Қаратаудағы петроглифтер* – Мылтықбай Ерімбетов

Бұл бетте «Қаратаудағы петроглифтер*» атты Мылтықбай Ерімбетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 21.04.2020
  • 0
  • 0
  • 1764
*тасқа қашалған суреттер

Өткенің маған бұлыңғыр,
Сырыңды айт, бәрін маған айт.
Отыз бес ғасыр бұрынғы,
Ойран боп кеткен қаланы айт.

Жер тектес қадым ғұмырлы,
Жартастың жұмбақ сырын айт.
Отыз бес ғасыр бұрынғы,
Бабаларымыздың жырын айт.

Үш мыңдай сурет ... тұр көк шың,
Күзетіп сонша жасақты.
Неліктен салды суретшің,
Арбаға жеккен қос атты?

Қимастан ұзақ қарадым,
Қыздырды кенет денемді ой:
«Сәйгүлік қуған Даланың,
Ұландарымыз» деген ғой.

Көңілімді, баба, қозғадың,
Әсерсіз өнер өнер ме?
Сәйгүлік қуған өз қаның,
Ойнақшып тұрды денемде.

Ғасырым бөлек, басқа кез,
Ырғағы бөлек тоқ жырдың.
Атымды бірақ тасқа емес,
Жүрекке жазсам деп жүрмін.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері