
Кім мұндайды көріпті?!
Түрікмендер жиналды
Кілең сеңсең бөрікті.

«Жеңілістен кешегі
Жетпегені осы еді!»
Сөз бастады қайқы төс
Түрікменнің көсемі.

– Бұл да Оғұлнұр тәрізді,
Батыр екен жаны ізгі.
Аманатты орындау –
Мұсылманға парыз-ды.

Батыр сөзін тыңдасақ,
Адам екен бұл ғажап.
Шайқаста ерлік көрсетсе,
Екінші ерлік тұр жасап.

Мынау батыр алыпты
Түрікменнің бәрі ұқты.
Қайырымды елінің
Ұлы екенін танытты.

Шықты дауыс жан-жақтан:
«Қан жамылды қанша ақ таң.
Биік адамгершілік –
Батырлық, бар мансаптан!».

Жүрмелік біз жол кесіп,
Болсын ашық енді есік!
Көсем ертті батырды,
«Деп, – қонақ бол, төрге шық!».

...Сан қуалап пернені,
Бақшы қатты терледі.
Дутар үні күмбірлеп,
Киіз үйді кернеді.

Қайда қалған кек, тегі,
Батыр атын ерттеді.
Алғыс алып жауынан,
Туған жерге беттеді.

* * *
Серпіл, халқым, көтер бой,
Қайғы өтер, өтер той.
Ізгіліктің алдында
Жауың да әлсіз екен ғой.



Пікірлер (1)

Кәусар

Тамаша бірақ өте ұзақ екен

Пікір қалдырыңыз

Көпіршік

  • 0
  • 0

Берекесі үйіңнің,
Құрт, ірімшік, май, қатық.
Құй сүтіне сиырдың,
Қымызыңды қайнатып.

Толық

Бұжы

  • 0
  • 0

Бұжы жасау тәсілін,
Тез үйреніп аласың.
Шарбы майға қосып ұн
Бүйенге оны саласың.

Толық

Сынықшы туралы аңыз

  • 0
  • 0

Тарих ізі сан қатпар,
Мұны қарттар сөз етер.
Қазақтар мен қалмақтар
Жауласқан бір кез екен.

Толық

Қарап көріңіз